"Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?
Екі аптадан соң елімізде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ, балалар қыркүйекте әдеттегідей мектеп табалдырығын аттамай, қашықтан оқуын жалғастырады. Бұл форматты балаларының денсаулығына алаңдаған кей ата-аналар қолдаса, үйде жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқтары құп көрмей отыр. Сондықтан олар білім ошақтарының ашылуын талап етуде. Әсіресе балаларын жекеменшік мектепке ақы төлеп оқытатындар оnline білімге түбегейлі қарсы. Іnformburo.kz білім берудің жеке секторындағы ахуал туралы онлайн-конференциядағы маңызды мәселелерді ұсынады.
Online білім сауатсыздыққа әкеледі
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Қазақстанның жеке меншік мектептерінде білім алатын оқушылардың ата-аналарының көңілі күпті. Олар елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, балаларын мектепте оқытқысы келеді. Себебі, өздерінің үйде отырып балаларының оқуын қадағалауға мұршасы жоқ. Әрі қашықтан оқу сапасына көңілі толмайды. Олар бұл форматтағы оқу жаппай сауатсыздыққа әкеледі деген пікірде.
"Online режимде оқу сауатсыздыққа алып келеді. Әсіресе мектеп табалдырығын аттағалы отырған кішкентай балаларға тиімсіз. Әрбір үйде бір емес, бірнеше бала бар. Үш-төрт баласы бар ата-аналарға жаңа формат тіптен қиын. Әрбір бала жеке бөлме, жеке ноутбукпен қамтамасыз етілмеген. Балалар қашықтан оқуға көшкен жағдайда ата-аналар жұмысын тастап, соларға қарап үйде отыруға мәжбүр болады. Олар балаға нан табу керек пе, әлде үйде отырып аш қатыру қажет пе?" – деді ата-аналар қауымдастығының өкілі Қымбат Әлішева.
Ата-аналар оқу процесі кезінде балаларын үйде қалдыру мүмкін болмағандықтан, жеке мектептерге штаттық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Олар балаларының денсаулығы үшін өздерінің жауапты болатынын жеткізді. Ұрпағының сапалы білім алуы үшін ақша төлеп отырған ата-аналар мекеме басшылығынан тиісінше санитарлық талаптардың да қатаң сақталуын талап ете алатынын айтады.
"Ата-аналар балалардың денсаулығы үшін жауапкершілікті өз мойынына алуға, тиісті құжаттарға қол қоюға дайын. Ата-аналардың 80%-ы балалардың offline режимде оқығанын қалайды, өйткені тікелей байланыс қажет әрі білім сапасы онлайн режимде оқытудан зардап шегеді. Сонымен қатар, пандемия кезінде көптеген ата-аналардың табысы 60%-ға төмендеп кетті. Енді олар өз бизнесін жандандыру үшін жұмысқа шығуы керек, бірақ балаларын жалғыз қалдыра алмайды", – деді ата-аналар қауымдастығының өкілі Ольга Ким.
Оқи отырыңыз: Тамызда оқушылар мен ата-аналарға бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Олар неге дайын болуы керек?
Қоғамнан оқшауланып үйде оқу бала психикасына кері әсерін тигізеді
Жекеменшік мектеп мұғалімдері пандемия салдарынан бүкіл әлемде білім ошақтары жабылғанда, балалардың оқу үлгерімі баяулап кеткені туралы мысалдарды келтірді. Олардың айтуынша, кей оқушылар жыл бойы алған білімін төртінші тоқсандағы және жазғы демалыс кезіндегі оқшаулануда ұмытып үлгерген. Сондықтан мамандар қашықтан оқу кезінде оқушылардың білім алуға деген ынтасы мен қызығушылығы төмендейді дейді.
"Мектепте бала тек білім алмайды. Адамдармен сөйлесуге, байланыс орнатуға, коммуникацияға үйренеді. Қөзқарасы, дүниетанымы, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Мектепте бала дос болуды, отбасы мүшелерінен бөлек адамдармен қарым-қатынас құруды үйренеді. Қазір оқушылар ешкіммен араласпай оқшауланып қалды. Ол баланың психикасына кері әсер етеді. Бала шаршаңқы болады, күйзеліске түседі. Сосын қимыл-қозғалыстың, дене шынықтыру сабағына қатыспаудың өзі олардың денсаулықтарына кері әсер етеді. Семіздікке ұшырайды", – деді "Дана" мектебінің директоры Рената Төлегенова.
Қашықтан білім алу қауіпті деген ұстаздар жекеменшік және мемлекеттік мектептердің де жұмысына рұқсат беруді сұрады. Қалыпты білім беру жүйесіне көшпесе, балалардың интеллектуалды даму қарқынын қолдан тежейміз дейді олар.
"Бұның салдары жаман. Бала интеллектуалды дамымаса оған ешкім көмектесе алмайды. Тіпті ең мықты, ең білікті ұстаздар да", – деді "Архимед мектебінің" негізін қалаушы және директоры Архимед Ысқақов.
Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауды тапсырды
Тазалық сақтау күшейтіледі
Өз кезегінде, жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорлары ата-аналар қауымдастығының пікірін ескере отырып, оқушылар үшін барлық қатаң санитарлық шараларды қамтамасыз етуге дайын екендігін жеткізді. Кейбір жеке мектептерде қосымша медициналық қызметкерлер қабылданған. Егер білім мекемелеріне жұмыс істеуге рұқсат етілсе, олар сыныптардағы оқушылар санын 10-15 адамға дейін азайтпақ. Әрі балаларды сыныптарда барлық нормаларды сақтап отырғызуды қамтамасыз етпек. Атап айтқанда, пәнаралық үзілістерді әр түрлі уақытта жасау, мектепке кіре берісте температураны өлшеу, желдету, кварцтау және ылғалды жинау режимдерін сақтау және күшейту көзделіп отыр.
"Қазіргі уақытта Қауымдастыққа оқушылардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде, біз оларды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Оқушының күні бойы мектепте болуы мемлекеттік және жеке мектеп арасындағы таңдаудың маңызды өлшемі болған еді. Өз кезегінде жеке меншік мектептер оқушылардың келуі бойынша барлық санитарлық талаптарды қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар", – деді Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы Роза Садықова.
Санитарлық талаптарды қатаң сақтауға кепілдік беретін мектеп басшылары, елдің бас санитарлық дәрігері шығарған қаулыға қарсылық білдірді. Олар адам көп жүретін сауда орталықтары мен базарлардың жұмысына рұқсат еткенде, білім ошақтары не себептен тасада қалып қойғанына түсінбей дал.
"Маған санитарлық дәрігердің ұстанымы түсініксіз. Бәрімізге белгілі 17 тамыздан бастап сауда орталықтарына, базарларға, қоғамдық моншаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қысқасы, мектептерден басқасының барлығына жұмыс істеуге болады. Бұл Қазақстанда білім сапасы ең соңғы орында тұрғандай әсер береді. Біздің мектептерде керісінше медициналық қызметкерлер бар, тиісті лицензиямыз бар, тазалық шараларының барлығы сақталған. Ешбір сауда үйлері бұл талаптарды қатаң сақтап жатқан жоқ. Қазір балалар далада, сол сауда үйлерінде маскасыз жүргенде қандай қауіпсіздік туралы айтуға болады?", – деді "Алпамыс" балабақшасының және мектебінің директоры Динара Құдайқұлова.
Оқи отырыңыз: Мектеп формасы, қашықтан оқу, электронды оқулықтар. Жаңа оқу жылында оқушылар қалай білім алады?
Жеке мектептер ашылмаса, мемлекеттік мектептердегі жүктеме артады
Жекеменшік мектепке ақы төлеп, баласын оқытатын ата-аналардың көпшілігі іскер адамдар екені белгілі. Ұстаздар қазір қалталы ата-аналардың да әліптің артын бағып отырғанын айтады. Өйткені, пандемия кезіндегі дағдарыс көбісінің қалтасына соққы болған. Бизнесі тұралағандары баласын әрмен қарай ақылы мектепте оқыту немесе оқытпау туралы шешімді тамыз айының соңында қабылдайтын көрінеді.
"Соңғы шешімді тамыз айының соңы мен жаңа оқу жылының басында қабылдайды. Өйткені олардың да ісі тоқтап тұр. Егер тағы да карантин күшейіп, бизнестеріне кері әсерін тигізсе ата-аналар баласын мемелекеттік мектептерге береді. Біз жеке мектептегі бағаны түсіргенімізге қарамастан 50-60% бала мемлекеттік мектепке кетеді деп болжап отырымыз", – деді Архимед Ысқақов.
Мамандардың айтуынша, егер қашықтан білім алу жүйесі сақталса, мемлекеттік мектепке ауысатын оқушылар саны тіпті көбейеді. Өйткені, ата-анаға үйде отырған бала үшін босқа ақы төлеу тиімсіз. Мұндай жағдайда мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі жүктеме артып, орын саны тапшы болады.
"Қазіргі уақытта барлығымыз мемлекеттік мектептерде жүктеме өте көп екенін білеміз. Бір сыныпта 35-45 балаға дейін білім алады. Егер жеке мектептегі балалар сол мектептерге ауысса, бала саны көбейеді. Орын азаяды. Білім сапасы құлдырайды. Мұны ата-аналар да жақсы түіснеді. Қазір ата-аналардан балаларды кезекші сыныптарға қабылдауға өтініш алып жатырмыз. Қазірдің өзінде 90% ата-ана баласын санитарлық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда мектепте оқытуға келісіп отыр" – деді, Global education,"Бәйтерек" жекеменшік мектептерінің негізін қалаушы Леонид Ким.
Оқи отырыңыз: Балабақша, мектеп, ЖОО. Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай?
Мектепте білім алуға тек бастауыш сыныптарына рұқсат етіледі
Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мектептерге қойылған шектеу бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес қабылданғанын жеткізді. Демек, қалыпты білім беру жүйесіне көшу мәселесі де тиісті қаулыға байланысты өзгереді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік және жекеменшік сектордағы тек 1-4 сынып аралығындағы бастауыш сыныптардың оқушыларына мектепте білім алуға рұқсат етіледі. Онда да, ата-ананың тиісті өтініші негізінде. Талап бойынша, бір сыныпта отыратын бала саны 15-тен аспауы тиіс және санитарлық талаптар қатаң сақталуы міндет. Ал оқушы саны 30-дан аспайтын ауылды жерлердегі шағын мектептердегі барлық сынып оқушыларына мектеке келуге рұқсат бар.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстанда 182 жекеменшік мектеп болса, оның 61-і Алматы қаласында тіркелген. Жеке білім беру ошақтарында 50 мың оқушы оқиды. Жеке мектептердің мұғалімдер құрамы – 10 мың педагог және 4 мың қызметкерден құралған.