Ядролық полигон құрбаны үрейге толы балалық шақты бастан кешкенін айтады
Кеңес үкіметі Қазақстанда атом бомбасын сынақтан өткізуді 1949 жылы 29 тамызда бастады. 1989 жылға дейін үздіксіз жарылыстардан Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының тұрғындары қатты зардап шекті. Сол 40 жыл ішінде мүгедек болып туған балалар мен қоршаған ортаның ластануы кесірінен қырылған малды көруден шаршаған адамдар тек 1989 жылы бас көтеріп, полигонды жабуды талап етті.
Антиядролық "Невада-Семей" қозғалысының алғашқы митингісі ақпан айында өтті. Кәріпбек Күйіков – қозғалыстың белсенді мүшесі болған. Сол алғашқы митингте ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтатуды талап етіп, полигон қоршауына протез қолдарын іліп қойған екен.
Ол өз отбасының бастан кешірген қиындықтары мен полигоннан көрген зардаптары жайлы айтып берді.
– Менің ата-анам сынақ басталған кезде 7-8 жасар бала екен. Олар тұрып жатқан Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылы Семей ядролық полигонынан 100 шақырым ғана жерде орналасқан. Ауыл тұрғындары кішігірім төбешіктерге шығып алып, бомбаның жарылғанын бақылайды екен.
Ал көзімен көргендерін бірі-біріне мақтана айтатын болған. Оның қандай зардап тарттыратын қарапайым ауыл тұрғындары қайдан білсін? Сондықтан ешкім оған мән бермеген.
Уақыт өте келе сәбилердің өлі тууы немесе дүние есігін аша сала шетінеп кетуі жиілегенде ғана бойларын қорқыныш билей бастапты. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Үй жануарлары арасында екі басты бұзау, алты аяқты қозы туылуы көбейеді. Ал ауыл иттерінің жүні түсіп, тап-тақыр болып жүретін.
Туа сала бір ажалдан әкесі құтқарып қалған
– Менен үлкен екі бауырым да бір жасқа жетпей шетінеп кеткен. Одан кейін екі қолым жоқ мені туылғанда анам есінен танып қала жаздапты. Екі күн бойы өз-өзіне келе алмаған соң, дәрігерлер әкемді шақыртады.
Дәрігерлер жағдайды түсіндіріп, егер мүгедек баланы қабылдау қиын болса, бір ғана дәріні салып бар қиындықтан құтқаруға болатынын айтқан. Олар баланың екі қолы жоқ болғанмен, дені сау болып туылғанын ескерткен. Кәріпбектің әкесі оны естіген соң баланы көруге барады.
– Қолым болмаса да, аяғыммен тыпырлап, кеудемде жаным барын көреді. Денім сау екенін білдірткім келгендей әкеме қарап жатыппын. Жаңа туған шарананың көзқарасын көрген кезде-ақ қандай бала болса да анасымен бірге алып кететінін айтады. Сөйтіп әкемнің арқасында бір өлімнен аман қалыппын, – дейді Кәріпбек Күйіков.
"Өмірге екі аяқпен икемделу керек болды"
Өмірдің нағыз қиындығы ес білгеннен кейін басталды дейді Кәріпбек. Оның алғашқы сатысынан да әкесінің көмегімен өткен екен.
– Мен алғаш еңбектей бастағанда құйрығыммен жорғалап, үйдің бір бөлмесінен екінші бөлмесіне табалдырықтан өте алмай отырып қалады екенмін. Оны көрген әкем жүгіріп барып, балтаны алып кеп, табалдырықты шауып, тегістеп тастапты. Осылайша барлық бөлменің табалдырығын алып тастайды.
Ал көшеде балалар мазақ қылса, ағам Ризабек марқұм солармен төбелесе жөнелетін. Ауыл ішінде мүгедек балалар ойнауға шыға бермейді. Өйткені кемтар туылған балаларын ата-анасы жұртқа көрсетуге намыстанып, үйінен шығармай бағуға тырысты.
Мені ата-анам үйге тығып бақпай, осылай білім алуыма мүмкіндік жасағанына ризамын. Өйткені сол балалар дұрыс тәрбие ала алмай, білімге қолдары жетпей төрт қабырғаға қамалған күйі өмірден өтті.
Мен туған ауылыма жиі барамын. Сол кезде үйлерді аралап, оларға мүгедек бала үшін намыстанудың орнына оқуына мүмкіндік беруін айтып, түсіндіремін. Мектептерге де кездесулерге жиі барамын.
"Балам анаңа да, маған да ренжіме"
– Мектеп жасына жеткенде әкем мені Алматыға протез қол салдырту үшін алып келді. Дәл сол кезде Ленинградтан протез жасау ғылыми зерттеу институтының дәрігерлері келген екен. Олар мені көрген соң, Ленинградтағы арнайы мектеп-интернатқа оқуға беру керектігін айтады. Әрі сол жерде протез қолмен жұмыс жасап үйренеді дейді. Әкем ойлана келе келісімін береді. Осылайша жаңа өмірге қадам бастым. Қиындықтың әр сатысын артқа тастаған сайын шыңдала түстім.
Ауылға жол алыс болғандықтан жылына бір-екі рет қана келетінмін. Әкем өмір бойы жүргізуші болып жұмыс істеді. Аудан орталығына төте жолмен ЗИЛ автокөлігімен баратын. Мені кейде бірге алып жүреді. Сол төте жол ядролық сынақ алаңын кесіп өтеді. Әскерилер жолда тоқтатып, ескерту жасайды. Өйткені ен далада қоршауы жоқ полигон алаңы екенін кім біліпті?
Сондай кездерде мен әкемнен неге бұлай өмірге келдім деп сұрайтынмын. Ол "Балам, анаңа да, маған да ренжіме. Біз сені жақсы көреміз. Сен туғанда анаңа да оңай болған жоқ. Өйткені саған дейін екі бауырың шетінеп кеткен. Бірақ сенің адам болып, білім алуың үшін қолымнан келгенін жасаймын" деді. Дәл осы сөздер мені қанаттандырып, өмірге деген көзқарасымды өзгертті.
Менің өмір сүруге құштарлығымды арттырған, оны жақсы көруді, қаз-қалпында қабылдай білуді ата-анам үйретті. Мені шексіз махаббатқа бөледі. Ал мен оларға "Мен үшін ұялмайсыздар. Қайта мақтан тұтатын боласыздар" деп ант бердім. Сол антымды орындау үшін барымды салдым, – дейді Кәріпбек.
Ленинградтағы оқу
– Мұнда оқуға келгенде бірден үйреніп кеттім деп айта алмаймын. Маған газ толтырылған протез де салып берді. Бірақ үйрене алмадым. Тек көшеге шыққанда сырт көз қадала қарамасын деп, киіп алатынмын. Бала кезімнен аяқпен жұмыс жасағандықтан аяқпен қимылдау оңайырақ болды. Мені ұстаздарым биге де, суретке де, музыкаға да қатыстырды. Бірақ көңілім сурет салуды қалады.
Жоғары сыныпта оқып жүргенде мұғалімдер мектеп бітірген соң, туғандарға масыл болмау үшін бір мамандық иесі болу керектігін айтып, қай қаладағы оқу орнына баруға болатыны туралы кеңес бере бастады. Екі қолым жоқ жұмыс қалай істеймін дейтінмін. Ақыры Москва түбіндегі Загорск деген қалада есепші мамандығы бойынша білім алдым.
Кейін мен туралы мақала алғаш рет 1988 жылы "Комсомольская правда" газетіне шыққан күні әкем үші күн той жасады.
Мектепте оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға көп қатыстым. Қолым жоқ деп қарап отырғаным жоқ. Ресейдің қалың ормандарына саңырауқұлақ теруге, картоп жинауға баратынбыз. Сосын зығыр жапырағын тереміз. Сонда мұғалімдер "көмектесе алмайсың, бармай-ақ қой" дейтін. Бірақ оларды тыңдамай, елден қалмай барып, бойы өзіммен бірдей үлкен жапырақты өсімдікті мойныммен қысып тұрып, аяғымның бармақтарымен жұлып алатынмын.
Қыстың күні коньки, шаңғы тебуді үйренген кезде басымды әлденеше рет жарып та алдым. Сонда да намысымды қамшылап жүріп, үйрендім. Үйренбесем, мазаққа қалатынымды білдім. Ұстаздарым екі қолға күш түсіруді қажет ететін спорт түрімен айналыспауға кеңес беретін. Шынымды айтсам, сол шексіз қарсылығым мен қайтпас қайсар мінезімнің арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім.
Велосипед тебуді үйренген кезім тіпті қызық болды. Екі рөлге ие болу қиын. Сосын арқама жіп таңып, оны велосипедтің рөліне байлап қойдым. Денемді қай бағытқа бұрсам, рөл де солай қарай бұрылады. Әрине, басында меңгере алмай топыраққа аунап жатқан кездерім болды. Кейін жаттыққан соң, суға жүзуді де үйренуді қолға алдым.
– Мен өзім жетінші қабатта тұрсам да, орыс кемпірлердің үйлерінен шығарып тастаған ескі шкафтарын үйге иығыммен сүйреп кіргізіп, аяғыма балта қыстырып алып, ыңғайыма келтіріп жасап алатынмын. Орындықтарды қайта қаптап, әлі пайдаланып жүрмін. Мебель жасағанда бұрандалы шегелерді тісіммен бекіттім, – дейді Кәріпбек Күйіков.
"Халық жарылыстан сақтанған жоқ, қайта оны қызықтайтын"
– Біз ауылда шағын ғана үйде тұрдық. Сынақ жасалатын кезде бір күн бұрын радиодан хабарлайды. Жарылыс кезінде қандай сақтық шараларын жасау керектігін ескертетін. Ауылдағы үйлер ескі болғандықтан құлаған жағдайда үйіндінің астында қалмау үшін, сыртқа шығып, киіз, кілемнің астына тығылып жату керектігін айтатын. Бірақ оны тыңдайтын құлақ жоқ. Бәрі жапа тармағай жарылысты көреміз деп шулап жүретін.
Ал жарылыс болған кезде үй қабырғалары дірілдеп, шамдар теңселіп кетеді. Жер сілікінісі болып жатқандай күй кешетінбіз. Аспанға көтерілген шаң қайта жерге қап-қара болып түсетін. Халық басында қорыққанмен, кейін еті үйреніп кетті. Шаңырақ ортасына қашан түсер екен деп қорқып отыратынбыз. Осылайша балалық шағымыз үреймен өтті, – деп еске алады Кәріпбек Күйіков.
Семей полигоны – Кеңес Одағының өте үлкен стратегиялық обьектісі болған
Кей деректерге сүйенсек, 18 миллиондай гектар жерді сынақ алаңына айналдыруға шешім қабылданған екен. 40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалған. Семей полигонында әуеде және жер астында сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп.
Қазақ даласының 300 мың шақырым жері ядролық жарылыстан уланып, 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Оның зардабы туралы халыққа тек 1953 жылдан кейін ғана айтыла бастады.
– Жер астында жарылысынан жер асты суы көтеріліп, үлкен шұңқырларға жиналды. Күн ыстық кезде сол жарылыстан пайда болған суға әскерилер де, ауыл тұрғындары да түсетін. Ал олар нағыз ошағына барып суға түскендерін ойлаған жоқ, – дейді Кәріпбек Күйіков.
Қылқалам шебері
– Мен мектептен сурет сала бастадым. Көбіне табиғатты салғанды жақсы көремін. Бала кезімнен Ресейде оқып, ақ қайыңды ормандары мен өзендерін көріп өскендіктен, ауылға қайтып оралғанда соны сағынып, бейнелегенді жақсы көретінмін. Оны көрген анам екі әпкемнің суретін салуға кеңес берді. Қандай сурет салсам да ең бірінші сыншым – анам еді.
Менің табиғатқа жақын болуыма Балықты көлінің де өз әсер тиді. Соның жағасында жатып, көлге қонған аққуларды тамашалайтынмын, – деп еске алды.
– Менің суреттерімді Қазақстанда сатып алушы бірен-саран ғана. Көбіне шетелдіктер қызығушылық танытып, сатып алып жатады. Әсіресе, "Бірінші жарылыс" деген ең алғашқы суретімді сұраушылар көп. Биыл елу жасқа толу құрметіме орай Қарағанды облыс әкімшілігі бір бөлмелі пәтер берді, – дейді ол.
Негізі туындылары Германия, АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларында қойылған.
Полигонды жабу үшін жасалған алғашқы қадам
Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында 1989 жылы құрылған "Невада-Семей" қозғалысын қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарған болатын. Кейін қозғалысты қолдап, жер-жерден митингтер ұйымдастыра бастады.
Әсіресе сынақ алаңына жақын орналасқан аймақ (Қарағанды, Семей, Павлодар) тұрғындары қолдау көрсетіп, "Ядролық қаруға жол жоқ!", "Сынақ тоқтатылсын!" деп ұран тастады. Кәріпбек Күйіков қозғалыстың басты мақсаты – халықты сауықтыру және жерді улы затардан тазарту болды дейді.
– Біз алғаш жұмысты бастаған кезде интернет, ұялы телефон болған жоқ. Сондықтан мектептерді, үйлерді аралап, қол қойғызып, ол қағаздарды үлкен жәшіктерге салып тасыдық. Полигоннан зардап шеккен көптеген отбасыны білемін. Менің әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті. Ол кісінің жүрегі бұл күйікке шыдамай, тоқтап қалған болатын.
Ал полигон жабылған соң, сынақ жасағандар ол жерлерді ашық күйінде, қараусыз қалдырып кетті. Жұрт қараусыз қалған техника мен темір-терсекті денсаулыққа зиянды екені біле тұра, күн көріс қамы үшін тасып, сатты. Өйткені Қазақстан енді ғана тәуелсіздігін жариялап, қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан ауыр кез еді. Тіпті пайдаға жарамды темірлерді үй шаруасына қолданғандар да болды.
Әлі есімде, Америкаға барған сапарымда басымыздан өткен қиын кезең туралы, полигондағы жарылыстар мен оның зардабын қалай тартып жатқанымызды мектепке кездесуге барғанда айтып бергенмін. Ертеңгі күні оқушылар үйлерінен дәрі-дәрмектер әкеліп, оны қорапқа салып, көмек ретінде ұсынды. Мен сол дәрілерді ауылдастарыма әкелдім. Қазір ауылымнан көшіп кеткенмен жылына бір рет барып тұрамын, – дейді.
Сынақ жасаған мамандар қай кезде жасау керектігін де жақсы білген. Олар жарылысты жел Семей жаққа қарай емес, Павлодар, Қарағанды жағына қарай соққан кезде жасаған. Ал радиация желмен басқа жаққа ұшып кеткендіктен, Семейдің өзінде радиацияның қалыпты деңгейде екенін көрсетіп отырған. Бірақ жапондықтар жылда келіп, әлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Энергетика иниституты да жеміс-жидек отырғызып, радиация мөлшерін өлшеп қояды. Алайда ол жерлер адамдардың өмір сүруіне әлі жарамсыз, – дейді суретші.
Кәріпбек Күйіков – ядролық сынақтардың зардаптарының көзі тірі куәсі ретінде Қазақстандағы "Назарбаев-орталық" мемлекеттік ұйымы жүзеге асыратын "Атом" жобасының құрметті елшісі міндетін атқарады. Жоба сайтында жазылғандай, өз миссиясын "ядролық сынақ құрбандарының ең соңғысы мен болуға тиіспін" деп біледі.
"Ядролық клуб" елдері 2000 аса сынақ жүргізген
1949 жылғы тамыз айында Семей ядролық полигонында кеңестік алғашқы ядролық қару сыналды. Бұдан кейін ядролық қаруды Англия мен Франция, кейінірек, 1964 жылы Қытай қолдана бастады. Сөйтіп, бес елден құралған "ядролық клуб" пайда болды.
1949-1963 жылдары Семейдегі ашық ядролық жарылыстар кезеңі болып саналды. Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясының жоғарғы энергетика институтының есебі бойынша Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың қуаты Хиросимадағы сыналған ядролық бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп екенін көрсетті.
Бірінші жарылыс болған 1945-тен 1998 жылдарға дейінгі аралықта "ядролық клуб" мүшелері 2000 аса сынақ жүргізген. АҚШ − 1099, КСРО − 715, Ұлыбритания − 45, Франция − 210, Қытай 45, Индия − 6, Пәкістан − 6. Оның ішінде 501 сынақ ауада және 8-і су астында жүргізілді.
КСРО сияқты алып империя құлағанда оған қарасты стратегиялық ядролық күштер төрт елде қалды. Ресей жерінде 20750, Украинада 4025, Беларусьте 825, Қазақстанда 1216 ядролық оқтұмсықтар сақталған екен.
1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы №409 Жарлыққа қол қойды.