Урбанизация – қалалану, әлем елдері дамуының бір белгісі ретінде танылған маңызды көрсеткіш. 2018 жылы әлемдегі қала тұрғындарының саны 4,2 млрд-қа жетіп, 55%-ды көрсеткен.

Қазір жан саны 10 млн-нан асатын қаланың саны – 38. Олар: (Урбанизация бойынша баяндамадан):


Demographia World Urban Areas сайтынан

Тығыздығы ең жоғарғы қала ––Мумбай, (26400 адам/км²). Ал Астанада – 1300 адам/км², Алматыда – 2636 адам/км², Шымкентте – 865 адам/км². (2019 жылы 1 ақпандағы есеп бойынша)

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер

Қазақстан халқының қалалануы және үш миллионер қала

2019 жылы 1 ақпанда Қазақстандағы қала тұрғындарының саны 58,1%-ға жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда 4,9%-ға өскен. Сонымен бірге үш миллионер қала пайда болды: Алматы (1 856 480 адам), Астана (1 080 298 адам), Шымкент (1 011 538 адам).


stat.gov.kz мәліметі бойынша жасалды

Оқи отырыңыз: Қалаға үдере көшкен қазақ Алматыға сыймай жатыр не Алматы маңынан жер сатып алам десеңіз

Тәуелсіз Қазақстанда қалалану қалай жүрді?

Бірінші – жағымды жағы: тәуелсіздік алғаннан кейін КСРО кезінде Қазақстанға жер аударылған миллиондаған халық өз атажұрттарына қайтты. Сол кезде жұмыс іздеген халық босап қалған зауыт-фабрикаларға жиналды. Осылайша қаланы қазақыландыруға мүмкіндік туды.

Екінші –жағымсыз жағы: Қазақстандағы ауыл-шаруашылық кооперативтері, колхоздар мен совхоздар жекешелендіріліп, ауылдағы халық жұмыс көзінен және ішер астан тарығып, қалалы жерлерге үдере көшті. Алайда нарықтық құн көзқарасына, базар шаруашылығына үйренбей, ауыр дағдарысты бастан кешірді, кейбірі әлі күнге дейін қалада үйсіз-күйсіз жүр.

Үшінші, саяси жағынан алғанда, облыстарды және кейбір аудандарды біріктіру немесе жою, Астананы солтүстікке көшіру де халықтың ағынын тудырды. Сол кезде оңтүстіктегі және жабылған облыс-аудандардағы жүз мыңдаған адам облыс не аудан орталықтарына, құрылыс жүріп жатқан Астана қаласына ағылды. Осы арқылы солтүстік өңірлердегі халықтың үлесін арттыру, елдің тұтастығына қауіп төндіретін мәселелердің алдын алу жағынан өте маңызды қадамдар жасалды.

Оқи отырыңыз: Әлемде әрбір жетінші адам туған жеріне тұрақтамайды екен. Қазақстанда қалай?


Қазақстандағы қалалану динамикасы / ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәліметінен

Бұл туралы әлеуметтанушы Талғат Жақиянов:

– Ауыл-қыстақ тұрғындарының жан бағу үшін қалаға ағылуын жабайы урбанизация, яғни үдере көшу дейміз. Бұл ешқандай жоспарсыз және жүйесіз жүрді. Қаладан жұмыс таппаса да, көзсіздікпен ағылды. Өте көп мәселелер туындады. Мемлекет қалаға жұмыс күшін тартуды реттеп отыруы керек. Сұраныс пен ұсыныс болғанда ғана халық қиындыққа ұшырамайды, – дейді.

Қалаланудың пайдасы да, зияны да бар

Адам капиталының бір жерге топталуы бәсекеге қабілетті өсіріп, орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететіні белгілі. Әр жеке тұлға үшін білім, денсаулық сақтау сияқты қажеттілікті үйлесімді орналастырылады, өмір сүру деңгейін көтереді.

Оқи отырыңыз: Көші-қон полициясы тіркеуді сатып жүргендермен күресе алмайтынын айтады

Алайда, бала тәрбиесі ақсап, табиғи ортадан алыстаған адамның психологиясы мен өмір салтының өзгеретіні тағы бар. Әсіресе, жабайы урбанизацияның, яғни үдере көшудің қиындық әкелетіні белгілі. 90 жылдардағы жаппай жекешелендіру кезінде өз өмір сүру ритмінен жаңылып, заман үрдісіне ілесе алмаған мыңдаған тұрғын жұмыс іздеп, қалаға жағалады. Олардың барлығының жұмыс табуы мүмкін емес. Оған үйлі болу деген ауыр мәселені қосылады.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы:

– Бұл халықтың өсіміне ықпал етіп отыр, яғни тұрмыстың қиындығынан қала тұрғындары көп балалы болудан өздігінен шектеле бастады. Үйленуге жағдайы келмеген және уақыт таппаған жүз мыңдаған бойдақ пайда болды. Олардың ішінде кәрі қыздардың саны да көп. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі қыздардың жалақысының төмендігі, үймен қамтылмауы – ауыр мәселе. Үкімет мұны мойындау керек, – дейді.

Оқи отырыңыз: Демографиялық экспансия. Сыртқы және ішкі демографиялық қысымдар


ҚР халық санын есептеуіштегі осы мезетке дейінгі жан саны өзгерісі / stat.gov.kz

Ауыл қалаға не береді?

– Қазір кей ауылда жер жекешеленіп, бір топтардың қолына өтіп кеткен. Сонымен шаруашылықпен айналысып отырған халық күн көріс көзінен айырылып, мыңдаған ауыл жабылды. Ал, қалған ауылдардың да инфрақұрылымы бұрынғы күйде қалды. Қарапайым ауыл тұрғындары баяғыша қиындықта жүр, – дейді Серік Ерғали мырза.

Ауыл қалаға адам беріп отыр. Онда табиғи өсім жоғары, яғни қалаға оқуға келген балалар мен жұмыс іздеген жастардың ауылға қайтуы екіталай.

Қала халқына үй, жұмыс, тамақ және киім-кешек керек. Мұның ішінде ішпек-жемек пен өндірістің шикізаттары қаладан тыс жерлерден тасылады. Онымен көбінесе қаламен іргелес тұрған шағын қала, ауылдар қамтылады. Былайша айтқанда қалаға бағытталған базар арқылы нәпақа тауып отырған ауыл тұрғындары көп.

Оқи отырыңыз: Ауыл жастарының ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артты


ҚР халық санын есептеуіштегі осы мезетке дейінгі жан саны өзгерісі / stat.gov.kz

Мәдениеттанушы, урбанист зерттеушілер керек

– Урбанизацияны тарих тұрғысынан емес, болашақтық тұрғыдан зерттеу керек. Бізге урбанист керек. Қаланың дамуында өте керекті зерттеу соларға байланысты. Мысалы, Лос-Анжелестегі бір үлкен жолды жауып, жөндеу мүмкін емес. Өйткені жолды жасау барысында болашақта туындайтын мәселе ескерілмеген. Себебі, үлкен проблемалар туады. Ал Мехикода алты айырықты жолдар бар. Сол арқылы бірі жабылса, бірі істей береді. Астананы жаңадан салған кезде мыңдаған жер телімдерін таратты. Ауылдан үдере көшкен ел сол жерге келіп, үй салды. Бірақ, инфраструктурасы әлі жоқ. Жер берерден бұрын инфрақұрылымды ойластыру керек еді.

Екінші, әлемді жаулап келе жатқан цифрлану үрдісінен қағыс қалмаймыз. Мысалы, қазір өндіріске, қызмет көрсету салаларына роботтар енгізіліп жатыр. Бұл – мыңдаған адам жұмысынан айырылады деген сөз. Германия үкіметі 2020 жылға қарай цифрландырудың әсерінен 8 млн адамның жұмыстан босайтынын жариялапты. Сол адамдарды қалай, қайда орналастыруды қарастырып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер

Нарықтық экономикада мемлекеттің урбанизацияға араласа беруі табыс әкелмейді. Бірақ, алдын ала зерттеу жүргізіп, соған сай урбанизацияға әсер етіп отыруға болады. Мысалы, Түркістан облысының құрылуы, Шымкенттің жеке статус алуы – сол өңірдегі жұмыс іздеу мәселесін, еңбек нарығын бағыттаудың бір жолы. Сол секілді кезінде Астананы көшіру арқылы да ішкі көші-қонды саясатқа пайдаландық. Ал келесі тағы нелерді істеуіміз керек? – дейді әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы.


Құрлықтардағы 2018-2019 жылғы урбанизация деңгейін салыстыру және 2050 жылға болжанған есеп / БҰҰ есебінен

Амангелді Құрметұлының айтуынша, тағы бір үлкен қиындық – мәдениеттанушылық тұрғыдан урбанизацияның мәдени астарын зерттеу деген жоқ. Тіпті, әлеуметтану тұрғысынан да жеткіліксіз.

– Халықтың санасында қала қандай рөл атқарады? Ал қалалықтардың санасында ауылдың рөлі қандай? Қазір көптеген адамдар қаладан ауылға көшкісі келетінін айтады. Бірақ, бармайды. Не үшін? Біздің санамызда екіұдайылық бар. Ауылды сағынамыз, еске аламыз. Бірақ, жақсы тұрмыс кешу үшін қалада тұру керек деп қараймыз, – дейді ол.

Амангелді мырзаның айтуынша, шетелде, әсіресе батыс елдерінде мемлекеттік мекемелерден бастап компанияларға дейін арнайы әлеуметтанушы қызмет істейді.


Әлем урбанизациясының пайыздық картасы. 2018 жылы / БҰҰ есебі

Қос мекенділер немесе қазақ әлі "қалалық ұлтқа" айналған жоқ

Әлеметтанушы Талғат Жақияновтың айтуынша, Кеңестер Одағы кезінде қазақтардың 70% астамы ауылда еді. 90- жылдардың жабайы нарығы тұсында табиғи урбандалу процесі бұзылып, ауылдағылар қалаға жаппай үдере көшті. Қалаға күн көріс, оқу іздеп келіп жатақханада, жалдамалы пәтерде, қала шетіндегі саяжайда немесе ауладағы лашықтарда тіршілік етіп жатыр. Біреулері амалсыз ипотекаға жүгінген.

Олардың бір бөлігі тапқандарының жартысын ауылдағы қарт ата-анасына, туыстарына көмекке жіберіп отырады. Кейбірі жетіспеушілікті ауылдың көмегімен жабуға тырысады. Ала жаз үй салу секілді бітпейтін тірліктің қамымен жүретіндер бар. Себебі, қара қазан, сары баланың жағдайын жасау керек. Сол үшін дұрыс демалу деген жайына қалады. Денсаулығын құртқандар да көп. Осылайша не ауылға қайта көше алмай, не қалада дұрыс өмір сүре алмай жүргендер көбейді.

– Қысқасын айтқанда, аздаған пайыздан басқасы, баршамыз – қала мен ауыл арасында қалған маргиналмыз, достар.

"Қалалықтардың әл-ауқаты жақсы. Білім мен әлеуметтік жетістіктердің бәрі қол астында, игілігін көріп жүр . Бәсекеге қабілеттілігі жоғары" деп ойлайтын сыңаржақ пікір басым. Шын мәнінде, жағдай мүлде басқа. Кез-келген қалада инфрақұрылымы дамыған, жағдайы толық жасалған ықшам аудандар бар. Сонымен қатар әлеуметтік шектеулі "перифериялық" аудандар бар. Мысалы, Астананың шынайы әлеуметтік бейнесін көргіңіз келсе, оң жағалауға барыңыз. Әсіресе, вокзал маңы, базарлардың айналасы – халықтың шынайы тұрмысына айқын. Сол жағалау – жасанды "бутафория", – дейді Талғат мырза.

Оқи отырыңыз: 1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?

Ауылда тұрып та бақытты бола алады

Серік Ерғалидың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігінің жалақысы шын мәнінде төмен. 30-35 мың теңгеден басталады. Олар үшін үй алу, әлеуметтік жағдайды жақсарту қиын. Тіптен, қосымша жұмыс істеп, нан-шайын айырып отырғандар бар. Тіптен үйленуге дәрмені жетпей бойдақ жүрген ұл-қыздарымыз көбейді.

Жалпы, бұл – қиындықтардың бір бөлегі ғана. Ал кәсібін дөңгелетіп, тұрмысын жақсартып шалқып жүргендер жоқ емес.


stat.gov.kz мәліметі бойынша жасалды

Қалада керемет ештеңе жоқ. Егер ауылда өркениеттің белгісі – интернет, сандық жүйелер, денсаулық сақтау, энергия, инфрақұрылым мәселелері шешілсе, ауыл мен қалада өмір сүрудің парқы төмендер еді. Жұмыс көзі көбейіп, халықтың тұрмысы жақсарар еді. Ел де қалаға шұбырмайды. Қаладағы әлеуметтік жағдайдың қиындауы – Үкіметтің "Ауыл" бағдарламасының да, серіктес қалаларды дамыту жоспарының да дұрыс жұмыс істеп тұрмағанын көрсетіп отыр. Жұмыс істеу механизмі жүйеленбеген.