Туу туралы, жеке және жүргізуші куәліктері мен диплом. Астаналықтар қандай құжат ауыстыруы тиіс?
Заңға енді бүгін Ант берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюы керек. Айта кетейік, елорда атауын өзгертуді президент Тоқаевтың өзі ұсынған болатын. Бір күн өтпей жатып, Парламент ұсынысты заңмен бекітіп берді.
Отырыс құттықтаулардан басталды
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірлескен отырысты бір құшақ гүлмен ашты. Ол гүл бірнеше минут бұрын Сенат төрайымы болып сайланған Дариға Назарбаеваға арналған еді.
– Жаңа ғана Сенат отырысы өтті. Онда Дариға Назарбаева Сенат төраайымы болып сайланды. Барлық депутаттар атынан құттықтаймыз, – деді Нығматулин.
Жалпы, бірлескен отырысқа биліктің барлық тармағы: мемлекттік хатшы, үкімет мүшелері,президент әкімшілігінің басшылары, конституциялық кеңес мүшелері, орталық сайлау комиссиясының төрағасы, президентке есеп беретін органдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібі – елордаға жаңа атау
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата заңға Астана қаласының атын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республкалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс жасаған. Бірақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдаған.
– Бұл мәселе бойынша Конституциялық кеңес өзінің оң қорытындысын берді. Парламент регламентінің 31-ші тармағына сәйкес, осы мәселе бойынша баяндама жасау үшін сөз Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышеваға беріледі, – деп хабарлады Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасын таныстырған Әлия Рақышева қос палата депутаттарынан заңды қолдаңыздар деді.
– Мемлекет басшысы Конституцияның 91 бабы 1 тармағына сәйкес Парламенттің қарауына "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасын бекітті.
Бұл заң жобасы республика астанасын "Астана" қаласынан "Нұрсұлтан" қаласына өзгертуде көздейді. Еліміздің конституциялық кеңесі осы түзетулерді Қазақстан Республикасы Конституциясының 91 бабының 2 тармағына сәйкес, оң қорытынды берді. Осыларды ескере отырып, ұсынылған түзетулерді қолдауларыңызды сұраймын, – деді баяндамашы.
Баяндамашыға сұрақ қойылған жоқ. Тек төрт депутат талқылауға жазылып, Астана қаласының атын "Нұрсұлтан" деп ауыстыруға қатысты оң ойларын айтты.
"Тарихи шешім қабылданды!" Нұрлан Нығматулин қала атауын өзгерту туралы
Талқылау аяқталған соң, мәжіліс спикері заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауға дауысқа салып, бәрінің "қолдаймын" деген дауысынан кейін бірден екінші оқылымда мақұлдап, артынша қабылдау туралы ұсыныс айтты. Бірлескен отырыстағы мәжілістің 102 депутаты, сенаттың 43 депутаты заң жобасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына жіберді.
Енді Президент осы заңға қол қойғаннан кейін, Астана қаласының атауы заңды түрде Нұрсұлтан атын алады.
Астананың атын өзгертуге қанша қаражат кетеді?
Бірлескен отырыстан соң журналистер Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтен бұл өзгеріс бюджетке неше теңге салмақ түсіретінін сұрады. Бірақ, министр нақты бір соманы атаған жоқ. Министрдің айтуынша, бүкіл ақша қазіргі бюджеттен, "қолданыстағы қаражатқа қарай" бөлінеді.
– Қаланың атын ауыстыру үшін неше теңге қажет болатынын әлі санаған жоқпыз, бірақ, қолданыстағы қаржы аясында болады деп ойлаймын. Менің ойымша,бұл сұрақ қазіргі бюджет аясында болады.
Түсінесіздер ме, қаланың атын ауыстыру туралы мәселеде бәрі бір мезетте шешіле салмайды. Егер сіз құжаттамаларды, азаматтардың куәліктерін, ғимарат сыртындағы жазуларды айтып тұрсаңыз, бұның бәрі жоспар бойынша кезең-кезеңімен ауысады, – дейді Дәленов.
"Асықпаңыздар!" Әділет министрі Бекетаев қандай құжаттар ауысатынын айтты
Ал, Әділет министрі Марат Бекетаев астаналықтардың құжаттары кезең-кезеңімен, жоспар бойынша ауысатынын айтты. Ең бастысы, құжатты уақыты аяқталғаннан соң барып өзгертуге болады.
–Жеке басын куәландыратын құжаттар, мысалы, диплом, туу туралы, жүргізуші куәлігін шұғыл түрде ауыстырудың қажеті жоқ. Олар мерзімі аяқталған уақытта өз кезегімен ауысады, – дейді әділет министрі Марат Бекетаев.
Ал, құжаттарда нақты ненің өзгеретіні, адамның тіркеу мекен-жайын да ауыстыру керек пе деген сұраққа министр: "Бұл жерде үлкен проблема көріп тұрған жоқ, нақты осы уақытқа дейін ауыстыр деген талап жоқ" деп түсіндірді.
Бұл – өмір. Өзгерістер өз уақытында болады. Тарихта қала аты ауысқан жағдайлар көп, сондықтан бір түнде бәрі өзгерді деуге болмайды, бәрі өз уақытымен өзгереді, – дейді Бекетаев.