Төмендегі материалда Informburo.kz азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы өзекті сұрақтарға жауап іздейді.

№1. Адамды сырттай тіркеуге қоюға бола ма?

Иә, оны eGov.kz порталында тіркеуге болады. Уақытша тіркеуге қою үшін ҚР халқын тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу онлайн қызметін таңдау қажет.

Ары қарай мына деректерді толтырасыз:

  • Тіркеу уақытын көрсету (1 айдан 12 айға дейін). Егер, тіркеу мерзімі 1 жылдан көп болса, халыққа қызмет көрсету орталығына қажетті құжаттармен келу керек;
  • Азаматтың меншік иесі (емес) екенін көрсету;
  • Үй иесінің ЖСН енгізу;
  • Мекенжайды (қала, аудан, шағын аудан, көше, үй/пәтер нөмірі) көрсету;
    Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Содан кейін меншік иесіне үйіне азаматты тіркеуге қоюға келісім беру не одан бас тарту туралы SMS келеді.

Азамат жаңа мекенжайда 1 айдан астам уақыт тұрып жатқан болса, ол уақытша тіркеуге тұруға міндетті. Соның өзінде оның тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бұрынғыша сақтала береді. Пәтерді жалға алушы уақытша тіркеуге тұрмаған жағдайда оған 7 АЕК (25 844 теңге) көлемінде, ал бір жыл ішінде қайталанса 13 АЕК (47 996 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Тұрғын үй иелеріне де айыппұл қарастырылған, ережені сақтамаған жағдайда оларға 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

№2. Ал, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру үшін

Тұрғылықты жері бойынша тіркеу онлайн қызметін таңдап, төмендегі деректерді толтыру қажет:

  • Келу мақсаты, қоғамдық санаты, білім деңгейі, мамандығы, отбасылық жағдайы;
  • Тіркелудің себебі: бастапқы тіркеу, қала ішінде мекенжайдың өзгеруі, облыс ішінде тұрғылықты жерінің өзгеруі, тұрғылықты жерінің облыстан облысқа өзгеруі;
  • Тұрғын үйге меншік құқығын көрсету. Егер тіркелуші меншік иесі болмаса, ол үй иесінің ЖСН енгізіп, ЭЦҚ арқылы қол қоюы керек. Содан кейін үй иесіне SMS келеді. Үй иесі өзі тұрғылықты тіркеуге тұрып жатқан жағдайда ЭЦҚ арқылы өтінім беріп, онлайн қызметтің нәтижесін күтеді. Бұл қызметті алу үшін үй иесінің келісімі қажет. Сондай-ақ, тіркелуші мен үй иесінің жеке куәлігі керек болады. Тіркеудің барлық түрі тегін.

№3. Шетелдік азаматты қалай тіркеуге болады?

Шетелдік азаматты тіркеуге қою процесі де жоғарыдағы процеске ұқсас. Тек бір ескерерлігі, шетелдік азамат келген соң қабылдаушы тарап оның келгенін көші-қон полициясына 3 күн ішінде хабарлауы қажет. Мұны тұрғылықты жері бойынша ХҚО не көші-қон полициясында немесе vmp.gov.kz, E-qonaq сайттары арқылы жүзеге асыруға болады.


Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтар eGov порталында өз қамқорлығындағы адамдарды емханаға тіркей алады


№4. Бір пәтерде қанша адамға дейін тіркеуге болады?

Мемлекеттік емес, жеке баспанада тіркеуге тұратын жандардың санына шектеу жоқ. Дегенмен, жалған тіркеу үшін азаматтар Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабына сәйкес жауапқа тартылатынын ұмытпау қажет (айыппұл көлемі 10 АЕК-тен, яғни 36 920 теңгеден басталады). Соған қарамастан, Астана және Алматы қалаларында мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған баспаналарға (оның ішінде жалға алынған баспана да бар) адам тіркеу бойынша шектеу бар. Яғни, 15 шаршы метрге бір адам ғана ресми тіркелуі тиіс.

№5. Пәтер иесін мекенжайы бойынша қалай анықтауға болады?

Бұл – үй иесінің рұқсатымен ғана білуге болатын жеке ақпарат. eGov.kz сайтына кіріп, Үшінші тұлғалардың анықтамаларды алу қызметін таңдау қажет. Жүйеге кіру үшін ЭЦҚ не eGov Mobile қолданбасы арқылы кіру үшін QR-код керек.

Содан кейін үй иесінің ЖСН енгізу қажет, одан соң керек анықтама түрі таңдалады. Өтінім бір реттік кілтсөзбен мақұлданады.

Үй иесіне 2 сағат ішінде анықтама алуға рұқсат беру немесе одан бас тарту туралы SMS келеді. Қожайын келіскен жағдайда электронды анықтама сұраған азаматтың жеке кабинетіне жолданады.  

Бөгде адамдар қандай анықтамалар сұратуы мүмкін:

  • Мекенжай бойынша анықтама;
  • Меншік құқығының бар екенін дәлелдейтін анықтама;
  • Баспанасының бар не жоқ екенін көрсететін анықтама және тағы басқа.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне кім және қалай тұра алады? Маңызды 8 сұраққа жауап


№6. Тіркелетін жер таба алмасаңыз, не істеу қажет?

Қазақстанда жеке үйлер мен пәтерден бөлек, мына жерлерде уақытша тіркеуге тұруға болады:

  • жатақхана, қонақүй, демалыс үйі, емдеу орындары және тағы басқа;
  • интернат, пансионат, қарттар үйі;
  • саяжай құрылысы, бау-бақша серіктестігі, кооперативтері.

Тіркеу туралы анықтаманы осы объектілердің иелері не жетекшілері беруі тиіс.

№7. Тұрғын үйдің тіркеуінен шығып кету қажет пе?

Жоқ, меншік иесінің пәтер тіркеуінен арнайы шығып кетуі міндетті емес. Ол жаңа мекенжайға тіркелген кезде бұрынғы мекенжайынан автоматты түрде тіркеуден шығады. Яғни, азамат баспана алып, сол жерде тіркелер болса (не оны үй иесі тіркесе), ҚР ІІМ жүйесінде ол бірден ескі мекенжайынан тіркеуден алынады. Сондай-ақ, үйдің бұрынғы қожайынын үйдің жаңа иесі де тіркеуден шығара алады.

 

№8. Пәтерде тіркелген азаматтарды қалай тіркеуден шығаруға болады?

Азаматтарды тұрғылықты не уақытша тіркеуден тек үй иесі шығара алады. Ол үшін ХҚО баруы қажет немесе eGov.kz сайты арқылы жүзеге асыра алады.

Халыққа қызмет көрсету орталығына бару үшін:

  • жеке куәлік;
  • пәтерден шығарылатын азаматтардың аты атап көрсетілген өтініш;
  • баспананың техникалық паспортының көшірмесі;
  • ҚР тыс жерлерге тұрақты тұру үшін шығуға арналған анықтама (бар болса);
  • Тұрғын үйді пайдалану құқығынан айырылғаны туралы сот шешімі (сот шешімі бойынша тіркеуден алынған болса).

eGov.kz сайтында Тіркеуден шығу онлайн қызметіне тапсырыс беруге болады. Тізімнен тіркеуден алынатын адамдарды таңдау қажет. Үйдің басқа да иелері болса, олардың да келісімін алып, ЭЦҚ арқылы қол қойдырып алу керек.