Студент қалай айына 140 мың теңге шәкіртақы ала алады? Стипендия түрлеріне шолу
Жыл сайын Қазақстанда білім гранты саны да, стипендия мөлшері де артып келеді. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға көбейді. Бакалавриат студенттерінікі – 20%-ға, ал магистранттар менд докторанттардыкі 15%-ға артты. Мемлекеттік стипендия студенттің оқу үлгерімі мен әлеуметтік санатқа жатуына байланысты көтермеленеді.
2024 жылы студенттер қанша теңге стипендия алады? Жоғарылатылған және президенттік стипендия кімдерге беріледі? Информбюро порталы осы сұрақтарға жауап береді.
Мемлекеттік стипендия түрлері мен олардың мөлшерлері үкіметтің № 116 қаулысына сәйкес бекітіледі.
Стипендия түрлері:
- ең төменгі стипендия;
- жоғарылатылған стипендия;
- президенттік стипендия.
Мемлекеттік білім грантына ие болған ЖОО студенттері ғана емес, сонымен қатар кәсіптік-техникалық оқу орындарында (колледждер, кәсіптік-техникалық лицейлер) оқитын білім алушылар да стипендия алуға үміткер бола алады.
Стипендия ақшасы ай сайын Қазақстанның кез келген банкінде ашылған шотқа аударылып отырады.
Ең төменгі стипендия
Ең төменгі стипендия білім беру грантын жеңіп алған барлық студентке төленеді. Стипендияны оқу біткенше үзбей алу үшін студент әр сессияны "өте жақсы" немесе "жақсы" деген бағамен аяқтауы керек. Студент пәндердің кем дегенде біреуінен "қанағаттанарлық" деген баға алса, келесі емтихан сессиясына дейін стипендия ала алмайды.
Жазғы каникул кезінде стипендия жазғы сессияның қорытындысы бойынша шілде айының соңында екі айға (шілде және тамыз) бірден төленеді.
Ең төменгі стипендияның ай сайынғы мөлшері:
- колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері – 41 896 теңге (жұмысшы біліктіліктері бойынша – 43 574 теңге);
- ЖОО студентері – 47 135 теңге;
- педагогика бағытында білім алатын студенттер – 75 600 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағытында білім алатын студенттер – 75 600 теңге;
- интерндер – 85 376 теңге;
- магистранттар – 107 061 теңге;
- "Назарбаев университеті" АҚ магистранттары – 200 000 теңге;
- докторанттар – 240 000 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағытындағы резидент-дәрігерлер және магистранттар – 123 122 теңге;
- Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары – 40 065 теңге.
Жоғарылатылған стипендия
Емтихан сессиясының нәтижелері бойынша барлық пәнді тек "үздік" деген бағаға тапсырған студенттердің стипендиясына 15% қосылады. Сессия нәтижесінде бір сабақтан болсын "жақсы" деген бағадан төмен баға алса стипендия жоғарыламайды.
Жоғарылатылған стипендия мөлшері:
- колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері – 48 180 теңге;
- ЖОО студенттері – 54 205 теңге;
- педагогика бағытында білім алатын студенттер – 86 940 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағытында білім алатын студенттер – 86 940 теңге;
- интерндер – 98 182 теңге;
- магистранттар – 123 120 теңге;
- "Назарбаев университеті" АҚ магистранттары – 230 000 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағытындағы резидент-дәрігерлер және магистранттар – 141 590 теңге.
Белгілі бір әлеуметтік топтарға жататын студенттерге де (мүгедектер, жетімдер және т.б.) жоғары стипендияның бірнеше түрі қарастырылған.
- Көру және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар студенттер – 75%. Колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері – 73 318 теңге, ЖОО студенттері – 82 486 теңге.
- Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілгендер – 50%. Колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері – 62 844 теңге, ЖОО студенттері – 70 702 теңге.
- Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қамқорлығындағы балалар – 30%. Колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері – 54 464 теңге, ЖОО студенттері 51 275 теңге алады.
Президенттік стипендия
Президенттік стипендия ерекше сіңірген еңбегі үшін ЖОО студенттеріне ғана тағайындалады және студенттерді ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға ынталандыруға, ең талантты және дарынды студенттер мен магистранттарға қолдау көрсетуге, сондай-ақ зияткерлік әлеуетті қалыптастыруға жәрдемдесуге бағытталған.
ҚР президентінің стипендиясы күндізгі бөлімде оқитын кемінде 700 студенті бар ірі ЖОО-ларға ғана бөлінеді.
Президенттік стипендия күндізгі оқу нысанының студенттеріне 3-курстан бастап және магистранттарға 2-курстан бастап "үздік" (А, А-) білім алушыларға мемлекеттік білім беру гранты, сондай-ақ ақылы негізде де тағайындалады.
Президент қорынан төленетін стипендияға үміткер бола алады:
- республикалық және халықаралық олимпиадалар, шығармашылық конкурстар, спорт жарыстарының, фестивалдардың жеңімпаздары, ғылыми жаңалықтар, өнертабыстардың авторлары;
- республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда, ғылыми еңбектердің жинақтарында жарияланымдары барлар;
- жетістіктері дипломдармен, мақтау қағаздарымен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысатындар;
- білім беру ұйымдарының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысатындар.
Президенттік стипендия университет ректорының бұйрығымен оқу жылында бір семестрге тағайындалады. Дегенмен ғылыми кеңестің шешіміне сәйкес бір студентке қайта тағайындалуы мүмкін.
Президенттік стипендия мөлшері (екі еселенген ең төменгі стипендия):
- студенттер – 94 270 теңге;
- магистранттар – 214 122 теңге.
Жол жүру төлемдері
Басқа өңірлерде тұратын колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының, ЖОО студенттері мен магистранттары үшін жол жүру төлемдері қарастырылған:
- Колледж студенттеріне жылына екі рет 2 АЕК мөлшерінде төленеді. 2024 жылы – 7384 теңге.
- Колледж түлектеріне жылына бір рет 2 АЕК мөлшерінде төленеді. 2024 жылы – 7384 теңге.
- ЖОО студенттері мен магистранттарына жылына екі рет 4 АЕК мөлшерінде төленеді. 2024 жылы – 14 768 теңге.
- ЖОО даярлық бөлімшелерінің тыңдаушыларына жылына бір рет 4 АЕК мөлшерінде төленеді. 2024 жылы – 14 768 теңге.
- ЖОО түлектеріне жылына бір рет 4 АЕК мөлшерінде төленеді. 2024 жылы – 14 768 теңге.
Жолақы білім алушыға ақпан мен маусым айында қолма-қол беріледі не төлем картасына аударылады.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға 15 пайызға көбейеді.