2022 жылғы 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші президенттік сайлау болмақ. Осы орайда Informburo.kz сайлаушылар үшін білу маңызды 15 сұраққа жауап әзірледі. 

№1. Президент болуға кімдер үміткер?

Биыл президент сайлауына алты кандидат қатысады:

  • Жигули Дайрабаев;
  • Қарақат Әбден;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • Мейрам Қажыкен;
  • Нұрлан Әуесбаев;
  • Салтанат Тұрсынбекова.

№2. Сайлауда кімдер дауыс бере алады?

Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Бір адам бір дауысқа ғана ие. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуы тиіс. Сайлау учаскесіне келгенде жеке куәлігін (eGov қосымшасындағы цифрлық құжат жарамды) не паспортын көрсетуі қажет.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 11 950 485 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді.

№3. Сайлау учаскесін қалай білуге болады?

Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау күніне дейін 10 күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен сайлаушыларды хабардар етуі тиiс. Сайлаушыларға дауыс беру учаскесі жазылған шақыру қағаздары таратылады.

  • sailau2022.gov.kz сайтында тұратын аймағыңыз бен ЖСН енгізіп, сайлау учаскеңіздің мекенжайын біле аласыз;
  • 109 нөміріне (Алматы қаласы мен Қостанай облысы тұрғындары үшін – 1315) хабарласып та білуге болады;
  • Kaspi.kz және Halyk қосымшаларында да қолжетімді. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда президент сайлауы қалай өтетінін білесіз бе? Тест 


№4. Сайлаушылар тізімінде болмаса не мәліметтер қате жазылса, не істеу керек?

Әр азамат сайлаушылар тiзiмiндегi өзi туралы деректердi тексере алады. Тiзiмге енгiзiлмесе, мәліметтері дұрыс жазылмаса, тiзiмнен шығарып тасталса, шағымдануға құқылы. Сайлау комиссиясы арызды келіп түскен күні қарайды. Арыз мақұлданбаса, сайлау комиссиясы арызданушыға мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей беруі тиіс. Арызданушы сотқа шағымданып, сот дұрыс шешiм қабылдаса сайлау комиссиясы дереу сайлаушылар тiзiмiн түзетіп, енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзеді.

Қатені дауыс беру күніне дейін байқасаңыз, өтініш бір тәулік ішінде, сайлау күні анықталса дауыс беру уақыты аяқталғанға дейін 2 сағат ішінде қаралуы керек. Қате расталса түзету дереу енгізіледі.

№5. Сайлау күні 18 жасқа толған адам дауыс бере ала ма?

Иә, сайлауда дауыс беруге құқылы. Сайлаушы қандай да бір себептермен сайлаушылар тізіміне енгізілмесе, онда комиссия тізімге енгізу туралы дереу шешім қабылдайды.

№6. Сайлау күні учаскелер нешеде ашылады және жабылады?

Әдетте дауыс беру таңғы 7.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Бірақ барлық учаскелер ондай кестемен жұмыс істей бермейді. Кейбір учаскелерде сайлаушылар тізіміндегі барлық сайлаушы таңдау жасаса, дауыс беру аяқталды деп жарияланады.

Аумақтық сайлау комиссиялары өз аймақтарындағы учаскелерге басқа жұмыс кестесін бекіте алады. Бірақ, дауыс беру таңғы 6.00-ден ерте басталмауы тиіс және кешкі 22.00-ден кейін бітпеуі тиіс.


Оқи отырыңыз: Сайлау: Дауыстың дұрыс саналауын бақылау, сақтану. Әділ сайлау өтуі үшін не істеу керек?


№7. Басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге бола ма?

Иә. Сайлау күні басқа жерде болуды жоспарласаңыз, 19 қарашада сағат 18.00-ге дейін тұрғылықты жеріңіздегі сайлау учаскесіне хабарласып, есептен шығару куәлігін алу қажет. Осы құжатпен сіз сайлау күні болатын орында дауыс бере аласыз. Бірақ бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс беруге болмайды. 

Сайлау учаскесіне келіп есептен шығару куәлігі мен жеке куәлік көрсетеді. Сайлау комиссиясы азаматты сайлаушылар тізіміне қосады. Есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беру бюллетенін береді. 

№8. Шет елде жүрген қазақстандықтар қалай дауыс береді?

Дауыс беру үшін өзіңіз тұрған шет мемлекеттегі сайлау комиссиясының учаскесіне жүгінуіңіз керек. Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімі Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланған. Шет елдегі қазақстандықтар немесе дауыс беру күні өзге елде болатын азаматтар елшіліктер сайтына, телефон нөмірлері мен электронды поштасына мәліметтерін хабарлап, сайлаушылар тізіміне қосыла алады. Дауыс беру кезінде өзімен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет.

№9. Дауыс беру кабинасына басқа адаммен бірге кіруге бола ма?

Азамат сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Кабинада дауыс берушiден басқа біреудің болуына тыйым салынады. Алайда сайлаушы өз бетінше толтыра алмаса (қарт адамдар, көру қабілеті нашар адамдар) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы. Оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушы тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғаны жөнiнде қолы қойылады. Сайлаушыға келесі адамдар көмектесе алмайды:

  • сайлау комиссиясының мүшесi;
  • жергiлiктi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
  • кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
  • БАҚ өкiлi – журналист;
  • тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Сайлау саяси жүйені түбегейлі өзгертетін кезеңді бастап береді


№10. Қандай бюллетень жарамсыз деп танылады?

  • белгiленбеген үлгiдегi;
  • тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
  • бiр кандидаттан артық белгiленген;
  • белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Дауыстарды санау кезiнде жарамсыз бюллетеньдер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың бюллетеньдерi қатарынан алынып тасталады. Бюллетеньге балағат сөздер жазған адамға айыппұл салынуы мүмкін, өйткені бұл ұсақ бұзақылық деп есептелінеді.

№11. Сайлау учаскесіне келе алмайтындар қалай дауыс береді?

Сайлаушылар келесі себептермен дауыс беруге келе алмаса учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тұрған жерiне барып дауыс берудi ұйымдастырады:

  • денсаулық жағдайы;
  • отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау;
  • сайлау учаскесі жоқ шалғай аймақта болу.

Ол үшін сайлаушы дауыс беру күнi сағат 12.00-ден кешiктiрмей жазбаша өтініш беруі тиіс. Сайлаушының тұрған жеріне жәшікті сайлау комиссиясының екі мүшесі апарады. Бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң беріледі.

№12. Бюллетеньді басқаларға көрсетуге бола ма?

Заң бойынша дауыс беру құпия болуы керек. Бұл дегеніміз, ешкім, тіпті жұбайы немесе жақын досы да сайлаушының бюллетенін көрмеуі керек. Бюллетеньді көрсетуді талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Талап еткен адам жауапқа тартылуы мүмкін.

Дауыс беру күні сайлау алдындағы үгіт-насихатқа тыйым салынады. Бюллетеньді көрсету сайлау науқаны ретінде қарастырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Бюллетеньді ешкімге көрсетпей, бүктеп жәшікке салыңыз. Фотоға түсіріп әлеуметтік желіге салса, бұл да үгіт-насихат деп есептеледі.

Сайлау учаскесінде және оның маңында кімге дауыс бергеніңізді сұраса, бұл бұзушылық деп есептеледі және сол үшін әкімшілік жаза қолданылады. Орталық сайлау комиссиясында аккредитациядан өткен ұйымдар ғана сайлаушылар арасында сауалнама жасай алады. Басқаларға, тіпті журналистерге сауалнама жасауға тыйым салынған.


Оқи отырыңыз: Сайлау бақылаушыларының құқығы мен міндеттері қандай? Сараптама


№13. Дауыс беруге мәжбүрлегендер жазалана ма?

Оқу орнының басшылығы немесе жұмыс беруші сайлауға баруды не бармауды, белгілі бір кандидатқа дауыс беруді, сайлауға қатысқаныңызды растап бюллетень фотосын жіберуді талап етсе, бас тартқан жағдайада жатақханадан не оқудан, жұмыстан шығарамын деп қорқытуы мүмкін. Заң тұрғысынан олар сайлаушының сайлауға ерікті түрде қатысу құқығын бұзады. Сондай-ақ, сайлау құқығын еркін жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда бұзушылықтарды аудио, фото және видеоға жазып алу керек.

Сайлауға күштеп апарғандардың ісі сотта дәлелденсе әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарытылады. Сайлауға күштеп апарса, белгілі бір кандидатқа дауыс бергізсе, сіздің атыңыздан рұқсатсыз дауыс берсе, 4 мың АЕК (12 252 000 теңге) айыппұл салынады не төрт жылға бас бостандығы шектеледі не одан айырылады.

№14. Сайлау учаскесінде заң бұзылса, кімге жүгіну қажет?

Сайлаушы бұзушылықты байқаса және оны аудио, видеоға жазып, фотоға түсіріп алса сайлау учаскесінің төрағасына хабарлай алады. Сайлаушылардың түсірілім жасауына тікелей тыйым салынбаған. Төраға мәселені шеше алмаса, құқық қорғау органдарына, бірінші кезекте-прокуратураға шағым жазуы керек. Сот пен прокуратураның телефон нөмірлері сайлау учаскесіндегі стендтке ілінеді.

№15. "Бәріне қарсымын" деген дауыс есепке алына ма?

Сайлау бюллетенiне әлiпби ретімен кандидаттардың тегi, аты, әкесiнiң аты және "Бәріне қарсымын" деген жол қазақ және орыс тілінде жазылған. Сайлаушы кандидаттың ешқайсына дауыс бергісі келмесе "Бәріне қарсымын" дегенді белгілей алады. Бұл баған сайлаушылардың белсенділігін анықтауға арналған, сайлау қорытындысын шығарғанда есепке алынбайды.