Қазақстанда тұрғын үйді сатқанда әрқашан салық төлеу қажет пе? Оның мөлшері қалай анықталады және оны қалай есептеу керек? Krisha.kz материалына сүйене отырып түсіндіреміз.

№1. Салықты қай кезде төлеу керек?

Бір жылдан аз уақыт ішінде сатып алынған пәтерді сатып алған бағадан қымбатырақ бағаға сатқан кезде жеке табыс салығын төлеу қажет. Ол пәтер құнының өсуінен, яғни сатудан түскен табыстан ғана қарастырылады. Ол Қазақстан азаматтары үшін – 10%-ды құрайды.

Мысал: 2021 жылдың 1 желтоқсанында 25 миллион теңгеге сатып алынған пәтерді 2022 жылдың 1 қарашасында 30 миллион теңгеге сатқан кезде салық төлеу қажет болады. Себебі пәтерді сатып алғанына бір жыл өтпеген және 5 миллион теңгеге қымбатырақ сатқалы отыр. Сонда жеке табыс салығы 500 мың теңге болады.

Ал етел азаматтары 15% мөлшерлеме бойынша салық төлейді және олар үшін сату кезінде тұрғын үйге иелік ету мерзімі маңызды емес – олар кез келген жағдайда төлеуі керек. 

№2. Қай кезде салық төлемеуге болады?

Егер пәтер меніггіңізде бір жылдан астам уақыт болса немесе бағасында өсім болмаса, салық талап етілмейді.

Мысал: 2021 жылдың 1 желтоқсанында 25 миллион теңгеге сатып алған пәтерді иесі 2022 жылдың 1 тамызында дәл сол бағамен сатса, салық төлемейді. Сонымен қатар 2021 жылдың 1 желтоқсанында 25 миллион теңгеге сатып алыннған пәтерді 2022 жылдың 2 желтоқсанында 30 миллион теңгеге сатқан кезде де салық төлеудің қажеті жоқ.

Бұл жерде тұрғын үйге меншік құқығы нотариус мәмілесінен кейін емес, мемлекеттік деректер базасында тіркелгеннен кейін пайда болатынын түсіну маңызды.

№3. Салық қалай есептеледі?

Үйді сату кезінде салықты есепте үшін мүлік құнының өсімін, яғни кірісті дұрыс есептеу маңызды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл тұрғын үй түріне және меншік құқығын алу тәсіліне байланысты.

Бастапқы нарықта сатып алу. Бұл жағдайда құнның өсуі ретінде үлестік қатысу шартындағы сату бағасы мен сатып алу бағасы арасындағы айырмашылық қаралады.

Қайталама нарықта сатып алу. Сатып алу-сату шарттарында көрсетілген тұрғын үйді сату бағасы мен сатып алу бағасы арасындағы айырмашылық өсім болып саналады.

Кейбір сатушылар салық төлегісі келмегендіктен шартта төмен бағаны көрсетіп, қалғанын қолма-қол ақшамен төлеуді сұрайды. Бұл сатып алушы үшін үлкен тәуекел, өйткені мәміле жойылған жағдайда ол тек келісімшартта көрсетілген соманы қайтара алады. Қолхат ақшаны қайтаруға толық кепілдік бермейді.

Айырбастау. Жеке табыс салығы айырбастау келісімінде көрсетілген сату бағасы мен сатып алу бағасы арасындағы айырмашылыққа салынады. Егер құжатта баға көрсетілмесе, жыл сайын "Азаматтарға арналған үкімет" жүргізетін тұрғын үйдің сметалық құны сатып алу бағасы ретінде алынады.

Мұраға немесе қайырымдылық ретінде алу. Жер үй салу. Бұл жағдайларда өсім ретінде тұрғын үйдің сату бағасы мен меншік құқығын тіркеу кезіндегі нарықтық құны арасындағы айырмашылық саналады. Ол үшін үйді сатып алған жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тәуелсіз бағалаушыларға  бағалату қажет. Ал бағалау жүргізілмесе немесе оны анықтау мерзімі сақталмаса, мемлекеттің бағалау құны сатып алу бағасы болып қарастырылады.

Сыйлыққа алу. Сату бағасы мен мемлекет бағаланған құн арасындағы айырмашылық өсім бағасы ретінде есептеледі. 

Жылжымайтын мүліктің есептік (кадастрлық) құнын жыл сайын 1 қаңтарда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мүлік салығын есептеу үшін анықтайды. Әдетте ол нарықтағы құннан әлдеқайда төмен болады.

Талап ету құқығын беру. Мұндағы өсім үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығы сатып алынған кездегі пәтер құны мен сату бағасы арасындағы айырмашылықты құрайды.

Коммерциялық нысандарды немесе оларды салуға арналған жер телімдерін сату кезінде салық меншік мерзіміне қарамастан төленеді.

№4. Салықты қайда төлеу керек?

Салықты есептеу сатушыға жүктеледі. Ол пәтерді сатқаннан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін 240.00 нысаны бойынша жеке табыс салығы декларациясын тапсыруға міндеттеледі. Салықты 10 сәуірге дейін төлеу керек.

Мысал: Пәтер 2022 жылдың қыркүйегінде сатылса, 2023 жылдың 31 наурызына дейін декларация тапсырып, 10 сәуірден кешіктірмей салық төлеу қажет.

Декларацияны төмендегі жолдармен тапсыруға болады:

  • "Салық төлеушінің кабинеті" арқылы;
  • E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
  • eGov.kz сайтында;
  • ХҚКО-да;
  • облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне.

Төлемді:

  • eSalyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы;
  • банктерде;
  • Қазпошта бөлімшелерінде жасау,а болады.

№5. Салық төлемесе не болады?

Салық төлемеген жағдайда бірінші ескерту беріледі.

Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда – 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. 2023 жылы 1 АЕК – 3 450 теңге.

Салық төлеуді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады. Ол үшін арнайы өтініштер толтыру қажет.