ЭКО жасатуға квотаны қалай алуға болады? Шағын нұсқаулық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында "Аңсаған сәби" бағдарламасын бастап, экстракорпоралды ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Бағдарлама 2021 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қазірге дейін осы бағдарлама аясында 7 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
"Аңсаған сәби" бағдарламасына кімдер қатыса алады? Квотамен ЭКО жасату үшін не істеу қажет? Informburo.kz бағдарламаға қатысу жолдарын түсіндіреді.
№1. Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бүгінде Қазақстан бойынша 31 ЭКО орталығы бар, оның 19-ында сәби сүйе алмай жүрген пациенттер мемлекеттік сақтандыру аясында ЭКО жасата алады. Бір айта кетерлігі, квота тек "бедеулік" диагноз қойылған жандарға ғана бөлінеді.
Бағдарламаға отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Олар ҚР азаматы болуға тиіс және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, қатысушының ерікті түрде жазбаша келісім беруі міндетті.
Қатысушының:
- репродуктивті жасы 18 жас пен 49 жас аралығында болуы;
- соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері қалыпты болуы;
- фолликулярлық резерві жоғары болуы міндетті.
№2. ЭКО жасату үшін қайда жүгіну қажет?
Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқысы келетіндерді тіркеу емханада жүргізіледі. БМСК (Бастапқы медициналық-санитариялық көмек) ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электронды регистріне (ЭРДБ) тіркейді. Денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.
№3. Клиниканы кім таңдайды?
Қосалқы репродуктивтік технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациенттің өзі таңдайды. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.
Оқи отырыңыз: "Болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады". Қазақстанда ұрық саудасындағы сұраныс қандай?
№4. Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?
Мамандар пациентті медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоралды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Бұл жерде бірнеше мәселе ескеріледі. Олар:
- жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары;
- соматикалық және психикалық бұзылыстар;
- аналық без ісіктері, жедел қабыну және онкология түрлері;
денедегі қатерлі өскіндер.
Әйелдерге қойылатын талаптар:
- антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен емес;
- фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауға тиіс (циклдің 2-5 күндері);
- антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.
№5. Жылына неше рет тегін ЭКО жасатуға болады?
МӘМС бойынша ЭКО процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысыңыз сәтсіз болып жатса, қайтадан кезекке тұрасыз.
№6. Қандай клиникаларда квотамен ЭКО жасатуға болады?
Клиникалардың тізімімен fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. Бүгінгі таңда Алматы қаласында Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 7 клиника жұмыс істейді. Олар:
- Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы;
- Репродуктивті медицина институты;
- "Нұрай" ЭКО клиникасы;
- "Persona" репродуктологияның халықаралық клиникалық орталығы;
- "Private Clinic Almaty";
- "Экомед";
- "ЭКО".
Астана қаласында:
- "Геном Астана" ЖШС;
- "АстанаЭколайф" ЖШС;
- "Экомед Плюс" ЖШС.
Шымкент қаласында:
- "Экомед-Шымкент";
- "ЭКО центр доктора Тарарака".
Тараз қаласында:
- "Неке және жанұя" медициналық орталығы;
- "Арман репродуктивтік орталығы".
Ақтөбе қаласында – облыстық перинаталдық орталығы;
Атырау қаласында – "Экомед-Атырау";
Қарағанды қаласында – "Ақжан" ЖШС;
Өскемен қаласында – облыстық репродуктивті медицина орталығы;
Түркістан қаласында – "Экомед-Туркестан".
Оқи отырыңыз: Ата-аналар да баласынан алимент сұрауға құқылы. 2024 жылы алимент туралы не білу керек
№7. "Аңсаған сәби" бағдарламасы қашанға дейін жалғасады?
Бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасады. Соның аясында жыл сайын 7 мың квота бөлініп тұрады. Үміткерлерге донорлық аналық және аталық ұрықты пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Ресми дерек бойынша, бүгінде Қазақстанда 29 мыңнан астам әйел мен 4 мыңнан астам ер адам бедеулік диагнозы бойынша есепте тұр.