2024 жылы "Грин картаны" қалай ұтып алуға болады? Шағын нұсқаулық
Жыл сайын әлемнің кез келген азаматы АҚШ-та тұруға, жұмыс істеуге, кәсіп бастап, білім алуға мүмкіндік беретін Green Card (DV-2026) алу лотереясына қатыса алады. "Грин картаның" қандай артықшылығы бар? Ұтысқа қалай қатысуға болады? Лотерея жеңімпаздары АҚШ-қа қалай қоныс аудара алады? Informburo порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
№1. "Грин карта" дегеніміз не?
"Грин карта" – АҚШ резиденті екеніңізді дәлелдейтін куәлік. АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын The Diversity Immigrant Visa Program атты "Грин карта" лотереясын ұйымдастырады. Оған Қазақстан азаматтары да қатыса алады. "Грин карта" жеңімпаздары АҚШ-тың тұрғылықты тұрғыны, яғни резиденті екенін растайтын он жылдық америкалық жеке куәлікке ие болады. Мұндай куәлігі бар адамдар АҚШ-қа отбасымен бірге қоныс аудара алады.
№2. "Грин картаның" қандай артықшылығы бар?
Грин-картаның артықшылықтары:
- АҚШ-та тұру және жұмыс істеу;
- АҚШ келісімге келген елдерге визасыз бару;
- жылжымайтын мүлік алу;
- америкалық жүргізуші куәлігін алу;
- әскери қызметші атану;
- зейнеткерлер мен мүгедектер әлеуметтік сахтандыру жәрдемақыларын ала алады, медсақтандыруға жеңілдіктер беріледі;
- балалар мемлекеттік мектептерге бара алады;
- АҚШ-та бес жыл тұрғаннан кейін азаматтық алу құқығы бар.
№3. Биыл қанша "Грин карта" ойнатылады?
Биыл 55 мыңға дейін "Грин карта" ойнатылады. Ұтып алғандарға карта бірден берілмейді. Тізімде болсаңыз, қажет құжаттарды жинап, ағылшын тіліне аударып, медициналық тексерістен өтіп, консулдық жарнасын төлеп, елшілікте сұхбаттасудан өтіп, виза алу керек.
№4. Қалай өтінім береді?
Өтінімдер АҚШ мемлекеттік департаментінің Консул істері бюросының ресми сайтында 5 қарашаға дейін қабылданады. Басқа алаяқ сайтарға кіріп, алданып қалмаңыз. Лотереяға қатысу тегін. Іріктеуден өткендер ғана виза алу үшін консулдық жарнасы мен грин картаны рәсімдеу құнын төлейді. Электронды поштаңызға іріктеуден өткеніңізді айтып, ақша аударуды сұраса, алаяқтар екенін қаперде ұстаңыз.
Лотереяға қатысу үшін dvprogram.state.gov сайтында анкетаны ағылшын тілінде сауатты толтырып, фотосурет жүктеу керек. Фотосурет 6 айдан ескі болмауы шарт.
№5. Қатысушыларға қандай талаптар қойылады?
Лотереяға қатысу үшін мына талаптарға сай болу керек:
- Лотореяға қатысуға рұқсат етілген мемлекеттің азаматы болу. Қазақстан бұл тізімге кіреді;
- Мектеп бітіру немесе екі жыл мамандығы бойынша жұмыс істеу;
- Жарамдылық мерзімі өтпеген паспортыңыз болуы қажет.
Жас бойынша шектеу жоқ. Ағылшын тілін білу талап етілмейді.
№6. Ерлі-зайыптылар бөлек тапсыра ала ма?
Иә, ерлі-зайыптылар өтінімді бөлек-бөлек тапсыра алады. Сонда "Грин карта" ұту мүмкіндігі екі есе артады. Біреуі ұтқан жағдайда "Грин карта" түгел отбасына беріледі.
Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік департаменті өтінімді соңғы аптаға қалдырмауға кеңес береді. Неге десеңіз өтінім берушілердің көптігінен сайт дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.
№7. Іріктеуден өткен соң не істеу қажет?
Лотереяда ұтсаңыз ол "Грин картаны" алуға кепілдік бола алмайды. АҚШ-қа қоныс аудару үшін бірнеше құжатты жинап, медкомиссиядан өтіп, елшілікте сұхбаттасудан өтіп, консулдық жарнасын төлеуіңіз қажет. Сондай-ақ, АҚШ-қа көшуге және орналасуға ақшаңыз жететінің дәлелдеуіңіз қажет.
Іріктеуден өткен соң қажет құжаттар:
- DS-260 виза анкетасын толтырғанын растайтын қағаздар;
- Шетелдік паспорт және суреттермен парақтарының көшірмесі;
- Алдыңғы паспорттар сұралады (бар болса);
- Туу туралы куәлік;
- Неке немесе ажырасқаны, атын ауыстырғаны туралы куәлік (бар болса);
- Білімі туралы құжат және еңбек кітапшасы;
- Сотталмағаны туралы анықтама;
- Сот шешімдерінің үзінділері (бар болса);
- Әскери билет (өтінім беруші әскерде қызмет етсе);
- Өтінім беруші өзін және отбасына қарай алатынын дәлелдейтін құжаттар. Банк шоттарының үзінділері, жылжымайтын мүлкі туралы анықтама, АҚШ азаматы не тұрғынынан қаржылық көмек алатыны туралы құжаттар болуы мүмкін;
- Екі түрлі-түсті фотосурет, қосымша медициналық тексеруден өтуге бес фотосурет. Суреттердің артына аты-жөнін ағылшынша жазу керек;
- Медициналық тексеру қорытындылары. АҚШ елшілігінде аккредиттелген медициналық орталықта ақылы түрде өту керек.
№8. Лотерея нәтижесін қайдан білеуге болады?
Лотерея нәтижесін 2025 жылдың 3 мамырынан бастап білуге болады. Ал жеңімпаздар 2025 жылдың 1 қазанынан бастап 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін елшілікте сұхбаттасудан өте алады. Сондықтан іріктеуден өткендер визаны 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін алу керек.
"Грин карта" нәтижесін лотереяның ресми сайтына кіріп, Check Status бөліміне өтіп, бірегей нөміріңізді (Confirmation Number), тегіңіз бен туған күніңізді теру арқылы тексере аласыз. Сондықтан анкета толтырған соң берілетін бірегей нөмірді міндетті түрде есте сақтаңыз. Оны бір рет қана алуға болады.
АҚШ мемлекеттік департаменті лотерея жеңімпаздарына хабарласпайды, хат та жібермейді. Егер сізге ұттыңыз деп хабарласса не жазса онда бұл алаяқтар екенін ұмытпаңыз.
№9. Консулдық және "Грин карта" жарнасының сомасы қандай?
Иммиграциялық визаға өтінім бергенде консулдық жарна төлеу қажет. Бұл сома 330 АҚШ долларын құрайды және бұл қайтарылмайды. Визаны алған соң алты ай ішінде АҚШ-қа көшуіңіз қажет. АҚШ-қа барған соң "Грин картаны" алу үшін АҚШ азаматтық және көші-қон қызметіне 235 АҚШ долларын төлеуге тиіс.