2024 жылы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Оны кімдер және қалай тапсырады? Нені декларациялау қажет? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

№1. Декларациялаудың мақсаты не?

Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты:

  • әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
  • жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
  • сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

№2. Биыл декларацияны кімдер тапсыруға тиіс?

2024 жылы 3,9 млн адам алғаш рет декларация тапсырады. Олар:

  • жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы;
  • заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайы.

№3. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қандай декларацияны тапсырады?

Ең алдымен "Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 форманы" тапсырады. Мұны "кіру" декларациясы деп те атайды. Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы оның орнына "Кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00-форманы" тапсыруы керек.


Оқи отырыңыз: 2025 жылға қарай 13 млн қазақстандық декларация тапсырады. Олар нені ескеруі керек?


№4. Қандай активтер мен міндеттемелер декларациялауға жатады?

  • бағалы қағаздар;
  • цифрлық активтер;
  • үлестік қатысу шарттары;
  • инвестициялық алтын;
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
  • нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
  • құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жатады.

№5. 250.00 формада қандай мәліметтерді көрсету керек?

Қазақстанда аумағындағы үй, қазақстандық банктердегі шоттар туралы мәлімет енгізудің қажеті жоқ. Мұндай ақпарат мәліметтер базасында болғандыөтан автоматты түрде есептеледі. Ал шетелде үйі, шетелдік банкте қаржысы болса, онда оларды міндетті түрде енгізу қажет. 250.00 формада келесі мәліметтерді көрсету керек:

  • шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
  • сомасы 1000 АЕК-ден асатын шетелдік банкте жатқан ақша;
  • шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
  • бағалы қағаздар, цифрлық активтер (мысалы, биткоиндер);
  • үлестік қатысу шарттары (тұрғын ғимараттағы үлесі);
  • инвестициялық алтын (құйма алтын);
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • 34,5 млн теңге 10 мың АЕК шегінде қолма-қол ақша;
  • басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары. Мұндай берешекті декларация тапсырғанға дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей нотариалды куәландыруға болады;
  • құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа да мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар). Оларды бағалау 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет. Алайда оларды декларацияда көрсету-көрсетпеу әр адамның өз еркінде.

№6. Жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлік үшін де декларация тапсыру қажет пе?

Иә, жеке кәсіпкерлік уақытша тоқтатылса да, жұмыс істеп тұрмаса да декларация ұсыну қажет. Бұл ЖШС-ға да қатысты. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан шенеуніктерінің декларациясы 2025 жылы жарияланады


№7. Декларацияны қалай және қай уақытқа дейін тапсыру қажет?

Екі жолмен тапсыруға болады. 

  • Қағаз жүзінде декларацияны 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей ХҚКО арқылы не жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберу;
  • Электрон түрде 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жолдау.

№8. Декларация тапсырмас бұрын мәліметтерді қалай тексеруге болады?

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескеріледі. Сондықтан декларацияны толтыру алдында:

  • тиісті растайтын құжаттарды дайындаңыз;
  • борыштар мен талаптарды нотариалды куәландырыңыз;
  • бірлігінің құны 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалаңыз.

Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын тексеріңіз:

  • бағалы қағаздар бойынша – Орталық депозитарий сайты;
  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттары бойынша – Тұрғын үй порталы және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру парақшасы;
  • зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша – өнеркәсіптік меншік объектілерінің мемлекеттік тізілімі сайты;
  • сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша – eGov порталы;
  • дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) бар-жоғына қатысты Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу  қажет.

№9. Декларация ұсынбаса не болады?

Декларацияны бірінші рет рет ұсынбағаны үшін ескерту беріледі. Бұл бір жыл ішінде қайталанса, онда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Декларация бірінші рет тапсырғанда толық емес немесе анық емес мәліметтер ұсынса ескерту жасалады. Бұл бір жыл ішінде қайталанса 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ал жыл ішінде салық салу объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл, бұл іс-әрекет қайталанса төленбеген салық сомасының 300 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады.

№10. Декларацияны кім және қалай тексереді?

Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады. Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг келесідей жүргізіледі:

  • декларацияның болуы/болмауы тексеріледі;
  • декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады;
  • одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.