200 мыңнан миллионға дейін: Автокөлікке VIP нөмірді қалай алуға болады?
Қазақстанда автокөліктің VIP нөмірлеріне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Былтыр қазақстандықтар көлігіне "беделді" нөмір алу үшін ел қазынасына 6 миллиард теңге төлеген. Бұл қызметті бұрын тек мамандандырылған ХҚКО-лар ғана көрсететін болса, қазір VIP нөмірге онлайн тапсырыс беруге болады. Осы орайда Информбюро порталы оқырмандарына VIP нөмірлердің бағасы, тапсырыс беру жолдары және қажет құжаттар туралы шағын нұсқаулық ұсынады.
№1. VIP нөмір бағасы қанша?
Бағасы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің санатына байланысты:
- бірдей әріптік белгілерімен (мысалы, AAA, ВВВ) – 57 АЕК (2023 жылы – 196 650 теңге);
- бірдей әріптік белгілері бар 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 цифрлық белгідегі нөмірлер (мысалы, 010AAA) – 114 АЕК (393 300 теңге);
- 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 цифрлық белгідегі нөмірлер – 137 АЕК (472 650 теңге),
- бірдей әріптік белгілері бар 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 цифрлық белгідегі нөмірлер (мысалы, 100ААА) – 194 АЕК (669 300 теңге),
- 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 цифрлық белгідегі нөмірлер – 228 АЕК (786 600 теңге);
- бірдей әріптік белгілері бар 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 цифрлық белгідегі нөмірлер (мысалы, 011ААА) – 285 АЕК (983 250 теңге).
№2. VIP нөмір алу үшін қайда жүгіну қажет?
Осы уақытқа дейін мұндай нөмірлерді тек арнайы ХҚКО-ларда брондауға болатын еді. 2023 жылдың маусым айынан бастап eGov порталында және eGov мобильді қосымшасында тапсырыс беруге болады.
№3. Тапсырыс беру үшін қандай құжаттар қажет?
eGov порталында:
- "Автокөлікке VIP нөмірге тапсырыс беру" сервисін таңдап, авторизациядан өту;
- нөмірді іздеу;
- ол нөмір бос болмаса, басқасын іздеу керек, ал нөмір бос болса бағасы көрсетіледі;
- содан кейін облысты, ХҚКО-ны және нөмір түрін таңдау қажет;
- төлем енгізу;
- ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қою.
Дәл осы қызмет eGov мобильді қосымшасының басты бетіндегі "танымал қызметтер" бөлімінде қолжетімді.
Мамандандырылған ХҚКО-ларда:
- жеке басты куәландыратын құжат;
- салық төлеуден босату құқығын растайтын құжат (салық төлемейтін тұлға болса);
- тіркеу туралы куәлік ТС (техпаспорт);
- мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (МТНБ), "Транзит" белгілері және кері шығару туралы міндеттемемен Қазақстан Республикасына енгізілген көлік құралдарының тіркеу құжаттары;
- меншік құқығын растайтын келісімшарт (мәміле шарты, мәміленің жазбаша нысаны және т.б.).
№4. Нөмір неше күнде дайын болады?
Қызмет көрсету мерзімі:
- Астана және Алматы қалалары – 5 жұмыс күні ішінде;
- Облыстар мен Шымкент қаласы –15 жұмыс күні ішінде.
Нөмір дайын болған соң көрсетілген ХҚКО-ға барып алу қажет.
№5. Нөмірді жоғалтып алса не істеу қажет?
Нөмірді жоғалтып алған аудандағы "табылғандар бюросына" жүгіну қажет. Ол жерде нөміріңіз болмаса жаңасын алу үшін ХҚКО-ға барып, өтініш жазу керек. Қажетті құжаттар:
- жеке басты куәландыратын құжат (көшірмесін қоса);
- тіркеу туралы куәлік (техпаспорт);
- салық төлемейтін тұлғалар үшін салық төлеуден босату құқығын растайтын құжаттар (көшірмесін қоса).
№6. Нөмірсіз жүрсе айыппұл салына ма?
Көлік құралдарын мемлекеттік нөмірсіз басқаруға болмайды.
Көлік нөмірі көрінбейтіндей лас күйде болса не өзінің белгіленген орнында орналаспаса, көлік белгісі стандарт талаптарына сай келмесе – 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде, ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанаса 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады.
Жүргізуші нөмірі жоқ, әлі тіркелмеген не қолдануға тыйым салынған нөмірмен көлік айдаса 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Жалған немесе қолдан жасалған нөмір таққан жеке тұлғаларға 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.
Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану, яғни жалған нөмірмен көлік жүргізу 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.
Еске салайық, Қазақстанда 2012 жылдан бастап халықаралық стандартқа сай жаңа үлгідегі нөмірлер беріледі. Ескі үлгідегі нөмірлерді беру тоқтатылды. Алайда оларды ауыстыру міндеттелмейді. Ал жаңа үлгідегі нөмірлерді толық тозғанға дейін пайдалануға болады.
Облыстардың цифрлық кодтары:
- Астана қаласы – 01 (бұрынғы – Z);
- Алматы қаласы – 02 (A);
- Ақмола облысы – 03 (C);
- Ақтөбе облысы – 04 (D);
- Алматы облысы – 05 (B);
- Атырау облысы – 06 (E);
- Батыс Қазақстан облысы – 07 (L);
- Жамбыл облысы – 08 (H);
- Қарағанды облысы – 09 (M);
- Қостанай облысы – 10 (P);
- Қызылорда облысы – 11 (N);
- Маңғыстау облысы – 12 (R);
- Түркістан облысы – 13 (X);
- Павлодар облысы – 14 (S);
- Солтүстік Қазақстан облысы – 15 (T);
- Шығыс Қазақстан облысы – 16 (F)
- Шымкент қаласы – 17;
- Абай облысы – 18;
- Жетісу облысы – 19;
- Ұлытау обылсы – 20.