Түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдер Наурыз мерекесіне орай алып бауырсақ пісірді
Қарағанды облысындағы АК-159/20 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер Наурыз мерекесінің қарсаңында үлкен бауырсақ пісірді. Ұлттық тағамды дайындауға 8 килограмм ұн, 80 грамм ашытқы, 10 литр күнбағыс майы, тұз бен су жұмсалған. Алайда, мұндай бауырсақты дайындау сотталғандарға көп қиындық тудырыпты. Ыстық майға салынған қамыр тек сыртынан қуырылып, іші шикі болып қалған.
Жазасын өтеушілер бұл бауырсақты пісіру үшін төрт рет талпынған. Ақырында жайылған қамырды темір ыдысқа салып, үстінен ыстық май құю арқылы пісіріпті. Мұндай тәсілмен қызарған бауырсақты кейін қайтадан қазанға салып қуырған.
Оқи отырыңыз: Жазықсыз балалар түрмеде не үшін отыр? Жауғашты колониясынан фоторепортаж
Нәтижесінде, бауырсақ тығыз болмай, барлық жағынан қуырылған болып шықты. Оның диаметрі 120 сантиметр, салмағы үш келіден сәл асады.
Колония басшылығының айтуынша, Наурыз мерекесі қарсаңында сотталғандар мекеме әкімшілігіне қазақтың ең үлкен ұлттық бауырсағын дайындау ұсынысымен жүгініпті. Басшылық пен жеке құрам бұл идеяны қолдап, дайындау үшін барлық қажетті заттарды ұсынған.
"Ұлттық тағам дайындау сотталғандарға үй атмосферасын сезінуге және көктемгі Наурыз мерекесінің жақындауына мүмкіндік берді", – деді тәрбие бөлімінің бастығы әділет майоры Алтынгүл Мизамбекқызы.