Түркістаннан алғашқы халықаралық рейс ашылды
Fly Arystan әуе компаниясының А-320 әуе кемесі Түркістан мен Ыстанбұл арасында аптасына екі рет ұшады.2021 жылғы 21 наурызда Наурыз мейрамы қарсаңында Fly Arystan әуе компаниясы Түркістаннан Ыстанбұлға алғашқы халықаралық тұрақты рейсті орындады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тұрақты рейс Түркістан және Ыстанбұл арасында аптасына екі рет жұма және жексенбі күндері қатынайды. Рейс саны аптасына 7 ретке артады деп жоспарланып отыр. Билет құны 39 999 теңгеден басталады.
Түркістан – Ыстанбұл алғашқы рейсіне 176 билет сатылған. 2020 жылдың 1 желтоқсанында Түркістан әуежайында алғашқы тұрақты рейс ашылғаннан бастап 80-нен астам рейс орындалып, 23 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 85% құрады.
Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалады. Биыл екінші тоқсаннан бастап 10 облыс орталығна (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейс ашу жоспарланып отыр.
"Түркістан әуежайы шетелдік әуе компаниялар ұшуы үшін "ашық аспан" режиміне енгізілген. Ұшу географиясын кеңейту әуежайды тартымды етіп, шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді", – делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Түркістаннан Новосибирскіге, Бішкекке, Ташкентке және т.б. қалаларға жаңа рейстерді іске қосу көзделген. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.