60 күнде Алматыда анықталған коронавирус кейстерінің саны 1 600-ге таяды. Сондықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, карантин шаралары жалғаса беретіні белгілі болды.

Тұтас дүние жүзін құрсаулаған қауіпті кеселдің алдын алу мақсатында көптеген елдер, алып мегаполистер түгел дерлік карантин режиміне көшті. Соның бірі Алатау етегіндегі алып Алматының төтенше жағдай кезеңінен кейінгі алғашқы күнін камера көзімен ұсынатын боламыз.

Қара жерге балауса көк шығып, көз сүйсініп, түлік біткен тояттаған мамыражай мамыр айындағы Алматы ажарланып, желегі жайқала түскен. Жыл ішіндегі жасыл түстің ең қанық кезі. Қаланың жоғарғы бөлігіндегі күре жол – әл-Фараби даңғылының бойы.


Фото informburo.kz

Президенттің сөзінше, дүйсенбі күні, яғни бүгін ел бойынша 1,1 млн адам жұмысқа шыққан.


Фото informburo.kz

Алматыда тіркелген науқастардың төрттен бір бөлігі бүгінде ауруынан айығып шығып, үйіне жіберілген.


Фото informburo.kz

Қоғамдық тамақтану орындары көктемнің соңына дейін жұмысын бастай алмайды. Тіпті, жағдайға байланысты шектеу немесе рұқсат ету мерзімі өзгеруі мүмкін.


Фото informburo.kz

Екі айдай уақытқа созылған төтенше жағдай кезінде жеткізу қызметінің мейілінше дамуына жол ашқан. Тағам түрлерінен бастап басқа да көптеген тауар, қызметтерге тапсырыс беруге болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың көшеге шығу қажеттілігін өтеп қана қоймай, жастарды жұмыспен қамтуда таптырмас мүмкіндікке айналды. Бірақ сервис саласы болғандықтан уақытша жұмыс деуге болады.


Фото informburo.kz

Қаладағы кейбір гүл сататын дүкендер әлі күнге дейін жабық тұр.


Фото informburo.kz

Биылғы көктемді терезенің көзінен өткерген алматылықтар қаланың тынысы кеңейіп, ауасы біршама тазарғанын байқағанын айтады.


Фото informburo.kz

Мемлекеттік комиссияның шешімімен елдегі ломбардтар мен ақша айырбастау орындары мамырдың 11-17 күндері сағат 10:00-15:00 аралығында қысқартылған тәртіпте жұмыс істейтін болды. Президент Тоқаев мемлекеттік комиссиямен бірлесіп өткізген соңғы жиынында төтенше жағдай аяқталғанымен, көшеде 3 адамнан артық топтаспау керектігін ескертті.


Фото informburo.kz

Індеттің беті әлі толық қайтпағандықтан, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынбақ. Суретте – Kaspi bank бөлімшесінің алдында кезегін күтіп отырған азаматтар. Бүгіннен бастап екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары ұжымның 50 пайызға дейінгі құрамымен өз қызметін бастады.


Фото informburo.kz

11 мамырдың таңынан бері әр жердегі банк бөлімшелеріне кісі көп жинала бастаған. Олардың көбінде бас санитар бекіткен қарар бойынша әлеуметтік ара қашықтық сақтала бермейді.


Фото informburo.kz

20 сәуірден бері жартылай жүктемемен іске кіріскен автопарктердің қоғамдық көліктері күнделікті сағат 06.00-ден 19.00-ге дейін қатынайды. Жұмыс күні қалыпқа келмейінше, автобуспен жүретін жолаушылар қатары көбейе қоймас.


Фото informburo.kz

Қала ішін абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр.


Фото informburo.kz

Алматы тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға әрі медициналық бетпердеге бойы үйреніскен тәрізді. Қоғамдық орындарда жүргіншілердің арасынан бетперде тақпағандарын да кезіктіруге болады. Суретте – Көкбазар жақ.


Фото informburo.kz

Президент Тоқаев "індеттің шарықтау шегінен өттік" дегенімен, Алматының бас санитары Жандарбек Бекшин "коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі толық аяқталған жоқ" деп, бұған дейінгі карантин ережелері өз күшінде қалатынын ескертті.


Фото informburo.kz

Туристік компаниялардың көбі әлі іске қосылып үлгермеген.

Шұғыл штаб қабылдаған өкім бойынша, қала аумағындағы кіріп-шығу блок-бекеттерінің жұмысы жалғасады. Десе де облыс пен мегаполис арасында қатынап жұмыс істейтін азаматтар кіріп-шығуына еш шектеу жоқ. Бірақ ол штабтың шешімімен жұмысына рұқсат етілген кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкері болуы тиіс. Атап айтқанда:

  • фотосалондар;
  • шаштараз;
  • гүл павильондары;
  • химиялық тазарту (кір жуу орындары);
  • техника және аяқ киім жөндеу орындары;
  • баспа үйлері;
  • мемлекеттік және құқық қорғау органдары;
  • коммуналдық қызметтер;
  • өнеркәсіп;
  • құрылыс;
  • жобалық ұйымдар;
  • жылжымайтын мүлік агенттіктері;
  • ХҚКО (заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін);
  • нотариустар;
  • адвокатура;
  • азық-түлік дүкендері мен базарлар;
  • кафелер мен мейрамханалар (өзімен алып кетуге ғана болады);
  • медициналық клиникалар;
  • стоматология;
  • зертханалар;
  • дәріхана;
  • азық-түлік емес дүкендер, жалпы ауданы 500 м2 дейін;
  • ТҚС, көлік жуу және шиномонтаждау.

Фото informburo.kz

Ведомство қабылдаған құжат негізіндеойын-сауық, спорттық және өзге де қоғамдық-отбасылық, еске алу шараларын өткізуге; кісі көп жиналатын нысандардың (сауда орталығы, сауда үйі, кинотеатр, театр, көрме, мешіт, шіркеу, ғибадатхана) қызметіне тыйым салынған. Қаладағы көпшілік жиналатын орындар әзірге бос тұр.


Фото informburo.kz

Қала ішіндегі бақылау бекеттері алынып тасталған. Қазір жеке не такси көлігімен қатынауға еш шектеу жоқ.


Фото informburo.kz

Бүгін үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі карантин шектеулері маусым айының соңына дейін біртіндеп алынатынын хабарлады.


Фото informburo.kz

Ойын-сауық түріндегі жиындарға да әзірге рұқсат жоқ. Әдетте жастар көптеп жиналатын Арбатта да кісі қатары сирек.


Фото informburo.kz

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин антисептик секілді өңдеу-сақтану құралдары мен медициналық қорғаныс бетпердесін тұрақты түрде қолдануға кеңес береді. Сонымен қоса бұдан былай шетелден келген әрбір адам екі күн ауруханадағы, артынша 12 күн үйдегі карантинде оқшаулануы керек.


Фото informburo.kz

Ендігі кезде тұрғындар саябақтар мен аллея, алаңдарда емін-еркін серуендеп, сейілдей алады. Алайда саябақтағы ойын-сауық қызметтерін қолдануға болмайды.


Фото informburo.kz

Алматыдан Нұр-Сұлтан және Өскемен, Семей, Қызылорда, Петропавлға әуе рейстері ашылғанымен, пойыздар мен қалааралық автобустардың қатынауына шектеу қойылған. Саябақта қыдырыстап жүрген тұрғындардың түгелдейі бетперде тағынған.


Фото informburo.kz

Қазіргі таңда қоғамдық тамақтану орындары тек жеткізіп берумен немесе әркім өзімен алып кете алатындай жағдайда қызмет көрсетіп жатыр.


Фото informburo.kz

Қаладағы көлік кептелісі бұрынғыдай емес.


Фото informburo.kz

Президент мемлекеттік басқару жүйесі мен денсаулық сақтау, білім беру салаларын дереу реформалау қажеттігін мәлімдеді. Әлеуметтік жәрдемақыға өтінім беру машақатынан басталған Электронды үкімет ресурсы көп сыналған соң, президент сандық жүйені күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, пандемия кезінде білім беру саласы онлайн не қашықтан оқытуға бейімделе алмағанын, бір Алматының өзінде жүздеген дәрігердің коронавирус жұқтыруын есепке алған Тоқаев алдағы уақытта жүйені кез келген қауырт жағдайға дайын болатындай жетілдіру керектігін растады.


Фото informburo.kz

Осылайша үркер батарында жаңа туған аймен тоғысқан тұста, мамырдың 10-ы республика көлеміндегі алғашқы төтенше жағдай режимі тоқтады. Дегенмен жанары жылуға толы, жадыраңқы алматылықтардың қаперіне елдегі карантин шарасының жалғасатынын қайта ескертеміз. Алдағы мамыр айының жартысы құралайдың салқыны амалының туарын ескерсек, қай мағында болмасын әлі босаңсуға ерте.