Биылғы 21 қыркүйекте Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгертулер мен толықтыруларды бекітті. Бұл өзгерістер тұрмыстық қиын жағдайына байланысты ипотекасын төлеуге қиналып жүрген жандарға жаңа мүмкіндіктер береді. Олар қандай? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынды.

№1. 5 жылда қанша қарыз алушы баспанасын сақтап қалды?

Бағдарламаның бірінші кезеңі 2004-2009 жылдары берілген ипотекалық қарыздарды қамтиды. Оның аясында 37 501 қарызды қайта қаржыландыру мақұлданса, қазірге дейін 233,5 млрд теңге сомаға 35 144 қарыз қайта қаржыландырылған. Бағдарлама мерзімі аяқталғанға дейін қосымша тағы 18 мыңға жуық қарызды қамту жоспарланып отыр.

Бұл мерзімдегі қарыздардың 82 пайызы – проблемалық қарыздар (2016 жылға дейін валютамен берілген қарыздар). Сәйкесінше, азаматтардың баспанадан айырылу қаупі туындаған болатын. Қайта қаржыландыру нәтижесінде банктердің ипотекалық портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі 30 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді.

Бағдарлама 3 бағытта жұмыс істейді:

  • 2004-2009 жылдардағы қарыздарды қайта қаржыландыру.
  • 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру не конвертациялау.
  • Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету және баспананы баланстан қайтару.

№2. Алғашқы 2 бағыт бойынша қанша проблемалық қарыз қамтылды?

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама аясында 2004-2009 жылдар кезеңінде алынған 163,4 млрд теңге сомаға 27 258 қарыз және 60,1 млрд теңге сомаға шетел валютасында алынған 7 886 қарыз қайта қаржыландырылды.

Шетел валютасындағы қарыздар Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландырылды. 2004-2009 жылдар кезеңінде берілген қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі 3 пайызға дейін төмендетілді.

Қарыз алушылардың 190 млрд теңгеден астам сомаға:

  • сыйақы;
  • тұрақсыздық айыбы (өсімпұл);
  • айыппұлы;
  • комиссиялар бойынша берешегі кешірілді.

Бұл шаралар қарыз алушылардың борыштық жүктемесін екі еседен астам мөлшерге төмендетуге мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?

№3. 2004 жылға дейін және 2009 жылдан кейін ипотекалық қарыз алғандар бағдарламаға ене ме?

Бағдарлама бойынша:

  • 2004-2009 жылдары берілген қарыздарды;
  • 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген.

Ипотекасының бағдарлама талаптарына сәйкестігін қарыз алушы өзіне несие берген банкке өтініш жасау арқылы біле алады.

№4. Шетел валютасындағы ипотека қашан таусылады?

Шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

Банктерге валюталық ипотекалық қарыздарды Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен теңгемен біржақты конвертациялау құқығы заңнамалық деңгейде берілген. Негізгі борыш бойынша 72,5 млрд теңге берешегі бар 2 789 валюталық ипотекалық қарыз қосымша конвертацияланады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы

№5. Қарыз алушылардың өтінішін қарау мерзімі қашан аяқталады?

  • 2004-2009 жылдардағы қарыздарды қайта қаржыландыруды банктер 2035 жылға дейін жүзеге асырады.
  • 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру не конвертациялау 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
  • Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету және баспананы баланстан қайтару мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеде аяқталады.

Банктердің тізімін Ұлттық банктің №114 қаулысынан қарауға болады.

Банктердің Қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптарын түсіндіретін қызметкерлерінің байланыс деректерімен, сондай-ақ қажетті құжаттар тізімімен осы жерден танысасыз.

№6. Үшінші бағыт бойынша кімдер көмек алады және оларға қандай жеңілдіктер бар?

Бұл бағыт бойынша көмек алуға ХӘОТ (халықтың әлеуметтік осал тобы) санатына жататын және қарызы бағдарлама аясында бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушылар үміттене алады.

Банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жай-күйін талдау негізінде қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтындай сақтай отырып, негізгі борышты азайту, жеңілдік кестесін белгілеу түрінде борыш жүктемесін жеңілдету құқығы берілген.

Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз тұрғын үйін меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық

№7. Бағдарламаға енгізілген түзетулер қарыз алушыларға қалай көмектеседі?

Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп азаматтардың өтініштері мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарына талдау жүргізіп, олардың негізінде бағдарламаға келесілерді көздейтін түзетулер енгізілді:

  • әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтардың қарыздарды қайта қаржыландыру;
  • қарыз алушының жұбайы немесе жақын туысы болып табылатын қосалқы қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер ХӘОТ мәртебесіне ие ХӘОТ үшін көзделген бағдарламаның шарттарын қолдану;
  • қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін ХӘОТ мәртебесін алған қарыз алушылардың борыш жүктемесін қосымша төмендету;
  • ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыларды мемлекеттік баж бойынша берешекті төлеуден босата отырып, нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы арқылы олар бойынша берешек банктің пайдасына өндіріп алынған қарыздарды бағдарлама бойынша қайта қаржыландыру мүмкіндігін беру;
  • қарыз алушыларға "Астана Банкі" АҚ мен "БТА Банкі" АҚ балансына өткен жалғыз тұрғын үйді, сондай-ақ, банктер күмәнді активтерді басқару жөніндегі ұйымдарға берген тұрғын үйді меншігіне қайтару.

Осы түзетулер аясында банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуына қарыз алушылардың шағымын қарау жөніндегі комиссияның рөлін күшейтуге, сондай-ақ, банктердің біржақты тәртіппен жақсартатын талаптар шеңберінде валюталық ипотекалық қарыздарды теңгеге айырбастауына бағытталған қосымша шаралар қарастырылған. Алдын ала бағалау бойынша түзетулер шамамен 5 мың қарыз алушыны қосымша қамтуға мүмкіндік береді.

№8. Қандай әлеуметтік маңызға ие ауруға шалдыққандарға көмек беріледі?

ХӘОТ үшін көзделген бағдарламаның талаптары келесі ауруларға шалдыққан адамдарға қолданылады:

  • 3 топтағы мүгедектігі бар кезде АИТВ-инфекциясы;
  • туберкулезді менингит, сүйектер мен буындардың туберкулезі (омыртқа мен жамбас), жалпыланған туберкулез, кең таралған дәріге төзімді туберкулез, бактерия бөлінуі бар, сонымен қатар 1Г тобында бақылауда тұрған және симптоматикалық ем қабылдайтын өкпе туберкулезі;
  • мүгедектік тобының болуына қарамастан қатерлі ісіктер;
  • 3-топтағы мүгедектігі бар дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы;
  • 3-топтағы мүгедектігі бар орталық жүйке жүйесінің демиелинациялық аурулары.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

№9. Бағдарлама талабына сәйкес келмеген жағдайда қарызды қалай қайта қаржыландыруға болады?

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, банк алдындағы өз міндеттемелерін орындауда қиындығы бар азамат несие алған банкінің ішкі бағдарламалары бойынша қарызды қайта құрылымдау мәселесін қарау үшін кредитор банкке жүгінуге құқылы. Банк қарызды қайта құрылымдаудан бас тартқан жағдайда, қарыз алушы:

  • А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй (тел: +7 (727) 2619 200) мекенжайы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне;
  • tal@finreg.kz, info@finreg.kz электрондық поштасы арқылы;
  • аумақтық тиесілілігі бойынша агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасына жазбаша өтініш жасауға құқылы.

№10. Қалай қосымша жеке кеңес алуға болады?

Азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне (сағат 10:00-13:00 аралығында), Алматы қ. Панфилов көш., 98. мекенжайы бойынша жеке қабылдауға жазыла алады. Ол үшін үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электронды мекенжайына келесі деректерді алдын ала жіберу қажет:

  • өтініш иесінің толық аты-жөні;
  • ЖСН;
  • байланыс деректері;
  • қаржы ұйымының толық атауы;
  • өтініштің қысқаша сипаты.

Оған қоса, хат тақырыбын міндетті түрде "Қабылдауға жазылу" етіп көрсету қажет.

Сондай-ақ, жедел желі телефоны арқылы да кеңес алуға болады: +7 (727) 2788 122, 2788 144.

Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін.

Қаржылық реттеушімен жедел өзара әрекеттесу мақсатында "Fingramota Online" мобильдік қосымшасын пайдалануға болады. Мессенджер 24/7 режимде жұмыс істейді.

Материал FinGramota халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру ресурсының мәліметтері негізінде дайындалды.