Барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтеді

Елордада өткен "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп мәлімдеді. "Маслихаттың келесі сайлауы Мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өткізіледі" деді Елбасы. Бұл ретте Н.Назарбаев мерзімінен бұрын сайлау өткізуге негізді дәлелдердің жоқтығын басып айтты. Осымен бұл тақырыптың жабылуы тиістігін тілге тиек етті.

Назарбаев "Nur Otan" фракциясының жетекшісі лауазымына Нығматуллиннің кандидатурасын ұсынды

Елбасының пікірінше, Н.Нығматуллин партия жұмысын күшейтіп, Мәжіліс спикері ретінде фракция жұмысын жұмылдыра алады.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Nur Otan" партиясы франкциясының жетекшісі – Гүлмира Исімбаева. Н.Назарбаев Г.Исімбаева басқарып отырған бүгінгі фракция жаман жұмыс істеп жатқан жоқ деп бағалады. "Соған қарамастан фракцияның күш екенін білуіміз керек" деп мәлімдеді Елбасы.

Өскеменде судья мен адвокат сотталды

Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Өскемен қаласының №2 сотының судьясы Г.Қайролдинге, Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісі К.Байтеміроваға және қорғаушы С.Оқасоваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады.

Г.Қайролдина К.Байтемірованың астыртын көмек беруі арқылы және С.Оқасованың арандатуымен сотталушы жасаған қылмысын жеңілдету және жазадан босату үшін Пугаевтан пара алған. ШҚО Глубовский аудандық сотының үкімімен Қайролдина және Оқасов сот залында тұтқынға алынып, сәйкесінше 5 және 4 жылға сотталды, ал Байтеміроваға қатысты 5 жыл кейінге шегерумен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар сондай-ақ, сот шешімімен өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Мәдениет министрі "Көк жайлау" құрылысына қатысты мәлімдеме жасады

"ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кез келген үкіметтік ведомство сияқты бірінші кезекте құқықтық нормативтік актілерді зерттеп дайындаумен айналысатынын атап айтқым келеді. Көп жағдайда мәдени, спорт немесе туристік нысандарды салу туралы шешімді жергілікті атқару органдары: әкімдік, мәслихат, қоғамдық кеңес (болған жағдайда) қабылдайды. "Көк Жайлау" курорты бұл аядан тысқары шығып, ол бойынша шешімді Президент қабылдады" деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.

Бұл ретте ведомство басшысы биыл сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша курорт құрылысы тоқтатылғанын еске салды.

Марқакөл көлінде арнайы операция өткізілді

Шараны Ішкі істер министрлігі Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінің аумағында ұзақ уақыт бойы браконьерлікпен және майқан балығы уылдырығының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың криминалдық іс-әрекетінің жолын кесу үшін өткізді.

"Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің және балық ресурстарын заңсыз аулауға, сатуға қатысы бар басқа да адамдардың браконьерлік әрекеттері әшкереленді" деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Жедел-іздестіру тобының мамандары браконьерлерден 90 литр уылдырықты,заңсыз ауланған мыңнан астам майқан балығын, сондай-ақ 3 млн 800 теңге сомасында ақшалай қаражатты, балық аулайтын торлар, рация және тіркелмеген пистолетті тәркілепті. Табиғи қорықтың қоршаған ортасына келтірілген экологиялық залалын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.

Тараздағы колонияда сотталған азамат асылған күйінде табылды

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті берген түсініктемеге сүйенсек, сотталушының денесі 19 тамызда Жамбыл облысы бойынша ДСБЖ ЖД-158/7 (авариялық қауіпсіздік) мекемесінде инспектордың бақылауы кезінде табылған.

"Мекемеге полиция мен жедел жәрдем тобы шақырылды. Дәрігерлер сотталушыға "асылу салдарынан механикалық асфикция" деген алдын-ала диагноз қойды. Мәйітті тексеру кезінде зорлық-зомбылық әрекеттері байқалмады" деп жазылған ресми хабарламада.

Комитеттегілер қайтыс болған азаматтың 2016 жылдан бастап өз-өзіне қол жұмсауға бейім адам ретінде тіркелгенін баса айтып отыр.

Жұмыс істейтіндердің басым бөлігі саудада жүр

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы осындай мәлімет таратты. Орталықтың департамент директорының орынбасары Ж.Қонановтың айтуынша, биылғы жылдың екінші тоқсанында елдегі жұмыс істейтін азаматтардың саны – 8,76 млн. Бұл жұмыс күшіне жататын азаматтардың жалпы санының 95,2%-на тең көрінеді. Көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегіден 1,5%-ға артқан.

Сарапшылар ұсынған деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 1,4 млн-ы –сауда саласында, 1,2 млн-ы – ауыл шаруашылығы, 1,1 млн-ы – білім беру және өнеркәсіп саласында еңбек етеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады? Республиканың солтүстігінде жаңбыр және температураның төмендеуіне ықпал еткен суық атмосфералық фронт оңтүстікке жылжып келеді. Осыған байланысты 22-24 тамызда солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қатты жел соғып, бұршақ жаууы ықтимал. Сондай-ақ, оңтүстікте найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін. Ал, оңтүстік-шығыста таулы және тау бөктерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады және осы аралықта бұршақ жаууы ықтимал. Тек батыс және оңтүстік-батыста ауа райы жауын-шашынсыз болады. Ауа температурасы бұрынғыдай климаттық нормадан 3…5°С жоғары.

Tengrinews.kz: Қазақстанда пойыздарда темекі шегуге тыйым салынды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның Атқарушы директоры Е.Мыханов темекінің иісі үшін жолаушыларға шағым түсіруге болатынын жеткізді. Айтуынша, пойыздарда шылым шегушіге әкімшілік акт бірден толтырылады. Осы үшін вагондарға полицейлер шақырылады. Заң бұзған адамға 5 АЕК (12 625 теңге) айыппұл қарастырылған.

Sputniknews.kz: Дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады. Білікті кардиохирург Ермағамбет Қуатбаев "энергетикалық сусынды мүлдем ішпеген дұрыс" дейді. Себебі, олардың құрамында глюкоза яғни қант өте көп, әрі бұл сусындар газдалған болып саналады, концентраты да бар. "Энергетикалық сусын адам организміне кері әсерін тизігіп, жүректің соғуын өзгертеді. Кофені аз мөлшерде ішуге болады. Бірақ оны шектен тыс ішуге болмайды" дейді дәрігер.