Тоқаев халықты жаппай вакцинамен қамтамасыз ете алмаған Денсаулық сақтау министрін сынға алды
Мемлекет басшысы Алексей Цойға жағдайды түзетуге бір ай уақыт берді.Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен үкіметке ескерту жасады. Президент халықты жаппай вакцинамен қамтамасыз ете алмаған министрге сәуір айында жағдайды өзгертуге тапсырма берді.
"Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін осы кезеңде денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі басты тұлға екенін және сіздің ерекше өкілеттіктеріңіз барын айтқанмын. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз, бірақ содан кейін белсенділігіңіз айтарлықтай төмендеді. Сәуірде жағдайды өзгертуіңіз керек. Әйтпесе, сізді кадрлық ауысулар қатты қапаландыратын болады. Бұл тек денсаулық сақтау министріне емес, жалпы Үкіметке де қатысты сөз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық QazVac вакцинасын егу сәуір айының соңында басталады
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қазақстан вакцина жетіспеушілігінен халықты екпемен қамту жағынан көшбасшы мемлекеттерден едәуір артта қалып отырғанын мәлімдеді. Президент пандемиямен күрестің жетістігі елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі элементтерінің біріне айналып отырғанын және Қазақстан үшін жаһандық қалпына келтіру кезеңінің шетінде қалмау, маңызды екенін атап өтті.
"Иммундау қарқыны бойынша біз көшбасшы мемлекеттерден едәуір артта қалып отырмыз. Бүгінгі таңда иммундау курсын 47 мыңға жуық адам аяқтады (бірінші компоненті – 137 346 адам). Бұл жағдайдың себебі қарапайым – вакцинаның болмауы. Үкімет "Спутник V" екпесін сатып алу мен отандық вакцинаны өндіру елдің вакцинацияға қажеттілігін толық қамтамасыз етеді деп сендірген еді. Осы ақпарат негізінде мен 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинация науқанын жарияладым", – деді Президент.
Оқи отырыңыз: 30 сәуірде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кездесуін өткізеді
Ол екі ай қорытындысы бойынша, ел халқының 0,2%-дан азы ғана екпе салдырғанын және енді басқа мемлекеттердің басшыларымен вакцинаны қосымша жеткізу туралы келісуге тура келетінін атап өтті.
"Біз екпені жеткізуді жеделдету үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық жағдайларға келісуге мәжбүрміз. Вакцинацияның кешіктірілуі – абстрактілі мәселе емес. Бұл тұтас елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл біздің азаматтарымыздың қосымша аурушаңдығы мен өлімі. Бұл бизнестің кірісінің жоғалуы, бюджеттің толық алынбаған салықтары, ұлттық байлықтың жалпы төмендеуі", – деді Мемлекет басшысы.