Тоқаев: Тиімділігі төмен субсидиялаудан жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.
"Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек.
Тоқаев былтыр диқандар мол астық жинағанымен бидай бағасы тым арзандап кеткенін айтты. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысқанымен бұл уақытша шешім болды.
"Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек. Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты", – деді Қазақстан президенті.