Тоқаев: Шеруге шығуға заңмен рұқсат беріледі. Жаңалықтарға шолу
Парламент палаталарының бірлескен отырысы 20-шы маусымға белгіленді
Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды. Құжатта "ҚР Конституциясының 58-ші бабы 4-ші тармағының 2-ші тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2019 жылдың 20 маусымында сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласында шақырылсын" деп жазылған.
Цифрлық сауатын ашу үшін, халықты жаппай оқытады
Осы мақсатта еліміздің барлық аймағында 17-ші маусымнан бастап тегін курстар өткізіледі. "Зерде" холдингінің хабарлауынша, кез келген азаматтың дәріске қатысуға мүмкіндігі бар. Базалық курста қарапайым компьютерді пайдаланудан бастап, Үкіметтік порталдарға кіру, мемлекеттік қызметтерді алу, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қыр-сырлары үйретіледі. Оқудың уақыты мен өткізілетін орынына қатысты мәліметтерді жергілікті әкімдіктің және "Цифрлы Қазақстан" сайтынан алуға болады.
"Шеруге шыққан жастарға қоғамнан орын тауып беру – саяси басымдығым болады"
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ewronews арнасына берген сұхбатында осылай деді. Президент мәселе митингпен емес, диалогпен шешілетінін баса айтты. Бұл ретте шеру жасаған қозғалыс өкілдерінің келіссөздерге шақырылатыны сөз болды.
– Заңсыздықтарға тосқауыл қойылады. Бас прокуратура көшедегі мұндай жиындардың заңсыз екенін талай айтты. Заңсыз митингтер, тәртіпсіздіктер – бұған қатысқысы келмейтін халыққа кедергі келтіреді. Сондықтан заң қабылданады. Оған сәйкес, өз пікірін білдіру үшін шеруге шығуға ниет танытқандар тиісті органға жүгінетін болады. Оларға талаптарын айтуға арнайы орын беріледі, – деді Президент.
Мәдениет және спорт министрінің лауазымына Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасы мақұлданды
Бүгін Мәжілісте мәдени-даму жөніндегі комитеттің мүшелері Премьер-министрдің Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындауға ұсынған А.Райымқұлованың кандидатурасын қарап, бірауыздан мақұлдады.
А.Райымқұлова 2016 жылдан бері осы министрлікте министрдің орынбасары қызметін атқарып келеді. Әр жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор болған.
Мәжілісте сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің лауазымына Мағзұм Мырзағалиевтің кандидатурасы мақұлданды. М.Мырзағалиев – 2014 жылдан бері ҚР Энергетика министрінің орынбасары.
Сауда және интеграция министрі лауазымына Астананың экс әкімі Бақыт Сұлтановтың кандидатурасы мақұлданды.
ОСК Сайлауды сынға алған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жауап береді
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Б.Имашев Қазақстандағы сайлауды бақылауға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссия басшысы Уршула Гацекпен кездесті. Халықаралық ұйым өкілдері сайлау өткен күні Астана мен Алматыда шеруге шыққандардың қамауға алынуын қатаң сынаған болатын.
ОСК басшысы миссияның сайлауға қатысты жолдаған ескертпелері мен қорытындыларымен танысқанын мәлімдеп, оған жауап берілетінін мәлімдеді. Жауапта ескертпелерге қатысты ОСК ұстанымы айтылатыны да белгілі болды.
Қостанайда газ жарылып, 7 адам зардап шекті
Оқыс оқиға бүгін сағат түскі 12.00 шамасында техникалық қызмет көрсету стансасында болған. Жарылыс нәтижесінде ғимараттың 90%-ы қираған. Зардап шеккен 7 адамның алтауы бірден ауруханаға жеткізіліп ,тек үшеуі ғана емделуге жатқызылған. Бір азаматқа медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсеткен.
Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Н.Нұрахметов оқиға орнында шұғыл штаб құрылғанын мәлім етті. Қалада газ бен электр қуаты уақытша сөндірілген.
Tengri Bank-тің басқарма басшылығына Динеш Құмар келді
Ол бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болған. Бұрынғы басқарма басшысы Е.Шайкенов банктің директорлар кеңесінің төрағасы ретінде жұмысын жалғастырады.
"Банктегі басшылық құрамның өзгеруі ұйымның стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру үшін жасалып отыр" деп хабарлады Tengri Bank-тен.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Солтүстік Қазақстанда дауыл тұрып, бұршақ жауады, Оңтүстік пен батыста аптап ыстық болады. 18-19 маусым күндері Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлеріне тұман түсіп, найзағай ойнайды, күндіз дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Қазақстанның шығысына Батыс Сібірдің солтүстік аудандарынан келген салқын ауа ағындары жылжып келеді. Сондықтан алдағы үш күнде аталған өңірлерде оқтын-оқтын жаңбыр себелеп, найзағай жарқылдайды, бұршақ жаууы мүмкін, екпіндете жел соғып, ауа температурасы климаттық нормадан төменірек болады. Ал оңтүстікте және батыс облыстарда аптап ыстық болады. Синоптиктердің айтуынша, Қазақстанның оңтүстігі мен батысында жоғары атмосфера қысымы тұрақталуына байланысты, күн ашық әрі ыстық болады.
Baq.kz: ҚТЖ стоп-кранды жұлғаны үшін төленетін айыппұл туралы айтты. Жолаушылар тасымалы" АҚ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық" Кодексіне сілтеме жасай отырып, жүк вагондарында заңсыз жол жүргені үшін, пойыздың қозғалыс кезінде оған отыру және одан түсу, басқыш пен вагон үстінде жүру, заңсыз пойыз жүрісін тоқтатқаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айппұл салынатыны туралы ескертеді.Сондай-ақ, вагон терезесі мен есіктерінен қоқыс тастағаны және қозғалыс кезінде вагон есіктерін ашқаны үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
24.kz: 1$= 383,35 теңге. Қазақстан қор биржасындағы бүгінгі сессияның қорытындысы бойынша, 1 АҚШ долларының орташа бағамы – 383 теңге 35 тиын болды.