ШҚО-да автобус аударылды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, оқиға бүгін Алматы – Өскемен тас жолында тіркелген. Алдын ала таратылған ақпарат бойынша, апатқа рөлдегі жүргізушінің ұйықтап кеткені себеп болған.

Автобустың ішінде 23 адам болған. Апаттан 3 адам зардап шегіпті. Екеуіне жедел көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем қабылдауға қайтарылған. Жүкті келіншек ауруханаға жатқызылған.

Теміржол билеттері 10 пайызға қымбаттады

Бұл туралы ақпарат "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның ресми сайтында жарияланды. Онда 28 облысаралық әлеуметтік-маңызды бағыттардағы пойыз билеттерінің 10 пайызға 21 қыркүйектен бастап қымбаттағаны жазылған.

"Жолаушылар еліміз ішіндегі кез келген бағытқа 45 күн бұрын билеттерді 25% жеңілдікпен сатып ала алады. Жеңілдік көлемі бос орындар мен пойыздың жүруіне дейін қалған күндер санына байланысты. Жөнелтілу күні жақындаған сайын баға өсе түседі, бірақ та 25%-дан аспайды" делінген ресми хабарламада.

Ұлттық тасымалдаушы сапарларыңызды алдын ала жоспарлап, пойыз билеттерін күні бұрын сатып алуға кеңес беріп отыр.

Маңғыстаудағы мұнай компаниясы жұмысшыларының жалақысы жоғарылады

Қытайлық "Синопэк Қазақстан" ЖШС-нің Ақтаудағы филиалының жұмысшылары 23-ші қыркүйекте жұмыстарын тоқтатып, айлықтарын 100%-ға көтеруді талап еткен болатын. Қарақұдық, Солтүстік Бұзашы кен орнында 100-ге жуық қызметкер ереуілге шығып, компания басшылығы келіссөздер жүргізуге келісті.

Тараптардың келісімімен жұмысшылардың жалақылары "М-Техсервис" ЖШС Маңғыстау филиалындағы жұмысшылардың еңбек ақысымен теңестірілетін болды. 24-ші қыркүйекте барлық жұмысшылар жұмыс орнына оралды.

Алматыда митинг өткізілетін орындар анықталып жатыр

Алматы қалалық мәслихаты қалада жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу үшін екі орынды белгілеу туралы шешім шығарды. Онің бірі – 4 шағын аудандағы "Сарыарқа" кинотеатры артындағы саябақ, екіншісі – Жароков пен Қожанов көшелерінің қиылысындағы "Южный" саябағы.

Шешімде митингтерді өткізу тәртібі тәптіштеп жазылған. Қағидаға сәйкес, талаптарды орындамаған жағдайда iшкi iстер органдарының жиналысты, митингiнi, шерудi, пикетті және демонстрацияны тоқтату жөнiнде қажеті шараларды қолданатыны айтылған.

Мәслихат шешімінің жобасы 8 қазанға дейін талқылау үшін Ашық үкімет порталына жарияланды.

Бас дәрігердің қамалуына байланысты Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы қамалған бас дәрігердің ісін анықтауды тапсырды.

"Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым. Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы әкімінің бақылауында", – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Қалалық №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев 20 қыркүйекте қамалған. Оған медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамады деген айып тағылып отыр. Сондай-ақ дәл осындай күдікпен аурухана анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та тұтқындалған. Дәрігерлер Алматы полициясының бастығы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін тергеуге алынған.

Чемпиондар лигасының 2021 жылғы финалы Санкт-Петербургте өткізіледі

Словенияның Любляна қаласында өткен UEFA-ның атқарушы комитетінің отырысында осындай шешім қабылданды. Чемпиондар лигасының 2020 жылғы финалы Түркияның Стамбул қаласының Ататүрік стадионында өтпек.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Еліміздің барлық өңірінде күн суытады. Синоптиктердің болжамынша 26-28 қыркүйекте республиканың орталығы мен шығысында ауа температурасы төмендеп, үсік жүреді. Орал аудандарынан кезекті суық ауа ағынының ығысуының ықпалынан республиканың басым облыстарында жауын-шашын болып, екпінді жел соғып, солтүстікте жауын жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін деп болжанды.

Егер өткен үш тәулікте ауа температурасы оңтүстікте, орталық пен шығыста қалыпты нормадан 3…6°С-қа жоғары болса, сенбі күні нормаға жақындап, ал жексенбі күні барлық өңірлерде нормадан 3…8°С-қа төмен болады.

24.kz: Қазақстандықтар осы қыста жылуға қанша төлейді? Биыл орталықтандырылған жылу ақысы 14 процентке арзандады. Қаңтарда Үкімет коммуналдық қызметтің бұл түрін 5,5 процентке төмендетті. Ал ақпанда тағы 8,7 процентке арзандатты. Осылайша 2019 жылдың тамызындағы баға әжептеуір арзандады.

Бұған дейін жылу ақысы әрбір жыл сайын шамамен 6 жарым процентке қымбаттап келген еді. Әсіресе 2016 жылдың тамызында бірден 23 процентке артып, 1 гигакалориясы 3714 теңгеге жеткен. Дегенмен биыл оның құны 3440 теңгеге тең. Өңірлердегі жылу бағасына тоқталар болсақ, бір жылда Көкшетау қаласындағы коммуналдық қызметтің бұл түрі бірден 62 процентке арзандап, 1614 теңгеге түсті. Сондай-ақ Шымкентте 25 процентке, Талдықорғанда 20 процентке арзандады. Ал жылу ақысы қымбат өңірлердің көш басында Алматы, Шымкент, Атырау қалалары тұр.