Тауда тынығуға тыйым, коммуналдық төлем, карантин талаптары. Алматыда эпидахуал қандай?
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кезекті рет "Алматы" телеарнасындағы "Akimat LIVE" бағдарламасының тікелей эфирінде қалада карантиндік шараларды жеңілдетудің барысы, ШОБ кәсіпорындары мен нысандарының жұмысын қайта жандандыру жөнінде әңгімеледі. Іnformburo.kz сұхбатта айтылған маңызды мәселелерді ұсынады.
Алматыда эпидахуал тұрақты
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Алматыда ауру жұқтырғандар азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған. 19 тамыздағы жағдай бойынша қауіпті індетке шалдыққандар саны – 13 938. Олардың 11 935-і, яғни 85 пайызы сырқатынан сауығып шықты. Өткен аптамен салыстырғанда жазылғандар саны 15%-ға көбейген. Науқастардың 15-і жас бала. Ал 22 адам ауыр халде жатыр. Коронавирустан қайтыс болғандар саны 220-ға жеткен.
"Біз 474 мыңнан астам ПТР тест жасадық. Бұл Қазақстан бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өткен аптада бізде стационарлардағы төсек орындардың жүктемесі 22% болған еді. Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 14%-ға түсті. Егер реанимациялық орындарды алатын болсақ, жалпы 219 орын бар болса, соның 75%-ы қазір бос тұр. Демек, бүгінгі күні жансақтау бөліміндегі орындардың тек 25%-ын қолданыста. Жағдай тұрақталып келеді. Алдағы уақытта да осы көрсеткішті сақтап қалуымыз керек", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкімнің айтуынша, қазір ПТР тест жасау көрсеткіші де төмендеген сыңайлы. Ауру өршіген кезде қалада күніне 250-270 ПТР тест жасалатын болса, бүгінде бұл саны 22-ні құрап отыр. Яғни, 10 есе төмен азайған.
Оқи отырыңыз: Кавасаки синдромы. Белгілері қандай және ол бала денсаулығына қаншалықты қауіпті?
Алматыда неге тауда тынығуға рұқсат жоқ?
Жағдай оңалып, карантин шаралары біртіндеп жеңілдегеніне қарамастан Алматы тауларында топ болып тынығуға рұқсат жоқ. Тау бөктеріне баратын жолдар демалыс күндері бұрынғыдай жабық болады. Бақытжан Сағынтаев қала билігі мұндай шешімді індетті қайта өршітіп алмау үшін қабылдағанын жеткізді.
"Демалыс күндері тауға ағылатын адамдардың саны өте көп екенін байқадық. Тіпті кей жерлерде көлік қоятын бос орындар тапшы болды. Табиғат аясына тынығуға келетіндер бүкіл отбасы мүшелерімен және достарымен топтасып жүреді. Бұл қауіпті. Сондықтан адамдардың көп жиналуын болдырмау үшін шектеуді қалдырып отырмыз. Тауға жаяу және аз адам болып тек жұмыс күндері шығуға болады. Ал демалыс күндері бөктерге баруға рұқсат етілмейді, маршруттар тоқтатылады", – деді әкім.
Карантиннен кейін 17,5 мыңнан астам ШОБ субъектілері жұмысын қайта бастады
19 тамыздағы дерек бойынша, алматылық кәсіпкерлерден жұмысын қайта бастау үшін жалпы саны 17 698 өтініш түскен, олардың 14 мыңнан астамы мақұлданған. Ал жеті нысан иесіне санитарлық талаптарға сай келмегені үшін рұқсат берілмеген. Әкімнің сөзінше, қалған 236 ШОБ субъектісі аудандық әкімдіктер жанындағы мониторингтік топтар тексеру жүргізген соң жұмысын бастайды. Егер белгілі бір себептер бойынша рұқсат етілмесе, онда кемшіліктерді түзетіп, жұмысты қайта бастауға болады.
"ШОБ субъектілерінің жұмысын қайта жандандыру Іnfokazakhstan.kz порталында тіркелген соң кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, мұны 24 тамызға дейін жасау қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен танысқан соң кәсіпкерлер санитарлық нормаларға сай акт алады. Мұнда кәсіпкерлер нысанның толық жұмыс жасауы жөніндегі талапты орындауы тиіс", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ал вирустың таралу қаупі жоғары қалған субъектілер жұмыс комиссиясының тексеруінен өтеді. Олар:
- сауда және ойын-сауық орталықтары;
- сауда орталықтары, сауда үйлері;
- сауда алаңы 2 мың шаршы метрден астам азық-түлік емес дүкендер;
- қызметкерлері арасында КВИ ауруының көрсеткіші жоғары нысандар.
Оқи отырыңыз: Пандемия басталғалы 33 қазақстандық тұрмыстық жанжал барысында көз жұмған
3 мыңға жуық кәсіпкер карантин талаптарын бұзған
Алматының мониторингтік топтары шілде айынан бастап 7 550 нысанды тексерген. Нәтижесінде 2 952 нысанның карантин және маска режимін бұзғанын анықтапты. Рейдтер нәтижесі бойынша мониторингтік топтар мынадай шараларды жүзеге асырды:
- 4 496 субъектіде түсіндіру жұмысы жүргізілді;
- 696 нысан жұмысын өз еркімен тоқтатты;
- әкімшілік-құқық бұзушылық негізінде 3 150 хаттама толтырылды;
- 126 заңды және 3 003 жеке тұлғаға айыппұл салынды;
- маска режимін бұзғаны үшін 2 952 адам 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
"Мыңнан астам мекемеге хаттама толтырылды. Олар айыппұл төлеп жатыр. Біздің мақсатымыз оларға айыппұл салып, жұмысын тоқтату емес, заңды бұзбауға шақыру. Кәсіпкерлер де көп адамды жинап алып жұмыс істегеннен, аурудың бір-біріне жұқтыру қаупі өршитінін түсінуі керек. Сол себептен кәсіпорын басшыларын жауапкершілікке шақырамыз. Мәселе бір күндік табыста емес, халықтың денсаулығында", – деді әкім.
Айта кетсек, қала тұрғындары карантин талаптарын бұзғандар туралы infokazakhstan.kz порталы арқылы хабарлай алады. Онда кез-келген ғимарат ішінде тазалық талаптарының бұзылғанын суретке түсіріп жіберуге болады.
Тамызда коммуналдық төлем үшін 15 мың теңге өтемақы беріле ме?
Карантин кезінде барлық елді мекенде сәуір және мамыр айлары аралығында арнайы санаттағы адамдарға екі айға коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге төлем берілді. Алматыда көмектің бұл түріне 33 500 тұрғын қол жеткізген. Бақытжан Сағынтаев қалада бұдан былай коммуналдық қызметке өтемақы төлеу тоқтайтынын жеткізді.
"Екі айға коммуналдық төлем алу жұмысы маусым айының соңында аяқталды. Тамыз айынан бастап ары қарай бұл көмекті беруді жалғастыруға мүмкіндік жоқ. Себебі, Үкімет шешімі сәуір және мамыр айларына қатысты болатын. Алдағы жылу науқанына байланысты мұндай коммуналдық өтемақыларға қаражат қарастырылмаған", – деді әкім.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?
Қалаға 150 жаңа автобус сатып алынады
Сұхбат барысында Бақытжан Сағынтаев Алматының қоғамдық көлік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қала тұрғындарын толыққанды қоғамдық көлікпен қамту үшін мың автобус сатып алу қажет. Биылғы пандемия автопарктерді жолаушылар көлігімен қамту жұмысына да кедергі келтірген.
"Бүгінде бізде 2 100 автобус бар, бірақ, олардың қатарында ескілері де жетерлік. Қазір күн сайын жолаушы тасымалдаумен 1 795 автобус айналысады. Әрине, жетіспеушілік бар. Сондықтан әкімдік биыл қосымша тағы 150 автобус сатып алады. Біздің жеке тасымалдаушылар қазірдің өзінде оның 49-ын сатып алды", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкім қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесі мықтап қолға алынғанын алға тартты. Айтуынша, әкімдік Қазақтелеком мекемесімен бірлесіп, "Жасанды интеллект" пилоттық жобасын іске қосқан. Соның аясында қоғамдық көлік ішіндегі камералар маскасыз жүрген жолаушыларды анықтап, диспетчерге хабар береді. Ол өз кезегінде жүргізушіге белгі беріп, маска тақпаған адамға ескерту жасауын талап етеді. Болашақта бұл жоба барлық қоғамдық көлікте іске қосылып, автобус ұрыларын анықтауға да көмектеспек. Жұмысқа қалалық полиция департаменті де тартылады.
Ауруханалар бос болмаса, тұмаумен ауырғандар қалай ем алады?
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, коронавирус індеті ушыққан кезеңде үйде өз бетінше емдеумен айналысып, ауруын асқындырып алған алматылықтар көп тіркелген. Жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастар арасында жүргізілген сауалнама кезінде олардың 55%-ы үйден емделіп, жағдайын әбден ушықтырған. Ал науқастардың 14 пайызы ауруханаға дер кезінде емхананың жолдауымен келген.
"Біз осы мәселеге қатысты жоспар жасадық, соның аясында әрбір емхана өзінің жоспарын бекітті. Барлығы денсаулық сақтау басқармасында қаралып, мақұлданды. Осыған орай әр емхана өздеріне тіркелген тұрғындардың үйіне, әсіресе қауіпті топқа жататын науқастары, егде жастағы адамдары бар үйлерге жадынама жіберді. Ол қағазда қандай жағдайда қайда хабарласу керектігі туралы ақпарат берілген. Яғни, емхананың, медбике, дәрігер және бас дәрігердің телефон нөмірі көрсетілді. Бұл жұмыстар тұрғындардың өз бетінше емделмей, дер кезінде қажетті ем алуы үшін жасалып отыр. Қазір дәрілер де жеткілікті, медицина қызметкерлері үлкен кісілерге препараттарды өздері жеткізіп береді", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Оқи отырыңыз: Үйде емделушілерге дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ол үшін коронавируске күдік болса, емханаға тіркелу қажет
Босаңсуға болмайды, екінші толқынға дайындалу керек
Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары мен кәсіпкерлерін карантин жеңілдегенімен, қауіптің әлі де барын ұмытпауға шақырды. Ол өз сөзінде қыркүйек айында тұмау ауруымен қоса, қауіпті індеттің қабаттасып өршуі мүмкіндігін ескертті. Сондықтан әкім тазалық шараларын сақтап, әркімнің өз денсаулығына жауапты болуын еске салды.
"Инкубациялық кезең – 2 апта. Осы мерзімнен кейін қайтадан ауру өршіп, жағдай ушығып кетпеуі керек. Егер біз осыған жол бергіміз келмесе, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, маска тағу сияқты қарапайым гигиеналық шараларды ұмытпауымыз керек. Сонда ғана біз ауруды жеңеміз", – деп сөзін қорытындылады Бақытжан Сағынтаев.