Тасқынды болжауға болады, тек басшыларда құлық та, креатив те жоқ
Айналдырған бірнеше күннің ішінде Қазақстанда 60-қа жуық ауылды тасқын су басып қалды. Екі мыңнан аса үй иелері зардап шегіп, ондаған шақырым республикалық маңызы бар жолдар да шайылды. Қазір "бұған кім кінәлі?" деген өте маңызды сұрақтың жауабы табылмай жатыр.
Кінәліні іздеу "операциясын" құзырлы орындар Қызылағаштағыдай "мүлтіксіз" атқарар. Біздер, әзірге, тасқын судың алдын алуға болар ма еді, деген сұраққа жауап іздеп көрелік?
Шешімді жерден емес, көктен іздеу керек. Ғарыштың мүмкіндігінде шек жоқ
Қазақстанның ғарыш саласына, Байқоңырға, Тоқтар Әубәкіровге, Талғат Мұсабавқа, Айдын Айымбетовтерге көп "пиар" жасалып келді. Айдын Айымбетов ғарыштан оралған соң, кемінде бір ай бойы кездесуден босамады. Бірақ жекелеген тұлғалардың ерлігінен тыс, Қазақстанның ғарыш саласында кенжелеп тұрса да, қолда бар қазіргі заманғы технологияларға көңіл бөлгенде, тасқын су бүйтіп тығырыққа тіремес еді.
Ғарыштағы Жерді қашықтықтан зондтау серігінің түсірген суреті болмаса, жердегі су тасқынына болжам жасау, тасқынның қауіп-қатеріне мониторинг жүргізу және су тасқынының қатерлерін басқару мүмкін емес. Бұл – Жерді қашықтықтан зондтау ғылымының интеллектуалды есебі деп аталады. Мысалы, Украинаның бірнеше ғалымы "Жерді бақылаудағы мәліметтерді өңдеуде интеллектуалды есепті пайдалану" атты ғылыми кітап жазған.
Украин ғалымдарының кітабы. Сурет books.google.kz сайтынан алынды
Осы кітапта Украинаның Ұлттық ғарыш агенттігінің төрт ғалымы: "Су тасқыны – адам өліміне және өте көп материалдық шығынға әкеп соғатын қауіпті табиғи апат. Соңғы уақытта Орталық Азия елдері селдің тасқынынан көп зардап шекті. Тасқын суға дәл болжам жасап, тиімді мониторинг жүргізу, тасқынмен байланысты қауіптерді басқару үшін ғарыштан түсірілген Жердің суреті ауадай қажет. Ондай суретсіз болжам жасау мүмкін емес. Ғарыштан алынған суреттер ауа райының қандай екеніне қарамастан (жаңбыр, қар, жел, тұман және т.б) сантиметрге дейін дәл келетін радиолокациялық мәліметтер береді" деп жазған.
KazEOSat жердегі су тасқынынын болжай алады
Қазақстан Үкіметінің тапсырысы бойынша жасалған Жерді қашықтықтан зондтайтын екі спутник қазір ғарышта: KazEOSat-1 және оған балама спутник KazEOSat-2.
2014 жылдан Жер орбитасында жүрген KazEOSat-1 жерсерігінің мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен, су тасқыны болатын ошақтарды дәл көрсетіп бере алады. Панхроматикалық режимде қадамы 1 метрден, ал мультиспектральді режимде – 4 метрден.
Ал, Үкімет пен облыс әкімдері KazEOSat-тың тасқын суды алдын ала ескертетін осындай мүмкіндіктерін пайдалана алмай отыр.
Мысалы, "Қазғарыш" спутниктері Жерді суретке күнде түсіреді. Әрине, Қазақстанның Жерін.
"Қазғарыш" түсірілген суретті төтенше жағдайлар қызметіне тегін беріп отырады. Басқа мүдделі органдарға тапсырыс беру арқылы, ал төтенше жағдай кезінде суретті тегін таратамыз. Қазіргі ғарыштағы спутниктерімізде қардың қалыңдығын өлшейтін құрал жоқ. Біз қай жерде қар бар, қай жерде жоқ, соны ғана түсіреміз.
Биыл тасқын судың алдын алу үшін ғарыштан 15 рет сурет жасадық. Бірақ күннің бұлттылығына байланысты тоғыз сурет жарамай қалды. Жеті суретті төтенше жағдайлар комитетінің қолына ұстаттық. Ары қарайғы анализді төтенше жағдайлар комитеті өзі жасайды", – деді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен «Қазғарыш» Ұлттық команиясы Жерді қашықтықтан зондау ғарыш жүйесі орталығының директоры Айдар Қуатбаев.
Қазғарыш келісімге отырған облыстарға да қауіпті ошақтардың суретін күнде қолдарына ұстатады. Қазақстанның бірқатар облыстары, соның ішінде су басып жатқан Қостанай облысы ғарыштан түсірілген суреттер қажет деп таппаған.
"Қазақстан ғарыш сапары» 9 облыспен, яғни, 9 облыстың төтенше жағдайлар департаментімен келісім жасасқан. Олар үшін күнде мониторинг жасап отырамыз. Мәліметтер күнде жаңарып отырады деген сөз. Бізбен Алматы, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары келісімшарт жасады", – дейді Айдар Қуатбаев.
Мысалы, Ақмола облысының әкімдігі су тасқыны кезінде ғарыштан түсірілген суретті алып отыру үшін облыстық бюджеттен 5 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Ақпанның ортасында Қазгидрометтің Ақмола облысы бойынша филиалымен келісім жасай отырып, метеорологиялық, гидрологиялық ақпаратты, мұз деңгейін, өзендердегі мұздың жағдайын, қардағы ылғал құрамы, топырақтағы ылғал қоры туралы тиісті ақпарат алған. Яғни, қолда мәлімет бар, бірақ дайындық жоқ.
Атбасарда 53 жылдан бері болмаған су тасқыны жүрді
Тасқын су қатты басқан облыс – Ақмола жері. Атбасар қаласындағы су жаңа дамба бұзылып, өңірдегі Жабай өзені арнасынан асты. Үйлерді су басты. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов Атбасарда мұндай тасқын 1964 жылдан бері болған жоқ дейді.
"Олар (Қазғарыш - авт.) бізге күнде сағат 15.00-17.00 аралығында ғарыштан түсірілген сурет жіберіп отырады. Ол суреттер арқылы өзендегі үлкен мұздардың көлемін, ауыл-аймақтардың қай жері қардан тазаланды, қай жерінде әлі қар қалың екенін, өзен-сулар арнасынан асып тұр ма, жоқ па дегенді біле аламыз. Суретке төтенше жағдайлар департаментінің кезекші жедел штабы анализ жасайды. Бірақ ол суреттен топырақтың ылғалдылығы мен қардың қалыңдығы көрінбейді", – дейді informburo.kz тілшісімен сөйлескен Алексей Советов.
Ғарыштан түсірілген суреттен топырақтың ылғалдығы, қардың қалыңдығы көрінбесе, бәлкім пайдасы да жоқ шығар деген күмән туды. Бірақ Алексей Советов Қазғарыштың суреттері тасқын судың алдын алуда өте жақсы көмектеседі дейді.
Алексей Советов: "Көмектескенде қандай! Мысалы, өзен жанындағы қар азайып, қауіп сейілгенін көре аламыз. Бұл көмек емей немене!? Өзендегі мұздардың қаншалықты көп немесе аз екенін көруге болады. Бұл көмек емей немене?! Қай жерде қар қалың, Қазғарыштың суретінсіз ондай жерді анықтай алмайтын едік. Суретке қарап, бірден сол жерге аттанамыз. Тасқын судан басқа, Қазғарыш өрт болған кезде қатты көмектеседі".
19 сәуірдегі жағдай бойынша Атбасар ауданындағы су деңгейі 6,9 метрден 5 метрге дейін азайған. Ал Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа есеп бергенде, түнде Сандықтау өзенінде мұз тіреліп, су деңгейін көтеріп жіберіпті деп есеп берді. Әкім тасқын судың алдын алу шараларынан, Қазғарыштың жіберген суреттерінен бейхабар екенін байқатты.
Алма кетті домалап, көше бойын жағалап...
Қазақстанның алты облысын тасқын су басып жатқанда, Үкімет мүшелері "үйінен" шықпай-ақ, жағдайға баға беріп жатыр. Яғни, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, оның орынбасарлары, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы тасқын судан зардап шеккен аймақтарға барған жоқ. Олардың көкейінде бір сұрақ – бұған кім кінәлі? Үкімет Төтенше жағдайлар комитетіне, комитет Қазгидромет пен әкімдерге, Қазгидромет мүмкіндіктің аздығына, әкімдер дамбаны салған құрылысшыға шағымданады. Әзірге... кімнің ойыннан шығары белгісіз.
Осы аптадағы Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: "Мәлік Кеңесбайұлы (Ақмола облысының әкімі - авт.) Сандықтау өзенінде түнде мұз тіреліп, судың деңгейін көтеріп жіберді дейсіз. Сонда біз нені болжай алмадық, нені бақылай алмадық? Төбеден бақылау жасап, қатқан мұздарды тазалауға болатын еді ғой. Елімізде Төтенше жағдайлар комитеті бар. Олар қайда қараған?" – деп әкімдер мен Төтенше жағдайлар қызметін сынға алды.
Ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдайлар жөніндегі комитет кінәлі болғысы келмейді. Бірден өзге екі тарапқа кінә жапты. Алдымен Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Қазгидрометтің болжамы дұрыс емес, жағдайдың алдын алу мүмкін болмады дейді.
"Қазгидрометтің гидрометеобекеттерінің аздығынан шығар, қазір су тасқынына қатысты нақты болжам көре алмай отырмыз. Сондықтан, жиналыс өткіздік, Қазгидрометтің өзі кейбір өңірлердегі су деңгейі туралы болжамының дәл болмағанын мойындады", – деген еді Ю.Ильин.
Айтпақшы, осы материалды дайындау үшін төтенше жағдайлар комитетінен ғарыштан түсірілген суреттердің бірнешеуін және сол суреттерге талдау жасайтын маманның пікірін сұраттық. Үш күн өтсе де, комитет ол суреттерді ұсына алмады. Іздеп жатқан тәрізді.
Ал, Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Имақұловтың пайымдауынша, тасқын судың алдын алу әкімдердің мойнындағы жұмыс.
"Тасқын судың алдын алу, экскаватор алу – әкімдердің құзіретіндегі жұмыс. Біздің комитетте қайдағы экскаватор? Бізде тек құтқару, эвакуациялау техникасы бар. Әкімдіктер арнайы техниканы алып, су басу қауіпі бар деген елді мекендерді айнала арық қазу керек, сонда су елді мекенге дейін жетпейді. Дайындық арнайы үлкен инженерлік техникадан басталады. Ондай техника біздің комитетте жоқ және болуы да мүмкін емес. Ол біздің құзіретіміздегі сұрақ емес", – дейді Руслан Иманқұлов.
800 - 307 = 493
Қазгидромет Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында қар жамылғысының көптігіне байланысты және елді мекендердегі су қоймаларының толуына байланысты, аймақтарды су шайып кетеді деп болжам таратқан. Енді Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны болады деп болжап отыр. Себебі, Ақмола облысындағы бүкіл су сол аймаққа барып төгіледі. Қостанай облысын су басып жатыр. Бірақ бұл өзен-көлдердің суы емес, қардың суы.
"Біз Қазақстанның 11 су қоймасында су толып тұрады деп болжам жасағанбыз. Соның ішінде, Астана, Самарқан, Кеңгір су қоймалары бойынша болжам аздап дәл келмеді. Қазір еліміз бойынша 307 гидробекет бар. Ал, Дүниежүзілік метрология ұйымының есебі бойынша, Қазақстанда кемінде 800 станция болуы шарт. Бақылау бекеттері 90-шы жылдары қатты қысқарды. Қазір кезең-кезеңімен көбейтіп жатырмыз. Бекеттердің аздығынан болжам дәл келмейді", – деді "Қазгидромет» кәсіпорнының гидрология департаментінің директоры Дархан Жәнібекқұлы.
Дархан Жәнібекұлының айтуынша, «Қазгидромет» пен "Қазғарыш" осыдан 2 жыл бұрын келісімшартқа отырған. Қазір келісімшарт ұзартылмаған. Бірақ, төтенше жағдай кезінде немесе Қазгидрометтің сұрауы бойынша суреттерді тегін ұсынады. Ал, әзірге Қазгидромет қызметкерлері қар мен судың деңгейін ежелден келе жатқан әдіспен өлшеп жүр.
"Қазақстан ғарыш сапары" компаниясының Үкіметпен келісілген жарғысында "компанияның негізгі қызметі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған ғарыш технологиларын енгізу" деп көрсетілген. Халық – әлеумет. Тасқын әлеуметтің берекесін қашырды, шығыны экономикаға салмақ түсірді. Жауапты мекеме табылған жоқ. Яғни, сөз жүзінде ғарышымыз дамыған, іс жүзінде – халқымыз су астында.
Санкт-Петербордың бір институты құрлы жоқпыз ба?
Санкт-Петербордың информатика және автоматтандыру институтының төрт ғалымы (екеуі ғылым кандидаты, екеуі ғылым докторы - авт.) осыдан екі жыл бұрын «Әртекті мәліметтерді кешенді түрде моделдеп, ықпалдастырудың негізінде су тасқынын жедел болжау» деген еңбектерін жария етті.
Ғалымдар әрине, біз айтып отырған Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің суреттері туралы да жазған. Одан ерек, төртеуі тасқын суды алдын ала болжау үшін қажетті ең негізгі 8 шешімді ұсынады. Соның бірі әрі дамушы елдің кез келгені жасай алатын шешім – заманауи технологияларды пайдалана отырып, тасқын суды жедел болжап, хабар бере алатын интеллектуалды ақпараттық өнім немесе сервис жасау. Инвестиция құюға дайын тұрған зерттеу. Бірақ, бізде қаржы әзірге тасқын судың алдын алуға емес, тасқын судың шығынын өтеуге жұмсалады.