Қазақстанда жылу маусымы 15 қазанда басталады. Алайда күн күрт суытатын өңірлерде жылу ерте беріледі. Көп қабатты үй тұрғындары жылу маусымына қалай дайындалу керек? Пеш жағатын жер үй иелері қандай қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап береді.

Көп қабатты үйде тұрсаңыз не істеу керек?

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үйлердің жылу маусымына дайындығын МИБ, ПИК немесе басқарушы компания пысықтайды. Жылу жүйесінің жалпы жағдайы, жылуды есептеу құралдарының және жылу беру негізгі тораптарының орнатылуы мен дұрыс жұмыс істеуі тексеріледі. Сондай-ақ, құбырларды шаю мен қысымын тексеру, үй иелерінің қарызын есептеу және оны өтеу жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тұрғын үй иелері өз қаржысына жылу қондырғыларын жөндеп немесе ауыстыра алады. 

Жылу маусымына арнайы маманды шақырмай, өзіңіз де дайындала аласыз:

  • Терезедегі, розетка жанындағы, есіктегі саңылауларды бітеңіз. Бұл бөлмедегі жылуды 50%-ға дейін сақтауға көмектеседі;
  • Терезелерді жуыңыз. Терезе таза болса күн сәулесі мен жылу бөлемеге жақсы түседі;
  • Жерге кілем төсеңіз. Жиһаздардың орнын ауыстырыңыз. Олар дұрыс орналасса жылуды сақтауға көмектеседі. Негізгі атқаратын іс – суық сыртқы дуалды жауып, батареяларды ашу;
  • Жылу маусымына толықтай дайын болу үшін өзіңізде бар қосымша электр жылыту құрылғыларының істеп тұрғанын тексеріңіз.
  • Коммуналдық төлемдердің төленгенін тексеріп, қарыз болса өтеуді ұмытпаңыз;
  • Жылу іске қосылғанда батареялар қызып, жылу беретініне көз жеткізіңіз. Жылу келмесе, ауасын шығарыңыз. 

Әдетте, қазан айының басына қарай коммуналдық қызметкерлер ақауларды анықтау үшін жылу жүйелерін сынақтан өткізеді. Тексеру технологиясы қарапайым: жылу жүйесі суық сумен толтырылады, жарты немесе бір сағат тұрады. Осы уақыт ішінде барлық құбыр мен тораптардың жылу беретініне көз жеткізу керек. Батареялардан су өтіп қана қоймай, үйді қыздыруы керек.

Батарея салқын болса, шу шықса, шыртылдаса, су ақса онда ішіне ауа жиналған болуы мүмкін. Радиаторлардағы ауа үйді нашар жылытып қана қоймай, батареялардың тотығуына, тат басуына, одан су ағуына әкелуі мүмкін. Сондықтан ауаны шығару керек. Радиаторлардың көбінде ауа краны бар. Ауа бар-жоғын бұрағышпен бұрап тексеруге болады. Бұрағанда ысылдаған дыбысты естисіз. Алдымен артық ауа шығады, содан соң су ағады. 5-7 минуттан кейін ауа кранын қатайту керек.


Оқи отырыңыз: Семей аспанын тағы да қара күйе тұмшалады


Жер үйде пеш жаққанда қандай ережелерді сақтаған жөн?

Жылу пештерін, электр жылыту құрылғыларын қолданғанда абай болыңыз. Зақым келген розетканы, тоқтан ажыратқышты, басқа да электр қондырғыларын пайдаланбаңыз. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз.

Пеш жаққанда келесі қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

  • Жылу маусымы басталмас бұрын пешті қарап, жөндейтін жері болса жөндеу керек;
  • Мұржа секілді пештің бөлшектерін жылу маусымы басталарда және одан кейін айына кем дегенде бір рет тазартып тұру керек;
  • Пеште бөгде заттар мен отынды кептіруге тыйым салынады, сонымен қатар отты тез жанатын сұйықтықпен тұтатуға болмайды;
  • Әр есіктің алдына кемінде 50х70 см өлшемінде жалпақ металл төсеу керек;
  • Шатырдағы барлық құбырлар мен қабырғалар сыланған және әктелген болуы керек;
  • Отынды арнайы жабдықталған жерде немесе жанып кетуі мүмкін құрылыстан 8 метр қашықтағы арнайы бөлінген орында сақтау керек;
  • Мал азығы мен шөпті сарайлардың және басқа шаруашылықтардың шатырларына жинауға тыйым салынады;
  • Үйлер мен коттедж айналасында қоқысты бей-берекет өртеуге тыйым салынады.