Денеге татуаж жасатпас бұрын не білу керек? Маман кеңесі
Тату салонына келетіндердің басы бөлігі 20-30 жас аралығындағылар.Татуировка – денеге сурет салу өнері. Бүгінде тату салондарының саны да, салатын сурет стилі де айтарлықтай көбейген. Сол сияқты, оған деген көзқарас та әртүрлі. Сән санайтындар бар да, жек көретіндер де көп. Тіпті, "түрме ермегі" деп ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Қазақстан заңнамасы татуға рұқсат бере ме? Бізде тату салдыру немесе салдырмау – әркімнің жеке шаруасы. Бірақ, жасы 14-тен асуы керек.
Татуировка қауіпсіз бе?
Тату мастері Нұрай Байғожинаның айтуынша, татиуровка жасау кезінде түрі ауру-сырқау жұқтырып алудан қорқу – орынды.
"Тату жасату кезінде жұмыс орнының дезинфекциялануын, сурет салу кезіндегі гигиенаны қадағаламайтын немесе шығын материалдарын ауыстырмайтын жауапсыз шеберлер бар. Оларға тап болсаңыз, қанға инфекция түсуі мүмкін. Бірақ, қазіргі уақытта бізде мұндай шеберлер өте аз деп ойлаймын. Кәсіби мамандардан дәріс алған, саналы шеберлер саны артып келеді. Егер қандай да бір қорқыныш не күмән болса, тату шеберіне алдын ала сауалдар қойған абзал. Себебі, жақсы шебер барлық сұрақтарға жауап береді", – дейді ол.
Нұрай өзі татуировка салумен екі жылдан бері айналысады. Нұр-Сұлтан қаласында өзінің тату салоны бар.
"2020 жылы Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген соң шығармашылық пен сурет салуға қатысты іспен айналысқым келді. Жасөспірім кезімнен бері татуировкаларға қызығатынмын. Сөйтіп жүргенде Көкшетаудағы танымал тату шеберлерінің бірінен сабақ алу мүмкіндігі туды. Өзім шығармашылық оқу орнында оқыдым, сурет салу мен қолөнермен айналысқанды жақсы көремін. Татуировка менің барлық қызығушылығымды қамтиды әрі шығармашылық еркіндігі бар", – деді ол.
Ата-анасы да оның таңдауына қарсы болмаған. Себебі, бала кезінен бері қызығатынын біледі.
Оқи отырыңыз: Трендке айналған сленг. Жастар тілінің шұбарлануынан қазақ тілі қағажу көріп отыр ма?
Татуды кімдер жиі жасатады?
14 жастан асқан балалар татуировканы ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен, қатысуымен ғана жасата алады. Себебі, ҚР Азаматтық кодексінің 22-бабына сәйкес, 14 жастан 18 жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды.
2017 жылы 17 жастағы баланың ата-анасы өздерінің келісімінсіз баласының қолына татуировка салып берген маманның үстінен сотқа шағымданған еді. Сот маманның ісін заңсыз деп таныды.
Ал Нұрай Байғожинаның тату салонына көбінесе 20-30 жас аралығындағы адамдар келеді. Арасында жастар да, үлкен кісілер де бар.
"Мен татуды 18 жастан бастап саламын. Ал 18-ге толмаған балаларға тек ата-анасының қатысуымен жасаймын. Сонымен қатар, баласы қандай сурет салғызғысы келетінін, оны денесінің қай жеріне, қандай көлемде салу керек екенін – бәрін ата-анасымен келісемін. Бастысы – адам жыл өтіп, есейген сайын талғамының өзгеретінін ұмытпау керек. Сондықтан 18-ге толмағандар көбінесе кішігірім ғана суреттер салғызады. Десе де, әркімнің денесіне сурет салғызғысы келетін уақыты әртүрлі. Бірақ, мен 18 жасқа толғанша ойлануға кеңес беремін. Олардан тату жасамас бұрын: "Денеңіздегі суретпен өмір бойы жүруге дайынсыз ба?" деп сұраймын", – дейді Нұрай.
Тату шеберінің айтуынша, оған көбінесе, жаны не қалайтынын, қандай сурет салғызғысы келетінін білетін адамдар келеді. Адамдарың көбі қазір минимализм, linework стиліндегі суреттерді таңдайды.
"Ал маған тату маманы ретінде барлық стиль жақын. Дегенмен, минимализм, дәстүрлі, қара бояулы татулар жаныма жақынырақ", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Татуаж таратпасы: өкінішті көк індет пе, әлде көп-көрім сән-өрнек пе?
Тату қалай жасалады?
Тату маманы клиент хабарласқан кезде әңгімені қарсы көрсетілімдерін түсіндіруден бастайтынын айтады. Егер бәрі дұрыс болса, сеанс уақытына келіседі. Сеанс құрылғыларды, жұмыс орындарын стерилизациядан өткізуден басталады. Кейін маман сурет сызбасын теріге жабыстырып, көшіреді. Кейін оны тату бояуымен салып шығады. Біткен соң клиентке қалай күтіну керектігін түсіндіреді.
"Сеанстан кейін дененің татуировка салынған тұсын дұрыс күту керек. Тату салғызғаннан кейін біраз күн бассейнге түсуге, күнге күюге, моншаға түсуге, алкоголь ішуге болмайды. Адамның денсаулығы бірінші орында", – дейді тату маманы.
Адамдар не үшін денесіне сурет салғызады?
"Меніңше, адамдар екіге бөлінеді: бірінші топтағылар татуды тек эстетикалық әдемілік үшін салдырады. Олар сурет денені әшекейлер сияқты безендіреді деген идеяны ұнатады. Екіншісі ерекше мағынасы бар татуировка жасағанды жақсы көреді. Оны белгілі бір естеліктермен байланыстырады. Мен екі топтағы адамдармен де жұмыс істеп көрдім", – дейді маман.