Қазақстанда автокөліктер ғана қымбаттап қоймай, олардың күтіміне кететін шығындар да өсті. Автосарапшылардың бағамдауынша, жыл басынан бері көлік жуу, дөңгелек ауыстыру, "тонировка", яғни терезені күңгірттеу қызметтерінің ақысы 2 есеге өскен. Осы орайда Informburo.kz автокөлікті жөндеу шығындарын қоспағанда, оларды күнделікті күтіп-баптау шығындары қанша болатынын есептеп көрді. 

Ескерту: материалда Алматы қаласы бойынша қызмет ақыларының орташа бағалары есепке алынды. 

Көлік жуу

Өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу қызметі 100 теңгеден (15 минут үшін) басталады. Бағасы арзан болғанымен шүберек, наносусабын секілді көлік жууға қажет заттар мен қызметтерге бөлек төлеуге тура келуі мүмкін. Мысалы, наносусабынның бағасы 1000 теңгеден басталады. Ал шүберекті 400 теңгеге алуға болады. 

Көліктің сыртын жуу:

  • жеңіл көлік – 1 000 теңге;
  • кроссовер – 1 500 теңге;
  • жол талғамайтын көлік пен минивэн – 2 000 теңге.

Салонды жуу:

  • жеңіл көлік – 1 000 теңге;
  • кроссовер – 1 500 теңге;
  • жол талғамайтын көлік минивэн – 1 700 теңге.

Көліктің сырты мен салонын жуу:

  • жеңіл көлік – 1 500 теңгеден бастап;
  • кроссовер – 2 000 теңгеден бастап;
  • жол талғамайтын көлік – 2 500 теңгеден бастап;
  • минивэн – 2 500 теңгеден бастап.

Кешенді жуу (шанақ, салон, жүксалғыш, силикон, нано):

  • жеңіл көлік – 2 500 теңгеден бастап; 
  • кроссовер – 4 000 теңгеден бастап;
  • жол талғамайтын көлік – 4 500 теңгеден бастап.

Қозғалтқышты жуу:

  • жеңіл көлік – 2 000 теңгеден бастап;
  • кроссовер – 2 500 теңгеден бастап;
  • жол талғамайтын көлік – 3 000 теңгеден бастап;
  • бумен жуу 12 000 теңгеден бастап.

Қосымша қызметтер:

  • автокөліктің астын жуу – 5 000 теңгеден бастап
  • жүксалғышты жуу – 500 теңгеден бастап;
  • кілемшелерді жуу – 400 теңгеден бастап:
  • аяқ астындағы төсеніштерді жуу – 300 теңгеден бастап;
  • шу бәсеңдеткішті тазалау – 2 500 теңге;
  • дөңгелек дискін тазалау – 1 000 теңге;
  • битум, скотчті алып тастау – 500 теңгеден бастап; 
  • былғары салонды тазалау – 2 000 теңгеден бастап.

Көлік ішінде жағымсыз иіс болса құрғақ тұман немесе экотұман деп аталатын қызметті пайдалануға болады. Салонға иісті кетіретін бу шашады. Хош иіс шамамен екі ай сақталады. Бұл қызмет 1 000 теңгеден басталады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 10 млн теңгеге қандай көлік сатып алуға болады?


Жылтырату және қараңғылау

Көліктің сыртына зақым келсе, сызылса, дұрыс боялмаса, кедір-бұдыры болса онда оны жылтырату қызметін пайдаланып дұрыстауға болады. Жылтырату автокөлік корпусын тоттанудан, қоршаған ортаның жеміру әсерінен қорғайды, сондай-ақ сыртқы келбетін қалыпқа келтіреді. Кейбіреулер жылтырату лак-бояу қаптамасының тез өшуіне, жіңішкеруіне әкеп соқтыруы мүмкін деген пікірде. 

  • көлік сыртын жылтырату – 20 мың теңгеден бастап; 
  • салонның пластик бөлшектерін жылтырату – 1 000 теңгеден бастап;
  • панельді жылтырату – 1 000 теңгеден бастап;
  • шамдарды жылтырату – 2 000 теңгеден бастап;
  • көлік терезесін қараңғылау – 8 000 теңгеден бастап;
  • шамдарға пленка жапсыру – 3 000 теңгеден бастап.

Химиялық тазалау

Салондағы кірді, дақтарды кетіру үшін химиялық тазалауға жүгіну қажет. Бұл қызмет бірнеше кезеңнен тұрады. Ол үшін жуатын шаңсорғыш, пневматикалық тапанша, көбік генераторы және орындықтар қапталған материал түріне қарай арнайы тазалау заттары қолданылады.

Автокөлік салонын химиялық тазалау бағасы көлік көлеміне, салонның қаншалықты кір екеніне байланысты. Ұзақ уақыт салон тазаланбаса кірлеп, дақтарды кетіру қиын бола түседі. Сіңіп қалған дақтар мен жағымсыз иістен құтылу үшін және қаптама құрылымы мен түсін қалпына келтіру үшін кәдімгі шаңсорғыш пен тазалау құралдарын пайдалану жеткіліксіз. 

Көліктің көлемі бойынша химиялық тазалау бағасы:

  • жеңіл көлік – 15 мың теңгеден бастап;
  • кроссовер – 20 мың теңгеден бастап;
  • жол талғамайтын көлік – 25 мың теңгеден бастап;
  • минивэн – 30 мың теңгеден бастап;
  • шағын автобус – 35 мың теңгеден бастап.

Химиялық тазалау түрлері:

  • экспресс – 10 мың теңгеден бастап;
  • салонды бөлшектемей тазалау – 15 мың теңгеден бастап;
  • салонды бөлшектеп тазалау – 25 мың теңгеден бастап;
  • салонның төбесін тазалау – 5 мың теңгеден бастап;
  • еденді тазалау – 5 мың теңгеден бастап;
  • жүксалғышты тазалау – 2 000 мың теңгеден басталады.

Оқи отырыңыз: Автонарық сарапшысы: Утиль алымын 50 пайызға түсіру көлік бағасының төмендеуіне әкелмейді


Май ауыстыру 

Автомобиль қозғалтқышының үйкелетін бөлшектерін қорғау үшін жылына бір рет май ауыстырып отыру керек. Көлік жүргенде дірілдесе, қозғалтқышқа тән емес ысқырық дыбыстар шықса, тұрбадан көк май түтін шықса онда бұл майдың жеткіліксіз екенін білдіреді. Майды уақытында ауыстырмаса салдары қозғалтқышының шамадан тыс қызып кетуіне, шөгінділердің көптеп жиналуына және бөлшектердің істен шығуына әкелуі мүмкін.

  • гидрокүшейткіш майын ауыстыру – 4 мың теңгеден бастап;
  • автомат басқару қорабы – 8 мың теңгеден бастап;
  • механика басқару қорабы – 3 мың теңгеден бастап;
  • іштен жанатын қозғалтқыш майы мен сүзгісін ауыстыру – 2 мың теңгеден бастап;
  • тежегіш сұйықтығын ауыстыру – күрделілігіне қарай 4 000 теңгеден басталады.

Дөңгелек  ауыстыру

Сәуір айы қысқы дөңгелектерді жазғысына ауыстыруға таптырмас уақыт. Қысқы дөңгелек құрамында аязда иілгіштігін сақтайтын жұмсақ заттар бар, жолда тайғанамайды. Олар жазда ыстықта жұмсарып, асфальтқа жайылады. Соның салдарынан дөңгелек тез тозады, үшкір зат кірсе тесіледі, отын шығыны артады. Жазғы дөңгелек резеңкелері қатты және ыстыққа төзімді келеді. Ал қыста суықта бірден қатаяды. 

Көліктің төрт дөңгелегін ауыстыру:

  • жеңіл көлік – 4 000 теңгеден бастап;
  • кроссовер – 6 000 теңгеден бастап;
  • жол талғамайтын көлік – 7 000 теңгеден бастап.
Одан бөлек басқа да қызметтер бар:
  • дөңгелекті қараға бою – 500 теңгеден бастап;
  • дөңгелекті силиконмен өңдеу – 600 теңгеден бастап.

Аксессуарлар мен химиялық заттар

Көлік айдағанда жәрдемдесетін құрылғылар бар. Мысалы, телефонды ұстап тұрғыш, қуаттағыш, видеорегистратор. Олар да арзан тұрмайды.

Аксессуарлар:

  • қуаттау құрылғысы – 5 000 теңгеден бастап;
  • көлік отырғыштарының тысы – 10 мың теңгеден бастап;
  • төсеніштер – 500 теңгеден бастап; 
  • видеорегистратор – 11 мың теңгеден бастап;
  • телефонды ұстағыш – 700 теңгеден бастап 13 500 теңгеге дейін.

Көлікті күтуге және жууға арналған заттар:

  • көлік жууға арналған ысқыш – 200 теңгеден бастап;
  • микрофибра шүберек – 450 теңгеден бастап;
  • шаң сүртетін щетка – 350 теңгеден бастап;
  • автосусабын – 250 теңгеден бастап;
  • наносусабын – 1 000 теңгеден бастап;
  • полироль – 700 теңгеден бастап;
  • көлік жуатын сұйық сабын – 600 теңге;
  • хош иістендіргіш – 300 теңге мен 5 000 теңге аралығында.