Информбюро порталы қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері туралы ақпаратты жинақтады. Алдымен қазақ дәстүрлері туралы біліміңізді тест сұрақтарына жауап беру арқылы тексеріп, содан кейін ғана материалды оқып шығуды ұсынамыз.

Тест 10 сұрақтан тұрады. Сұрақтарға жауап беріп болған соң, бұл дәстүрлер туралы толық ақпаратты төменнен оқи аласыз.

---Сауалнама---

Informburo.kz порталы әзірлеген өзге тапсырмаларды да орындап көріңіз:

Ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүр

Ат тұлдау – қазақ халқының дәстүрлі аза тұту рәсімі. Ертеде қаза болған адамның атына ерін теріс ерттеп, үстіне киім-кешегін жайып, қару-жарағын іліп, ең үстіне бас киімін қойған. Жоқтау айтып жүріп, аттың құйрық-жалын күзеген. Оны тұл ат, кейде қаралы ат деп атаған. Тұл ат жыл бойы мінілмей, бос жүреді. Бір жылдан соң марқұмның асына сойылады. Атты соярда да жоқтау айтылады. Қазір адамдар темір тұлпарға мінетін болған соң бұл салт ұмытылып бара жатыр.

Аушадияр – үйлену, қыз ұзату тойында орындалатын насихатқа толы ән-жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.
Қарапайым, тұрмыстық сөздерге құралғандықтан, ол тез жатталады. 

Ерулік – жаңадан көшіп келген көршілерді үйге шақырып, дастархан жайып, қонақ қылу дәстүрі. Тұрғылықты ауыл тұрғындары жаңа қонысқа көшіп келген отбасы сол ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласып кетуін ойлап, барынша көмек берген.

Ерулік асы қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен, қазы-қарта, жал-жаядан пісірілген. Тіпті жаңа көршілерге қой сойған. Көшіп келгендер жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ секілді тұрмысқа қажет заттарды сыйлаған.  

Деңгене – сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлердің бірі. Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып "Деңгене! Деңгене жеуге келдік" деп дейді. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған. 

Сыралғы аңшыдан, саятшыдан, балықшыдан алынатын сыбағаүлесолжа. "Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы" деген мәтел бар.  Сыралғы – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда "сыралғы" сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

Бәсіре – бала дүниеге келуі малдың төлдеуімен сәйкес келгенде, балаға жаңа туған құлын, бота, қозы немесе лақ сыйлаған. Төлді "нәрестенің бәсіресі" деп атаған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.

Қалжа – жас босанған әйелге арнап пісірілетін тағам. Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Босанған анаға қырық күн бойы осы жас еттің сорпасын ішкізіп, етін жегізген. Осылайша әйел жоғалтқан күш қуатын қайта жинаған. "Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін" деп суық ас жегізбеген. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары жақсы, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. лжа келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті саналғанымен, оны келіннің төркіні де әкеледі.


Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?


Сыйыт – ертеде қайтыс болған адамның киімдерін оның сүйегін жууға кірген адамдарға үлестіру салты. Бас жағына түскенге – бас киімін, ортасына түскенге – шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді берген. Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынған. Егер киімі берілмесе аруақ жалаңаш жүреді деген сенім бар. Үлестірген киімді алған адамдар "қабыл болсын", "тие берсін" деп ниет еткен.

Жарыс қазан – аяғы ауыр әйелдің толғағы басталған кезеңде жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Толғақ басталғаннан бастап енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек туылсын деген ырымменен жарысқазан береді. Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп оны босанатың әйелден бұрын пісірмек болып "жарысады". Тамақ піскенше әйел де жарыса тез босанады деген сенім бар.

Түйе мұрындық – ұзатылып келе жатқан қызға жасалатын әде. Қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, көрші ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады. Оны жүргізбей "түйе мұрындық" деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Сый алғандар батасын беріп, ризашылығын білдіріп тарасады.