"Дұға" сөзі араб тілінде "айту, шақыру, жәрдем сұрау, Аллаға жалбарыну, Алладан тілеу" деген мағыналарды білдіреді. Дұға – Алла мен пенде арасындағы байланыс. Терминдік мағынасы бойынша, "дұға" – пенденің Аллаға сиынуы және жалбарынуы, пенденің Алланың ұлылығының алдында әлсіздігін мойындауы, құрмет сезімдерімен Алланың мейірімін, жәрдемін және кешірімін тілеуі.

Мұхаммед пайғамбар "Дұға – құлшылықтың негізі" деген. Құран Кәрімде Алла Тағала: "(Уа Мұхаммед) егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, шынында Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да тура жолда болу үшін Маған жауап берсін һәм маған иман келтірсін", – деген. Мұнда Алла Тағалаға шынайы сеніммен мінәжат қылып, ықыласпен тілек тілеген жанның дұғасы қабыл болатыны айтылған.

Осы орайда Информбюро порталы оқырманға ҚМДБ жариялаған намаздан бұрын, намаз кезінде және намаздан кейін оқылатын дұғалар легін ұсынады.

Намаздан бұрын оқылатын дұғалар

Мешітке кірер кезде оқылатын дұға

"Я, Алла! Барлық күнәмді кешір әрі рақым есігіңді маған аша көр!" (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 6\283). 

Мешіттен шығар кезде оқылатын дұғалар

"Алланың атымен, Алланың елшісіне салауат және сәлем болсын!", "Я, Алла! Сенің кеңшілігіңді сұраймын", "Я, Алла! Мені шайтанның азғыруынан сақтай көр" (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 6/283).

Азан дұғасы

"Я, Алла! Уа, мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббысы! Мұхаммедке арқау болуды, ерен ерекшелікті бер! Оны өзің уәде еткен "Махмуд шыңына" жеткіз" (Муслим, Азан, 384).

Субхәнәкә дұғасы

"Я, Алла! Сені тәсбих етемін (Сен күллі нұқсан атаулыдан мінсізсің). Саған "хамд" айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрәк. Сенен басқа ешбір құдай жоқ".

Намаз кезінде оқылатын дұғалар

Әт-тахият дұғасы

"Барлық дұғалар, мадақтар, тән-дүние ғибадаттары Аллаға лайық. Уа, Пайғамбар! Саған сәлем әрі саған Алланың рақымы мен берекесі жаусын! (Уа, Раббымыз!) Сәлем бізге және Алланың салиқалы құлдарына болсын. Алладан өзге Құдай жоқ екеніне және куәлік етемін. Мұхаммед – Алланың құлы әрі Пайғамбары".

Аллаһумма салли дұғасы

"Я, Алла! Хазіреті Ибраһимге және Ибраһимнің әулетіне салауат еткенің сияқты, Хазіреті Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне салауат ет. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың және даңқың ұлы".

Аллаһумма бәрик дұғасы

"Я, Алла! Хазіреті Ибраһимге және Ибраһимнің әулетіне береке бергенің сияқты, Хазіреті Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне береке бер. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың және даңқың ұлы".

Раббәнә әтинә дұғасы

"Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақта!"

Раббәнәғфир лии дұғасы

"Уа, Раббымыз! Мені, әке-шешемді және барша мұсылмандарды қиямет күні кешіре көр!"

Құныт дұғасы

"Я, Алла! Біз Сенен жәрдем, кешірім тілеп, Сенен тура жол сұраймыз. Саған иман етіп, күнәміз үшін тәубе етіп, Саған сүйенеміз. Сені барлық жақсылықтармен мадақтап, зікір етеміз. Бізге берген ырыс-берекеңе шүкір етеміз. Сені теріске шығармаймыз. Саған қарсы келгендерді теріске шығарып, олармен байланысымызды үземіз. Я, Алла! Біз Саған ғана құлшылық етіп, Сен үшін намаз оқып, Саған сәжде етеміз. Саған лайық құл болып, Сенің ризалығыңды алу үшін жігерленіп, алға ұмтыламыз. Сенің рақымыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Күмәнсіз, Сенің азабың кәпірлерге тән".

Намаздан кейін оқылатын дұғалар

Мұхаммед пайғамбар намаз оқып болғаннан кейін үш рет "астағфирулла" деп, Алладан кешірім тілеп, содан соң мына дұғаны оқитын:

"Я, Алла Сен Сәлемсің. Сәлем – Сенен. Сен күллі нұқсан атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті – Сенсің. Уа, құдірет пен жомарт иесі Раббым!" (Мүслим, Мәсәжид, 135).

"Я, Алла! Біздің осы парыз намазымызды сүннетімен, бүкіл кемшілігімен қоса өз кеңшілігіңмен әрі жомарттығыңмен қабыл ала көр. Және оны (намазды) бетімізге баса көрме, уа бүкіл әлемнің Иесі және жәрдем берушілердің ең абзалы, біздің жанымызды мұсылман кезімізде алып, ізгі құлдарыңмен бірге қайта тірілте көр. Жаратылыстың ең ардақтысы әзірет Мұхаммедке және Оның жанұясы мен барлық сахабаларына Алла Тағаланың сәлемі болғай!"

"Я, Алла! Оқыған намазымызды, ұстаған оразамызды, (намаздағы) қиямымызды, қирағатымызды, рукуғымызды, сәждемізді, отырысымызды, ұлықтауымызды, бір өзіңді дәріптеуімізді, кішіпейілділікпен мойынсұнуымызды, жалынып, жалбарынуымызды қабыл ете көр. Я, Алла! Кемшіліктерімізді толықтырып барлығын бірдей қабыл ала көр, дұға-тілекке жауап беріп, тірілердің күнәсін кешіріп, өлілерді мейіріміңе бөлегейсің! Уа, Иеміз! Уа, Алла! Уа, Қорғаушы! Бізді барлық жамандық атаулыдан, аурусырқаудан сақтай көр".

"Я, Алла! Сені зікір етуім, Саған шүкір етуім және Саған ең жарасымды түрде құлшылық жасауым үшін мені демей көр!" Мұхаммед пайғамбар бұл дұғаны сахабасы Муаз ибн Жәбалға әр намаздан кейін оқып тұруды ұсынған (Әбу Дәуіт, Уитр, 26).