Биыл 97-ші театр маусымында қара шаңырақ аталып кеткен Мұхтар Әуезов театры өнерпаздары ескі де жаңа спектакльдерді сахналайды. Осы орайда Информбюро порталы театрдың мамыр айындағы репертуарын ұсынады.

Астана қаласындағы гастрольдік сапар

Әуезов театры 1 мамыр мен 7 мамыр аралығында Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында есептік гастрольдік сапар жасайды. Астаналық көрермен осы күндері:

  • Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" трагедиясын;
  • Бернард Шоудың "Сүйікті менің періштем" комедиясын;
  • Абайдың қара сөздері желісімен жазылған "Қара" драмасын;
  • Александр Володиннің "Қоштасқым келмейді!.." драмасын;
  • Бертольт Брехтің "Пері қатын" драмасын;
  • Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер. Ақбала" трагедиясын;
  • Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" драмасын тамашалай алады.

Билеттер 1000 теңгеден tiсketon.kz сайтында сатылады. 

 

Фото: Әуезов театрының баспасөз қызметі

Астанадағы гастрольдік сапардан кейін Әуезов театры өз сахнасында бірнеше жылдан бері қойылып келе жатқан спектакльдер мен "Кассандра таңбасы", "Еңлік-Кебек" премьераларын ұсынады. Спектакльдердің басталу уақыты: 18:30. 

Фото: Әуезов театрының баспасөз қызметі

Билеттер 500 теңгеден басталады. Ең қымбат билет – 2 мың теңге. Билеттер auezov-theatre.kz сайтында, tiсketon.kz сайтында және театр кассасында сатылады. Касса: 378 53 85; +7 775 320 85 24.

Театр әдебі 

Театрға кешкі, сәнді киіммен келген абзал. Көрермен залына сырт киіммен кіру және онда бас киіммен отыру орынсыз.

Әуезов театрының репертуары ересек көрермендерге арналған. Билет алар алдында спектакльдің жас санатымен мұқият танысу қажет. 7 жасқа толған балаларға да арнайы билет алу керек.

Спектакль алдында ұялы телефондарды дыбыссыз режимге қою қажет. Көрермен залына арнайы қоңырау соғылған соң бір-ақ кіріңіз. Қойылымдар үшінші қоңыраудан кейін басталады және сол сәтте көрермен залының есігі жабылады. Үшінші қоңыраудан соң залда жүрмеу қажет. Сондықтан спектакльге кешікпей келіңіз. Спектакльге белгіленген уақыттан 15 минуттан көп кешіккен көрермен, тіпті билеті болса да кіргізілмейді. Билетте көрсетілген орын бос болмаса, тыныштық сақтап, екінші актіге дейін жақын маңдағы бос орынға отырыңыз немесе билет тексерушіден көмек сұраңыз.

Қатарлар арасынан арқаңызды сахнаға, ал жүзіңізді отырғандарға қарата өткен жөн. Театрда темекі шекпеңіз және залға тағам, сусын алып кірмеңіз.

Спектакль кезінде залда тыныштық сақтап, айналаңыздағыларға және сахнадағы артистер ойынына кедергі жасамаңыз. "Авторлық және аралық құқық туралы" заңдар талаптарына байланысты фото және бейнетүсірілімдер жасауға рұқсат етілмейді.

Гүл шоқтарын ұсыну үшін спектакль аяқталып, сахна шымылдығы жабылғаннан кейін актерлердің көрерменге тағзым ететін сәтін күту қажет. Көрермен залынан үзіліс кезінде және спектакль аяқталған соң ғана шығу керек.

Еске салайық, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шымылдығы ресми түрде 1926 жылы 13 қаңтарда "Еңлік-Кебек" трагедиясымен түрілді. Театр ашылған тұста Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұлова, Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова сынды айтулы тұлғалар еңбек етті.

Бүгінде театр сахнасында Тұңғышбай Жаманқұлов, Болат Әбділманов, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Назгүл Қарабалина, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров сынды театрда да, кинода да орны бар актерлер өнер көрсетеді.

Театрдың көркемдік жетешісі – Асанәлі Әшімов. Театр директоры – Еркін Жуасбек.

Театрдың әлеуметтік желілердегі парақшасы: Instagram және Facebook.