Аққұйрықты бүркіттен бөктергіге дейін. Наурызым қорығын қандай құстар мекендейді?
Наурызым қорығы – еліміздің ең көне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі. Ол 1931 жылы құрылды.Наурызым қорығында қарағайлы орман, тұщы және тұзды көлдер, далалы аумақ бар. Бұл қорық – Солтүстік Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Табиғатымен қоса аумақты мекендейтін тіршілік иелері де ерекше.
Мұнда құстың 318 түрі бар. Көбі – суда жүзетіндер мен торғайтәрізділер. Ал жыртқыш құстың 40 түрі мекен етеді: 29 күндізгі жыртқыш құстар мен 11 үкі түрлері бар.
Ең көп тараған және жиі кездесетіндер:
Қарақұс – қорықтағы бүркіт тұқымдасына жататындардың арасындағы ең көбі. Аумақта 30-дан астам жұп ұя салса, мұнда келіп-кететін құстардың саны 150-ден асады.
Аққұйрықты бүркіт – Еуразиядағы ең ірі жыртқыш құстардың бестігіне кіреді. Олардың салмағы 7 келіге жетуі мүмкін, бүркіттер диаметрі 2 метрге және қалыңдығы 2,5 метрге дейін жететін үлкен ұялар салады.
Дала бүркіті – ашық кеңістік тұрғыны. Наурызым – бұл құстардың ұя салатын аймағының солтүстік бөлігі, сондықтан саны көп емес.
Дала құладыны – жазық жерлерде мекендейді. Бұл кішкентай құстың негізгі азығы ұсақ кеміргіштер. Аталықтары cұр, ала аналықтары қоңыр түсті болып келеді.
Шалғын құладыны – құладындар тұқымдасының кең тараған түрі. Ұя салатын аумақтың шектеулі болған жағдайында олар ұяларын бір-бірінен 15 метр қашықтықта сала береді.
Қырғи – жасырын құс. Олжасын жылдам әрі үнсіз ұшып жетіп, тосыннан ұстайды. Бұл құс түрі қорықта жыл бой кездеседі, көбінесе қоныс аударуы кездерінде көзге түседі.
Кәдімгі күйкентай – орманда ғана емес, сондай-ақ орман белдеулерінде де қоныстанатын кең тараған сұңқар тұқымдас. Олар өздері ұя салмай, қарғатектестердің ескі ұяларын мекен етеді.
Бөктергі – кішкентай болғанына қарамастан, бұл құстар Наурызымнан Африканың оңтүстігіне – Намибия мен Ботсваннаға Кавказды батыстан Қара теңіздің үстінен айналып өтіп, қоныс аударады.