Алматыдағы танымал ескерткіштердің авторы кім екенін білесіз бе
Қалада Жамбыл Жабаевтың құрметіне тұрғызылған екі ескерткіш бар.Жақында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні аталып өтті. Ол сондай-ақ 1982 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрікті жерлерді қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық кеңес ассамблеясы құрған дүниежүзілік мұра күні ретінде белгілі.
Осы орайда Алматыда халқымыздың ұлы тұлғаларының құрметіне тұрғызылған танымал ескерткіштерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Әл-Фараби
Ескерткіш әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдында тұр. Авторы – суретші, мүсінші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ескен Сіргебаев.
әл-Фарабидің мұрасы әртүрлі білім салаларын қамтитын 200-ге жуық ғылыми еңбектен тұрады. Олардың біразы ортағасырлық Еуропада еврей және латын тілдеріне аударылған. Әлемге әйгілі философтың еңбектері Еуропалық Қайта өрлеу дәуіріне үлкен әсер етіп, батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларын жақындастырудың байланыстырушы көпіріне айналды. Кейбір мәліметтер бойынша, әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Қазақстанда әл-Фараби есімімен ең ірі оқу орны – Қазақ ұлттық университеті аталған, оның аумағында Ұлы философтың құрметіне аталған кітапхана бар.
Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Египет, Болгария және басқа елдердің жетекші университеттерінде Әл-Фараби атындағы Ғылыми-білім беру орталықтары ашылып, табысты жұмыс істеуде. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО қамқорлығымен 2020 жылы халықаралық ауқымда аталып өтті.
Оқи отырыңыз: Ел ұнатпаған ескерткіштер: Ұсқынсыз мүсіннің көбейгеніне кім кінәлі?
Абылай хан
Үш жүздің басын біріктіріп, Жетісу жерін қайтарып, жоңғар басқыншыларын қазақ жерінен қуып шыққан Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай ханға арналған монумент 2000 жылы Алматы-2 теміржол вокзалы ғимаратының алдындағы алаңда тұрғызылған. Жобаның авторлары – сәулетшілер Сұлтан Баймағамбетов, Тоқтар Ералиев, В.Сидоров, мүсінші Қазыбек Сатыбалдин, конструктор М.Еркінов.
Қоладан құйылған ескерткіште Абылай ханның бай әшекейленген киімде және жауынгерлік керек-жарақта ат үстінде отырғаны бейнеленген. Оң қолында хан билігінің символы болып табылатын таяқшаны ұстаған.
Абай Құнанбаев
1960 жылы сол кездегі Алматыдағы Абай атындағы алаңда Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш орнатылды. Авторлары – мүсінші Хакімжан Наурызбаев және сәулетші И.Белоцерковский.
Ескерткіштің жалпы биіктігі – 13 метр. Тұғырдың пішіні – трапеция тәрізді, қызыл граниттен жасалған. Бұл қозғалыста бейнеленген бірегей мүсін. Ұлы ақынның сол қолына кітабын ұстап, ал оң қолында иығына жамылған желбегей шапанның етегін ұстап, терең ой үстінде келе жатқан сәті бейнеленген. Ойшылдың бас пішіні көлемді орындалған. Көзқарасы болашаққа ұмтылған. Ақынның философиялық көңіл-күйі, оның жеке тұлғасының бірегейлігі фигураның монументтілігін айрықша білдіріп, ескерткіштің, пластикалық шешімінің бүтіндігін көрсетеді.
Шоқан Уәлиханов
Ғалым, тарихшы, этнограф, фольклоршы, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші 1969 жылы Алматыдағы ҚР ҰҒА бас ғимаратының қасбеті алдындағы алаңда ашылды.
Шоқан Уәлихановтың қола мүсіні мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың үлгісі бойынша жасалып, тұғырға орнатылады (сәулетші Шотаман Уәлиханов). Постаменттің сыртқы жағын безендіру үшін Шоқан Уәлихановтың қазақ ұлттық ою-өрнегі мен суреттері қолданылған. Бүйір жақтары оюлы тақтайшалармен көмкерілген. Ескерткіштің биіктігі – 8 метр. Авторлары 1970 жылы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Құрманғазы Сағырбайұлы
Алматыда қазақтың ұлы күйші-компазиторы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бар. 1944 жылы 24 шілдеде Қазақ КСР Халық Комиссарларының Кеңесі осы жылдың 1 қазанынан бастап Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Кейіннен Мәскеу және Ленинград консерваторияларының үлгісінде Алматы консерваториясы болып өзгертілді.
1945 жылы оқу орнына Құрманғазы Сағырбайұлының аты берілді. 2012 жылғы 18 сәуірде аталған оқу орны аумағында атақты күйшінің құрметіне ескерткіш ашылды.
Жамбыл Жабаев
Алматыда Жамбыл Жабаевтың құрметіне тұрғызылған екі ескерткіш бар.
Оның алғашқысы 1971 жылы Қабанбай батыр көшесі мен Байсейітова көшесінің қиылысындағы Қазақ орпера және балет театры саябағында қойылған. Мүсінші – Хакімжан Наурызбаев, архитектор – Малбағар Меңдіқұлов. Мүсін мен тұғыр сұр граниттен тұтас қашалған. Биіктігі – 2,3 метр.
Екінші ескерткіш 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толғанын ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде атап өту қарсаңында Алматыдағы Жамбыл көшесі мен Достық даңғылы қиылысында орнатылған. Мүсінші – Бақытжан Әбішев, сәулетшілер – Сұлтан Баймағамбетов, Сайран Фазылов, Тоқтар Ералиев. Мүсіннің биіктігі – 3, тұғырдың биіктігі – 1 метр.
Қаныш Сәтбаев
Қазақстанның көрнекті және еңбек сіңірген қайраткері, геолог және көптеген пайдалы қазбалар кен орындарын алғаш ашушы, ғалым және Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші Satbayev University ғимаратының жанында тұрғызылған.
Академиктің мүсіні қоладан құйылған және постаменттің жоғарғы жағында тұр. Ескерткіш аумағының жалпы ауданы 0.6 гектар, ал биіктігі 3.80 метрді құрайды. Көпсатылы тұғырбетте салынған ескерткіш 1999 жылы ғалымның 100 жылдық мерейтойына орайластырылып ашылды.