Алихан, Медина, Раяна. 2022 жылы балаға ең көп берілген 10 есімнің мағынасы қандай?
Балаға ат таңдағанда адамдар ең бірінші мағынасына назар аударады. Танымал адамның атын беріп, соған ұқсайтын тұлға болып өсуін қалайды. Мән-мағынасына үңілмей ел аузында жүрген есімдерді қойғысы келетіндер де аз емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қазақстандықтардың көбі ұлдарына – Алихан, Айсұлтан, Алдияр, Амир, қыздарына Медина, Айлин, Асылым, Айша және Раяна есімдерін берген.
Informburo.kz бұл есімдердің мағынасына шолу жасады.
Алихан
Алихан есімінің бірінші орында тұруы бекер емес. Баласын ұлт-азаттық Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның есімімен атайтындар көп. Бірақ Ә орнына А жазғанды жөн санайды.
Әлихан – "әли" немесе "ғали" және "хан" сөздерінің бірігуінен пайда болған есім. "Әли" араб тілінен аударғанда биік, аса зор, заңғар деген мағынаны білдіреді. Ал хан – хандық мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі. Қазақ халқында хан сөзімен аяқталатын есімдер өте көп.
Айсұлтан
Айсұлтан – "ай" және "сұлтан" сөздерінің бірігуінен шыққан есім. Ай – Жердің табиғи серігі, онымен қоса уақыт өлшемі. Ал сұлтан болса арабша билейші, әмірші деген мағынаға ие. Қазақ халқы хандардың мұрагерлерін сұлтан деп атаған. Айдай жарқырап, сұлтан секілді елге қадірлі болсын деген ниетпен Айсұлтан деп қояды.
Алдияр
Алдияр сөзі арабша-парсыша "аллаяр" сөзіннен шыққан және "Аллаға еруші" деген мағынаны білдіреді. Қазақ тарихы мен ауыз әдебиетінде алдияр сөзі жиі ұшырасады. Ханға қарата сөйлегенде "алдияр хан", "алдияр тақсыр" деп тағзым етіп, бас иеді. Ханның, сұлтанның, жоғары лауазымды билеушілердің мәртебелі адам екенін білдіріп, оны ұлықтау үшін айтылған.
Алдияр монғолдың "алдар" сөзінен шыққан деген де пкір бар. Мағынасы – даңқ, атақ, мәртебе, дәреже. Алдияр қалмақ тілінде "ұлы" деген мағынаны білдіреді.
Оқи отырыңыз: Медина, Падишах, Максимильян. Қазақ балалардың еншісіне қандай есім бұйырып жүр?
Омар
Амир
Амир немесе Әмір. Арабша мағынасы – бұйрық, жарлық, үкім, билеуші. Қазақ халқы жаңа туған сәбиге Әмір деп "әмірі жүрсін", "айтқаны өтімді болсын" деген ниетпен қойған. Бұл есім әмір атанған қазақ даласынан шыққан билеуші Темірланның құрметіне беріледі. Ертеде бұл атақты қызмет дәрежесіне қарай берген. Шығыс елдеріндегі "әмір" әскери атағы түркілердің "бек" дәрежесімен сәйкес.
Медина
Медина – биыл ең көп қойылған қыз есімі. Медина немесе Мәдина мұсылмандардың Меккеден кейінгі екінші қасиетті қаласы саналады. Медина сөзі арабша "қала" деген мағынаны береді. Мұхаммед пайғамбар Меккеден Иасриб қаласына көшіп барғаннан кейін қала “Медине” деп аталған. Мединеде алғашқы мешіт салынып, алғаш рет жұма намазы оқылып, мұсылмандардың парызын орындау шарты бекітілген.
Айлин
Айлин есімінің шығу тегі жөнінде әртүрлі пікір бар. Бірі түрікше, бірі еуропаша есім деп жатады. Айлин "ай" және нұр деген мағынаны білдіретін "лин" сөздерінің бірігуінен шыққан есім. Айлин сөзі түрікше "ай нұры" деген мағынаны береді. Бұл есім еуропалықтардың "Хелен" есімінен туындағын деген нұсқа бар. Мағынасы – жарық, таза, нұр шашқан. Айлин есімді түрік қыздарын көптеп кездестіруге болады. Десе де кейінгі жылдары қызын Айлин деп атайтын қазақстандықтар қатары көбейді.
Оқи отырыңыз: Адамның тағдыры есіміне байланысты ма?
Асылым
Асылым сөзінің түбірі "асыл" сөзінің құнды, ардақты, қымбат немесе текті, бекзат деген бірнеше мағынасы бар. Ал асыл сөзіне -ым тәуелдік жалғауы жалғанғанда қымбаттым, ардақтым деген мағыналарды білдіреді. Қазақтар өзіне қымбат жанға қарата асылым дейді. Қыз баласын да еркелетіп, сыйлап, "баға жетпес байлығым" деп Асылым есімін береді.
Айша
Раяна
Раяна араб тілінен шыққан есім. Бұл сөздің мағынасы – тың, толық, қанық, мол, шырынды, тегіс, түзу. Дамыған, жетілген, кемелденген деген мағыналары да бар. Ислам дінінде ораза ұстаған мұсылмандар кіретін жұмақ қақпасы Ар-Райан деп аталады. Ұл балаларды Райан деп атаса, бұл есімді қыз балаларға Раяна деп икемдеген. Бұл есімді салиқалы, кемел, көркем мінезді адам болсын, жұмаққа кірсін деген ниетпен қойып жатады.