Тамыр ұстағанның бәрі емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз
Қазақ емі – тарихы ұзақ, қатпары терең, киелі ғылым. Миллиард қытай мойындаған қазақ емімен сусындап, атадан балаға жалғастырып келе жатқан аталарымыз бен әжелеріміз арамызда әлі жүр. Шетпе үзу (шетпешілік), ілме, бұлау, қан алу, сынық таңу (сынықшылық) қатарлы ем түрлері бар. Ол туралы төменде әрқайсысына арнайы тоқталып, таныстырамыз. Тек ниет қойып, оқып шықсаңыз болды.
Оқи отырыңыз: Шипагерлік - қазақ даласында ертеден бері бар ғылым. Оның басты ерекшелігі қандай?
Қазақ емшілігінің атын бүркенген жеке емдеу орталықтары көп
Олардың лицензиясын тексеріп, кәсібилігін қадағалап отыр ма деген сауал бәрімізді де мазалайды. Әсіресе, қытай және қазақ медицина орталықтарының қарқыны қатты. 12 сәуірде "Информбюро" журналистері сондай бір жеке орталықта емделген сәбидің өлімі туралы хабарлаған болатын.
Хабарда: "Астанада балалардың жұқпалы аурулар емханасында халық емшісінің қателігінен бір бала көз жұмған. 2016 жылы туылған сәбидің бауыры іріп кеткені анықталған. Қазір бала өліміне қатысы бар жеке клиникаға айыппұл салынып, сонымен қатар лицензиясын қайтарып алу мәселесі қаралып жатыр. Қытайдан оралған этникалық қазақ дәрігерінің балаға қабылдау тәртібі, дозасы көрсетілмеген биологиялық белсенді қоспаны (БАД) бергені белгілі болды. Оның үстіне емші қытай тілінде кеңес берген", – делінген.
Қайрат Айдархан, Қытайдың әйгілі адамдар сөздігіне кірген жоғары санатты дәрігер, Астанадағы "Шипалы" емдеу орталығының бас дәрігері:
Оқи отырыңыз: Ас содасымен емделу туралы мифтер: бұл әдіс барлық дертке дауа болмай, керісінше денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін"Шетелден оралған этникалық қазақтар ашқан 70-тен астам үлкенді-кішілі дәстүрлі емдеу орталықтарын білемін. Тіптен, халықтың алғысын алып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар да бар. Алайда ақша үшін азғантай білімін таудай етіп көрсетіп, лицензияны сатып алып жатқандар да жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан емделуге барғанда қатты абайлаған жөн".
Қазақша дәстүрлі емдеуді діни-ғұрыптық емдеумен шатастырмау керек
Қазір діни немесе ғұрыптық емшілікті де қазақы дәстүрлі емдеумен үнемі шатастырып жатамыз. Дәстүрлі емдеу яғни қазақша емдеу – атадан балаға беріліп, уақыт сынынан өткен ғылыми тұжырымдаманың, тәжірибенің жиынтығы негізінде қалыптасқан, бір тұтас үлкен ғылым. Оны діни немесе ғұрыптық емдеу тәсілдерімен шатастыру қоғамда қазақ дәстүрлі еміне кереғар көзқарасты қалыптастырып отыр.
Қазақтар бес ғасыр бұрын екпе жасаған
Қазақ емшілігінің шыңы саналатын 15 ғасырда өмір сүрген, қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабында бұл вакцина туралы былай айтылған:
"Жасамалы, жалғамалы, төтемелік қуат (иммунитетті жалғамалы жасау). Елге енді ғана оппалы, жұғымтал сырқаттар тарала бастағанда, сол сырқаттан сақтанғылық егіп (уакцина егіп), сол жұғымтал таралғыш оппалардан қорғанулық (қорғану үшін) қолмен еккен әдіспен алдан амал қарайластырмақ, жасамалы, жалғамалы төтемелік қуат жарату шарт болмақ", – деп жазылған.
Оқи отырыңыз: Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?
Ал шешекке қарсы егу амалы туралы былай жазылыпты:
"Шешек тарап болған соң, шешек іріңі табылмайды. Сақтайын десең де ұзақ сақталмайды, ексең өнбей қоймағы шарт, қатып қалмақ, шірімек. Соның үшін шешек таралып, алғаш шыққан баланың шешек іріңін алып, тананың (тайынша) шап терісін тіліп, қан шығарылған соң, сол араға жағып қоймақ керек.
Бір жұмадан кейін қарасақ, тананың шабындағы шешек іріңін жаққан жері жұдырықтай, не одан да үлкен не одан кіші болып, томпайып шығып бұлтимақ. Сырты кейде мөлдіремек. Сол томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен жарған орыннан бүйрек қабына құйып, күн тигізбей айалап, сақтап, қажетті кезде таза ағашты үшкірлеп жонып алып, бейне шижал (қандауыр – қан шығарып шету үшін пайдаланатын өткір кездік) ұшындай екпе, ектірмешілердің науқасы көрінбей тұрып (сау балаларға), бұрын шешек шықпағандардың қолының талдырмасының томпайма (білек бұлшық етінің үстіңгі томпаймасы) етінің сыртынан сызып, тептіргімен сызып (жағып) қойса болды, шешек өніп шығады да тұла бойы өртеніп, салғырттап, сандырақтамақ, жыламақ.
Бұл кезде егілген балаға шипа ем дарым зәруаті дарымдалмауы шарт (ем жасалмауы керек). Қасып тастамау үшін бөзбен (матамен) таңып тастау, іріңді иіскеуге болмайды. Егімдік (егілген) шешек өнгесін, қара қақпышы түскенше судан өтпестігі ең өзекті шарт (қара қотырланып жазылғанша су тигізбеу керек). Тіпті қырық бір күнге дейін су жолатып, беті-қолын жумауы жарақтылық, соңғылығы алғысты болмақ", – делінген.
Міне бұл қазақ емшілігінің бес ғасыр бұрын қандай деңгейде болғанын көрсетсе керек.
Оқи отырыңыз: Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?
Тілеуқабылұлы Өтебойдақ (1388-1478 ж.ж.)
Өтейбойдақ – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшысы. Жетісу өлкесінде ғұмыр кешкен. Адам ағзаларында кездесетін кейбір ауру-науқастарды емдеу үшін төрт түлік малға тәжірибе жасап, шипа дарыту амалдарын тапқан. Соның нәтижесінде жазған "Шипагерлік баян" атты еңбегі 7 рет көшірілу арқылы бүгінге жетіпті деген дерек бар.
Бірақ Өтейбойдақтың төл еңбегі екенін дәлелдейтін факсимилесі (авторлық қолтаңба нұсқасы) сақталмаған. Кітап тұңғыш рет 1994 жылы Үрімші қаласындағы (ҚХР) "Шыңжаң ғылым-техника" баспасынан жарық көрді. 1996 жылы оны "Жалын" баспасы шығарды. 2002 жылы емшіге Шалкөдеде ескерткіш белгі орнатылды.
Қытайда қазақша емдеу факультеттері мен арнаулы емханалар жұмыс істеп тұр
Сонау бес ғасыр бұрын өткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыздан жалғасып келе жатқан қазақ емі миллиардтар елін де мойындатып отыр. Қытай елі дәстүрлі қазақ емінің артықшылықтарын негізге ала отырып, оның дамуына ықпал жасап жатыр. Бұл бабалардан келе жатқан ғылыми құндылықтарды жалғастырып, дамытуға түрткі болды.
Оқи отырыңыз: Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Алдын ала сақтанамын десеңіз? Дәрігердің кеңесі
Соның нәтижесінде Қытайда қазақ емшілігінің қауымдастығы құрылған. Шыңжаң медициналық университеті жанынан Қазақ емшілігі факультеті ашылып, шәкірттер де тәрбиеленіп жатыр. Алтай қаласында арнаулы медициналық коллеждер, зерттеу орталықтарын негіз еткен қазақ емханалары бой көтерді. Бұл үрдіс 30-дан астам аудан-ауылдарда жалғасты.
Қазақ емшілігі бойынша оннан астам оқулықтар, шөп-дәрілердің шежірелері мен неше мыңдаған шипашақтар (рецептер) басылып шыққан. Осылайшы Қазақ емшілігі әлем ғылымының құнды жетістіктерінің бірі ретінде өз орнын тауып жатыр.
Тамыр ұстағанның бәрі емші емес
Қайрат мырзаның айтуынша, Қытайдан оралған немесе кәрей, ресей қатарлы елдердің атын жамылған дәрігерлердің барлығын арнаулы жоғары білімді, тәжірибелі мамандар деп айтуға болмайды. Ақша табуды көздегендер қытай емшілігінің де, қазақ емшілігінің де атын пайдалана береді екен.
Қытай медицина орталықтарының аталмыш дәрігерлері туралы айтсақ, тамыр ұстап диагноз қоятындар санаулы. Олардың бір бөлігі қытайдағы коллеждер мен емханалардан, шағын орталықтардан тағылымдамадан өткендер.
Оқи отырыңыз: Белсіз қалсаң, дертті болсаң саумал іш. Ол – адам ағзасын емдейтін бірегей дәрумен
Соңғы топтағылар көбінесе қарапайым және халық денсаулығына зиян әкелмейді деп қаралатын массаж, тоқ ине салу, майлау қатарлы емдеу жолдарын қолданады.
Деседе қазақ емшілігінің атын жамылғандардың сапасыз қызметі мен сапасыз дәрі шөптерінен де абай болған жөн.
Қазақ емшілігі – игілікке жараған тарихи ғылым
Бұл үшін қазақша емдеу түрлері туралы азырақ мәлімет бере кеткенді жөн көрдік.
Мәулітшәріп Қапаұлы да Қытайдың еңбек сіңірген қайраткері, Қытайдың әйгілі адамдар сөздігіне кірген жоғары санатты дәрігер, 43 патенттің иесі. "Қазақ емшілігіндегі диагноз қою және емдеу", "Қазақ емшілігіндегі ас қорыту жолдары ауруларын емдеу" және "Қазақ емшілігі" қатарлы бес кітаптің авторы. Қытай үкіметі тарапынан салып берілген арнаулы клиниканың иесі.
Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?
55 жыл тәжірибемде тек 40 түрлі тамырды ғана парықтай аламын
Мәулітшәріп Қапаұлы: "Жеті атамыздан жалғасып келе жатқан емшілік қағидалары бойынша тамыр ұстап, "тамыр райының" кернеу, шөкпе, қалқыма тамыр сияқты 62 түрлі өзгерісін парықтауға болады. Мен 55 жылдық тәжірибемде соның 40 түрі мөлшерін парықтай алатын дәрежеге жеттім".
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек
Тамыр ұстау – ауруға диагноз қоюдың, денсаулыққа сараптама жасаудың бір түрілі тәсілі
Көп жылдық тәжірибені және зеректікті қажет ететін күрделі тәсіл. Сол себепті оны барлық адамдардың үйреніп алуы мүмкін емес. Көбінесе білек тамырын дәрігердің екі қолының саусағының ұштарымен басып, тамыр райының өзгерісін парықтайды. Бұған екі қолдың алты саусағы қатысады.
Жүрекке жалғасқан күре тамырлардың соғысы ең негізгі хабар берушілерден саналады. Сол арқылы жүрек соғысын, жүрекке баратын оттегінің әсерін, қан жеткізу қызметінің мүмкіндігін білуге болады.Қазірге дейін аталарымыз тамыр райының өзгерісінің 62 түріне дейін меңгере алған.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 жылы не өзгереді?
Дәрі шөптермен емдеу де біліктілікті қажет етеді
Мәулітшәріп ағамыз жеті атасынан бері жинақталған тәжірибе негізінде 839 түрлі дәрі шөптің тілін үйренген. Сол дәрі шөптердің қасиеттерін зерттей отырып 41 түрілі тосап (сироп) жасаған. Әр тосап 10-11 ауруға ем болады деп есептегенде 400 ден астам ауыруға шипа таба алады екен.
Қазақ емшілігінде қолданылатын дәрі-дәрмектері табиғаттағы хайуанаттар мен жәндіктерден және минералдардан алынған.
Нақты айтқанда өсімдіктен алынатын дәрілер өсімдіктердің сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі, тұқымы жеке жеке дәрі дәрмекке қолданады.
Хайуанаттар мен жәндіктерден алынатын дәрілер хайуанаттардың сүйегі, еті, сүті, терісі, өті, майы, жүні, шыбығы, тарамысы, шуы, тағы басқалары жеке-жеке түрде дәрі дәрмекке істетеді. Мысалы аюдың өті, бұғы мүйізі, жолбарыс сүйегі, жұпардың кіндігі, құстардың еті, сиыр сүті, бие сүті, түйе сүті қатарлылар.
Минералдық заттардан алынатын дәрілер – мыс, сынап, күкірт, ашудас, мұнай майлары және қазіргі заман органикалық алкалоидтар мен бейорганикалық тұздар қолданылады. Мысалы сіркесу, спирт, алмас, тазаланған сор, ас тұзы, наркүміс, тотияйын қатарлылар.
Дәрілік заттардың қасиеті қазақ емшілігінде төрт райға белгіленеді
Дәрі-дәрмектермен қатар түрлі жеміс-жидектер, ет-сүт өнімдері және басқада минералдық заттар қасиетіне қарай райларға бөлінеді. Дәрілік заттардың қасиеті қазақ емшілігінде ежелден төрт рай, бес дәмі бойынша белгіленеді.
Дәрілер қасиетіне қарай суық райлы, ыстық райлы, салқын райлы және жылы райлы болып төрт түрге бөлінеді.
Жылы, ыстық сипатты дәрілер ыстығы асқан (қызуы емес) науқастарды емдеуге қолданылса, жылы мен ыстық, суық пен салқын дәрежесі жағынан ұқсамайды. Біраз суық болса салқын дегендік, біраз ыстық болса жылы дегендік және бір түрлі қоңыржай райлы дәрілер болып, бұл сипаты жағынан жағымды дәрілер екендігін көрсетеді.
Суық, салқын райлы дәрілер ыстықтықты, қатты қызуды басу, қанды салқындату, уытты қайтару рөлін атқарады. Мысалы, ырғай мен ырғай қабығы қатарлылар аурудың ыстықтық белгілерін емдеуге қолданылады. Жылы, ыстық райлы дәрілер ішкі денені жылытып, суықты басып, болымсыздыққа (инь, янь) көмектеседі.
Дәрілердің дәмі қышқыл, кермек, тәтті, ащы, сор дәмді болып бес түрге бөлінеді. Мысалы, қойдың етін жеп, сорпасын ішкен қариялар артынан көк шай ішеді. Яғни, алдыңғы жеген тамақтарының ыстықтық райы басым болғандықтан асқазанды, қанды қыздырады. Ал көк шайдің басым бөлігі суық райлы болғандықтан ыстықтықты басады.
Немесе еттен кейін салқын райлы есептелетін алманы жеу арқылы да дене ыстық-суықтығын реттеуге болады. Себебі, адамның дене ыстығы ұзақ уақыт сақталатын болса бүйректі және ағзаларды әлсіретеді. Бұл жағынан қарағанда қазақтар ертеден-ақ ғылыми негізде тамақтанған деуге болады.
Қазақ емінің тағы бір түрі – бұлау
Булау, яғни шөп дәрілерді қайнатып, буымен емдеу немесе мал терісіне салып емдеу. Мәулітшәріп ағамыз тас бұлау, шөп бұлау, қуырма бұлау, от бұлау сияқты 16 түрлі бұлау тәсілін пайдаға енгізіп, патенттеген. Бұл көбінесе тері ауруларына және суықтан, желден пайда болған ауыру түрлерін емдеуге қолданылады.
Нәрестелі бола алмаған келіншекті түтінмен бұлаулаған
Құсыман Ажыхан, ардақты ана, зейнеткер: "Кішкене кезімізде үлкендер бала сүйе алмаған келіншектерді түтінмен бұлаулайтын", – деді қонаққа келіп отырған шешем.
– Қалай? – дедім таңдана, тағатсыздана сұрап.
– Кәдімгі құрқылтайдың ұясы мен әдіраспанды араластырып, үстіне келіншекті тұрғызып қойып, етегінің астынан екінші бір адам тұтатады. Жарықтық қасиетті заттар ғой.
– Қызық екен.
– Несі қызық. Ем ғой. 15 минуттан күніне 1 реттен 3 күн шарттап емдейді.
– 3 реттен артық болса болмай ма?
– Болмайды. Емді шарттап қабылдайды, тақ санмен. Екеуі де улы заттар ғой. Түтін келіншектің құрсағындағы, жатырындағы желді, суықты, уды, басқа да ауруды сорып кетеді екен. Өз көзімізбен көрдік. Марқұмдар, артық айтсақ, кешсін, жандары жәннатта болсын! – деп бетін сипады.
Қалай болмасын бұл емдеу әдісінің де ғылыми жағы бар тәрізді. Себебі, Құрқылтайдың ұясы – құстың жылуы мен енергиясын өз бойына сіңірген ыстық райлы зат. Ал әдіраспан вирустар мен бактерияларды өлтіретін, у қайтаратын өсімдік. Міне бұл екеуінің түтіні жатыр мен қуық асты безге тиген суықты шығарып ғана қоймай, қалыпсыздық тудырған уланудың бетін қайтарды.
Қан алып емдеу тәсілі
Қан күміс қандауырмен 4 жерден шетіп немесе шабақтап алынады. Баспа, шетпе, ілме, құяң, обыр (рактің бір түрі) қатарлы ауырудың түрлеріне қарай маңдайдан, мұрын қуысынан, тілдің асты мен жұтқыншақ бездерінен (ангина кезінде) және арқа, бел, бүйір, мойыннан алынады.
Мысалы баспа ауруының қан баспа, жел баспа қатарлы екі түрі бар. Енді басталған баспаны тілдің астынан қан алу арқылы емдеуге болады. Егер іріңдеп, асқынып кеткен болса, баспа безін (жұтқыншақ асты безі) қоса шабақтау (қандауырмен піскілеп тесіп қан шығару) керек.
Әдетте құяң үзгенде, сарысуларды емдегенде шабақталған жерге лоңқа төңкеру арқылы қанды сарысуды, арам қанды сорғызып, алып тастайды. Қан алатын лоңқа, қандауыр қатарлы аспаптары бар.
Сынықшылық
Қазақтың тарихтан келе жатқан дәстүрлі емшілік түрін қолы жеңіл адам тез үйрене алады. Мәулітшәріп ағаның айтуынша, қазақ емшілері мертіккен адамның сынығын таңуды 5 түге жіктеп әрі сол негізде арнайы қалыптар жасап, ғылыми қолданысқа енгізген.
Олар – мойын, шынтақ, тізе мен жіліншік, өкше мен қызыл асық мертіктерінің арнаулы таңу жабдықтары. Ата-бабаларымыз үгітіліп кеткен сүйектерді де қалпына келтірген. Жаңа туған ботаның сүйегін шағып, жұқартып үгітілген сүйектің орнына салған кезде сүйектер бір-бірімен жалғасып, жетіліп кетеді екен.
Асық жілік сынғанда таутекенің асық жіліктерін, жауырын сынғанда иттің жауырынын пайдаланған. Оның үсіне жылқының шикі майын сүйекке жағып, уқалау арқылы шор болып қате біткен сүйекті қайта шағып, ешқандай шегелеусіз орындарына салып, жазып отырған.
Құяң үзу
Қазақта тағы бір көп кездесетін ауыру – құяң. Құяң дегеніміз қан тамырындағы қанның өзгеріске ұшырауынан, баяулауынан, тамырдан сүзіліп шығып, қақ тұрып қалу яғни жиналған сарысудан асқынып қаққа айналуы. Соны қазақтың құяң үзуге арналған аспаптары арқылы емдейді әрі шөп дәрілер арқылы зардабын да жояды.
Құяңды үзудің де бірнеше түрілі аспабы бар. Құяң үзетін аспаптар әдетте жұмсақ үйеңкі және ақ самырсыннан жасалады. Құяң үзудің 4 түрлі аспабы бар. Олар мойын мен жауырынды ұйқалауға, арқадан құлдай ұйқалауға арналған аспаптар және ұсақ буындарды ұруға арналған екі түрлі балға.
Шетпені қалай үзеді
Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше түрлі аурудың емдеу жолдарын айта кетелік. Әрине, айтып берген Мәулітшәріп ағамыз.
"Шетпе" ауруы вирус, микроб, бактерия таяқшасынан пайда болмайды. Осы заманғы медицина іліміне енбеген, ғылыми талдауы кемшіл ауру түрі.
Жалпы ғылыми тұрғыдан алғанда, жел тиіп немесе терлеп жатқан баланы аша қойғанда ұстаған суықтан, тер қатудан немесе кіндік кескен кезде кіндік бауы толық саумаланбай ішінде қан не ауа қалып қоюдан сәбидің тері лимфа тамырлары, тері ұсақ тамырлары және тері бездері зақымдалудан пайда болады. Қан айналысы баяулап, жон, арқа жағы тырысады да қызуы көтеріледі. Сәбилердің іші кебеді, мазасызданып, жылай береді.
Ата-бабаларымыз шетпені "қан шетпе", "жел шетпе" және "жүрек шетпе" деп үшке бөлген:
Қан шетпе: нәрестелер туа салып кіндік кескен кезде кіндік ішінде қан қалса, ол баланың қан айналыс жолдарына әсер етіп, тосылу пайда болады. Бұл қан шетпе делінеді.
Жел шетпе: кесілген кіндік ішінде жел қалса (ауа қалса), жел қан тамырларына өтеді. Бұл жел шетпе делінеді.
Жүрек шетпе: кіндік ішінде қалған ауа қан арқылы жүрекке барып, негізгі қан айналысын тосқындыққа ұшыратып өмірге қатер төндірсе, жүрек шетпе болады. Мұндай жағдайда баланың арқасы, жоны қарайып, қан жүрмей қалады.
Емдеу – шетпені үзу деп те аталады. Әдетте ауру белгісі байқалғанда баланы шетпешөптің суына салу, шай суына шыланған көк шүперекпен орау, ешкі, қой терісіне салу, құрқылтай ұясын, малдың тоқ ішегін қарнына, кіндік тұсына қою, ұн мен кебекке бөлеу арқылы, сондай-ақ, арқасын мыс не күміс білезікпен, мүйіз тарақтың сыртымен, усарымсақпен тағы басқа заттармен ысқылап (тарап) шетпе тамырын тарқатқан.Сол кезде арқасы қып-қызыл болып шыға келеді.
Шетпе үзілгеннен кейін қан, тер, лимфа, без, жүйке тамырларының тосылып, бөгелген жері ашылады да, қызу қайтады, ауырғаны басылады. Сосын дене қызыуының ішке түсіп кетуінен сақтану үшін және қандауыр тиген жерден денедегі қанды сарсуларды, суық пен мерездерді сорғызу үшін иленген қамырға не жаңа сыпырылған қозы-лақтың терісіне орайды.
Кейде көкқағазды да пайдаланады. Бұл кезде баланың температурасы қалыпқа түсіп, ұйықтайды. Сосын сорпа қатарлы қуатты тамақтар беріп, жылы ұстаса ауру қайталамай жазылып кетеді.
Шетпешілік
Шетпешілік – қазақ емшілігінде өзіндік орын алған арнаулы мамандық. Тәжірибелі, епті дәрігерлерді шетпеші деп атаған.
Шетудің таяз шету, терең шету, тамырдан шету қатарлы түрлері бар. Тәжірибелі маман болса, әдетте қанның баяулап аққан, тосылып, зақымданған тамырдан шетіп арам қан алады да, қан айналысын реттеп жіберді. Бұл жағдайда бала тез сауығады. Қан алғанда көбінесе бүйірдің бір жағынан төрт, екінші жағынан екі жерден шетіп үзу тәсілін қолданған.
Алайда шетпені үзгенде ұсақ қан тамырлардың, лимфа тамырларының үзіліп кетуінен, жүйке және сіңір тамырларына зиян келтіруден сақтанған жөн. Уақыт өтіп кеткен шетпе ауруында жүйке, тер, без, қан айналыс жолдары бітеліп, жүрекке әсер етеді әрі лимфа тамырлары істемей қалады. Сондықтан уақытын ұзартпағаны абзал.
Осы заманғы батысша емдеу мен қазақ емшілігінің қандай ерекшеліктері бар?
Әдетте қазақстандық емханаларда Кеңес заманынан бері батысша емдеу тәсілдері пайдаланылып келеді. Олардың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мысалы, диагноз қою үшін ең алдымен қан, несіп және басқа да анализ түрлерін талап етеді. Бұл ұзақ-сонар кезекке тұрғызып, жүйкені тоздыртады, уақыт жейді.
Оның үстіне сәбилерде болатын шетпе қатарлы аурулардың бұндай тәсілдермен диагнозы шықпайды. Шетпе – осы заманғы медицина іліміне енбеген, ғылыми талдауы кем аурудың түрі.
Емханаларда химиялық қоспалардан жасалған дәрі-дәрмектерді көп пайдаланады. Бұл дәрілер бір ауруды басқанмен, басқа ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазір бұл мәселе батыс елдерінің дәрігерлерін де ойландырып отыр. Тіпті, Германия сияқты елдер дәстүрлі емдеудің кей пайдалы жақтарын енгізуді бастап та кеткен.
Алайда бұндай емдеу тәсілдері қазіргі практикалық ғылыми тәжірибені негіз ететіндіктен көп кездесетін ауруларға ғылыми түсініктеме береді әрі ұтымды емдеу жолдарын іздейді.
Жалпы дертті айыруда қазақ емінде тексерудің түрлері көп. Ұстап, қарап, иіскеп, сипап, қағып, тітіркендіріп тексеру көп қолданылады.
Қазақ емшілігі
Қазақ емшілігінің және шығыс емшілігінің ең үлкен артықшылығы диагнозды тез айыруға мүмкіндігі жоғары әрі тарихтан келе жатқан дәстүрлі тәсілдерді қолданатындықтан өнімді.
Көбінесе шөп дәрілерді және олардан жасалған тосаптарды пайдаланатындықтан олардың зияны химиялық қоспа дәрілерге қарағанда аз.
Оның үстіне емдеу барысында әр адамның дене табиғатына, биологиялық және физиологиялық жеке ерекшеліктерін де ескереді. Мысалы, суықтан тиген ауруларға ыстық райлы дәрілерді, ал ыстықтан тиген ауруларға суық райлы дәрілер пайдаланады.
Кейбір ай жаңаланған кезде қозатын ауруларды да маусым өзгерісіне қарай емдейді. Бұл да зерттеуге татитын үлкен ғылым. Тамырдан айыру немесе тіл, көз, тері өзгерісі арқылы ауру түрлерін айыру – дәстүрлі түрде диагноз қоюдың негізгі тәсілдері. Шығыс елдерінде тамыр ұстау арқылы диагноз қоя алмайтын адамның дәрігер деп есептелмейтінін де ескеру керек.
Әдетте жәй адамдар тамыр арқылы диагноз қоюды үйрене алмайды. Ілуде біреулері, тек бейімі бар адамдар ғана. Қазақша емдеудің тарихи дәстүрлі тәжірибелері терең болғандықтан зияндылық жағы барынша төмен.
Қазақ емшілігі қарашаңырағына қайта оралуы керек
Қазақ емшілігінің қарашаңырағы – Қазақстан. Біз бұған ешқандай қайтарымсыз қызмет етуге міндеттіміз. Осы арқылы миллиардты мойындатқан, қазақтың ата-бабасынан жалғасып, жинақталған ғылыми құндылығы өз халқына жұмыс істеуге тиісті.
Бұл жолы Мәулетшәріп ағамыз Астана Медициналық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшыларымен, ғалымдарымен кездесіп, мастер кластар өткізді. Астана Медициналық университеті «Қазақ және Шығыс медицинасы орталығын» құруды қолға алатындарын айтты. Университеттің Қытайдың Үрімжідегі медициналық университетімен меморандумға отырып қайтқаны белгілі болды. Алла қаласа, қазақтың емшілік саласындағы тарихи құндылықтары енді елдің денсаулығы үшін қызмет ететін болады.