Стамбұлдағы қазақтар тойының 7 өзгешелігі (Фоторепортаж)
Стамбулға қазақтар қайдан барған?
- Олардың басым бөлігі – 1940-1960 жылдары Қытай коммунистік билігінің қырғынынан босып, Гималайды асып, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға табан тіреген қазақтар.
- Екінші тобы– 1920-1937 жылдары Қазақстандағы қызыл империяның қудалауы мен қолдан жасалған аштықтан бас сауғалап Тәжікстан, Түркіменстан арқылы Ауғанстанға және Иранға барып, 1960-1970 жылдары Түркияға жеткен қазақтар.
- Үшінші тобы – Тәуелсіз Қазақстаннан көшіп барып сауда істеп жатқан, оқып жүрген немесе қоныс аударған қазақтар. Бұлардың саны да соңғы жылдары көбейе бастапты.
Домбырашы келіншек қазір Стамбулда тұрады
Жоғарыда суретте қолына домбыра ұстап отырған Кәбира әжеміз. Артында тұрған –Пәзилә Сұлтаншәріпқызы және отырға –н Рахила әжеміз. Қазір үшеуі де Стамбул қаласында тұрады.
Кәбира Сағынғанқызы – 1933 жылы Қытайдың Алтай аймағында туған. Қостай Жәдік әулетінен. Зуқа батырдың бесінші ұлы Шәмидің жұбайы. 1938-1950 жылдары Баркөл, Гансу, Чиңхай өңірлерінде жаугершіліктен босқын болып жүрген. Сұлтаншәріп Зуқаұлының көшімен бірге 1951 жылы Тибет жотасын асып Үндістанның Кәшіміріне, 1954 жылы Түркияға келіп қоныстанған. Қазір Стамбул қаласында. Немере-шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Тұзаққа түсірген той
Оқи отырыңыз: Беташардың мәні неге бұзылды? Тойды тәртіпке келтіруге бес кеңес
Су тасыған келіншек қазір Стамбулда тұрады
Сәнияхан Займолдақызы – 1930 жылы Қытайдағы Баркөлде туған. Сарбас Шотқара әулетінен. Зуқа батырдың кенжесі Сауат қажының жұбайы. 1937-1938 жылдары әкесі Займолланы, әкесінің екі ағасы – Қайбар мен Қабдолланы Қытайдың Гоминдаң билігі ұстап әкетіп өлтірген. 20 жастағы бауыры Кәбенді ұстап, кейін қоя берген. Қытай коммунистік билігінің қуғынан ұшыраған елмен бірге 1951 жылы Тибет жотасынан асып Үндістанға, 1954 жылы Түркияға келіп қоныстанған.
Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?
Біз үйіне барғанда, Сәнихан әже төсекте отыр екен. Үй іші қазақша безендірілген. Үй қабырғасына түскиіз іліп, оның бас жағына таза үкі қадалыпты. Тіптен, еденге де оюлы сырмақ салынған.
Гималай асқан қазақтың бірі – Әбдірахман Жәлелұлы. 1938 жылы Қытайда Баркөлде дүниеге келген атамыз бүгінде Германияның Кельн қаласында тұрады. Еуропа қазақтары қауымдастығының құрушысы әрі бұрынғы төрағасы. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығының екі мәрте төралқа мүшесі.
Оқи отырыңыз: Сүндеттеудің сыры
Биші қыз да Стамбулда тұрады
Суретте ортада, кілемде отырған қара шапан, ақ кепеш киген Сұлтаншәріп Зуқа ұлы, сол жағында отырған Қалибек Хакім, домбыра шертіп отырған Әнуар Сұлтаншәріпұлы.
Мінән Шәмиқызы – 1942 жылы Чиңхай өлкесі жерінде туып, ауған елмен бірге Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен. Көш басшыларының бірі Сұлтаншәріптің інісінің қызы.
Ауғанстаннан келген қазақтар
Әбиболла Жәлел:
– Аталарымыз 1932 жылы Қызылорданың Қармақшы деген жерінен кетіпті. Қолындағы бар байлықты қызыл үкімет тартып алған. Содан Ауғанстанға барып, 40 жыл өмір сүрдік. Сонда туылдым. Түркияға келгенімізге де 40 жылдан асты. Кіші жүздің кете руынанбыз, – дейді.
Оқи отырыңыз: Қалың малға құныққандар жастардың бағын байлап жүр. Қалың мал туралы аңыз бен ақиқат
Әбибоола ағамыз қазақтың жосыны бойынша үйіне қонаққа шақырды. Алайда, уақыт тығыздығына байланысты ықыласына рахмет айтып, ризашылығымызды білдірдік.
Оқи отырыңыз: Ақбастаулықтардың Наурыз тойлау дәстүрі елге үлгі боларлықтай
Өмір Қазақ: "кеме жүргіушісі болып жұмыс істеп жүрмін"
Өмір Қазақ ініміз – Стамбулдың тумасы. Аталары 1951 жылы Қытай компартиясының қудалауына ұшырап Гималай асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен екен.
Жасы жиырманы аралаған ініміздің кәсібі кеме жүргізу. Бұл күнде Еуропа, Азия мен Африканың біраз елін кемемен аралапты.
Түркиялық қазақтар үшін шілде мен тамыз – той-думан айы
Әр жылдың шілде және тамыз айлары түркиялық қазақтардың той-томалақ өткізетін мезгілі. Олай дейтініміз олардың бір бөлімі еңбек шартымен Еуропаға кетіп сонда тұрып қалған. Жазғы демалыс келісімен өзі туған жерлеріне қайтып, туыстарымен қауышады. Туыстары да тойды сол мезгілге тойлауды дәстүрге айналдырыпты.
Стамбулда жүргенде Жақып Залың ағамыз келін түсірді. "Шақырғаннан қалма" деп басып қайттық.
Үйленген бауырымыз Ясын Жақыпұлы –Стамбұлдың төл тумасы. Келінді Германиядан әкелді. Алайда Жақып ағамыздың да, құдалардың да аталары – Қытай коммунистер билігінің қудалауына ұшырап, Гималай асып Үндістан арқылы Түркияға жеткен қазақтар.
Жалпы Еуропа қазақтарының негізгі бөлігі – Түркиядан жұмыс шарты бойынша барып, отырақтасып қалған қазақтар мен олардың ұрпақтары.
Үйлену тойы қалай өтеді?
Тойдағы жөн-жосықтар реті былай болды:
- Екі жасты күтіп алу;
- Торт кесу және жеу;
- Шырын не шарап ішу;
- Беташар және бір ыстық тамақ беріледі;
- Той иелері мен қонақтардың екі жасқа тартуларын қабылдау;
- Би мен ән;
- Бата.
Той асабасыз өтті, тост айтылмады
Той ресторанда өтті. Залдағы экранда отау тігіп жатқан екі жастың аты-жөндері шығып тұрды. Залға кіргенде қыз жақтың қонақтары сол, жігіт жақтікі оң жақтағы орындарға еркін жайғасты. Ешқандай аты жазылған тізімдер мен арнайы қонақ күтіп алушы болған жоқ.
Той екі түрлі өтеді:
- Той иесі күндіз бірнеше қой сойып, мәдениет үйінде не мешітте туыс-туғандары мен ауылдастарына, дос-жарандарына тамақ береді. Бата алып, беташар жасайды. Бұл 2-3 сағатқа жалғасады.
- Кейде кешке ресторанда жасалады. Онда беташар, бата алу және ән-би болады. Тіптен осы екеуін де атқаратындар да бар.
Той сағат 18:00-де басталды
Той иесі тойдың 18:00-де басталатын айтқан еді. Біз дәл уақытында барғанда, қонақтар да келе бастапты. Мөлшермен бір сағаттан кейін той басталды. Тойды 2-3 сағат кешіктіріп бастайтындар үшін уақытында басталған той ғой.
Рессторан иесі жігіт жақтан келгендердең есіктің оң жағындағы кез келген орынға жайғаса беруін сұрады. Ал қыз жақтың қонақтары сол жаққа жайғасып жатты.
Есіктен кірген жерде жігіт жақтың келіншектері мен апалары әжелердің сыйлығын қабылдап, киіт таратып отырды.
Екі жасты қалай қарсы алды?
Жігіт пен қыз той басталғаннан, яғни қонақтар келіп жайғасып болғаннан кейін келді. Жастар тұрып, қалған қонақтар орындарында отырып, музыкалық шоу басталды.
Екі жас ортаға шығып вальс биледі. Оған той иелері де қосылды.
Оқи отырыңыз: Түркия туралы қызықты мәліметтер. Стамбулдықтар қайда демалғанды ұнатады? Фоторепортаж
Торт келді
Екі жас ортаға қатар тұрысымен торт келді.
Сіз, осындай үлкен де керемет тортты кесті деп ойламаңыз. Ол торттың макеті ғана. Іле-шала "торт кесу" ырымы істелген торттан екі жас ауыз тиді. Басқа ешкімге берілген жоқ. Тост та айтылмады.
Шарап (жеміс шырыны) ішу дәстүрі
Бұл да – көне Османлы патшаларынан қалған ырым. Шын мәнінде онда шарап емес, шырын болуы да мүмкін. Екі жас махаббатың бал шырынын татсын, бақытқа бөленсін деген ниет, ырым болса керек.
Беташар
Осылайша торт пен шараптан кейін беташарға кезек келді.
Стамбул тумасы Мехмет беташарды жасады. Оның үш көмекшісі болды:
Қожа Ахмет Яссауи университетінде білім алған Сәдет Солақұлы домбырамен сүйемелдеді. Бір бала қамшының ұшына шаршы шөперек байлап, көне ырымды атқарды. Ал бір қыз қолына түйреуіш салынған ақ кесені ұстап тұрды.
Оқи отырыңыз: Стамбулға сапар: Қала өмірі және барғанда көңіл бөлетін жәйттер (Фоторепортаж)
Талғат Көкбұлақ (Қосжігіт) – 1942 жылы Қытайда дүниеге келген. Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Гималай асып, еркіндік іздеген Зуқа батырдың үлкен ұлы Сұлтаншәріптің баласы. 1951 жылы Үндістанға келіп, сонда төрт баламен бірге ағылшын тілін оқыған. 1954 жылы Түркияға жеткен. 1967-1995 жылдары Азаттық радиосының қазақ бөлімінде жұмыс істеген.
Батадан кейін келіннің бетін ашты.
Жас отау иелеріне той сыйын беру басталды
Бет ашылып болған соң, іркес-тіркес той сыйын беру мүрәсімі басталды. Ол туралы ешкім де хабарлаған жоқ.
Сыйлықты алдымен той иелері табыстады.
Келіннің қолына білезік, мойнына алға, құлағына сырға, саусағына сырға таққандар көп болды. Ал жігітттің өңірі лентаны бойлап қыстырлған түрлі елдердің ақшасына толып кетті.
Сыйлық беру рәсімі біткеннен кейін ән мен биге кезек келді.
Қаражорға биін 3 рет қойды
Би "Қаражорға"-дан басталды.
Бір сағаттың ішінде 3 рет "Қаражорғаға" жорғалаудан қазақтардың бұл биге деген құрметін сездік. Сонымен бірге түрікше ән-би мен қазақша әндерге де кезек тиді..
Аста –төк тамақ та, артық сөз де болған жоқ
"Тойға барсаң, тойып бар" деген қазақ мақалы бар. Сусындар, бір ыстық тамақ пен шәй. Сонымен бірге нанмен қоса бір-бір кеск торт. Кем де емес, артық та емес. Қарапайым. Тойымды.
Столда бірнеше сусын мен бір стакан тіске басар салат қана бар.
Той ортасынан ауғанда нан мен шай қайта қойылды. Ән мен биден кейін жұрт ақырындап тарай бастады.
Түркия қазақтары тойының Қазақстандағы тойдан 7 өзгешелігі:
- Асаба болмайды;
- Тост айтылмайды;
- Аста–төк тамақ қойылмайды;
- Ақша төлеп әнші-биші шақырмайды;
- Шақырылған қонақтар келген уақыттарына қарай орын талғамай отырады;
- Музыка дауысы да қатты шықпайды, яғни, артық шу жоқ;
- Жігіт пен қалыңдық үшін арнайы безендірілген орын жоқ. Той біткенше отырған да жоқ.