Төменде қазақстандық жазушы Юрий Серебрянскийдің "Алтыншаш" монографиясын ұсынамыз.


Қазақстандағы поляк диаспорасының "Ałmatyński Kurier Polonijny" журналының алғашқы санынан бастап Сталиннің бұйрығымен Қазақстанға жер аударылған поляк отбасыларының оқиғаларын жариялап келдік. Журналдың пайда болу себептерінің бірі де тарихи дерекке жататын сол оқиғаларға қатысушылардың естеліктерін немесе олардың жауабын жазып алған ұрпақтарының естеліктерін міндетті түрде жариялау еді. Бұл естеліктерді сақтау – біздің басылымның негізгі борыштарының бірі. Сәті түсіп, Қа­зақстанға бала кезінде малға арналған вагондармен әкелінген адамдармен кездесіп, олардың әңгімесін жазып алдым. Поляктарға және басқа халықтарға қарсы қылмыс дәлелденгенімен, мен сөйлескен адамдардың ашу-ызасын байқамадым, бұл маған қатты әсер етті. Адамдар ол оқиғаларды тағдыр, маңдайға жазған дүние ретінде қабылдады. Бала кезінде болған азғантай жақсылықтарын ғана еске алғысы келді. Адам жадының бұл қасиеті – оның тіршілікке қабілетінің дәлелі. Сонымен бірге, ештеңе жасыта алмайтын сенім бар.

Уақыт өте келе, қолыма жазбалар, құжаттар: куәгерлердің кейде эмоцияға толы, кейде егжей-тегжейлі, қайғылы оқиғалар туралы қайталай беретін хаттары келіп түсе бастады. Әрқайсы жеке-дара жауаптардың барлығын бірден оқып шыққанда, осы естеліктерді кітап қылып шығарудың маңызын түсіндім. Бұл әділдік пен ақиқат үшін керек еді. Мен бұл жұмысты осы адамдардың алдындағы жеке жауап­кершілігім деп қабылдадым. Сәті түсіп әңгімелескен адамдардың тағдырға деген көзқарасы маған қаншалықты әсер еткені есіме түсті, сондықтан көркем жиынтық бейне, харак­тер, кейіпкер жасауды қызық көрдім. Осылай кітаптың бір бөліміне айналған "Алтыншаш" хикаяты пайда болды және оның осы дәуірдің деректі куәліктерінің қасында тұруы мен үшін үлкен құрмет.

 "...2. Олар мінген пойызды жиі тоқтатты, бірақ ұзақ тұратыны не қысқа аялдайтыны беймәлім еді. Ешкім ештеңе айтпайды. Жолдың екінші күні жолаушылар аялдау кезінде от жағып тамақ пісіріп, жаялықтарды жуып үлгереміз бе деп, жағдайды бағамдай бастайды.

Генканың отбасы келе жатқан вагон үлкен, ағаштан жасалған, бірақ адамға жайсыз. Вагонға отыра сала әкесі Генка мен інісі Романды үстіңгі қабатқа отырғызды. Вагон іші сиыр қора сасиды. Балалар жоғарыда отыр. "Есесіне қабырғаның жарығынан даланы көріп, ауа жұта аламын", – деп ойлады Генка.

Вагон жартылай қараңғы. Қанша жүреріміз белгісіз.

Станция болса, ұзақ аялдаймыз. Жолда тоқтасақ, қанша тұратынымызды ешкім айта алмайды. Ұзақ аялдасақ, сылдыр су болса да, көже дайындап үлгеруге болады. Генка үшін көже де, шұжық та мүлдем маңызды емес, ұзақ аялдағанда ол байқатпайтын түсті форма киген сарбаздар мен вагондардан үймеге секіріп шыққан адамдарды еппен айналып өтіп, екі минут ішінде зыр жүгіріп бес вагон әрідегі вагонға келеді. Онда атасы мен Малина атты сиыр бар. Сыртынан қарағанда тура сондай вагон, ал іші мал сасиды. Генка жүгіріп келіп, тесіктен сығалады. "Геня", – деді атасы баяу ғана. Атасы мүлдем басқа адам сияқты. Үйде бәріне бастық болушы еді. Әкесіне, анасына, тауықтарға, сиырға, көршілерге, тіпті, құлағын жыпырып алатын ақымақ торайға дейін бастық болатын. Бір жолы торай жалғыз қалғанда құтырып, Генкаға ұйқы бермегенде, атасы барып торайға айғайлады, жай ғана айғайлап қойған жоқ, енесінің "тағдырын" айтып берді. Міне, осындай еді атасы. Бұрын.

"Сиырды алуға рұқсат бергендеріне қарағанда, біржолата қуып жатыр". Атасы осыны айтқанда Генканың анасы қатты ашуланды. Жылады. Неге екені белгісіз, ол үлкен кісінің енді басқа адам екенін білді және оған ашу-ызаны көрсетуге болады деп ойлады, айғайлады да.

Кейде атасы вагон қабырғасындағы тақтайлар арасындағы жарыққа алақанын созады, сонда Генка оның алақанын ұстайды, содан кейін Малинаның тұмсығына қарайды, бірақ оның қара көзі қараңғы вагоннан көрінбейді.


Оқи отырыңыз: Қазақ КСР Ғылым академиясы тарихы немесе Орталық комитетке жазылған бір хаттың оқиғасы


Содан кейін Генка кері бұрылып, шағылды, шаңды немесе шөпті баса жүгіріп, өз вагонына қарай құстай ұшады. Сарбаздар оны көріп, назар аударғанымен, үндемейді. Сол жерде тұрып таза ауамен тыныстайды. Иіс бірден өзгеріп, үйдің иісіне ұқсамай кетті. Пойыз разъездерде үй жақтағы орманға ұқсас орманда тұрса да, бәрібір иісі бөлек.

Осылай жүріп келе жатқандарына он күн. Генка атасына жүгіріп келгенде, пойыз кішкентай сарай сияқты кірпіш үйі бар бір станцияда тұр екен. Кіреберістің алдындағы бақта екі қатар болып ағаш өсіп тұр. Әктелген ағаштар ақ гетры киген, пойыздарды салтанатты түрде қарсы алып жатқан мектеп оқушыларына ұқсады. Генка жарықтан Малинаның мұңды көзін көріп, оған атасының рухы қонғанын түсінді, енді атасы аштық пен сасықтан қинала қоймас. Енді сиыр мен атасы біртұтас болды.

Пойызбен бірге бәрі де тұра тұру үшін вагондардан үймеге шыққанда, әкесі "бұл орман ғой, ешқандай станция жоқ, аз ғана аялдаймыз" деп, Генканы астыға түсіру үшін қолын созған. Генка вагонның еденіне өзі-ақ секіріп түсіп, содан кейін еппен, енді әкесінің көмегімен үймеге түсіп, вагон ішіне көз тастады. Ана жақта сарбаздардың аяғы көрінді. Бұл – патруль. Етіктері. Белуарға дейін лас қоныштары. Кейде олар тоқтап темекі тартады. Бұрын жасағандай, ешкім көрмейтін жерге, вагонның астына тығылса ғой, онда тыныштықты сезіне аласың. Тек сол жерде ғана тыныш және қорқыныш жоқ. Ал шу қауіп пен үрейді білдіреді. Вагондағы адамдар үндемесе де, онда тыныштық жоқ. Вагонда Генканың отбасы ғана келе жатқан жоқ. Адам көп, олардың көбін Генка біледі. Тыныштықты жиі елестетеді. Үйде қалған тыныштықты сағынады. Бөлменің қабырғасында тықылдаған сағат қалды.

…5. Пойыз таңертеңнен жазықта келе жатыр. Іргеден соққан жел вагонның тесік-тесігінен уілдеп кіріп, құйындата соғады. Арасында айналадан өзі ақшыл, өзі ластау дақтар көрінеді, алыстан олар мұзға ұқсайды. Кішігірім өзендегі көпірлер мен бір-бірінен аумайтын және бітпейтін бағаналар. Айналада осы бағаналардан басқаның бәрі өзгеріп үлгерді. Түнде әбден зеріккен Генка анасының қабырғадағы жарықты бітеп қойған жемпірін білдірмей жылжытып, бағаналарды санайды. Олар бір аяғын ашып тұрған алып адамдарға немесе музыканы күтіп тұрған бишілерге ұқсайды. Кейде бұрылыстарда пойыздың біресе соңы, біресе алдыңғы вагондары көрінеді.

Аялдағанда вагоннан шығуға рұқсат берсе, адамдар жан-жағына қарайды. Даладағы бейтаныс шөптердің иісі жабайылық пен үрей ұялатады. Ондай сезім әдетте күн батар алдында, ымырт жабыла бастаған кезде болады. Қараңғыда дала тіріледі. Құстардың қиқуы мен шегірткенің шырылдауы да бөтен тілде сияқты. Сарбаздардың пойыздың соңында жаққан оты күндіз сағым болып көрінсе, қараңғы түскен сайын әтештің құйрығына ұқсап кетеді. От пен батып бара жатқан күннің түсі бірдей болатын мезет келгенде күннің қай жақта екенін білмейсің – сарбаздар жақта ма, жоқ батып кетті ма, ажырату қиын.

Генка үйменің үстінде анасының қасында тұр. Күнді біреу өшіріп тастайтындай қорқады. Пойыз дәл қазір жүріп кетпесе екен. Ол анасының қолын қатты қысып тұр. Анасы да дәл осындай сезімде тұрған болар. Пойыз жеті қараңғы түнде ғана жылжыды, ал келесі күні түсте жанжақта кішігірім ормандар көріне бастады. Даланы аспан деп елестетсе, олар ұшып бара жатқан бұлттарға ұқсады. Оларға күні бойы қарай беруге болушы еді, бірақ пойыз тоқтады. Жел жоқ. Шағын станция. Қисайған дуал. Бірнеше ғимарат. Сарбаздар барлығына шығыңдар деген белгі беріп жатыр. Малды түсіруге ыңғайлап жатыр. Пойыз жарты шеңбер болып тұр, ұзыннан-ұзақ созылған вагондардан секіріп түсіп жатқан адамдар көрінді. Заттар мен түйіншектерді, ақ дөңгелекті бесік арбаны біреулері беріп, екіншілері алып жатыр. Әкесі келдік деп айтты. Төңірек у-шу. Бір әйел Францты шақырып жатыр. Балалар ересектердің жанында. "Заттарымыз неге аз?" – Генка көршілеріне қарады, көршінің баласы үлкен шабаданның тұтқасын ұстап отыр екен.

Генканың ата-анасы елмен қатар заттарын бараққа жақын жерге үйіп жатыр.

− Әкеңде темекі бар ма? – қасына бір еркек келді.

− Қазір көрейін, – деді де, әкесі атасының киім салған қабын ашып жатты.

Көкжиекте сағым көрінді. Бұл жердің ыстығы өте құрғақ. Анасы жыланнан қорқады, сондықтан шаң-шаң жерде үйіліп жатқан заттардың үстіне шығып алды. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Аспан биік әрі тұп-тұнық. Осы жерде түнеуге тура келеді. Станцияда. Ашық аспан астында. Таңертең бәрін жаңа ауылдарға апарамыз деді. Қазірше мына үйлерге кіру керек. Солай айтты. Кім айтқаны белгісіз.

Шыжығы бар бақыраш сол күйі вагонда тұрды, заттардың астында қалыпты. Әлде анасы оны әдейі қалдырды ма екен? Үйдің дәмі мен иісі. Кешке жақын ауа салқындайды, айналада маса ызыңдайды.

Трактордың арбасына тағы бір отбасы сыйды. Ата-анасы ересектермен бір-екі ауыз тілдесті. Генка өзінен сәл кіші баланың қасында отыр. Бала оған бүйірден қарап, томсырайып, үндемей отыр. Генка бұрылып қараса, пойыз көз ұшында жыландай ирелеңдеп барады екен. Бала ұйықтап жатыр, басын Генканың иығына сүйеп алыпты. Арба сілкінсе, балақай Генканың шынтағынан қатты ұстай қалады. Оятқысы келмеді. Шыдады. Әкесінің қолы арқасын тіреп, ширыққан қолынан жылылық пен жайлылық сезінеді. Ұйқысы келді, жаңа жерге жетіп барып ұйқыны қандырса ғой! Бірақ ол жерге әлі бір сағат жүреді.

6.Неге дәл осы жер? Сол кешегі сұрақ. Айнала ашық болса да, ешқандай шекара көрінбейді, сонда бұл ауылдың шекарасы қайда екен? Бала әлдеқашан оянды. Қалайша жайлы ұйықтағанын аңғармаған да сияқты. Бұл жердің шөбі жатаған екен, кейбірі құрғап та кетіпті. Даланың жабайы иісі. Сарбаздар ер адамдарды ақ және қою жасыл түсті матадан жасалған шатырды тігуге жинады. Ағы – шағын, жасылы – үлкен. Генка бұрын шатыр көрмеген. Түйіншектерден үй пайда болғаны қызық екен.

Әкесі анау шеттегі ақ шатырға бару керегін айтты. Құпия ашылды – үй дегендері осы шатырлар екен. Шатыр арасындағы оттың жанында адамдар кешкі көжелерін ішіп, үндемей отыр.

Шатырдың матасы оттың жарығын ғана өткізеді, оның жанында көлеңке театры. Бірдеңені талқылап жатыр. Қолдар мен күнқағарлар қаздың тұмсығы мен керіктің мойнына ұқсайды.

Көз алдында өрмекші тұр. "Бұл киімнің арасында тығылып қалған біздің өрмекші болса ғой". Атасы анасына оларды ұстауға, өлтіруге рұқсат бермеді. Тіпті торына да тиіспейтін. Бұл анасына ұнай қоймайтын. Генка бұл өрмекшіні танитын сияқты. Ол үйден келген өрмекші.

Кеше Генка сиырларды шығарғанын көрді, Малина да солардың арасында еді. Атасы да солармен бірге. Амандасуға ертең барады. Шатыр іші адамдардың демімен жылы болды. Роман әлдеқашан ұйықтап қалған. Әкесі далада.


Оқи отырыңыз: Сталиндік режим. Шаруаларға қарсы репрессия саясаты


№1.13 құжат: "15 000 поляк және неміс шаруашылығын Украина КСР-інен жер аудару және Қазақ АКСР-інің Қарағанды облысында шаруашылық тұрғыдан жайғастыру туралы"

28.04.1936 ж. № 776-120сс КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің ҚАУЛЫСЫ

15 мың поляк және неміс шаруашылығын Украина КСР-інен жер аудару және Қазақ АКСР-інің Қарағанды облысында шаруашылық тұрғыдан жайғастыру туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі қаулы етеді:

  1. Украина КСР-інен жер аударылатын 15 000 шаруашылық – 45 мың адамнан тұратын поляк және неміс шаруашылығы үшін қолда бар ауыл шаруашылық ІІХК еңбек ауылдары нұсқасымен Қазақ АКСР-інің Қарағанды облысында қоныс ұйымдастыру КСРО ішкі істер халық комиссарына жүктелсін.Жер аударылатындардың азаматтық құқықтары шектелмейді және ол адамдар әкімшілік орналастыру ауданының шегінде қозғала алады, бірақ ол жерден кетуге құқығы жоқ.
  2. Контингенттің тұрғынүй-шаруашылық және коммуналдық-тұрмыстық құрылысы, сондай-ақ ауыл шаруашылық орналасуы ГУЛАГ ішкі істер халық комиссарына тапсырылсын, көшірілгендердің күші мен құралы соларға тартылсын.
  3. Қарағанды облыстық атқару комитетіне көшірілгендердің қоныстанған жерінде ауылдық кеңестерді ұйымдастыру міндеттелсін.
  4. КСРО Егіншілік халық комиссары көшірілген шаруашылықтарға қажетті жер қорын Қарағанды облысындағы Кеңшарлар ХК жүйесінің Летовочный, Красноармейский және Таранкөл ет кеңшарлары есебінен бөліп бекітуге және шаруашылық ішіндегі қоныстандыру жұмыстарын Қазақстанға қажетті қоныстандырушы санын жіберіп жасауға міндеттелсін.
  5. Кеңшарлар халық комиссарына Летовочный етсүт кеңшарының малын Красноармейский, Таранкөл етсүт кеңшарларына беруге рұқсат етілсін, ГУЛАГ ІІХКге Кеңшарлар ХК-ға Летовочный ет-сүт кеңшарларында қалған мал шаруашылығы ғимараттары мен тұрғын үй құнын өтеу міндеттелсін.
  6. 1936 жылы Кеңшарлар ХК-ға осы сома шегінде, 1936 жылы бөлінген капитал жұмсалымынан асатын сомаға Красноармейкий және Таранкөл ет-сүт кеңшарларында өндірістік және тұрғын үй құрылыстарын салуға рұқсат етілсін.
  7. КСРО Егіншілік ХК-ға 1936 жылдың III тоқсанынан кешіктірмей жаңа қоныстардың аумағында үш МТС (машина-трактор станциясы) ұйымдастыру міндеттелсін. Осы МТС ұйымдастыруға 4500 мың рубль бөлінсін, оның ішінде 2170 мың рубль КСРО Егіншілік ХК-ның 1936 жылғы капитал жұмсалымы жоспары есебінен және 2330 мың рубль КСРО ХКК резервтік қоры есебінен бөлінсін.
  8. Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты айтылған МТС үшін 1936 жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей барлық тіркеме құралдары және машина-трактор шеберханаларына арналған қажетті жабдықтары бар 30 ЧТЗ трактор, 60 СТЗ,12 ЗИС автожүк тиеуші машина, 2 автоцистерна, 3 Пикап автокөлік, 3 жеңіл автокөлік, қуаты 75 және 57 күші бар 6 локомобиль беруге міндеттелсін.
  9. Денсаулық сақтау халық комиссариаты мен РКФСР Халық ағарту комиссариатына тиесілігі бойынша кенттердегі ұйымдастыру, медициналық-санитарлық желі мен мәдени тәрбие мекемелерін ұстау және оларға қызмет көрсету жүктелсін, ол үшін Денсаулық сақтау халық комиссариаты мен РКФСР Халық ағарту комиссариатына 1936 жылы мамыр-маусым айларынан кешіктірмей осы мекемелерді медицина және педагогикалық тәрбие қызметкерлерімен және қажетті жабдықтармен, құралдармен, дәрі-дәрмектермен жасақтау міндеттелсін.
  10. УКСР ХКК-ға жер аударылғандардың жеке пайдалануындағы барлық малды жер аударылатын шаруашылықтармен бірге Қазақстанға жіберу міндеттелсін. Кеңшарлар кеңшар мүшелеріне үлесіне келетін жылқыларды бөліп беруге міндетті. Қоныс аударатын жеке шаруалардың егістіктерін осы егістіктің құнын олардың иелеріне дереу төлей отырып, Аудандық жер бөлімі бағасы бойынша жергілікті ұжымшарларға беру. Кеңшарлар кеңшарлардың жер аударылатын мүшелерімен өздері атқарған барлық еңбеккүн үшін заттай және ақшамен толық есеп айырысуға міндетті.
  1. КСРО Мемжоспары, Орман өндірісі ХК, Ауыр өнеркәсібі ХК және РКФСР Жергілікті өнеркәсіп ХК 1936 жылдың 2 және 3 тоқсандары ішінде Ішкі істер ХК-ға келесі құрылыс материалдары мен жабдықтарды бөлуге және беруге міндеттелсін:
  • Жұмыр ағаш – 55 мың текше метр;
  • Кесілген ағаш – 62 мың текше метр;
  • Сырық – 9 мың текше метр;
  • Шеге – 250 тонна;
  • Әйнек – 117 мың шаршы метр;
  • Жабын қаңылтыр – 19 тонна;
  • Сұрыпталған темір – 190 тонна;
  • Сым – 13 тонна;
  • Ағаш желімі – 14 тонна;
  • Әліпмай – 103 тонна;
  • Түрлі бояу – 47 тонна;
  • Ақ сыр – 22 тонна;
  • Қарақағаз – 128 мың шаршы метр;
  • Цемент – 300 тонна;
  • Шере – 5 490 шаршы метр;
  • Темір құбырлар – 7 тонна;
  • Шпал кескіш – 10 дана;
  • Шпал кескіш ара – 30 дана;
  • Құралдар – 100 мың рубль сомасына;
  • Пеш аспаптары – 560 тонна;
  • Талшық – 87 тонна;
  • Киіз – 34 тонна.
  1. Кенттерде құрылыс бағдарламасын орындау кезінде ГУЛАГ ІІХК-ға тұрғын үйлер мен аула құрылыстарын қоныс аударушылардың өздері салуын ынталандыруға ерекше назар аудару ұсынылсын, бұл мақсат үшін жеке салушыларға қолма-қол ақша есебінен де, сондай-ақ 8 жылға дейінгі мерзімге ұзақмерзімді қарыз ретінде де беретін құрылыс материалдары мен қаражатты бөліп берсін. 
  2. КСРО ХКК жанындағы Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау комитетін 1936 жылы мемлекеттік дайындау бағасы бойынша ГУЛАГ ІІХК-ға мыналарды бөлсін:
  • қоныс аударушыларға қарызға беруге арналған дәнді дақылдар тұқымдары – 3 600 тонна;
  • мал азығына арналған астық – 5 мың тонна.

Бұдан басқа, қоныстанушыларға еркін сату үшін 4 200 тонна ұн мен жарма Центросоюзға жіберілсін. Тұқымдық және азық-түліктік тең бөліктермен қайтарылатын қарыз қоныс аударушыларға 1937 жылдан бастап 3 жыл мерзімге берілуі тиіс; тұқым мен азық-түлікті жіберу Қазақ АКСР-інің Қарағанды облысындағы ІІХК және МТС еңбек ауылдарының мемлекетке тапсыруға жататын астықтан жүргізілсін.

  1. Центросоюзды жаңа ауылдарда 1936 жылдың мамыр айынан кешіктірмей сауда желісін ұйымдастыруға міндеттеу, оны ауыл шаруашылығы тауарларын (азықтүлік, өнеркәсіп тауарлары, аяқкиім, шаруашылық тауар­лары және т. б.) қоныстанушыларға сату үшін қажетті тауарлармен қамтамасыз ету.
  2. КСРО Ішкі сауда ХК 1936 ж. 2, 3 және 4-тоқсандарында қоныс аударушыларға сату үшін мыналарды бөлуге міндеттелсін:
  • Өсімдік майы – 150 тонна;
  • Балық – 1 мың тонна;
  • Ет – 200 тонна;
  • Қант – 630 тонна;
  • Өнеркәсіп тауарлары – 5 млн рубль сомасына.

оның ішінде:

  • Эмаль ыдыс – 150 мың рубль.
  • Мырышталған ыдыс – 150 мың рубль.
  1. КСРО Ішкі сауда ХК қоныс аударушылардың уақытша орналастырылуы үшін ГУЛАГ ІІХК-ға 250 үлкен шатырды дереу жіберуге міндеттелсін.
  2. ГУЛАГ ІІХК салынған үйлер мен шаруашылық құрылысын ауыл шаруашылық артельдеріне 8 жыл мерзімге қарыз тәртібімен берсін. Ауыл шаруашылық артельдеріне және жеке қоныс аударушыларға берілетін барлық қарызды рәсімдеу тікелей Ауыл шаруашылығы банкіне жүктелсін.
  3. Осы қаулыға сәйкес қоныс аударушылардан ұйымдастырылған ауылшаруашылық артельдер мен қоныс аударушылардың жеке шаруашылықтары 1937 жылдан бастап 3 жылдық мерзімге барлық салықтан, алымнан және мемлекетке астық, картоп және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуден босатылады.
  4. Қатынас жолдары ХК-ға ІІХК сұранысы бойынша ІІХК жоспарына сәйкес жылжымалы құрамның жеткізілуін қамтамасыз ете отырып, қоныс аударған отбасылар мен олардың мүліктерін жеңілдетілген әскери тариф бойынша тасымалдауды ұсыну. Осы тасымалдау үшін есеп айырысу Қатынас жолдары ХК-нан осы мақсаттарға бөлінген қаражат есебінен, орталықтандырылған түрде жүргізілсін.
  5. Осы қаулыда қарастырылған көшіп келушілерді қоныс аудару және экономикалық реттеуді жүзеге асыру шығындары 23 000 мың рубль мөлшерінде белгіленсін, оның ішінде:
  • КСРО ХКК резервтік қоры есебінен 1 900 мың рубль;
  • КСРО ХКК жанындағы Бүкілодақтық қоныс аудару комитетінің сметасы есебінен 1 830 мың рубль;
  • 1936 ж. КСРО Егіншілік ХК-ның күрделі жұмсалымдар жоспары есебінен 2 170 мың рубль.

КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Молотов, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Іс басқарушысының орынбасары В. Межлаук

Ішкі. УД СНК’С д. № 200-44 2/ов. 28.IV.36 ГАРФ. Ф. Р-5446. Оп. 1. Д. 486. 116-120 Б. Түпнұсқа. 126


Оқи отырыңыз: Сталиндік режим. Шаруаларға қарсы репрессия саясаты. Жалғасы


Марина Резонтова:

"Аделина Францевна 1947 жылы 3 қыркүйекте бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Чкалов ауданының Подольск ауылында дүниеге келді. Әкесі – Дворецкий Франц Григорьевич (Францышек Гжегович), поляк, діни сенімі бойынша католик, 1916 жылы Украинаның Киев облысы, Софиевка ауылында дүниеге келді, ауылы Польша мен Украинаның шекарасында болды. Ауылда украиндар, поляктар және немістер тұрды. 2001 жылы ол Ивано-Франков облысы, Надворнянский ауданының Пасечная ауылына, қызы Розалияға көшіп келіп, сол жерде 2009 жылы наурызда қайтыс болды. Францышек өте жақсы отбасынан шықты (жеті бала), төрт жыл бойы поляк мектебінде оқыды да, әлі жасөспірім кезінде егістікте жұмыс істеуге, сиыр және шошқа бағуға шықты және үй жұмысымен айналысты.

Оның естелігі бойынша, әкесінің үйі шағын, қабырғасы әктелген, шатыры сабанмен жабылған еді. Негізгі бөлменің шалғайдағы оң жақ бұрышында "Қасиетті бұрыш" болатын, онда қабырғада "Қолында нәрестесі бар Мария" мен "Иса Мәсіхтің" икондары ілініп тұратын. Бұрыш кестелі сүлгімен сәнделген еді. Ақ дастархан жайылған үстелдің жанында шам тұрды және кітап жатты – "ксёнжка". Анасы – Дворецкая (Железко) Тофиля Михайловна (1922–1977 жж.), Киев облысының Яблоневка ауылында дүниеге келді. Ол католик отбасынан шыққан поляк, поляк мектебінің төрт сыныбынан кейін сол кездегі барлық қыздар сияқты оқуды тастап, анасына көмектесе бастады. Тофиля бала кезінен-ақ тігуді, кірестеп тігуді, шілтер тоқуды үйренді. Ол кезде поляк отбасылары дінге қатты сенетін. Отбасының әр мүшесі "кшыжик" деп аталатын ағаштан жасалған зығыр бауға ілінетін кірес тағатын, "Отче нашты" білетін және оқитын. Жексенбі күні бәрі мессаға Костелге баратын. Мессадан кейін кәрі адамдарды кездестірсе, қыздар "Нех бэндзе похвалены Езус Хрыстус" деп амандасатын, содан кейін басын иіп, қарттардың қолын сүйетін.

1936 жылғы сұрапыл кезінде Софиевка және оның маңайындағы ауылдарда тұратын халықтың дені мүлкі тәркіленіп, өздері тауар эшелонымен алыс Қазақстанға жөнелтілді. Көпкүндік ауыр жолдан кейін ұлан-ғайыр қазақ жеріне қазық қағып, жаңа мекендерін "төртінші нүкте" деп атады. Брезенттен жасалған үлкен шатыр тігіліп, барлығын сонда орналастырды. Ауру, өлім-жітім мен ашаршылық басталды. Міне, мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылғандар осындай адам төзгісіз жағдайда тұрды. 1940 жылға таман "төртінші нүктенің" жеркепелерінен басталған мекен Подольское ауылына айналды. Тірі қалған адамдар бейімделіп, жайғасып, үйлібаранды бола бастады. Аделинаның ата-анасы да сол кезде үйленді. Көп ұзамай тұңғыштары дүниеге келді, ал отбасында барлығы он бала болды. 1941 жылы соғыс басталды, 1942 жылы әкесін Нижний Тагил қаласына еңбек армиясына әкетті. Еңбек әскерлері тұқынға алынған немістерді күзетіп, зауыттар салатын.

Ол уақытта жас отбасының өз үйі болмағандықтан, Аделинаның анасы баласымен Подольск ауылындағы ата-анасының үйінде тұратын. 1946 жылы Франц Григорьевич Нижний Тагил қаласынан қайтып келді, бірақ оны бірден Подольскоедан 70 шақырымдағы сүт фермасының құрылысына жұмыс істеуге жіберді. Басында есепші болды, кейін ветеринар болды, ал соңғы жылдары, 1955 жылға дейін меңгеруші болып істеді. Одан кейін ферма да жабылды. 1955 жылы Подольское ауылына қайтып келіп, Дворецкий отбасы ақырында өздеріне екі қожайынға ортақ шағын үй салды. Бір қабырғасы ортақ, кіреберістері әр отбасына бөлек болды. Аделина Францевна естелігінде кішкентай жеркепеде еденді қызыл сазбен, қабырғаны ақ сазбен әшекейлегендерін айтады. Кілемнің орнына қабырғаға құрақ мата ілді. "Радюшки" деп аталатын қызылды-жасылды құрақ не сисадан, не бөзден тігілетін. Дастарханды әшекейлеу үшін майлық тігіп, оларды кіреспен немесе матаға арналған жіппен тығыз кестелеп, кейде мулинемен кестелейтін. Бастапқыда қолдан жасалған жантайма төсекке сабан төсеп нығыздайтын, бүктелген күпәйкені жастық ретінде қолданды, сабанмен толтырылған матрастар елуінші жылдардың басында ғана пайда болды.

Күнделікті ыдыс негізінен балшықтан жасалды. Күрішкелер мен қасықтар ағаш еді. Кейінірек алюминий және фаянс ыдыстар сатып алу мүмкіндігі пайда болды. "Нучёвка" дейтін ағаш астауда кірлерін де жуды, өздері де жуынды, суды ағаштан жасалған "цыберко" шелегімен тасыды. Аделина Францевнаның есінде қызықты сәт қалды – шыны бөтелкеден шыны стақан жасау. Ол үшін көп рет бүктелген кендір жіпті қарамаймен сылап, кесу керек жерді шыны қатты қызғанға дейін ысқылайтын, содан кейін ол жерге суық су тамызатын, сонда бөтелкенің керексіз жағы бөлініп қалатын. Стақанның өткір ернеуін қырнайтын. Барлық бала осы стақаннан ішкісі келді, оны қызық көретін. Сепараторы жоқ поляктар қаймақ жасаудың да әдісін тапқан. Балшық кіреңке немесе үш литрлік банканың түбінен кішкентай тесік тесіп, оны ағаш тығынмен нығыздайтын. Сүт құйып, біраз оның ашуын күтетін, содан кейін тығынды алып, тесік арқылы көк сүтін шығаратын. Сонда ыдыста қою қаймақ қалатын. Мұндай құрылғы "слоик" деп аталатын.

Аделина Францевна анасы дайындаған тағамдарды дайындауды әлі де жақсы көреді. Бізге соның кейбірі туралы айтып берді. "Пытравка" көжесін дайындау үшін дайын тауық немесе шошқа етінің сорпасына картоп (текшелеп туралған) салатын, содан кейін сап-сары болғанша қуырылған ұнды қосып (бірнеше қасық), суық су құятын. Содан кейін ол көжеге шала қуырылған пияз салатын. "Лызанки": кеспеге қамыр илеп, жайып, ромб немесе текше қылып кеседі. Тұздалған суда қайнатып, кәкпірге тастайды. Бұл қамыр тіліміне шошқа майы бар шала қуырылған пияз қосады. "Хрустики" қытырлақ нанға ұқсас, оны тұз, қант және жұмыртқа және қолдың қышқыл сүтін қосып иленген қамырдан жасайды. Қамырды жабық ыдыста шамамен бір сағат қойып қояды, содан кейін оны жайып, ортасында саңылауы бар ромб түрінде турайды. Ромбтың бір ұшын кесікке кіргізеді, сонда ол ширатпа нан болады, оны майда қуырады, ол толықтай майдың ішінде қалқып жүруі қажет. "Хрустикті" сүтпен немесе шәймен жейді. Шәй тек қолдан жасалды, ол үшін қарақат, таңқурай, шие, құлпынай жапырақтарын пайдаланды.

1956 жылы отбасы мүшелері түгел ақталды, сонда ғана тұрғылықты жерін өзгерту мүмкіндігі пайда болды. Бірақ Дворецкий отбасы тек 1961 жылы ғана көшті. Олар Жамбыл облысының Шу станциясына қоныс аударды. Әкесіне үй салуға несие берілді де, алпысыншы жылдардың ортасында отбасы еңселі үй салды, әйнек верандасы мен терезелерінде "фиранки" деп аталатын пердесі бар үйде жайлы өмірін бастады. Әкесі кеңшарда қант қызылшасын суарушы болып жұмыс істей бастады. 1965 жылы мектепті бітіргеннен кейін Аделина Өскемен қаласына аспаздың оқуына кетті. Пәтерде тұрды, 18 рубль көлемінде стипендия алып, өмір сүріп жатты. Оқуды бітіргеннен кейін Өскеменде қалып, асханада аспаз болып жұмыс істей бастады. 1970 жылы Зайченко Юрий Александровичке тұрмысқа шықты (1944–1998 жж.). Шығу тегі бойынша: әкесі – поляк, анасы – украин. 1977 жылы олардың ұлы Андрей дүниеге келді. 1972 жылы қалалық әлеуметтік қамсыздандыруға жұмысқа ауысты. 1987 жылдан бастап желім мен резеңке баспақтаушы, кейін Аспап жасау зауытында құюшы болып жұмыс істей бастады. 1996 жылдың желтоқсанында, зейнетке шығуына бір жыл қалғанда қысқартуға ұшырады. 1997 жылдан бастап экология бойынша зейнетке шықты, ал 2002 жылдан бастап қосымша ақтау жәрдемақысын алады.

Бүгінгі күні Аделина Францевна немерелерімен әуре. Екі немересі бар, үлкені Данил 2002 ж.т., кішісі София 2008 жылғы. Оларға киім тоқиды, майлықтар мен дастархан жаймаларын кіреспен кестелеп сәндейді. Дворецкий отбасынан екі ағасы мен әпкесі Солтүстік Қазақстан облысында тұрады, бір әпкесі Германияда, тағы бір қыз Украинада, Өскеменде Аделина Францевна мен сіңлісі Валентина тұрады. Олардың әрқайсының есінде балалық шағы туралы осындай естеліктер сақталған болар. Бәлкім бұдан басқа, ешкімге ұқсамайтын, ерекше естеліктері де бар шығар".

Елена Порсева:

"1923 жылы Украинаның Киев облысына қарайтын Емельчинский ауданындағы Уляшевка деген ауылда дүниеге келдім. Қыз кезімдегі тегім – Котвицка. Ол кезде хуторлар болып өмір сүрдік. Менің ата-анам – Петр мен Лижбета орманы мен шалғыны бар жер иесі еді. Әкем, анам, атам, мен және інім Болеслав бәріміз тату-тәтті өмір сүрген едік. Атаанам шаруа болатын, жер өңдеп, мал ұстайтын: сиыр, жылқы, тауық бағатын. 1927 жылы әкем Петр Станиславович Польшаға отбасымен бірге көшетін жақсы жер іздеуге кетті. Бірақ жолда бір оқиға болған болар, әкем қайтып келген жоқ... Ал 1929 жылы атам Котвицка Станиславты әскери қызметшілер азық-түлік салығын төлемегені үшін қамауға алды. Мен қатты қорқып, сарайдың артына тығылып қалған едім, бірақ атам мені тауып алып, қоштасып кетті. Одан кейін оны көрген жоқпыз. Қайда кеткенін ешкім білмейді...

Кейін үйіміз бен бар дүние-мүлкімізді алып қойды. Малымызды зорлықпен тартып алды. Анамды 100 шақырым жерге жіберді. Ол Киев маңындағы шыны зауытында жұмыс істеді. Інім екеумізді кіндікшешем қолына алды. Балаларын көруге келген анамды бір сағаттан кейін қайта алып кететін. Анамызды қатты сағынатынбыз. Жеті-ақ жаста болсам да, өмір сүргім келмегені есімде... 1933 жылы Цалковский Ян атамызбен бірге тұрдық. Орманда бар нәрсемен тамақтандық: жидек, саңырауқұлақ жедік. Кейде саңырауқұлақты азықтүлікке айырбастадық. Ал кіндікшешем Драпиковская Павлина бізге 5 шақырым жерден күнде сүт әкелетін. Орман ішімен өтіп, Тайкаға мектепке баратынмын. Бірінші сыныпта бізді поляк тілінде, кейін украин тілінде оқытты. Күнелту үшін анам мені бөтен адамдарға мал бағысып, балаларға қарауға жіберетін.

1936 жылғы репрессия кезінде біздің Хмирин ауылынан 20 поляк отбасын хат алмасу құқығынан айырып, Қазақстанға жер аударды. Өзімізбен бірге икондар, кірес, дұғалар, поляк тіліндегі қолжазба әндер жинағын жасырып әкелдік. Үштөбеге дейін анам, інім үшеуміз тауар тиейтін вагонмен бір айға жуық уақыт жүрдік. Гавриловка ауылының "Новый быт" кеңшарына келдік. Жергілікті тұрғындар қоныс аударушыларды мейіріммен қарсы алды, қолда барын бөлісті. Еркектердің барлығы комендатурада есепте болды, тіркелуге барып жүретін. Жеркепелерде тұратынбыз. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін кеңшарда еңбеккүн үшін жұмыс істейтін. Жұмыс өте ауыр болды. Жерді бұқамен жыртатынбыз. Нан жегіміз келді, бірақ нан бермейтін, барлығы майданға кететін. Арпаны қолмен жинағанымыз есімде – масақтарды түбімен бірге жұлатынбыз...

1943 жылы мен Багинский Антон Ивановичке күйеуге шықтым. Оның отбасын да 1936 жылы Хмирин ауылынан жер аударған. Антон 14 жастан бастап "Новый быт" кеңшарында жұмыс істеді. 1924 жылғы інісі Константинді еңбек лагеріне әкетті. Басында ол Текеліде істеді, кейін оларды Қарағандыға шахталарға әкетті, содан кейін хабарсыз кетті. Ағасы Валерьянды 1937 жылы саяси тұтқын ретінде әкетіп, ату жазасына кесті. Бірақ ол сауатсыз болатын, тіпті жаза да алмайтын. Соғыс біткенше күйеуім екеуміз кеңшарда істедік. Антон таудағы фермада бригадада істеді, мен егістікте болдым. Егістікте демалыссыз жұмыс істедік, таңертеңнен кешке дейін бұқамен жер жырттық, ектік, отадық, орақпен орып масақтарды алдық, одан кейін бастырдық. Дән бастырғыштың аспанға көтерілетін шаңы әлі есімде, ауа жұта алмайсың... Қызылшаны күтетінбіз, әрқайсымызға 1 гектар нормадан беретін, күзде қар түскенге дейін жинайтынбыз. Қолмен қазатынбыз, машиналарға арнайы айырмен тиеп, үстінен отырып қант зауытына түсіруге баратынбыз. Ән салып, өз көңілімізді өзіміз көтердік. Түнде өз бақшамызға қарайтынбыз. Соғыстан кейін, 1947 жылы анам мен ағам Украинаға көшіп кетті. Күйеуім екеуміз Талдықорғанда қалдық. 1947 жылы ұлымыз Болеслав дүниеге келді, 1951 жылы егіз қыз – Нина мен Елена туылды. 1954 жылы тағы бір қызымыз Альвина дүниеге келді.

Отбасымыз өте тату, дінді ұстанамыз. Балаларымыздың бәрінің жоғары білімі бар. Алты немереміз де жоғары білім алды. Қазір 11 шөберем бар.

Елу жасымда қатты ауырып, жеңілдеу, ақысы да аз жұмысқа ауысуға мәжбүр болдым. Сол жерде зейнетке дейін істедім.

Ұлым туралы айтып бергім келеді. Мен оны мақтан тұтамын. Болеслав алты жасында мектепке барды. Нақты ғылымдарға ерекше қабілеті бар екені бірден көрінді. Үлгілі оқушы, жасақ кеңесінің төрағасы, кейін комсомол ұйымының хатшысы... Мектеп мақтанышы. Жыл сайын үздік оқығаны және мектеп пен қала өміріне белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталды. 11 жасында ең жақсы оқушы ретінде, Мәскеуге ВДНХ Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне жолдама берді. Мектепті алтын медальмен бітіріп, керзі етік пен күпәйке киген Болеслав Томск қаласына Политехникалық институтқа оқуға кетті. Оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітірді. Сол институтта өнеркәсіп және медициналық электроника кафедрасында жұмыс істеді. Аспирантураны бітірді. Өмірінің соңғы 12 жылында кафедра меңгерушісі болды. Профессор, корреспондент-мүше болды.

Болеславтың жетістігі жеткілікті: аса дәл электроникадағы жаңа ғылыми бағытты ашты, өзінің ғылыми мектебі болды, 88 еңбегі баспа бетін көрді, 3 монография, 76 авторлық куәлік пен патент авторы. "Ресейдегі жоғары білім берудің құрметті қызметкері", "КСРО құрметті өнертапқышы" атағына ие болды. Томск қаласында оның керемет, тату отбасы бар. Көп жыл жоғары оқу орнында жұмыс істеді. Томск политехникалық институтына студенттер қабылдау үшін, қабылдау комиссиясымен өзінің туған қаласы Талдықорғанға келетін, біз оны асыға күтетінбіз. Қарашаңыраққа келгенде бізге неғұрлым пайдасын тигізуге тырысатын. Қолынан келмейтіні жоқ еді! Не нәрсені қолға алса да, оп-оңай тындырып тастайтын, монша салу, кафель төсеу, ток жүргізу, телевизорды жөндеу... 2001 жылы 3 тамызда опат болды, небәрі 54 жаста еді. Оны қатты сағынамыз... Бірақ ақылды, қамқор қыздарым бар. Нина мен Альвина отбасымен Ресейде тұрады, Елена менімен тұрады. Қыздарыма өзім білетін дүниенің бәрін үйреттім: тігу, кестелеу, тоқу, тамақ әзірлеу. Қыздарым отбасымен жыл сайын қонаққа келеді. Өмірім үшін, 64 жыл бірге тұрған жақсы күйеуім үшін, керемет балаларым, немерелерім, шөберелерім үшін Құдайға шексіз шүкір айтамын және барлығыңызға ұзақ өмір, бақыт пен береке тілеймін!"


"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.