ШҚО-да медицина және білім салаларын дамыту ерекше назарда
Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ әкімшілік ғимаратында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат Зарина Камасова және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Маржан Бахыт пен Денис Рыпаков университет ұжымымен және студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында олар жиналғандарға Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қойылған сауалдарға жауап берді.
"Үгіт-насихат жұмыстары аяқталуға шақ қалды. Осы 1 айдың ішінде облыс халқына партияның бағыт-бағдарын, мақсат-мұраттарын жан-жақты түсіндіруге тырыстық. Алдағы болатын сайлауда сіздер еліміздің болашағы үшін дауыс беретіндеріңізді ұмытпаңыздар. Біздің партия нақты жобалар ұсынып, қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Медицина, білім салаларын дамытып, ел болашағын ту еткен жастарды қолдау – негізгі мақсаттардың бірі. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан әлемдегі тұрақты, берекелі де ынтымақты мемлекетке айналды. Бірақ, осымен тоқтап қалмай, алдағы жылдары елімізді дамыта түсу үшін бәріміз бірлесе еңбек етуіміз керек", – деді Зарина Камасова.
Маржан Бахыт өз сөзінде Nur Otan партиясының нағыз істің партиясы екендігін жеткізді.
"Мысалы, төрткүл дүниеге тараған коронавирус пандемиясы кезінде партия халықпен бірге болып, мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетті. "Біз біргеміз!" акциясы аясында қиындыққа тап болғандарға қаржылай көмек беріліп, қарттарға, жалғызбасты жандарға азық-түлік жеткізілді. Бұған ешкімнің күмәні жоқ деп сенемін. Сонымен қатар праймериз өткізіліп, еліне жаны ашитын, халықтың жағдайын жақсарту үшін аянбай тер төгуге даяр сайдың тасындай азаматтар іріктеліп, партия тізімі жасалды. Сондықтан сіздерді 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауда Nur Otan партиясын қолдауға шақырамын. Бәріміз ортақ жеңіс үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла әрекет етуіміз қажет", – деді ол.
Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облысы cайлау қорының қаражатынан төленді.