Солтүстікте ауылдар қаңырап жатыр. Ал оңтүстіктен келетін қазақ көші әлі шабан
Ішкі және сыртқы көші-қон арасында қандай айырмашылықтар бар? Қандай көмектер қарастырылған? Көшіп келу үшін не істеу керек? Кімдер көмектеседі? Осы сұрақтарға жауапты 2016 жылдан бері қарқын ала бастаған көштің Павлодар облысындағы жағдайынан іздеп қайттық.
Облыс әкімі көшіп келушілерді қарсы алды
11-12 тамыз күндері Павлодар облысында "Ұлы дала елі" атты этнофестиваль өткен болатын. Осы фестиваль аясында Алматы облысынан көшіп келген және көшіп келу үшін алдын-ала жер қарап жүрген бір топты облыс әкімі қабылдады.
"Ата жұрт" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен келген 17 отбасы Успенка және Шарбақты аудандарына орналасты. Бұл "ата жұрттықтар" ұйымдастырған көштің үшінші легі. Осыдан екі ай бұрын Қытайдан келген 10 отбасы Успенка ауданының Волгина ауылына қоныстанған. 12 тамыз күні де тағы бес отбасының осы ауылға келгені белгілі болды.
Облыс әкімі Бақауов Болат Жұмабекұлы: "Мен аудан әкімдеріне ертеңге дейін бұл келген отбасыларға ауылдарды көрсетіп, орналастыруларын тапсырамын әрі ертең осы жұмыстар бойынша өтетін арнаулы дөңгелек үстелге үлгерулері керек" – деп тапсырма берді. Енді "Ата жұрттықтар" облыс әкімнің орынбасары Бегентаев Мейрам Мұхамметрахымұлымен тікелей байланыс жасайтын болып келісті.
Loading...
Ішкі және сыртқы көші-қонға қандай талаптар қойылады?
"Біздің облысымызға қоныстануға ішкі көші-қон бойынша 50 отбасына, оралмандар бойынша 100 отбасына квота бөлінген. Қазірге дейін 50 пайызы орындалды. Атап айтқанда, ішкі көші-қон бойынша 30 отбасы келіп орналасты, Ал шетелден 29 отбасы оралды, тағы 30 отбасы құжаттарын рәсімдеп жатыр", – дейді Павлодар облысының көші-қон бөлімінің басшысы Есенбаева Меруерт Сейітбекқызы.
Меруерт ханымның айтуынша, ел ішіне жұмыс күшінің көшіп келуі ішкі көші-қонға жатады. Көшіп келуші отбасының кемінде бір мүшесінде мамандық болуы керек және ол осы жақтағы сұранысқа ие, мамандық болуы керек. Ал оралмандарға бұл талап қойылмайды.
"Шетелден көшіп келетін қандастарымыз азайып кетті"
Меруерт ханымның айтуынша, өткен жылға қарағанда шетелден көшіп келуші қандастарымыздың саны азайып кеткен. Бұл Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға көшуін ашық түрде шектеуімен де байланысты. Оның үстіне Қазақстан тарапынан болған кейбір кедергілерді де Президент Нұрсұлтан Назарбаев маусымда өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында ашық айтқанын білесіздер.
Қытайдағы қандастарымызға қатысты террорлық әрекеттердің асқынуы мен "соттылығы болмағаны туралы анықтама" сұраған Қазақстанның құзырлы органдарының талаптары, бірнеше рет шекарада туындаған шырғалаң – көшке ауыр кедергі болып отыр.
12 тамыз күні Павлодарда өткен кездесуде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз арасында бұндай кедергілердің көп екенін ауызға алып, оны шешуге өзіне біраз уақыт керек екенін айтты. "Мүмкін жарты жыл, бір жыл кетер. Бәрі заң жүзінде реттеледі. Уақыт керек", – деді.
Жастар ішкі және сыртқы көші-қонды ұйымдастыруға күш салуда
"Қытайдағы қазақтарға көрсетіліп жатқан қысымның күшейіп, жаппай тұтқындау басталғалы да біраз отбасылар келді. Біздің жастар оларды шекарадан әдейілеп күтіп алып, Павлодардың аудандарына дейін әкеліп, орналастырып жатыр.
Мұндағы мақсат көшті жүйелі түрде ұйымдастыру. Үгіт-насихат жұмысын жасау болатын. Соның арқасында осы жолы да 17 отбасы көшіп келді. Келесі жолы бұдан да көп келетіні белгілі", – дейді "Ата жұрт" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіпкер Қыдырәлі Оразұлы.
Павлодардың кей аудандарында 12-13 мың ғана адам тұрады
Бұл нақты мәліметті Павлодар облысының басшылығы айтып отыр. Мысалы, Май ауданында – 12 мың, Успенка ауданында небәрі 14 мың халық тұрады. Көрші Ресей Федерациясымен шекарадағы кей ауылдар тіптен босап қалған.
Қазақстан республикасының жаңа заң-актілеріне сай шекарадағы ауылдарды қысқартуды шектегені белгілі. Дегенмен, адамсыз ауылдардың пайда болуы да облыс әкімшілігін тығырыққа тіреген.
«Біз кез келген отбасын қабылдауға дайынбыз. Көшіп келген отбасы өзі таңдап, бір ауылдан үй сатып алуы керек. Ал біздің тараптан түрлі көмек, қаражаттар бөлініп, жер бөліп береміз және жұмыспен қамтылатын болады", – дейді Успенка ауданының әкімі Саламацкий Сергей Иванович.
Оңтүстік облыстарда өкілдік құрып, үгіт жүргізуде
Павлодар облысы оңтүстік жақта үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Екі облыста өкілдік те ашып үлгерген. Алда 28-29 тамыз күндерінде Алматы облысына да бару қарастырылыпты.
Көшіп келгісі келетіндер өзі тұрған облыстағы, не аудандағы, қаладағы жұмыспен қамту және көші-қон бөлімдерімен хабарласу арқылы бәрін біле алады.
Осымен Павлодар облысына екінші мәрте көш алып келген Қыдырәлі бастаған жігіттер қандастардың Қытайдағы визасының ашылуынан, шекарадан өткенде күтіп алу және облыстарға дейін барып орналастыру жұмыстарын жүйелі түрде қолға алған. Оның үстіне арнаулы топтар мен қызмет көрсету тәртіптерін белгілеп, тағы да көшіп келгісі келетін қандастарға көмектесе бастапты.
Осы жолы келген 17 шаңырақтың артында жүздеген отбасының барын естіген облыс әкімі, әр аудан әкімдеріне осындай жігіттермен жұмыс істеуге тапсырма берді. Соның арқасында сол күннің өзінде оншақты отбасы үй сатып алып, орналаса бастады.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет шешімімен 2017 жылы 2700 отбасының қоныс аударуына квота бекітілген. Онда оңтүстіктегі және батыстағы облыстардан жеті өңірге (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс күші мен оралмандарды көшіру тетіктері нақтыланған болатын.
Облыстық әкімдік: "Үй сатып алса, көмек көрсетіледі, қаражат, жұмыс, жер дайын"
Көшіп келуге ниеті барлармен кездесуде облыс әкімі Болат Бақауов: "Біз заң шеңберінде, көшіп келем деушілерге барлық көмекті жасаймыз", – деп мәлімдеді.
Сонымен бірге облыс басшылары оралмандар мен көшіп келушілердің түрлі сұрақтарына жауап берді.
"Біз аудандағы әкімдік құзіретіндегі бос тұрған офистерді және басқа да орындарды төмен бағамен жалға беріп, жеке кәсіппен шұғылданушыларға жағдай жасаймыз", – дейді Шарбақты ауданының әкімі Ыбыраев Балғабай Жұмағұлұлы.
Көшіп келушілер үшін жер ешқандай конкурссыз, аукционсыз беріледі
Облыс әкімінің орынбасары, Бегентаев Мейрам Мұхамметрахымұлы: "Біз барлық аудандардағы бос тұрған, сатылатын үйлердің тізімі жасап, бағасын нақтыладық. Оның үстіне жер алам деушілер үшін жақсы хабар бар. Бағдарламаға енген, жаңа өзгеріске сай көшіп келем деушілерге жер ешқандай конкурссыз әрі аукционсыз беріледі", – деді.
Қаратай ауылының әкім Бейбіт Жолшеев : "Ауылыма бір үй көшіп келсе де қуанамын. Себебі, кім өзінің ауылының құрып, жоғалғанын көргісі келеді дейсіз. Ауыл Ресеймен шекараның түбінде, жер де, жұмыс та, қазақша мектеп те бар".
Loading...
Каникул кезі біткенше көшіп келуді тездету керек
"Осы каникул кезінде көшіп келем деушілерді оқу басталғанға дейін орналастыру керек, бұл балалардың оқудан кешікпеуіне байланысты айтылып отыр. Сосын көшіп келушілердің талабы бойынша қазақ мектебі бар ауылдар ескеріліп, кей мектептерде қазақ тілді сыныптар ашылсын, сатылатын үйлердің бағаларының өсуінің алдын алуды қатаң қадағалаңыздар", – деп те облыс әкімі қатаң тапсырды.
Қандай көмектер беріледі?
Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары ризагүл Неғманованың айтуынша, көшуге субсидия – әр отбасына 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш (осыдан былай АЕК - 2017 жылға белгіленген мөлшері 2269 теңге) мөлшеріндегі бір реттік төлемақы, тұрғын үйді жалдау бойынша шығындарды өтеуге субсидия – әр отбасы үшін 12 ай бойы төленеді.
Егер отбасы мүшесі бір адам болса, 20 АЕК, екі-төрт адамға дейін 25 еселенген АЕК, бес және одан көп болғанда 30 еселенген АЕК мөлшерінде, егер ауылдық мекендерге қоныс аударса, 12 ай ішіндегі үй жалдау ақысы жеке-жеке, бір мүшесі бар отбасына 15 АЕК, екі-төрт мүшесі бар отбасына 18 АЕК, бестен артық мүшесі бар отбасына 20 АЕК мөлшерінде төленеді.
Әр отбасының кем дегенде бір мүшесі жұмысқа орналастырылады. Ауылшаруашылығымен шұғылданатындарға жеткілікті түрде жер беріледі. Сатып алған үйі мен жерін қойып, жеке кәсіпкерлік үшін несие алуға да болады. Ол үшін ең абзалы өзара біріккен кәсіпкерлік корпоративтерін құру керек.
"Біз "Асар ауылын" солтүстікте де ұйымдастыруымыз керек"
Зауытбек Тұрысбеков осылай деп мәлімдеді.
Ол ОҚО-да әкім болып жүргенде оралмандарға арнап, "Асар" ауылын ұйымдастырғанын әрі нәтижелі жұмыс істегенін білеміз. Бұл – жалғыз келуден қорыққан, кейбір түсінбестіктен туындайтын қорқынышты жоюға әсер етеді. Көшіп келушілердің ынтасын арттыратыны белгілі.
Зауытбек Тұрысбеков шеттегі қазақтардың басындағы, әсіресе қытайдағы қандастарымыздың басындағы қиындықтарды түсінетінін, оларға да көмек керек екенін атап өтті.
Солтүстікке көшіп келушілер не ұтады?
Ең алдымен мемлекеттің көмегімен үй алады және жұмыс табады.
Ал одан да маңыздысы жерге ие болады. Адам саны өскенімен жер үлкеймейтіні белгілі, жер бірнеше жылдан кейін берілмейді. Ал жер – әлемдегі ең тұрақты, әрі құны тек өсе беретін капитал. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра.
Солтүстікте кәсіп ашушылар үшін әсіресе ауылшаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін мүмкіндік көп, бәсеке төмен.
Солтүстіктің халқы бір тоға, түзу, олармен жұмыс жасау оңай әрі сенімді.
Облыс жұмыс күшіне ғана емес инвесторларға да жағдай жасайды
Паводар облысы шекаралық аудандарда базарлар салу арқылы да жұмыс орындарын аша алады әрі бәсекелестік негізінде экономикалық серпіліс тудыра алады. Ішкі көші-қон арқылы келген жұмысшы болсын, шетелден келген оралмандар болсын олар – сапалы адам капиталы.
Егер оларды бір-екі жыл сүйемелдеп, кәсіптерінің дамуына көмектесетін болса, облыстың экономикасын көтеріп ғана қоймай, елге үлгі болар еді.
Енді бір жағынан, өзара топтасып келген қандастарымыздың мақсаты бірлесіп корпоративтер құрып жұмыс жасау. Осы арқылы ірі көлемді қаржыны, техниканы алуда қалтаға түсер салмақты азайтады.
Үшінші жағынан, облыстың демографиясын көтеретіні хақ. Бұл – босап қалған шекаралық өңірлерге жан кіргізеді. Сол арқылы өзара өндіріс те өседі.
Қысқартып айтқанда, "Елге ел келсе – құт" деген аталы сөз бар. Басымыз көбейіп, баурымыз бүтін болсын десек, шекараны адамға толтырып, өндірісті нығайтуымыз керек. Ал ол – сенімді де сергек қоныс аударушылардың да оң жамбасына келер саясат.