Ішкі істер министрлігі "Өте құпия" деген белгісі бар, аса құнды құжаттарды көрсетті
Бұл құжаттар аса құнды
Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы Дәрия Әлиқызы 31 мамырға дейін созылатын көрменің оқушыларға, студенттер мен тарихты зерттеуші зиялы қауымға арналғанын айтты.
– Бұл – көрмеге қойылғаны қордағы құжаттардың азғана бір бөлегі. Мемлекеттік ұлттық актив қорына енген. Тұрақты сақталып отырған аса құнды материалдар болып есептеледі.
Бұл материалдарды көрмеге қояр алдында шартты түрде 5 топқа бөлген, – деді Дәрия Әлиқызы.
1. Алаш партиясының мүшелеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерРеспублика бойынша ішкі істер органдарының (ІІО) арнайы мемлекеттік мұрағаттарында 138 қылмыстық іс сақталған.
Олардың басым бөлігі Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы және Қарағанды облысы полиция департаменттерінде.
– Бүгінгі көрмеге біз Алматы қаласынан Сәкен Сейфуллиннің, Ахмет Байтұрсыновтың, Ораз Жандосовтың, Бейімбет Майлиннің мұрағаттағы қылмыстық істерін алдырттық, – дейді Дәрия Әлиқызы.
2. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар, оның ішінде ақталған азаматтардық қылмыстық істері
- Жалпы ішкі істер органдарының (ІІО) мұрағаттарында – 122 836;
- Ішкі істер министрлігі мұрағатында – 6216 қылмыстық іс сақтауда тұр.
Айта кету қажет, осы мұрағаттық қордың негізінде ІІМ ведомстволық порталында "Мемориал" деректер базасы құрылған.
3. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға, оның ішінде ақталмаған азаматтарға қатысты қозғалған қылмыстық істер
- Республика бойынша бұл қордағы қылмыстық істердің жалпы саны – 13 187;
- ІІМ мұрағатында – 666.
Бұлар – сол кезде соғыста Отанын сатқандар, диверсия ұйымдастырған, бандылық топ құрып кеңес әскерлеріне шабуыл жасады деп танылғандар мен жалпы қылмыстық баптар бойынша, оның ішінде адам өлтірун, зорлық-зомбылық көрсету бойынша сотталғандар.
4. Ұлы Отан соғысына қатысып, тұтқынға түскен, соғыс аяқталған соң фильтрациялық лагерлерде болып елге қайта оралғандар
Және соғыс кезінде Германияға жер аударылған, қара жұмысқа айдалған азаматтардың да істері бар.
Жалпы Республика бойынша ІІО мұрағатында 45 826 фильтрациялық іс бар, оның ішінде ІІМ мұрағатында 2554 іс сақталуда. Дәрия ханымның айтуынша:
- Ұлы Отан соғысында жалпы тұтқынға түскендердің жалпы саны – 4 млн-нан астам;
- КСРО-ға қайтарылғаны – 1 млн 836 мың;
- Оңалтудан өтіп, қайта соғысқа шақырылғаны – 1 млн;
- Жұмысқа тартылғаны – 600 мың;
- Ақталмай түрмелер мен лагерлерде қамалғандар – 340 мың адам.
Бұл қор негізінде ІІМ ведомстволық порталында "ҰОС әскери тұтқындары" деректер қоры ашылып, мәліметтер жүйелендірілді.
5. Саяси қуғын сүргінге ұшыраған әртүрлі ұлт өкілдерінің мұрағаттағы қылмыстық істеріІшкі істер органдары мұрағаттары 2016 жылдан бері көлемі ауқымды бірнеше халықарарлық сұрау салуларды орындағанын айтып өту қажет.
– Мысалы, 2016 жылы Қырым Республикасы прокуратурасының сұрауына сәйкес ІІО архивтерінде іздеу жұмыстары нәтижесінде 34 қырым татарының мұрағаттық қылмыстық ісі анықталды.
2017-2018 жылдары Шешен–ингуш автономдық республикасының "Опора Ингушетии" қоғамдық қозғалысының сұрау хатына сәйкес іздеу жұмыстары жүргізіліп, республика бойынша ІІО-да 799 шешен және ингуш ұлтынан 799 азаматына қатысты қозғалған қылмыстық істер анықталды.
2018 жылы осындай сұрау хат "Холокост құрбандарын еске алу" Ұлттық мұражайынан келіп түскен. Іздеу жұмыстары нәтижесінде ІІО-да еврей ұлты азаматтарына қатысты қозғалған 1389 мұрағаттық қылмыстық іс анықталды, – дейді Дәрия Әлиқызы.
Мұрағаттық құжаттың сыртын ғана көрдік. Неге?
Көрме қызметкерлері мұрағаттық қылмыстық істердің тек сыртқы жағын көрсетіп қойған. Ішкі беттерін ашып көрсетпеген. Осыған қатысты қойған сауалымызға Дәрия ханым:
– Жалпы заң бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты материалдармен танысуға шектеу жоқ. Заңда үтір арқылы жазылған бір сөйлем бар "мемлекеттік құпиялардан басқасы" деп. Мына сіздердің алдарыңызда тұрғандар (құжаттар) құпия емес. Бірақ ішін көрсете алмаймыз. Ішкі беттерін көрсетуге құқымыз жоқ, – деді.
"Бұл құпиялықтар қашан ашылады?" деген сауалымызға Дәрия ханым:
– Қазір емес, – деп жауап берді әрі өздерінің уәклетті органдарға хат жазып рұқсат сұрағанын, бірақ рұқсат ала алмағанын алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Тілеген Садықов та қуанышын жасырмады. Ғалым бұны "рухани жаңғыру" барысындағы өте батыл әрі маңызды қадам деп атап өтті әрі мұндай құпиялықтарды ашуға мүмкіндігі туатынын, соны көргісі келетінін айтты.
Екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі құпия "шығыс майдан" туралы
Тарихшы, профессор Мақсат Алпысбес Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттық соғысына араласқан КСРО немесе Қазақстан жауынгерлері туралы фактілерді сұрады.
– Мен осы бойынша сол жақта полковник болған Жағда Бабалықұлы деген ағамыздан "Сіздерге Кеңес Одағынан келіп қосылған әскерилер болды ма" деп сұрадым. Сонда "Менің полкімде 80 КСРО әскері болды" деді. "Кейін олармен хабарластыңыз ба" дегенімде, "Ақтөбе секілді жерлердегі бірнеше адамдармен хат алысып тұрдық" деді.
Өткен жылы 9 мамырда Қызылордалық соғыс ардагері: "Бұл құпия" деп қолхат бергеміз. Оның мерзімі өткен шығар. Енді айтып кетейік, біз неміспен соғысқан жоқпыз. Қытайдың Гоминдаң билігімен соғыстық. Біздің ресми түрдегі хаттарымыздың барлығы батыс майданы секілді көрсетілді. Шындығында шығыс майданында соғыстық" деп айтты, – дейді Мақсат Алпысбес.
Сталин кезіндегі соғыс мұрағаттары да ашылуы керек
Мақсат Алпысбес тарихтардың кейбірінің естеліктер түрінде жазылып келе жатқанын, нақты айғақтардың әлі жоқ екенін айтып қынжылды.
– Кезінде Сталин Шыңжаңдағы қазақтардың ұлт азаттық соғысын қолдап, көмек берді. Кейін сатып кетті. Енді біз осыны халыққа қалай түсіндіреміз? "Сатып кетті" деуге бола ма, болмай ма? Өзінің коммунистік режимін Қытайда орнатқаннан кейін КСРО-ға қазақтың ұлт азаттық соғысын қолдаудың қажеті болмай қалды, – деді.
Тіптен Шыңжаңға, Құлжаға (Алматы жақтан) 2 мың кеңес әскері, Алтайға жүз кеңес әскерінің кіргені, Бауыржан Момышұлының да онда болғаны туралы естеліктер айтылғанымен, оны растайтын ресми құжаттарды табу қажет деген ғалым Кеңес Одағы кезіндегі құпия құжаттарды ашу керектігін сөз етті.
Қазақстанда құпия құжат – Ресейде "құпия емес"
Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің тарихшы, докторанты Жазира Оралбекқызы Хасенова айтты. Кейбір ақталғандардың да құжаттары көрсетілмей отыр екен.
– Маған "ізденуші" ретінде жазған өтінішім бойынша Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатына кіруге рұқсат берді. Қазақтарға қатысты мұрағаттық қадағалау өндірісінің 954 материалы белгілі. Мұнда (Қазақстанда) Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Хажым Жұмалиев, Омар Игібаев, Қали Жолдасбеков, Рахмет Момынов, Нұрғали Нұрсейітов қатарлы қазақстандықтарды, Кенгір көтерілісінің басты ұйымдастырушыларының бірі болған Скирук атты орысты тергеу материалдары бар. Бұлар Қылмыстық істер кодекісінің 59 бабы бойынша тергелген.
Әрине, қуғындалған, ақталған азаматтардың тергеу материалдарының өзі Мәскеуге жіберіліп, көшірмесін Қазақстанда қалдырып отырғаны белгілі, – деп Қазақстан үшін кейбір "құпия" құжаттардың Ресейде құпия емес екенін еске салды.
Жазира ханымның айтуынша, Ресейде табылғандар – қадағалау өндірісінің материалдары. Қадағалау өндірісі мен қылмыстық іс құжаты екі басқа. Алдыңғысын прокуратура жүргізеді. Соңғысы – тергеу материалдары негізінде шығарылған сот үкімі қосылған құжаттар тобы.
Құқықтық және тарихи-ғылыми талдау керек
Құқықтық органдардың заңға сүйенетінін айтқан Мақсат Алпысбес тарих ғылымы дәлелді уәждердің айтылуы керектігін алға тартты. Ол:
– Бірінші, азаматтық қоғам не дейді? Үкімет айтып отырған құпиялықты ашқанда қоғамда қандай резонанс туатынын, неге екенін, қорқыныш болуы мүмкін екенін ескеріп, ғылыми жағынан талдау керек.
Екінші, сол құпиялардың қорғаушысы – қай мемлекет? Егер КСРО болса, жоқ. Ал Ресей болса, қай заңдармен оған мұрагерлік етіп отыр? Тәуелсіздік алған Қазақстан қандай мұрагерлік жауапкершілік алды? Бұл мәселелерге құқықтық сараптама жасау керек, – деді.