Төтенше жағдайға байланысты мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намазы уақытша оқылмайды. Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейді. Биылғы оразаның ерекшеліктері туралы мына жерден толығырақ оқуға болады.

Қазақстан қалалары мен елді мекендеріндегі ораза кестесімен төмендегі сілтеме арқылы өтіп, танысыңыз:

Ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері бойынша 2021 жылғы ораза кестесі

Ораза кезінде жақын туыстардың үйіне ауызашарға баруға бола ма?

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты оған рұқсат жоқ. Ағайын-туыстың, көршілеріміздің амандығы үшін карантин талаптарын орындаған жөн.

Антисептик қолдануға бола ма?

Иә. Антисептіктің құрамында спирт болса да, төтенше жағдай кезінде пайдалануға рұқсат етіледі. Ондай шаралар адамның денсаулығын қорғауға арналған. Сол себепті оразаны бұзбайды.

"Біз жай емес, төтенше жағдайдамыз. Сондықтан осындай кезде адамның денсаулығына зиян тигізбейтін, қайта қорғайтын дүниелерді біздің шәриғатымыз қолдайды", – деп түсіндірді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: Қазақстан исламның ұлттық моделін жасауы керек

Тікелей эфир арқылы жұма намазын оқуға бола ма?

Жалпы тікелей эфир арқылы жұма, жамағат намаздарын үйде отырып соған ұйып оқуға келер болсақ, ілім иелері жұма намазы да, жамағат намазы да бұл жолмен оқылса, дұрыс емес екенін баяндаған. Егер кімде-кім бұл жолмен намаз оқыған болса, ол намазды қайта оқуы керек. Өйткені бұл жерде жұманың шарттары толық орындалып тұрған жоқ.

Тіс жұлдырса, ораза бұзыла ма?

Тіс жұлдырған кезде тамаққа ештеңе өтпесе, ораза бұзылмайды. Бұған ханафи мәзһабына қатысты "Раддул мұхтар" атты кітабындағы мына сөз дәлел: "Тістерінің арасынан қан шығып, тамағына барса, яғни ішке өтпесе, ауызы ашылмайды. Бірақ, тамақтан ішке өтсе де, қан түкіріктен басым не бірдей болса, немесе қанның дәмін сезсе, ораза бұзылады. Егер қан түкіріктен аз болса, ораза бұзылмайды".

Оқи отырыңыз: Мешітке түскен садақаның есеп-қисабы алынатын болды

Денеге екпе (укол) салса, ораза бұзыла ма?

Негізінде, шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Оған "терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды" деген пәтуа дәлел.

Емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды. Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден екпенің қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда, ораза кезінде екпе салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.

Инемен емдеу (иглотерапия) оразаны бұза ма?

Инемен емдеу оразаны бұзбайды. Бұл мәселені денеге кірген жебе және шаншылған найза мысалдарымен салыстырып қарастыруға болады. Фиқһ кітаптарында мынандай мәселе келтірілген:

"Садақтың оғы (жебе) дененің бір жағынан кіріп, басқа жағынан шықса немесе найзамен шаншып алғанда ішіне жетсе, ораза ашылмайды. Егер найза ішінде қалып қойса, мұнда пікір қайшылықтары туындайды. Дегенмен, ең дұрыс шешім – оразаның бұзылмауы".

Ораза кезінде инемен емделу қатты қажет болмаса, оны кешкі уақытқа немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.

Оқи отырыңыз: Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес

Шаш, тырнақ кесу, бояу оразаға кедергі ме?

Шаш бояу, шаш қысқарту, тырнақ бояу оразаны бұзатын жағдайларға жатпайды. Алайда, намаз оқитын кісінің тырнаққа жағылған бояуы дәретіне және ғұсылына кедергі екенін ұмытпаған жөн.

Ораза кезінде түкірік жұтса, не болады?

Түкірікті жұту – оразаны бұзбайды. Алайда түкірікті әдейілеп жинап алып жұтса, ораза бұзылады.

Оқи отырыңыз: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?

Адам байқамай тамақ жеп не сусын ішcе, оразасы бұзыла ма?

Жоқ, бұзылмайды. Себебі, ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзатын амал емес. Ондай адам оразасын жалғастырады. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: "Кімде-кім ораза ұстай жүре ұмытып, ішіп-жесе оразасын жалғастырсын! Расында Алла тағала оны тамақтандырды да, сусындандырды" делінген.

Онкологиялық ауруға шалдыққандарға ораза ұстау міндет пе?

Бұл адамдар егер өмір бойы мүлдем ораза ұстауға шамалалары жетпесе әр күні үшін фидия өтемін өтейді. Оған қатысты Алла тағала қасиетті Құранда: "Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса бір міскіннің (бір күн) ішетін тамағын (күнде) беріп тұрсын" делінген. Фидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Яғни оразаның әр күні үшін бір міскінге мына төмендегі төрт түрлі азықтың кез-келген біреуін немесе соның құнын береді:

  • Бидай ұнының міндет болған мөлшері: 1 кг. 459 гр. немесе осы мөлшердегі құны;
  • Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны;
  • Мейіздің уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны;
  • Құрманың уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.

Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді. Ал кей күндері ораза ұстауға шамасы жеткен адам сол күндері ораза ұстап, қалған ұстамаған күндерінің қазасын шамасы келген күндері өтейді. Бұларға фидия өтемі рұқсат емес. Ал енді бұл адамдардың кейбірі жаз мезгілінде күннің ыстық болуына байланысты ораза ұстауға шамасы келмесе, қыс мезгілінде жазғы оразаның қазасын өтейді.

Оқи отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?

Көзге, құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?

Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың (тамақ) арасында байланыс жоқ. Ал құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұзады. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен (тамақпен) байланысы, яғни дәрінің тамаққа өтіп кету қаупі бар.

Жыныстық қатынас оразаны бұза ма?

Иә, бұзады. Себебі, Имам Муслимның жинағында Әбу Хурайрадан жеткен хадисте ораза кезінде әйелімен жыныстық қатынас құрған кісі Пайғамбарға осы жайында хабар бергенде, Пайғамбар ол кісіге сол күннің каффаратын өтеуге бұйырған.

Оқи отырыңыз: Садақаны кімге, қалай берген дұрыс? Нысап, күпірлік және садақаның байланысы

Жүніп (ғұсылсыз) адамға ораза ұстауға бола ма?

Ораза дұрыс болу үшін ғұсыл шарт емес. Сол үшін адам ұйқысынан жүніп болып оянып, таң намазына дейін ғұсыл құйынып үлгере алмаса, оразаға ниет етеді де, алдымен аузын бекітеді. Кейіннен, таң намазын оқу үшін ғұсыл құйынуы керек.

Вагиналды ультра дыбысты зерттеу оразаны бұза ма?

Вагиналды УДЗ құрғақтай қолданса, ораза бұзылмайды. Ал егер оған мазь не сол секілді өзге сұйықтық жақса, ораза бұзылады.

Жауаптар ҚМБД сайты, azan.kz, islam.kz сайттарының материалдары негізінде әзірленді.