"Сергек" неге сеніп отыр? Жүргізушілерге қажетті тың ақпарат
Астана көшелерінде "Сергек" бейнебақылау камералары небәрі 24 күн бұрын ғана пайда болса да, олар көлік иелерінің көп байқап, көп "бас ауыртатын" мәселесіне айналды.
Айта кету керек, аяққа оралған көлденең жүргізушіден автобустарға арналған жолақтар босады, жолда "дойбы" ойнап, жылдамдықтарын асырып жарысатындар азайды. Бұны бейнебақылаушы компания да, қалалық әкімшілік пен полиция қызметкерлері де байқаған.
Бірақ, адамнан айла қалған ба? Әлеуметтік желіде осы "Сергек"-ке түспеудің амалын сұрайтындар, оларға ақыл айтатындар көбейді.
Сондықтан, өткен материалымызда айтылмаған фактілерді анықтап, оқырман жіберген сұрақтардың жауабын анықтадық.
"Сергек"-тің төрт көзі түгел
Өздеріңіз байқағандай, бір бағанда кемінде екі, төрт, одан қалса, алты камера ілініп тұр. Бұл әрине жүргізушілердің үрейін үдете түседі.
"Камераның көптігіне не себеп? Бір камера көлікті алдынан, біреуі артынан бақылап тұра ма?" – дейді оқырмандар.
Жоқ. Камералар көліктің тек алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірін және жолдағы жалпы жағдайды төбеден түсіре алады. Ал, көп камера – бар болғаны алгортим.
Яғни, бір камера жолдағы ерсілі-қарсылы бағыттағы көлік жолын бөліп жатқан қос сызықты бақылайды. Көліктің мемлекеттік нөмірін анықтау үшін бір жолақта 1000 пиксельді камера тұруы керек. Домалақ камера 1980 пиксельді, яғни, мүмкіндігі 2 жолақты қамтуға жетеді. Яғни, жолдың бір бағытындағы екі жолақты бақылау үшін – бір камера жеткілікті.
Ал, төрт жолақты жолға екі камераның көзі керек. Міне, бір бағанда төрт "көздің" тұратыны сондықтан. Бір жағында 4 жолағы бар жолдарға 8 "көз" ілінеді.
Бұл бизнес пе? Немесе "Сергек" қандай пайда көреді?
"Бұл – қып-қызыл бизнес" дейді жүргізушілердің біразы. Ақиқаты қандай?
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа камераларды құрастырып, шығарған "Көркем-Телеком" компаниясы. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы бұл жобаға 8,4 млрд теңге инвестициясын салып отыр.
Ал Астана әкімдігі бір теңге де шығын шығармаған, тек бейнебақылау камераларын орнататын жер ғана бөлген.
Бұны оқыған оқырман "еш инвестор пайдасыз іске тәуекел етпейді, яғни, бұл жобаның артында көп ақша жатыр" деген ойларын жеткізді. "Көркем-Телеком" компаниясына сұрақты төтесінен қойдық.
Түсінгеніміз, "Сергек"-тің қожайындарына жиналатын айыппұлдың шектеулі бір мөлшері ғана тиесілі. Ол да шығынға ұшырамаудың кепілі ретінде. Яғни, әкімдік оларға бюджетке жүргізушілерге салынған айыппұлдан түскен ақшаның белгілі бір бөлігін ғана береді.
Яғни, айына, мысалы, 200 теңге айыппұл жиналса, 100 теңгесі "Сергек"-ке, артық ақшаның қалғаны түгел бюджетке түседі деген сөз."Мысалы, біз белгіленген төлем кестесі бойынша белгілі бір кезеңде, мәселен, бір айда 100 теңге көлемінде айыппұл жиналуы керек десек, әкімдік сол сома жиналған жағдайға ғана 100 теңгені қалтамызға салады. Бірақ, сол бір ай ішінде жүргізушілер ережені көп бұзбай, бюджетке тек 70 теңге түссе, біз сол 70 теңгені аламыз. Арада 30 теңге айырмашылықты бізге ешкім төлеп бермейді. Бұл біздің кәсіпкер ретінде тәуекеліміз. Компания жиналған айыппұлдан ешқандай пайыз алмайды", – делінген informburo.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген компанияның хатында.
"Сергектің" "сәлемін" алып жатырмыз деген әңгіме – қауесет. Ол енді жетеді
"Сергек" іске қосылғаннан бері қанша жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, қанша сома айыппұл жиналды?
Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының да, қарапайым халықтың да көкейін тесіп жүрген сауал. Алғашқы он бес күннің қорытындысын біз де күттік. Бірақ, әлі ерте екен.
"Көркем-Телеком" компаниясының да, қалалық ІІД-нің де өкілдеріне жол ережесін бұзу фактілерінің азайып-көбейгенін, айыппұл көлемінің артып-кемігенін анықтау үшін кемінде 30 күн уақыт керек.
Және қайталап айта кетелік, "Көркем-Телеком" компаниясының жұмысы – жол ережесінің бұзылғанын камераға түсіру ғана, ал айыппұл салып, хат жіберу – қалалық ішкі істер департаментінің міндеті.
Бұрын айтқанымыздай, "Сергек" камералары әзірге үш түрлі жол ережесін бұзу фактісін тіркейді. Соның екеуін, яғни, Stop сызығынан өткендер мен автобусқа арналған жолақпен жүргендерге жол инспекторлары бақылау камерасының бейнетаспасын екінші рет қарап қана шешім шығарады.
Тек жылдамдық асырған жүргізушілердің айыппұлы бірден тіркеледі.
Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, алғашқы айдағы айыппұлдың бәрі енді-енді жинақталып, кемінде, бір айдан соң таратылады.
"Сергектің" "сәлемі" қалай жетеді
Егер жол ережесін "Сергек"-тің "көзінше" бұзсаңыз, ішкі істер департаменті айыппұл туралы ақпараттық базада нөмірі бар азаматтарға sms-хабарлама жазып жібереді.
Ал, ұялы телефонының нөмірі базада жоқ жүргізушілерге немесе телефон нөмірін ауыстырған жүргізушілерге айыппұл туралы хабарлама тіркелген мекен-жайына хатпен жіберіледі. Әрине, тіркеуіңіз басқа мекен-жайда, ал, өзіңіз басқа жақта тұрсаңыз, айыппұл туралы хатты да уақытында көрмей қалуыңыз мүмкін. Бұл ретте әрине, "айыппұл туралы уақытында білген жоқпын" деп дауласа аласыз.
Бірақ, сот "айыппұл жойылсын" деп шешім шығарғанша, базадағы айыппұл сіздің атыңызда тұра береді. Егер аты-жөніңіз мемлекетке қарыз адамдардың тізіміне еніп кетсе, шетелге сапарлар кезде жолыңыз бөгеледі.
Сондықтан, жол полициясы sms те, хат та күтпей-ақ, ара-тұра көлігіңіздің нөмірін онлайн жүйеде тексеріп тұрыңыз деп кеңес берді.
"Ереже бұздым-ау" деген күмәніңіз болса, кемі үш аптадан соң, айыппұл алдыңыз ба, жоқ па, qamqor.gov.kz порталынан көлігіңіздің нөмірі арқылы бір минутта тексере аласыз.
Әлеуметтік желідегі магнитке "Сергек" авторларының өзі таңырқап отыр
Автокөлік жүргізушілерінің көбі арнайы топтарда "Сергек" камералары туралы ескертетін антирадарлар бар ма, жоқ па дегенге бас қатырып жатыр.
Кейбіреуі тіпті көлігінің нөміріне жасырын магнит жапсырғандарды суретке түсіріп алған-мыс. "Сергек" камераларының алгоритмін жасаған авторлар бұған аң-таң.
"Жалпы, кез келген антирадар GPS-модульдің арқасында өзінің қай жерде келе жатқанын анықтайтын және жылдамдықты асырмайтын орындар туралы базаның "бұйрығына" бағынатын құрал. Яғни, сол базадағы орынға жеткенде (шамамен 100-200 метр қалғанда) жылдамдық туралы белгі бере бастайды. Яғни, антирадарлардың бәрі осы принцип бойынша жұмыс істейді. Бірақ айтарымыз, антирадарға сенудің қажеті бар ма, жоқ па, оны жүргізушінің өзі анықтасын.
Камера бар жерде жол ережесін бұзбай, жоқ жерде – өзінің де, басқалардың да өмірін қатерге тігуге болмайды ғой", – дейді компанияның баспасөз қызметі алгоритм авторларының сөзін жеткізе отырып.
"Ал, әлеуметтік желіде айтылып жатқан магнит туралы ақпарат бізді де таң қалдырып отыр. Бірақ, айта кетелік, "Сергек" камералары мемлекеттік тіркеу белгілерінің бәрін анықтай алады. Ал, нөмерін жасырған жүргізушілерге айтарымыз – мемлекеттік тіркеу нөмірін теріс тағу, оны жасыру, нөмірі жасырылған көлікті басқарудың өзі айыппұл төлеуге әкеп соғатын ереже бұзушылық".
Аязға тоңбайды, боранда бұғып қалмайды...
Жалпы, Астанада жылдамдықты асырған жүргізушілерді "суретке түсіріп алатын" үш камера бар. Біреуі – "Red speed" камералары, яғни, сары түсті камералар. Екіншісі, сұр түсті "Vocord" камерасы. Екі камераның да "көздерінің" Астананың қатты боранында қар басып, аязда қатып қалатынын жүргізушілер жақсы біледі.
"Сергек" камералары бұл жағдайда да сергектік танытпақ екен.
"Біз жасаған камералар ауа райының қандай екеніне қарамай, тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн бойы жұмыс істей береді", – дейді "Көркем-Телеком" компаниясы оқырмандардың "боран мен аязда камера бақылау жасай ала ма?" деген сұрақтарына жауап бере отырып.
"Сергек" туралы ескерту тақтайшасы неге жоқ
"Сергек" камералары орнатылғаннан кейін әлеуметке "ұнамай" қалған мәселенің тағы бірі – "алдыңызда камера бар" деп ескертетін ақпараттық тақтайшалардың жоқтығы.
Жүргізушілердің көбі мұны заңсыздық дейді. Бірақ, анықтағанымыздай, жол бойында бейнебақылау камералары орнатылғаны жайлы ескерте ме, жоқ па – оны жергілікті әкімдіктің өзі шешеді екен.
"Жалпы, заңда жол бойындағы бейнебақылау камерасы туралы ескерту тақтайшалары міндетті орнатылсын деген ереже жоқ. Әрине, Қазақстанда жергілікті әкімдік көп жағдайда ескерту іледі. Бірақ, бұл ереже заңмен бекітілмеген.
Ал, "неге камера туралы ескертпеді" деген заңгер болсын, қарапайым азамат болсын, бұл наразылығын Конституциямен байланыстырып, адам құқығы тапталды деп жатады", – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен белгілі заңгер Джохар Өтебеков.