Сайрагүл ісі неге шешілмей жатыр? Тиісті органдар не дейді?
"Бұтаны паналаған торғай да аман қалады"
Сайрагүл Сауытбайдың ісі әлі жалғасып жатыр. Көптің көкейінде жүрген мәселе туралы айтылар сөз көп.
Сайрагүл бергі беттегі күйеуі мен балаларына қосылды, алайда "шегараны заңсыз бұзды" деген айыппен алты ай мерзімге шартты түрде жазаға іліккен болатын. Ең бастысы "Қытайға қайтарған жоқ" деп бөркімізді аспанға атып қуанғанымызға да көп болған жоқ. Іле-шала "Босқын мәртебесін" алуға өтініш жолдаған болатын. 2018 жылы 4 қазан күні Талдықорған қаласында Алматы облысы Көші-қон полициясы басқармасы комиссиясының отырысында Қазақстан Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, Сайрагүл ісі бойынша сот үкімі 1 тамызда шыққан болатын. Сотта судья Динара Құйқабаева Сайрагүлді айыпты деп танығанмен Қазақстаннан депортациялау түріндегі қосымша жазаны тағайындаған жоқ. Айыпталушы сот залында босатылған еді.
Осыған орай Сайрагүл мәселесін Біріккен Ұлттар Ұйымы (ары қарай БҰҰ) мен Еуропа Одағында және халықаралық құқық қорғау ұйымдарында көтеріп жүрген Германиялық құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Өмірхан Алтын мырзаға хабарласқанбыз.
Еуропалық "Қауіп-қатерге ұшырағандар қоғамы" (Society for Threatened peoples) Қазақстан Президентіне хат жолдады
Бұл туралы Өмірхан Алтын Германиядан хабарлады. Ұйымның директоры Улрич Делюз (Ulrich Delius) қол қойған хатты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жіберген.
"Сайрагүл Сауытбай – Қытайдағы азшылық ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қысымның, "Қайта тәрбиелеу лагері" деп аталатын түрменің бірден бір куәгері. Ол Қазақстан шегарасынан заңсыз өтті. Дегенмен, тамыздағы сот отырысы кезінде Қазақстанда қалуына мүмкіндік туды. Алайда атажұрты Қазақстанның Сайрагүлге "Босқын мәртебесін беруден бас тартуы" бізді таң қалдырды және алаңдатып отыр.
Осыған байланысты Сізден (Президент Нұрсұлан Назарбаевтан) Сайрагүл Сауытбайдың отбасымен бірге Қазақстанда қалуына көмектесуіңізді, Қытайға қайтармауды үміт етеміз" – деп басталыпты хат.
Аталған ұйым Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осымен екінші рет хат жолдаған. Бірінші рет Сайрагүлдің сотына байланысты көмек сұрап хат жолдаған болатын.
"Комиссия шешімін түсіне алмадым"
Сайрагүл Сауытбайға хабарласқан едік. Ол:
– Комиссия отырысы өтуден бір күн бұрын ғана телефон арқылы хабарласты. Қыркүйек айында Алматы облыстық көші-қон полициясы қызметкерімен кездескенде "Комиссия отырысы қазанның ортасына қарай өтеді, алдын ала хабарлап ескертеміз" деген еді. Комиссия отырысына адвокат Абзал Құспан келе алмады. Ал мен бала-шағаммен бардым. Бірақ балаларды жиналыс өтетін орынға кіргізбеді. Комиссия отырысында сотта айтылған жауаптарымды қайталадым. Алайда шешім біз ойлағаннан басқаша шықты, – деді.
Бұл шешім сот үкімін жоққа шығарды
– "Босқын мәртебесін беруден бас тарту" туралы Қазақстан билігінің шешімі Еуропадағы құқық қорғаушыларды таң қалдырды. Себебі, Сайрагүл Сауытбайдың мәселесін БҰҰ, Еуропа Парламенті мүшелері, Германия Парламенті мүшелері және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары жіті қадағалап отыр.
Оның үстіне тамыз айында өткен сот отырысында Сайрагүл Сауытбайға жаза тағайындауда судья БҰҰ-ның халықаралық Бала құқықтары жөніндегі конвенциясын, жалпыға бірдей адам құқықтары туралы конвенцияны басшылыққа алғанын айтқан, – дейді Өмірхан Алтын.
Мәселені дипломатиялық ұйымдар бақылап отыр
– Сайрагүл мәселесін Германияның Алматыдағы консулдігінің қызметкері Рональд Симанский қадағалап отыр. Ол кісімен бірнеше рет кездестік, сот отырысына да келген. Негізі "Ай сайын мәлімет беріп отырғандарыңыз дұрыс" деп өтінген.
Рональд Симанскийдің айтуынша, Германия үкіметі Сайрагүл Сауытбайға "Босқын мәртебесін беру" мәселесін Қазақстанның шешімінен кейін қарастырады деген. Рональд Симанский қазір демалыста жүр. Келгеннен кейін осы мәселеге байланысты кеңес аламыз, – дейді қоғамдық белсенді Қыдырәлі Ораз.
Шешімге Қытай билігі әсер етіп отырған болуы мүмкін
– Халықаралық құқық қорғау ұйымдары қазақ билігінің әлсіздігін қытай билігінің қысымынан болып отыр деп топшылайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көршілермен тепе-тең байланыс ұстап, қытай экономикасын, инвестициясын Қазақстанға тарту арқылы қазіргі экономикалық қиындықтан өткісі келеді. Оның үстіне Қазақстанның мұнай-газ қатарлы шикізат өндірісінің көп бөлімін Қытай мемлекеттік корпорацияларының сатып алғаны баршаға аян. Сондықтан Қазақстан билігі барынша бейтарап саясат ұстанып отыр. Алайда, халық Қытайдың экономикалық экспансиясына қатты алаңдайды.
Үндемеу – бір жағынан саяси тәсіл. Алайда Сайрагүл Сауытбайдың мәселесінде бұл үнсіздік енді жүрмейді, – дейді Өмірхан Алтын.
Бұндай көзқарас АҚШ, Жапония баспасөздерінде де жарияланған болатын.
Босқын мәртебесін алатындай Сайрагүл Сауытбайдың мүмкіндігі бар ма?
Өмірхан Алтынның пікірінше – бар:
– Біріншіден, Қытайға қайтарылса Сайрагүлдің бірден түрмеге түсетіні және құртылып жіберелетіні бәрімізге аян. Бұны сот шешімі де дәлелдейді. Екіншіден, БҰҰ, ЕП мүшелері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша Қытайда миллиондаған ұйғыр, қазақ ұлттарының өкілдері қамауда отырғандары туралы дерек көп. Үшіншіден, Сайрагүлдің күйеуі мен бала-шағасы – Қазақстан азаматтары. БҰҰ-ның халықаралық Бала құқықтары жөніндегі конвенциясына сәйкес екі бөлінген отбасыларын қосуға заңдық негіз бар, – дейді ол.
Сыртқы істер министрлігі: "Сайрагүл ісіне біздің қатысымыз жоқ"
Informburo.kz тілшісінің сұрауына жауап берген аталған министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров:
– 4 қазандағы Сайрагүлдің босқын мәртебесіне қатысты өткен отырысқа біздің өкіліміз қатысқан жоқ. Сайрагүл мәселесімен ІІМ көші-қон қызметі комитеті айналысып жатыр. Сондықтан бұл мәселе туралы ештеңе айта алмаймыз, – деді.
Көші-қон қызметі комитеті: "Бізге Сайрагүлден арыз түскен жоқ"
Осы мәселе бойынша informburo.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің (ары қарай ІІМ) Көші-қон қызметі комитеті Босқындар мәселесі бөліміне барды.
Өзін аталған бөлімнің бас маманымын деп таныстырған Қазыбек Ахметов:
– Босқын мәртебесін беруді қайта қарау туралы Сайрагүлдің өтініші бізге түскен жоқ. Егер Алматы облысы көші-қон полициясы басқармасына тапсырса, қазірге дейін келуі керек еді. Сайрагүл арызын осында әкеп тапсырғаны дұрыс, – деді.
Бүгін, 17 қазан күні "Босқын мәртебесін беруді қайта қарау туралы өтініш" ІІМ Көші-қон қызметі комитеті Босқындар мәселесі бөліміне тапсырылғаны туралы хабар келіп түсті.
Ал Сайрагүл:
– 4 қазанда өткен Комиссия отырысынан кейін келесі дүйсенбіде, яғни 7 қазанда Алматы облыстық көші-қон полициясы басқармасынан Әсем деген қызға хабарластым. Отбасыммен бірге түскен суреттерді және басқа да құжаттарымды алған және жоғарыға жолдаймыз деген.
Кейін тағы хабарласып, арыз жазып, Президенттің атына өтініш жіберу керектігін айтты. Оның барлығын заңгер Абзал Құспан өзі тапсыратын болып келісілген, – деп отыр.
Егер Қазақстан билігі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару керек деп шешсе...
Өмірхан Алтын:
– Онда халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірілсе отырып оны құтқарудың басқа мүмкінігін қарастырамыз, – дейді.
Өмірхан ағаның айтуынша босқындар туралы заң Сайрагүлді үшінші бір елге депортациялау мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Сондықтан АҚШ, Германия қатарлы елдерге босқын ретінде қабылдауға мүмкіндік бар. Сол үшін Сайрагүл сол елдерінің елшіліктері арқылы олардан саяси баспана сұрауға құқылы. Егер олар қабылдап жатса, Қазақстан билігі рұқсатын беруі керек.
Адвокат БҰҰ-нан көмек сұрап отыр
Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспан:
– Енді мен шағымды БҰҰ-на түсірмекпін. БҰҰ-да бұған қатысты екі комитет бар. Біріншісі – БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы Комиссариат. Екіншісі – БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті бар. Мен арызды осы жерге жазамын. Өйткені, жуықта аталған комитет дәл осы Батыс Қытайдағы аз ұлттарға қарсы сүргінге қатысты резолюция қабылдаған. Онда Қытайдың батысындағы аз санды ұлт өкілдеріне қатысты азаптау фактісі бар екенін дәлелдеп, резолюцияда көрсеткен.
Олар заңдық күшіне енген сот үкімін ескермеген. Оның үстіне бұл туралы бүкіл әлем жазды. Менің қолымда үш жүзден астам мақала тұр.
Осы екі комитетке арыз жазып, Қазақстанның шешіміне қарсы Қазақстан билігіне нота жолдауды талап етпекпін. Қазақстан – БҰҰ мүшесі. Сондықтан, оның белгілі бір талаптарына жауап беруі керек, – деді.
Заң не дейді?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 183 қаулысымен бекітілген "Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесінде" былай делінген:"Пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына келісімен күнтізбелік бес күн ішінде немесе өзі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезінде нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалауға ұшырау жағдайларының туындауы туралы білген кезден бастап, жазбаша өтініш хатпен өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы өзінің келген тұрғын жері бойынша босқын мәртебесін беру туралы уәкілетті органға жүгіне алады".
Босқын мәртебесін беру туралы қызметті ҚР Ішкі Істер имнистрлігінің Көші-қон қызметі комитеті жүргізеді. Ал шешімді арнайы Комиссия шығарады.
Егер пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына әлі келмеген болса, ол жазбаша өтініш хатпен өзі немесе осыған уәкілетті өкіл арқылы босқын мәртебесін беру туралы Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады.
Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгені немесе болғаны үшін ұсталған жағдайларда босқын мәртебесін беру туралы өтініш хатпен жүгінуге ниет білдірсе, құзыретті органдар адам ұсталған кезден бастап бір күн ішінде уәкілетті органға хабарлайды.
Өтініш хат тіркелген кезде "Пана іздеген адам куәлігі" беріледі. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері аталған заңда және "Босқындар туралы заңда" көрсетілген.
Шешімді өзгертуге себеп те, уақыт та жеткілікті
Өмірхан Алтын:
– Қазақ билігі Сайрагүл туралы басқаша шешім шығаруға тиісті емес. Бұл – саяси тәсіл ғана. Егер шынымен бұрынғы шешім күшінде қалса, халық арасында ренішті толқу туады және биліктің халық алдындағы сенімі азаяды. Қазірше Қазақстан билігі үнсіз. Алайда, шешімді өзгертуге себеп те, уақыт та жеткілікті. Қажет деп тапса, басқа да дипломатиялық тетіктерді іске қосуына болады.
БҰҰ адамдық құқыққа қатысты комитеттер мен Еуропалық құқық қорғау ұйымдары Қазақстаннан құқықтық міндеттемелерді орындауды талап ететіні белгілі. Қайта қаралу барысында шешімді өзгертсе, Қытайдың да ренішін басатын себеп тауып айтуға болады, әрі Сайрагүлді Қазақстанда қалдыру арқылы халықтың да көңілінен шығады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарына да жақсы көрінеді, – дейді.
Женевада жасалған баяндама
– 2018 жылы 10-28 күндері аралығында Женева қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 39-шы сессиясында Қытайдағы қазақ мәселесі көтерілді. Сол кезде халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қытайда қазақтардың бар екені, қысым көріп жатқанын білді. Олар бұрын тек ұйғырлар ғана қысым көріп жатыр деп қарайды екен.
Мен сессия отырысында Қытайдағы қазақтардың билік тарапынан жаппай тұтқындалып, қудалауға түсіп жатқаны туралы баяндама жасадым және дәлелдер ұсындым. Сол негізде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арнайы хат жолдап, шара қолдануды сұраған болатынбыз. Аталған комитеттің мәліметі бойынша Қытайда бірнеше миллион ұйғыр мен қазақ секілді аз санды ұлт өкілдері "Қайта тәрбилеу лагері" деп аталатын түрмеде отыр. Сондықтан аталған халықаралық ұйымдар Сайрагүлді Қытайға қайтаруға қарсы, – дейді Өмірхан Алтын.
Еуропа Парламенті қабылдаған Шыңжаңдағы жағдайға байланысты шығарған қарары
2018 жылдың 11 қыркүйегінде өткен Еуропа Парламентінің (ары қарай ЕП) пленарлық мәжілісінде ЕП Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкіл, комиссияның төрағасы Федерика Могеринидің (Federica Mogherini) сөйлеген сөздерін және Еуропа сыртқы байланыс қызметінің (EEAS) 2018 жылы 10 шілдеде жариялаған Шынжаңдағы "қайта тәрбиелеу" лагерлеріндегі жағдай туралы баяндамасын, БҰҰ адам құқы кеңесінің қарарын негізге ала отырып Еуропа Парламенті Шыңжаң ұйғыр автономиялық аумағындағы ұйғырлар мен қазақтардың жаппай қудалануын тоқтату туралы қарар қабылдады.
Онда :
- Қытай үкіметі заңсыз қамауда отырғандардың бәрiн дереу босатуы керек;
- Қытай үкіметі Шынжаңда із-түзсіз жоғалып кеткендердің толық мәліметтерін, оның ішінде олардың аты-жөнін, орналасқан жерін және ағымдағы жағдайы туралы жариялауы керек;
- Қытай үкіметі БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комиссарын шақырып және аталған аймақта тәуелсіз тергеушілердің жұмысына рұқсат беруі керек;
- Комиссияның вице-президенті / ЕП Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могериниді Қытай үкіметі ашық кездесулер өткізуге шақыруы керек;
- Лагерьлердегі қиын жағдайлар, азаптаулар және өлім-жітім туралы көптеген мәлімдемелерге байланысты алаңдаушылық білдіреміз;
- Мұхаммед Салих Хаджим, Абдулнех Мехсум, Айхан Махет және басқа да ұйғыр қарттарының, ғалымдардың және лагерлердегі басқа да қоғам қайраткерлерінің өлімі бізді алаңдатып отыр;
- Шыңжаңдағы қауіпсіздік пен қадағалау шараларының барған сайын репрессивтік және инвазиялық бағытта болуы; Қытай үкіметі жоғары технологиялық жабдықтарды азаматтардың жеке басын бақылауға, мәжбүрлі түрде деректер жинауға пайдалану; Ұйғырларға, қазақтарға және басқа да этникалық азшылықтарға қатысты құқықтық дискриминацияның әсерінің артуы қатты алаңдатады;
- Қытайдың терроризмге қарсы әрекет туралы заңы (2015) және экстремистік мәселеге қатысты заң-актілеріне сенімсіздік көрсетіп, дұшпандық пен зорлық-зомбылық экстремизмі арасындағы айырмашылықты нақты айқындауға шақырамыз;
- Қытай үкіметі Синьцзян-Ұйғыр автономиялық аумағында және одан тыс жерлерде ұйғыр қауымдастықтарының арасындағы байланыстарды ретке келтіруі керек;
- Қытай адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындауға халықаралық деңгейде күш салуы, қол қойған халықаралық шарттарды орындауы керек;
- Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесінің реттелуіне, соның ішінде ұйғырлардың, қазақтардың және басқа да этникалық азшылықтардың билік тарапынан қуғын-сүргінге ұшырауын тоқтатуды, түрлі халықарлық адамдық құқық ұйымдарының және оған мүше мемлекеттердің өкілдерінің қатаң бақылау жасауын қабылдап, адам құқықтарын бұзуды тоқтатуы керек;
- Осы қаулыны Комиссияның Вице-Президентіне / Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілге, түрлі Кеңестің, Комиссияның, үкімет пен мүше мемлекеттердің парламенттерінің басшылығына және Қытай Президенті мен Парламентіне жіберуді қадағалаймыз,– делінген.
Қытай АҚШ-ты және басқа да әлемдік қауымдастықтарды неге ашуландырды?
Өмірхан Алтынның пікірі:
- Ең алдымен Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда өз талаптарын қойды. Сол арқылы жеңілдікке қол жеткізіп, шет елден тек 0,25 пайыздық кедендік үстемемен зат сатып алса, өз тауарларын 25-200 пайыздың үстемемен әлемге таратты.
- Екіншіден, зияткерлік меншік құқын ешқандай рұқсатсыз пайдаланды және өз аумағындағы шетелдік кәсіпкерлерді мәжбүрледі. Шетел базарын иелеп, ал өз базарларына қарата қорғанымпаздық саясат ұстады.
- Үшіншіден, мемлекеттік корпорацияларға жоғары мөлшердегі субсидиялар төлеп қана қоймай түрлі қолдау көрсетіп, бизнестегі әділ саудаға ауыр кедергі келтірді. Мемлекеттік монополияны жүзеге асырды. Осылайша миллиондаған компаниялар жабылып, халық арасында жұмыссыздық көбейді.
- Төртіншіден, Қытай коммунистік партиясы арнайы Біртұтас шеп департаменті деп аталатын партиялық орган арқылы шетелдегі миллиондаған қытай қандастарын Қытай үшін жұмыс жасауға үгіттеді, қаржылық қолдау көрсетті және олар арқылы жергілікті ықпалды адамдарға қысым жасады немесе сатып алды. Осы арқылы саясаты мен әкімшілігіне араласты.
- Бесіншіден, 2025 бағдарламасы арқылы "Күллі әлемдегі технология ошағын" құру, " Қытай арманын орнату", "Бір жол – бір белдеу" бағдарламасы арқылы ғаламдық жобаларын қаржыландыра бастады. Бұл АҚШ бастаған батыс елдерінің мүддесіне қайшы.
- Алтыншыдан, оңтүстіктегі теңіз айдындарына жасанды аралдар салып және оған әскер тұрғызып БҰҰ-ның халықаралық конвенцияларын елемеді. Көрші елдерге ауыр қауіп төндірді.
- Жетіншіден, ББҰ жалпыға бірдей адамдық құқық конвенциясын және басқа да құқықтық талаптар мен міндеттемелерді көзге ілмей, азшылық ұлт өкілдері мен түрлі діни топтарға ауыр дәрежеде қысым жасап жатыр. Тіптен, қырғындап жатқан болуы да мүмкін деген ақпараттар мен дәлел-деректер бар.
- Сегізіншіден, Қытай ғылымның жаңа жетістіктерін жеке адамдарды бақылауға пайдалануда. Мысалы, әр ұялы байланыс құралын үйне, көщеге орнатып, тыңдап, суретке түсіріп жатқандарын айтуға болады. Шыңжаңдағы әр адамды да қағыс қалдырмады. Тіптен, адамның базасын көретін көзілдіріктерді де бақылау саласына ресми түрде кіргізді.
– Ендеше, Қытай бүкіл адамзат әлеміне қауіп төндіріп отыр. Егер осылай кете беретін болса, не болмақ?
Міне бұл АҚШ пен Еуропа Одағын, Жапонияны және Шығыс Оңтүстік Азия елдерін біріктіреді, – дейді Өмірхан Алтын.
Қытайда тағы екі науқан басталды
Біріншісі, Шыңжаң темір жолы 26 қыркүйектен бастап халыққа жол жүру билетін сатуды тоқтатты. Олар поезд арқылы аталмыш қайта тәрбиелеу лагерлеріндегі қылмыскерлерді ішкі Қытайға тасып жатқаны туралы ақпарат тарады.
Бұл туралы ChinaAid.net порталы былай деп хабарлады:
"Шыңжаң билігі қыркүйектің аяғында көптеген мұсылмандарды Қытайдың ішкі провинцияларына көшіруді бастады. Жергілікті деректерге сүйенсек, шамамен 300 мың адам Гансу мен Солтүстік Шығыс Қытайға көшірілді. Қазіргі уақытта Алтай аймағындағы Шіңгіл ауданында алты түрме құрылды және жөндеуден өтті.
Құлжа ауданында Кенжебай Бөтеқан үйленген кезде мұсылмандық жолмен некесін қиғаны үшін 21 жылға бас бостандығынан айырылды" – деп жазады аталған басылым.
Екіншісі, Қазанның 8-інде Үрімжідегі коммунистік партияның жетекшілері "Діннен бас тартып, марксшіл идеологияны ұстануға және қоғамдық орындарда тек қытай тілінде сөйлеуге" қатысты ант қабылдау жиналысы өткен.
Бұл туралы мәліметтер мен суреттер әлеуметтік желіде таралды. Бейжің жуықта аймақтарда "Сепаратистермен және экстремизммен күрес тәсілдері туралы жаңа ережені" бекіткен. Онда исламның зайырлы қоғамға кірігіп, экстремизмді қоздыруының алдын алу үшін "Мұсылман тағамдардан бас тарту науқанын жүргізу" қарастырылған.
Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап Шяңгаң (Гонконг-Hongkong) ақпараты хабарлады. Сонымен бірге Жапония, Англия ақпарат құралдары да растады.
АҚШ-тың лауазымды тұлғалары Қытайға шара қолдануды талап етіп жатыр
АҚШ вице-президенті Майк Пенс (Mike Pence) Қытайды айыптады.2018 жылы 4 қазанда Худсон (Hudson) иниститутында сөйлеген сөзінде "Қытай билігі түрлі тәсілдер қолданып сайлаушыларымызды біздің әкімшілікке қарсы қоюға тырысып жатыр" деген. Сонымен бірге "Қытай билігінің Қытайдағы АҚШ кәсіпкерлерін де АҚШ-қа қарсы шығуға мәжбүрледі, бұндай істерді АҚШ-тың өз ішінде де жүргізуге тырысып отыр" деп мәлімдеді.
Сонымен бірге Қытайдағы азшылық ұлт өкілдері мен дәстүрлі дінге қарсы жасалып жатқан адамдық құқықтың тапталуы мәселесі мен Тынық мұхиттағы Қытай теңізінде жасанды аралдар жасап, көрші елдерге қысымшылық көрсетіп жатқанын алға тартты.
2018 жылы 10 қазанда АҚШ-тың тергеу бюросының директоры Кристофер А Урай (Christopher Wray) және АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысы Кирстен Нилсон (Kirstjen Nielsen) Қытайдың ықпалы туралы сөз сөйледі.
Ол "Қытайдың АҚШ қауіпсіздігіне тіпті Ресейден де жаман қатер төндіріп жатыр" деп, нақты шара қолдануды сұрады.
2018 жылы 10 қазанда АҚШ сенаторы, Қытай бойынша конгресс-атқарушы комиссияның (Congressional-Executive Commission on China – CECC) тең төрағасы Марко Рубио (U.S. Senator Marco Rubio) жасаған Қытай туралы 300 беттен асатын баяндамада Қытайдың адамзатқа қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді.
Қытайға қарсы коалиция құрылды
Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған Ганконг порталының сараптамасы шықты.
Қытайдың агрессиялық инвестициясы мен басқа да ойластырылған қаупінен сақтану үшін "Бес көз интеллигент альянсы" деп аталатын ағылшын тілді бес ел – Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жаңа Зеландия және Америка Құрама Штаттары бір мәмілеге келді. Олар сонымен қатар Германия мен Жапония сияқты елдермен ынтымақтастықты кеңейтіп коалиция құру туралы шешім шығарған.
Бұл туралы Бейжің "Доналд Трамп Қытайға қарсы жалғыз шықты. Алайда оны қолдайтын билік өкілдері Қытайға қарсы Коалиция құрумен сырттай айналысып жатыр" деп мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропа Одағы, Жапония, АҚШ және Шығыс Азиядағы мемлекеттер Қытайға қарсы бейресми түрде біріге бастаған болатын. Тіптен, 26 мемлекеттің армиясынан құрам тапқан қарулы күштер Оңтүстік Қытай теңізінде әскери жаттығу өткізуге дайындалып жатыр.
2018 жылы 11 қазанда АҚШ әскери ұшақтары Қытай территориясына бұзып кірген.
Қытайда не болып жатыр?
Ержан Мұқан, қытайтанушы:
– Біріншіден, Қытайда сыртқы сауда айналымы қатты төмендеп, Қытай орталық банкі юаньнің құнсыздануының алдын алуға шарасыз боп қалуда. Юаньнің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 6,5-тен 6,95-ке өсті. Бұл халықтың билікке деген сенімін азайтып жіберді. Әсіресе үй-құрылыс саласы күйреуге жақын.
Екіншіден, Қытай халқы мен кәсіпкерлерінің Қытай билігіне деген сенімі төмендегендіктен өндірістен гөрі қауіпсіздік шараларына барынша назар аударуда.
Үшіншіден, Қытайда еңбеккүш қымбаттап кетті, оның үстіне Қытай билігі тарапынан түсетін түрлі мәжбүрліктерден кейін Германия кәсіпорындарынан тартып Қытайдан шыға бастады. Тіптен, Қытай кәсіпорындары да қаша бастаған.
Төртіншіден, Қытайдың саяси элитасы арасындағы алауыздық қатты күшейді. Жиаң Зымин бастаған Шаңхай блогының ықпалы қайта күшейді Сонымен Ши төраға арасындағы талас ашыққа шығуы мүмкін.
Бесіншіден, Қытай партия басшылығының туыстары мен ұрпақтарының атына жазылған жүз миллиардтаған қаржы шетелде. Бұл АҚШ-тың Қытайға салған тағы бір тұсауы ретінде пайдаланыла бастады.
Алтыншыдан, Қытайдың запастағы әскерилері бүкіл ел көлемінде наразылық шараларын өткізіп жатыр. Үлкен корпорациялар мен құрылыс компаниясының жарна иелері де еруілдете бастаған.
Жетіншіден, ақша құнсызданды, зат қымбаттады. Жұмыссыздық өсті. Үкіметте бюджет тапшылығы білініп, көптеген зауыттар тоқтады.
Қысқартып айтқанда АҚШ бастаған батыс елдерінің бірігуі Қытай билігін әбіржітіп жіберді. Қытайдағы саяси ахуал да әлеуметтік жағдай да шиелене түсті, – дейді.
Қорытып айтқанда ...
Алпауыт Қытайдың күші мығым. АҚШ-пен арадағы сауда соғысы енді саяси бақталастыққа бет алғанын байқауға болады. Оған басқа елдер де қосыла бастады.
Екі түйенің арасындағы шыбынның күйін кешкен Қазақстан Сайрагүл ісіне сабырлы қарап отыр. Алайда оң шешім шығады деген үміттеміз.