Қытайдан бастау алған коронавирус бүгінде бүкіл әлемге таралып үлгерді. Қытайдағы Қазақстан азаматтарының көбі елге оралса да, өзге елдерде білім алуға, жұмыс істеуге не саяхаттап кеткен қазақстандықтар көп.

Informburo.kz жырақта жүрген азаматтардың коронавирус пандемиясы жағдайында қалай өмір сүріп жатқаны жайлы материал әзірледі.

Маска тапшылығына коронавирус қана себеп емес



Жанна Қаршығанова, Токио, Жапония:

– Жапонияда қашықтан жұмыс істеуге көше алатын компаниялардың қызметкерлері үйден жұмыс істеп жатыр. Токиодағы мектептер ақпан аяғынан бастап каникулға шыққан. Елдің кей аймақтарында демалыс 16-наурыздан басталды.

Жалпы, жапондар қауіпсіздік үшін үнемі маска тағып жүретін халық қой. Қоғамдық көлікте жолаушылардың кемі төрттен бірі маска таққанын байқайтынбыз. Қыста аурудан, ал көктем мен жазда аллергиядан қорғану үшін тағады. Ал өткен апта пойызға мінгенде адамдардың барлығы дерлік маска тағып алғанын көрдім.

Жапонияда айтарлықтай дүрлігу сезілмейді. Бірақ, 2 апта бұрын дәретхана қағазы тапшылығы туындады. Оған дәретхана қағазын жасайтын шикізат Қытайдан әкелінеді деген твит себеп болды. Қазірде де дәретхана қағазы дефициті бар болғанымен, біртіндеп орнына келіп жатыр.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Маска жетіспеушілігі де бар. Себебі, Жапонияда масканы бір компания ғана 100 пайыз өндіріп келген екен. Ал Қытай маска экспортына тыйым салды. Соған орай, қазір Жапониядағы фабрика тәулігіне 24 сағат жұмыс істеп жатыр. Тіпті, коронавирус індеті басылған жағдайда да елде аллергия маусымы басталды.

Маска тапшылығына коронавирус қана себеп емес. Әлем бойынша тапшылық Австралиядағы өрттен соң туындады. Көп елдер өздерінде бар қордан маскаларды Австралияға көмек ретінде жіберген еді. Оның ішінде, әсіресе, N95 маркадағы арнайы маскалар. Өрт біткен соң іле-шала Уханьдағы жағдай өршіп кетті.

Жапонияда Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында күнделікті қай аймақта қанша адам коронавирус жұқтырғаны туралы есеп жарияланады. Тест нәтижесі қаншалықты тез шығатынын білмеймін. Бұрын бір күн болатын. Мүмкін, қазір тезірек белгілі болатын шығар.

Халық арасында карантинге қатысты көңілі толмайтындар да бар, сонымен бірге төтенше жағдайды кеш жариялады деп премьерді айыптайтындар да табылады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Себепсіз тысқа шықсаң, айыппұл – 260 еуро



Мақпал Қопанова, Ламеция-Терме, Италия:

– Италияда жағдай өте қиын. Үй карантинінде отырмыз.10 наурызда карантин жарияланды. Содан бері балалар балабақшаға бармайды. Оған дейін мектептер жабылған болатын. 98 адам бір күнде қайтыс болған кезде билік дабыл қақты. Қазір сауда орталықтары, кеңселер жабық. Дәріхана, супермаркет, жанармай құю бекеттері ғана жұмыс істейді.

Адамдар жұмыс істемесе де, жалақы алады. Ірі компанияда жұмыс істейтін жолдасым 3 сәуірге дейін карантинде. Бәріміз үйден сыртқа шықпаймыз. Қатты қажеттілік болғанда үйден бір адам тамақ пен дәрі-дәрмек алуға ғана шыға алады.

Қыдыруға, туыстарға баруға болмайды. Көршілермен сөйлесе алмайсың. Далаға, саябаққа баруға тыйым салынған. Себепсіз тысқа шықсаң, айыппұл – 260 еуро. Барлық жерде полиция тоқтатады. Не үшін, қандай себеппен шыққаныңды түсіндіруге тура келеді.

Ауруханаларда науқас жататын орын қалмаған. Медбикелер, дәрігерлер тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасап жатыр.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Адамдар алғашқыда қауіпті толық сезінген жоқ. Солтүстік Италияда коронавирус жұқтырғандар тіркелгеннің өзінде Оңтүстік Италия тұрғындары әлі мейрамхана, дәмханаға барып, достарымен кездесіп жүрді. Содан бір-біріне жұға бастады. "Қытай бізден алыс" деп жүргенде, Италияда жұқтырғандар саны 30 мыңға жуықтап қалды.

Туыстарыма "сақтаныңдар, бұл ойын емес" деп айтып жатырмын. Халқымыз ауырса да, дәрігерге баруға асықпайды ғой. Қазір үйде отырғанның өзінде де күнде температурамызды тексереміз. 37,5 радустан асса, жедел жәрдем шақыру қажет. Карантинге үйден алып кетеді. Балалардың қызуын да үнемі өлшейміз. Өйткені, аурудың белгілерін бірден байқау қиын.

Біздің қалада бір адамның ғана вирус жұқтырғаны анықталды. Дегенмен, карантин бүкіл Италияда болғаннан кейін бізде де қорқыныш бар. Бүгінде адамдар бір-бірінен қорқады. Супермаркетке кезекке тұрып, 43 минут дегенде кірдім. Кезекте тұрғанда 1 метр арақашықтық сақтап, маска тағып, сөйлеспей тұру қажет.

Түсте кіші ұлым ұйықтағанда үлкеніне сабақ оқытамын. Мұғалімнің тапсырмасын онлайн орындайды.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Дүрбелең вирустан да жылдам өлтіруі мүмкін



Дмитрий Ли, Инчхон, Оңтүстік Корея:

– Қазіргі таңда Кореяда жағдай тұрақты. Мұнда, әсіресе, Инчхонда аса дүрлігу болған жоқ. Барлық жағдай бізден 250 км қашықтықтағы Тэгу қаласында болды. Бірақ, бұл оқиға біздің өмірімізге әсерін тигізді.

Корея билігі осы жағдайда жақсы жұмыс істеді. Олардың тәжірибесі бар: 2015 жылы эпидемияға қарсы тұра білген. Содан бері заңнама тұрғысынан да, әкімшілік деңгей тұрғысынан да дайын болатын.

Не үшін Оңтүстік Кореяны әлемдік қауымдастық мақтайды? Өйткені, олар коронавирусты анықтау тестін өткізу схемасын тез әзірлеп шығарды. Бұл ел инфекция тарай бастағаннан бері 250 мың тест жүргізді. Күніне 18 мың тестке дейін өткізе алатын шамасы бар. Бір де бір елде мұндай мүмкіндік жоқ.

Олардың эпидемиямен күресудегі осы тәсілі дер кезінде вирусты анықтап, адамның онымен күресетін иммун жүйесіне көмектесу үшін барлық жағдайды көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн

Оңтүстік Корея әлі күнге дейін Жапониядан басқа елмен шекарасын жаппады. Өз кезегінде 120-дан астам ел Оңтүстік Кореямен шекарасын (виза, әуе қатынасы – ред.) жапты. Тіпті Қытаймен шекара әлі күнге дейін ашық. Тек Ухань қаласымен және Хубэй провинциясымен авиахабарлама тоқтатылған. Осылайша Корея бүкіл әлемге басқа елдермен шекарасын жаппай-ақ эпидемиямен қалай күресуге болатынын көрсетті.

Еуропа азаматтары елге келген соң, карантиннен өтуі керек және денсаулық жағдайын қадағалайтын мобильді қосымшаны жүктеп алуы тиіс.

Адамдар көп жерлерге барғанда болмаса, масканы әрдайым тағып жүру керек деген жоқ. Сонда да мұнда барлығы маска тағады. Қажет болмаған жағдайда сыртқа шықпауға тырысамыз. Қолымызды жиі сабындап жуып, антисептик қолданамыз.

Дүрбелең вирустан да жылдам өлтіруі мүмкін! Кореяда адамдардың көпшілігі үкіметке және денсаулық сақтау саласына сенеді. Сол себепті біз әу бастан "Оңтүстік Корея қалай әрекет етуді біледі" деп сендік. Оосында қаламыз деп шештік. Қазақстанға кездейсоқ вирусты алып барғымыз келмеді. Қазақстанды қатты сағындық. Еліміз вирусты жеңеді деп сенеміз.

Оқи отырыңыз: Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Сұхбатты бір қадам алыс тұрып аламыз



Аида Хаметжанова, Киев, Украина:

– Бізде айтарлықтай тыныш: байбалам байқалмайды. Кеше ғана үлкен дүкенде болдық. Ал Украинадағы қазақтар 11 наурыз күні Димаштың концертіне барды.

Украина 3 сәуірге дейін карантин жариялады, бірақ әр қалада карантинді әртүрлі қабылдады. Мәселен, Киевте оқу-ағарту орындары жабылды. Баламыз балабақшаға бармайды, мектептер де жабық. Бірақ Украинаның басқа өңірлерінде билікте бірлік болмағаннан кейін бұл қағидатты ұстамайтын қалалар бар. "Украина да екінші Италияға айналады" деген қауесет бар.

Дәріханаларда маска мүлдем жоқ. С дәруменін тұтыну керек деген ақпаратты естігенбіз. Сол бойынша қазір витаминдерді ішіп, үйден шықпай, адамдармен араласпай осындай алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз.

Ақпарат саласында жұмыс істегендіктен мен әуежайға, басқа да қоғамдық орындарға баруға мәжбүрмін. Ол жерде де адам мен адам арасында бір метр қашықтық сақталуда. Сұхбатты қазір бір қадам қашықтықта тұрып аламыз. Әуежайдағы жағдай да тыныш. Көптеген рейстер кешеден бері тоқтап жатыр.

Украина шекарасындағы 170 өткізу бекеті жабылған. 49-ы ашық, бірақ шетінен жабылып жатыр. Елге тауарлар жеткізілуде. Алайда шетелдіктер елге кіргізілмейді. Сондай карантин. Магистратурада оқимын. 12 наурыздан бастап қашықтан оқыту басталды. Сондықтан қазір ұстаздарымыздан телефон, электронды пошта арқылы тапсырма алып, орындап жатырмыз.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Вирусты жеңетін жалғыз жол – карантин



Гаухар Жақыпбаева, Сьерра-Виста, АҚШ:

– Коронавирусқа байланысты дүрлігуді басу – оны байыпты қабылдамау керек деген сөз емес. 1-2 апта бұрын Америкада осы оқиғаға қатысты түрлі видео түсіріп, күліп-ойнап, аса қатты қабылдамады. Соңғы аптада жағдай күрт өзгерді. Өйткені коронавирус жұқтырғандар саны төрт мыңға жетіп қалды. Қазақстандағы туыстарыммен сөйлескенде оларда да аса қатты дүрлігу байқалмайды. Карантин мен оқшауланудың маңызын көп адам түсінбей отырған секілді.

"Күн жылығанда вирус өледі" деген қате түсінік бар. Гавайи штатында күн ыстық болғанына қарамастан 7 дерек тіркелді. Вирус көптеген ыстық елде де таралып жатыр. Ыстық ауа райы вирусты өлтіреді деген сөз емес.

Қазіргі таңда вирусты жеңетін жалғыз жол – карантин. Адамдардың ағынын азайту, оқшаулану жұқтыру салдарын жоя алады.

Америкада біраз қалада қоғамдық орындар, мейрамханалар жабылып жатыр. Дүкенде антибактериалды, гигиеналық заттар қоры азаюда. Аризона штатындағы Сьерра-Виста қаласында тұрамыз. Аса қатты мегаполис емес. Ірі қалалардағы жағдайлар одан да қатты ушыққан.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи



Өткен жұмада азық-түлік сатып алуға тура келді, өйткені біз де басында дүрлікпедік. Дегенмен дүкендерде антибактериалды заттар қоры күн сайын азайып жатты, тіпті табу мүмкін емес болып кетті. Қалада маска өткен айдан бастап болмаған. Қазір ешқандай дүкенде, дәріханада санитайзерлердің, анитсептик заттардың қоры жоқ. Күн сайын антибактериалды сабындар мен дәретхана қағазын табу қиын. Тауралар әкелінеді, бірақ адамдар бірден бәрін сатып алып кетеді. Егер қалада жұқтыру дерегі тіркелсе карантинге жабылуы мүмкін. "Сақтықта қорлық жоқ" деп алдын ала барлығын сатып алып жатыр.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

Қазақстанда ғана емес, Америкада да экономикалық құлдырау байқалуда. Акциялар құны күн сайын түсіп жатыр. Қарапайым америкалық отбасы акцияда жинаған 3-4 жылдық қорын 1-2 күн ішінде жоғалтып жатыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптаның басынан бастап азық-түлікке байланысты ажиотаждың алдын алу, жағдайды бақылауда ұстау мақсатында үлкен гипермаркет қожайындарымен, мега бизнесмендермен, министрлермен күнделікті кездесу өткізіп, барлық арнада, радиостанцияда тікелей эфирге шығып жатыр.

Көктемгі демалыста Калифорнияға барамыз деп алдын ала ақшасы қайтарылмайтын билет алдық. Біз ұшып баратын әуежайдан коронавирус табылып, билетті қайтарды. Әуе компаниясы ақшаны қайтармаса да болар еді, олар бізге бесінші желтоқсанға дейінгі аралықта билеттің құнына тең кез келген билетті сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Қонақ үй де ақшаны толық қайтарды. Көптеген компаниялар коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялап, клиенттері үшін көп шара жүзеге асыруда. Кредиттің мерзімін ұзарту, салықты тоқтату секілді экономикалық шаралар мемлекет тарапынан ғана емес, компаниялар мен туристік агенттер тарапынан, басқа да ЖШС тарапынан орындалуы керек.

Біз тұрып жатқан қалада әскерилерге, мемлекеттік қызметкерлерге қаладан 250 миль радиустан артық қашықтыққа шығуға тыйым салып отыр. Бұл басқа штаттармен қарым-қатынасты уақытша тоқтатуға және коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған шаралар. Мектептерге көктемгі демалыстан бөлек қосымша бір апта демалыс берді. Алдағы уақытта демалыс созылуы мүмкін деп жатыр.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Төтенше жағдай кезінде билік шешімін сыйлау керек



Руслан Меделбек, Прага, Чехия:

– Чехияда 16 наурыздан бастап карантин. Бір апта көшеге шығуға болмайды. Тек жұмысқа, тамақ алуға шығу керек. Дүкен ішінде қағаз ақшамен, тиынмен төлемеңдер, тек картамен төлеңдер деп жатыр. Жиындарға, көшеге шығуға болмайды. Бүкіл кафе, мейрамхана, барлығы жабылып жатыр.

Дәріханалар, ауруханалар бүкіл операцияларды тоқтатқан. Дәріханаларда маска деген бұрыннан жоқ. Бір апта болды. Кейбір дәрілер жоқ, дәріханаға әлі жеткізілмеген. Өйткені, дәрілерді әкелмеген. Кейбір дәріханаларға бес адамнан ғана кіргізеді. Бес адам шыққаннан кейін келесі бес адам кіреді. Адамдар қатты үйіліп қалмау керек.

Туристер баратын аймақтардан фотолар шығарып жатыр. Түгел бос. Карантин 24 наурызға дейін деп жатыр. Негізінен Чехияда бір айға төтенше жағдай жариялаған. Тамақтанатын орындар бастапқыда сағат түскі үшке дейін істеп жүрді. Қазір түгел жабылып жатыр.

Үш күннен бері далаға шыққан жоқпын. Қазір шығуға негіз жоқ. Төтенше жағдай кезінде билік шешімін сыйлау керек. Телевизиясында, әлеуметтік желілерде "биліктің шешімін сыйлайық, осыдан өтіп алайық, көшеге шыға бермеңдер" деп хабарлап жатыр.

Чехияда вирус жұқтырғандар 250-ден асып кетті. Оның көбі осы Прагада. Испания, Голландия, Италия, Швейцария, Германия, Франциямен салыстырғанда адам аз. Бірақ күнде қатты өсіп жатыр. Өткен күні 48 адам болған. Кеше 65 адам болды. Бүгінгі статистиканы күтіп отырмыз. Жұмысты үйден істеп жатырмыз. Кеңсеге бармаймыз. Кеңсеге келмеу туралы ұсыныс айтқан Чехия билігіне барлық жұмыс орындары "жұмысты үйден істеуге мүмкіндігі болса қызметкері үйде отырса" деген ұсыныс айтты.

Бүгін Чехияда "автобуста, метрода жүру үшін маскамен не шарфпен кіру керек, мұрныңды, аузыңды жауып жүру керек" деген ереже шықты.

Оқи отырыңыз: Коронавирус: не үшін дәл қазір әрекет ету керек? Стэнфорд университетінің магистрі Томас Пуэйоның зерттеуі

Испания



Болат Мұқашев, Мадрид, Испания:

Мұнда барлығы жабық. Mercadona, Día секілді ірі супермаркеттер ғана ашық. Супермаркетте бір-бірімізден бір метр қашықтықта тұрамыз. Көшеде жүріп жатқан адамдар қарасы аз. Негізінен Испанияның түкпір-түкпірінен Мадридке келген келген туристер осы жерден үйлеріне ұшамыз деп үміттенеді. Әуежайда көптеген рейсті тоқтатып жатыр. Адамдар әрі қарай не істейтінін түсіне алар емес.

Күнұзақ жағажайда жатып испанша "сәлем, саған крем жағып берейін бе?" деген секілді сөздерді үйренесің. Сөйтіп бойыңа сенімділік жинап испанша сөйлеп қалсаң, олар Германиядан келген екен.

Жергілікті адамдар маскадан бөлек, медициналық қолғап тағады. Ауа температурасы +25 градус. Көшедегі баннерлерге коронавирус бойынша сақтық шаралары жазылған. Дәріханаларда маска жоқ.

Қонақүйлер жабық болған кезде жергілікті адамдар туристерді каучсерфинг сервисімен өздеріне қуана-қуана шақырып жатыр. "Адамдар әсіресе осындай кезде бір-бірімізге көмектесуіміз керек" деген жергілікті тұрғын бізді қуана-қуана қарсы алады.

Сыртқы істер министрлігінің "Қазақстанға келмей, Мадридте қалыңыздар" деген мәлімдемесін оқыдым. Елшілік бір рет хабарласқанда "бір жолын тауып, Қазақстанға кетіп қалыңыз" деді. Пойызды да ұсынды. Бүгін жаяу шықсақ, Алматыға 64 күн дегенде әйтеуір бір жолын тауып жетеді екенбіз.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

"Сол жақта қалып, күніңді көр" дейтіндер бар. Ақша да бір күні таусылады, әрі қарай жұмыс істеу керек. Карантин кезінде жұмысымды басқа біреу жалғастыруға тиіс.

Мен бұл жерге әрі жұмыспен, әрі демалуға келдім. 16 наурызға дейін Қазақстанға қайтыңдар дегенде, Түркия арқылы ертерек билет алар едік. 14 наурыз ұшуға 10 сағат қалғанда рейстерді тоқтатып жатты. 2020 жылдың қазан айының соңына дейінгі басқа уақытқа ауыстыра аласыз деп хабарлады.

"Аэрофлот" және басқа да әуе желілерінің билеттері сатылып кеткен. Түркия мен Ресей Федерациясы рейстерін тоқтатып жатыр. Сонда да қайтуға біз билет сатып алдық. Бортқа кіргізе ме, жоқ па білмейміз. "Бір жолын тауып" елге қайтуға тырысып жатырмыз.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың жағдайы қандай?

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.