Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы Ахметжан Есімовке "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы лауазымында атқарған жемісті қызметі үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Елбасы сайты хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ахметжан Есімовтің басшылығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, БҰҰ есебінде алдыңғы қатарлы халықаралық үздік жиырма қордың қатарына қосылғанын атап өтті.

"Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы бұл нәтиже негізінен Ахметжан Есімовтің жоғары жауапкершілігі мен зор кәсіби тәжірибесінің арқасында мүмкін болғанын айтты. Сондай-ақ басқа да маңызды мемлекеттік лауазымдарда жүктелген міндеттерді барынша тиімді орындағанын атап өтті", – делінген хабарламада.

2017 жылдың желтоқсанынан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы қызметін атқарған Ахметжан Есімов өзіне артылған жоғары сенімі үшін Елбасыға алғыс білдірді. Ол Қордың жеткен жетістіктері Тұңғыш Президенттің халықтың тұрмысын жақсарту және мемлекетімізді гүлдендіру бағытында жүргізген саясатының арқасында еліміз қол жеткізген толағай табыстың шағын бір бөлігі ғана екенін атап өтті. 

Премьер-министр Асқар Мамин "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті таныстырып, оның энергетика саласындағы және "Самұрық-Қазына" қоры жүйесіндегі үлкен жұмыс тәжірибесін атап айтты.

"ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының алдында маңызы үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл еліміздің инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриалдық дамуын қамтамасыз ету арқылы, отын-энергетика кешенін дамыту, инвестицияларды тарту және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету арқылы ұлттық экономиканың одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасау", – деді Асқар Мамин.

Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев 1970 жылы 31 қазанда Алматы қаласында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "механик, қолданбалы математик" мамандығы бойынша, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі.

1997-2001 жылдары "ҚазТрансОйл" ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы" АҚ-да менеджер, клиринг департаментінің бастығы, жобаларды басқару департаментінің бастығы, басқарушы директор, экономика жөніндегі вице-президенті болып жұмыс істеді.

2001-2006 жылдары "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ қаржы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті және бірінші вице-президенті лауазымдарын атқарды.

2006-2007 жылдары "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" АҚ-ның электр энергетика активтерін басқару жөніндегі директоры болды.

2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі, "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.

2008-2009 жылдары – "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» АҚ бірінші вице-президенті, 2009-2011 жылдары –  "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ президенті.

2011 жылы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарушы директоры болып тағайындалды.

2011-2018 жылдары "Самұрық-Энерго" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, басқарма төрағасы, 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарды.