Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Парламенттік сайлауға бір ай уақыт қалғанда билік бақылаушыларға арналған жаңа тәртіп енгізді. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) жарғысы бойынша, енді тек рұқсаты бар ұйымдар ғана сайлауға бақылаушы жібере алады. Ал учаскеден онлайн трансляция жүргізуге болмайды. Фото-видео түсіретін кезде рұқсат алу керек деген ереже бар. Яғни, сайлау учаскесінде жүрген барлық адамнан рұқсат сұрау керек деген ереже жазылған. Мұндай қатаң қаулы не үшін қажет болды? Осы жаңа ережемен елдегі бақылаушылар жұмыс істей ала ма? Алдағы Парламенттік сайлауға біздің елдегі бақылаушылар қаншалықты дайын?

Жаңа қаулы бақылаушылардың құқығын шектей ме?

"Baqylau" жобасының үйлестірушісі Бэлла Орынбетова сайлау бақылаушыларына қатысты жаңадан шыққан қаулы халықаралық нормаларға қарсы деп есептейді. Оның ойынша, бұл ережелер бақылаушылардың құқығын шектеп, қолын байлайды. Соның салдарынан сайлау кезінде қандай да бір құқық бұзушылықтар орын алса, оны дәлелдеу қиынға соғады. Бұл жерде сотқа шағымдану құқығынан айырылып отырмыз дейді сарапшы.

"Бақылаушылар видео түсіретін болса, учаскеде жүрген жеке адамды емес, құқық бұзушылықты ғана түсіреді. Конституциямыздың 30-бабы бойынша, әрбір адам ел билігін басқаруға қатыса алады. Яғни, сайлау арқылы қатысады. Сайлау халықаралық нормалар бойынша, әділ, ашық, жария өту керек. Бізде жариялық принципін мүлдем жауып тастады, ашықтық та жоқ. Сайлауды бақылауда біздің міндетіміз не? Учаскедегі құқық бұзушылықты көрсету немесе оның болмауына ықпал ету. Егер біреу құқық бұзып жатса, жаңа қаулыға сай біз оны суретке немесе видеоға түсіре алмаймыз. Демек, сотқа шағымданатын болсақ, қолымызда еш дәлеліміз жоқ. Сайлау туралы конституциялық заң бойынша, бақылаушы шағым түсіретін болса, міндетті түрде оған дәлелін көрсетуі керек. Бізде дәлел қайдан болсын? Аузымызды толығымен жауып тұр. Бұл жерде тіпті сотқа шағымдану құқығынан айырылып тұрмыз", – деді Бэлла Орынбетова.

Оның айтуынша, мұндай ережелердің не үшін қажет болғаны түсініксіз. Ол Орталық сайлау комиссиясының жаңа ережелері бақылаушылардың құқығын шектегенімен, өзге заңдар толықтай әрекет етуге мүмкіндік беретінін алға тартты.

"Ең жоғарғы тұрған заң, ол – Конституция. Одан кейін ратификацияланған халықаралық құжаттар, конституциялық заң, қарапайым заңдар, Президенттің жарлықтары, ең соңында тұратыны Орталық сайлау комиссиясының қаулы, жарлықтары. Сонда ОСК бір қаулысымен анау тұрған жай ғана заң емес, Конституциялық заңдағы біздің бақылаушыларға берген конституциялық құқықты қалай бұзып қояды? Қаулыда, Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамдардың жеке бейнесіне өзінің құқығы бар дейді. Ал біздің БАҚ туралы заңның 14-бабына сай, қоғамдық, әлеуметтік шарада жүрген адамдарды түсіруге рұқсат алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, ондағы қызмет бабындағы, яғни сайлау комиссиясының төрағалары, комиссия мүшелерін түсіруге рұқсат сұрау міндет емес", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда сайлауды қалай әділ өткізуге болады? Сараптама


Билік жаңа қаулыны бақылаушылардан қорыққанынан шығарды ма? 

Алматы қалалық бақылаушылар штабының төрағасы Серікжан Байғұттиновтың ойынша, жаңа қаулының шыққаны құптарлық жәйт. Бұл бақылаушылардың және оларды жіберетін ұйымдардың жауапкершілігін арттырады деген пікірде.

"Жаңа қаулы бақылаушылардың, оларды жіберетін ұйымдардың жауапкершілігін арттырады. Біз күнде бақылаушы болып жүрмейміз ғой. Қазір сайлау науқаны болғаннан кейін, ҚР Кәсіподақ федерациясының шешімі шыққан, біз сайлауға бақылаушы ретінде қатысамыз деген. Сондықтан, Алматы қаласында Алматы аумақтық Кәсіподақ бірлестігі бар, сол бірлестіктің жанында біз штаб құрдық. Кейін бақылаушылар мектебін аштық. Қазір сол мектептің жұмысы жүргізіліп жатыр, бақылаушыларға сайлау учаскесінде не істеуге болады немесе болмайды дегендей тәртіптерін үйретіп жатырмыз", – деді Алматы қалалық жергілікті "Ұстаз" кәсіподағының төрағасы Серікжан Байғұттинов.

Ал "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы Арайлым Назарованың пікірінше, билік бұл қаулыны бақылаушылардың өте белсенділігінен қорыққандықтан шығарған. Сөйтіп, сайлаудың ашықтығын қадағалаушылардың құқығын шектемек. Бірақ, Арайлым Назарова бұған жол беруге болмайтынын айтады. Сарапшы жаңа қаулыға шағымданатынын жеткізді.

"ОСК былтырғы президенттік сайлаудағы бақылаушылардың өте белсенділігінен қорықты және сол себептен жаңа қаулы шығарды деп ойлаймын. Бақылаушылардың құқықтары мен міндеті конституциялық заңда толығымен көрсетілген. Егер ол кісілер сайлау учаскесінде болатын қандай да бір қылмысты жасыру мүддесін қорғамаса, неге конституциялық заңда көрсетілген бақылаушылардың құқығын қандай да бір қаулымен шектеуге мәжбүр болды? Бұл қаулы заңдық күшіне енуі үшін 10 күн, сайлауға дейін 1 ай уақыт бар. Біз өз тарапымыздан осы қаулының күшін жою үшін барлық шараларды атқарамыз. Бізден басқа үш ұйым Жоғарғы сотқа арыздар жіберді. Одан бөлек, қазір петиция дайындалып жатыр. Қоғам белсенділері мен бақылаушылары бұл қаулыға өте наразы және қарсы. Біз үшін конституциялық заңның мәртебесі ол қаулыдан жоғары. Егер сайлау комиссиялары бізге учаскеге келген кезде қаулыны алып, сол қаулының аясында жұмыс істейміз десе, кешіріңіздер біз конституциялық заңның аясында жұмыс істейміз деп жауап берер едім", – деді Арайлым Назарова, "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы.


Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама


Еркін жүріп-тұруға да шектеу. Бақылаушылар учаскедегі заң бұзушылықты қалай дәлелдейді?

Бақылаушыларға қатысты жаңа қаулыда олардың сайлау кезіндегі жұмыс ережесінен бөлек, бір орында отыруы қажеттігі де айтылады. Алматы қалалық жергілікті "Ұстаз" кәсіподағының төрағасы Серікжан Байғұттиновтың пікірінше, бақылаушылар учаскелік комиссияның жұмысына кедергі келтірмеуі үшін шектеудің осы түрі тиімді. Сондықтан ол, бақылаушылар дауыс беру процесін бір орында отырып қадағалауы жөн екенін алға тартты.

"Заңда көрсетілген, бақылаушыларға бір орын бөлінеді және олар дауыс беру үрдісін сол орында отырып бақылауы керек. Бұл дұрыс. Себебі, учаскелік комиссияның жұмысына кедергі келтіруге болмайды. Олардың алдына барып көруге рұқсат жоқ. Сондықтан, тек бір орында отырып бақылаған жөн", – деді Серікжан Байғұттинов.

"Baqylau" жобасының үйлестірушісі Бэлла Орынбетованың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы шығарған бұл қаулы бақылаушылардың қолын байлағаны былай тұрсын, емін-еркін жүріп-тұруына да рұқсат етпейді. Соның кесірінен бақылаушылар бюллетеньдегі былықтарды көре алмайды деп қынжылды ол. Сондай-ақ, Орынбетова бақылаушылар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Ол бақылаушы сайлау комиссиясының қасына барып қолын ұстап немесе оған сөйлеген жағдайда ғана кедергі келтіретінін алға тартты. Ал, үнсіз жүріп қадағалаудың еш оғаштығы жоқ деді маман.

"Жаңа қаулы бойынша бақылаушыларға бір орын беріледі және сол орыннан алшақтамаулары қажет. Ал сайлау туралы конституциялық заңның бір де бір бабында бақылаушылардың бір орында отыруы керектігі туралы жазылмаған. Керісінше, еркін жүріп-тұруына болады. Онда 6 метр, лента, орын туралы мәселе мүлдем жоқ. Қашықтық көзге көрінетін деңгейде болуы керек. Бақылаушы сайлау, дауыс беру процесін толық бақылауға құқылы. Мысалы, мен сайлау комиссиясының әрбір мүшесі қол қоятын бюллетеньдегі қолды көруім керек. Заң бойынша, бюллетеньдердің жарамды немесе жарамсыз екенін танудың бір жолы, егер ол жерге комиссия мүшесі қол қоймаса, онда ол бюллетень жарамсыз болады. Мені қашықтау жерге отырғызып қойса, бюллетень дұрыс екенін қайдан білемін? Оны басқа жерден алып келді ме, мүмкін бір партия өтейін деп 5-6 бюллетеньді тығып алып келген шығар? Ол жерде комиссия мүшесінің қолы болмайтын шығар?", – деді Бэлла Орынбетова "Baqylau" жобасының үйлестірушісі.


Оқи отырыңыз: Сайлау учаскесін 10 желтоқсанға дейін ауыстыруға болады. Дауыс беруші білуі тиіс 20 маңызды мәлімет


Жаңа қаулы өткен сайлаулардағы қателіктерді қайталамау үшін қажет пе?

Журналист Бауыржан Кариповтың айтынша, былтырғы президент сайлауынан кейін көптеген қателіктер орын алған. Сайлау бітпей жатып, әлеуметтік желіде заң бұзушылықтардың видеосы жаппай жарияланған. Бұл қоғамда қызу талқыға түсті. Осындай олқылықтарды кезекті науқанда қайталамау үшін, билік жаңа қаулыны әдейі шығарған.

"Президент сайлауындағы процесті, қалай өткенін, оның нәтижесін барлығын көрдіңіздер. Меніңше, биылғы қаулының шыққаны сол процеспен байланысты. Яғни, билік былтырғы президент сайлауында жіберген қателігін қайталағысы келмейді. Сайлаудың уақытында ештеме жариялауға болмайды. Былтыр сайлаудың кезінде түстен кейін әлеуметтік желіде видеолардың барлығы қаптап кетті. Бәлкім, сол олқылықты биыл қайтадан қайталағысы келмейді және сол үшін қаулы шығарған шығар. Бұл сайлауды әділ өткізуге биліктің өзі мүдделі деп мен ойлаймын", – деді Бауыржан Карипов.

Былтырғы президенттік сайлауда бақылаушылар заң бұзды ма және оларға шағымданушылар болды ма деген сауал туындары анық. Бэлла Орынбетованың айтуынша, саяси дода кезінде бақылаушылар еш қателік жібермеген. Керісінше, белсенділерді учаскеден қуып шығу әрекеттері тіркелген.

"Бақылаушылар тарапынан заң бұзушылық болған жоқ, бірақ аса белсенді адамдарды учаскелерден шығарып жіберді. Шықпаймын десе, полиция қызметкерлері алып кетіп, әкімшілік құқық құзу бабы бойынша 5 тәулікке қамаған адамдар болды. Мысалы, Қызылорда қаласында бір бақылаушы болды. Өзі заңгер. Ол учаскеде таңертеңнен кешке дейін үндемей ғана отырған. Кешке қарай қарны ашқасын, целлофаннан пирожкиін шығарып жейін десе, целлофан шықырлатты деп оны учаскеден шығарып жіберді. Бұл абсурд қой? Біз сайлау кезінде әлеуметтік желіде қаншама заң бұзушылықты, қаншама бюллетеньді салып жатқанын, адамдарды қайта-қайта кіргізіп жатқанын көріп жатырмыз. Бірақ, осы сайлау комиссиясының мүшелеріне, төрағасына қатысты бір іс қозғалған жоқ. Бұған бақылау ұйымдарының көбісі шағымданды. Алайда, негіз жоқ деп шағым қабылданбады", – деді "Baqylau" жобасының үйлестірушісі Бэлла Орынбетова.


Оқи отырыңыз: Онлайн дауыс берілмейді. Қазақстандағы Парламенттік сайлаудан соң Қырғызстандағы жағдай қайталана ма?


Бақылаушы болу үшін не істеу керек? 

Заң бойынша кез-келген үкіметтік емес ұйым бақылаушылар дайындай алады және сайлау үрдісіне қатыса алады. Ал бақылаушы болуы үшін азаматтар партияға немесе кез-келген үкіметтік емес ұйымға келіп, бақылаушы болу ниетін білдіруі керек. Одан кейін арнайы тренингтерден өтеді, тренингтен өткен соң бақылаушы куәлігін алады. Содан кейін ғана сайлау учаскесіне барып бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бэлла Орынбетованың айтуынша, бақылаушы ешкімнің мүддесін көздемейтін, өзінше бейтарап болуы шарт.

"Тәуелсіз бақылаушы деген кім? Ол бір партияны тұқыртамын немесе бір партияны алға сүйреймін деген ойдан ада болуы керек. Ол бір партияның немесе бір құрылымның мүшесі болмауы қажет. Оның басты принципі, кім жеңсе де елдің таңдауы. Басты құндылық сол болуы шарт. Бізді арғы жағымыздан итермелеп тұратын күш, ол – әділдік. Өшпенділік емес. Мен мысалы Республика қозғалысының мүшесі, оны құрушылардың бірі болдым. Алайда, ол қозғалыстан шығып кеттім, өйткені мен қазір толығымен нейтралитет болуым керек. Сондықтан, саяси қозғалыстардың ешбіріне қатысым жоқ. Әділетті талап ету үшін осылай бақылаушы болуға бел будым", – деді Бэлла Орынбетова "Baqylau" жобасының үйлестірушісі.


Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама


Парламенттік сайлау қаншалықты әділ өтеді?

Қазақстанда сайлау учаскелерінің 10 мыңға жуық саны бар. Осыншама учаскені бақылау үшін үлкен ресурс қажет екені анық. Сарапшылардың мәлімдеуінше, Қазақстандағы барлық бақылаушылар 10 мың учаскені қамти алмайды. Бэлла Орынбетова мұндай жағдайда әділ сайлау туралы айтудың өзі артық деп санайды.

"Әділ сайлауды айту үшін бізде ашық жүйе болу керек. Барлық учаскелердің хаттамалары барлығы базада жиналып, көрінетін болу керек. Ашық жүйе жасасын ОСК, сайлаудың әділ өткенін бізге дәлелдесін", – деді Бэлла Орынбетова.

Десе де, ТМД-дан, Еуразиялық одақтан келген бақылаушылар Қазақстандағы сайлау әділ өтті деп жатады. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ) немесе өзге ұйымдар біздегі бір де бір сайлауды әлі әділ өтті деп бағалаған жоқ. "Олардың бұл бағасы әділ ме?" деген сауалға "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы Арайлым Назарова былай деп жауап берді:

"Олар ойдан есеп құрастырмайды. Егер сондай баға берсе, демек, бір себеп бар. Былтырғы сайлауды әділ өтпеді деп есептеген болса, біз оған куәміз. Алматы қаласы бойынша қаншама заң бұзушылықтар болды. Бізде 8 іс сотқа дейін жеткізілген еді. Өкінішке орай ұтылып қалдық. Қаншама видеолар әлеуметтік желіде жүрді. Оның барлығы әділетсіз сайлау өтті деп есеп беруге толықтай негіз болады деп ойлаймын. Ол кісілер де өз көзімен көреді. Мысалы, Алматы бойынша ОБСЕ-ден 7-8 бақылаушы келсе, олар учаскелерді аралап жүреді".


Оқи отырыңыз: Сайлау: Дауыстың дұрыс саналауын бақылау, сақтану. Әділ сайлау өтуі үшін не істеу керек?


Жаңа қаулыдағы "ұлттық бақылаушылар" деген кім және ол шетелден келген бақылаушылардың құқығын шектей ме?

Орталық сайлау комиссиясы шығарған жаңа қаулыда, "Ұлттық бақылаушыларға фото, видео түсіруге рұқсат етілген" деген сөз бар. Жаңа ережелерді сынға алған сарапшылар осындағы "ұлттық" деген кім екенін түсінбей дал. Әрі бұл қаулы халықаралық бақылаушылардың жұмысына қалай әсер етері беймәлім.

"Біз соны түсінбей отырмыз. Олар халықаралық бақылаушыларға да шектеу жасайды ма? Әлде тек өзімізге ғана ма? Жалпы жаңа ережелер қазақстандық бақылушылардың мүмкіндігін шектеген. Ал БАҚ өкілдеріне сайлау және бақылау процесін түсіріп, репортаждарын жасауға рұқсат берген. Тек, қолдарында редакциялық тапсырма болған жағдайда. Бұрын қызметтік куәлігі болса жеткілікті еді. Бірақ, ОСК-ның қайдағы бір қаулысы конституциялық құқымызды шектей алмайды. Сондықтан, мен өзім осы елдің азаматы ретінде, осы елдің конституциясын, конституциялық заңдарын басшылыққа аламын. Ал ол жерде маған толық мүмкіндік берілген. Қаулыға қарамай әрекет етемін", – деді Бэлла Орынбетова.

"Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы Арайлым Назарова қаулыдағы "ұлттық бақылаушылар" ұғымын түсінбегендердің бірі. Сарапшы жаңа ереже қолданысқа еніп, қол байласа да, саяси доданы мұқият бақылап, заң бұзушылықтарды ашық жариялайтынын мәлімдеді.

"Ұлттық деп бөлгенді қалай түсінуге болады? Қазақтарға рұқсат, өзге ұлтқа рұқсат емес пе сонда? Түсініксіз нәрсе көп. Егер осы қаулы күшіне еніп кеткен жағдайда, біз сағымызды түсіріп, өкпелеген баладай кетіп қалмаймыз. Біз өз миссиямызды соңына дейін орындаймыз. Сайлауға қатысуға міндеттіміз және қатысамыз. ОСК бізге қандай ойын тәртібін берсе, біз сол ойын тәртібінде ойнаймыз", – деді Арайлым Назарова.


Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық


Парламенттік сайлауға халықтың қатысуы қанша пайыз деңгейінде болады?

Журналист Бауыржан Карипов былтырғы Президент сайлауынан кейін қоғамда сайлауға деген қызығушылық пайда болғанын мәлімдеді. Сондықтан, ол алдағы науқаннан дауыс берушілердің көп бөлігі қалыс қалмайды деп болжады. Ал "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы Арайлым Назарованың есебінше, халықтың алдағы сайлауға қатысуы 40 пайыздың шамасында ғана болады.

"Былтыр ең бір қызық, белсенді сайлау дегеннің өзінде Алматы қаласы бойынша хаттамалардың қорытындысын жинағанда халықтың келуі 40 пайыздан асқан жоқ. Енді осы сайлау да соның ар жақ, бер жағы болады деп ойлаймын. Әрбір Қазақстан азаматы осы елде өмір сүргеннен кейін елдің ішінде болып жатқан саяси процестерге, әсіресе сайлауға белсене араласуымыз керек. Әрбір қазақстандық "мен үшін шешіп қойған, мен бармасам да осы болады" деген стеоротиптен құтылуы керек. Біз үшін ешкім шешіп қоймауы қажет. Біз өзіміз шешуіміз керек. Бюллетень типографиядан арнайы сіз үшін шығып, сол учаскеге сіздің саныңызға байланысты келген. Яғни, бұл менің жеке меншігім, жеке құқығым, ол тек маған берілген бюллетень деп қараған жөн. Авраам Линкольн, "Сайлау бюллетені оқтан да күшті" деп айтқан екен. Шыныменде біз осы бюллетень қадірін біліп, өзіміздің азаматтық позициямызды білдіруіміз қажет", – деді Арайлым Назарова.

Арайлым Назарова саяси науқанға немқұрайлы қарайтын отандастарымызды дауыс беруге және ол дауысты қорғауға шақырды. Ол егер әр қазақстандық "менсіз де шешіп қойған" деп ойлап, сайлауға қолын сілтесе, билік расымен де халықпен есептеспей шешіп қоятынын алға тартты. "Baqylau" жобасының үйлестірушісі Бэлла Орынбетова да әріптесінің бұл пікірін құптады.

"Адамдар сайлауға бару мен салықтың байланысын түсінуі керек. Неге бізде сайлауға 70 немесе 90 пайыз адам қатысты деп жазады? Өйткені, адам келуіне байланысты парламентке өткен әрбір партия өзіне қанша адам дауыс береді, соның көлемінде 3%АЕК көлемінде қаражат алады. Адамдар сайлауға барған жоқ. Алайда, 90 пайыз деген қайдан шықты? Яғни, сіз сайлауға барған жоқсыз, бюллетень толтырған жоқсыз, бірақ сіз үшін оны міндетті түрде толтырып өткізе салады. Сіздің ай сайынғы төлейтін салығыңыздан өткен басқа партия қаржыландырылады. Ол 3% АЕК деген ол өте керемет ақша. Ол миллион емес, миллиард ақша", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Сайлау мен алдау


Сайлау әділ өтпеген жағдайда бақылаушылар не істеуі керек?

Заң бойынша бақылаушы егер сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылықтың куәсі болса, дереу хаттама толтыруы керек. Оның бір данасын сайлау учаскесінің төрағасына тапсырып, екінші данасын соның қолымен өзіне қалдыруы тиіс. Сайлау учаскесінің төрағасы шикілік болғанын қалалық штабқа, олар республикалық штабқа хабарлап, әрмен қарай шешім шығарылады. Ал жаңа қаулы онсыз да құқығымызды шектейді деген бақылаушылар, алдағы сайлауға тіпті қатыса алмаймыз ба деп қауіптеніп отыр.

"Бізде заң бұзушылықтар болған кезде, заң бұзушылық туралы актіні толтырған кезде ешбір сайлау комиссиясы ол актіге қол қоймайды. Әділ өтпесе не істейміз? Біз бірінші учаскеге кіріп алайық бақылаушы болып. Өйткені, карантинге байланысты кейбір сайлау учаскелері тек партияның бақылаушыларын ғана кіргізеді ме деген қауіп бар", – деді "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ҚБ төрайымы Арайлым Назарова.