Батырлар жыры – қазақтың өлмес мұрасының бірі. Өйткені батырлыққа тәрбиеу үшін жырды баланың санасына бесікте жатқаннан сіңірген. Сол арқылы баласының намысын қайрап, жігерлендіріп отырған.

"Бұл – Сейфуллин Жолбарыстың өлеңі емес"

Эстафета кезегін алған ауған соғысының ардагері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл ұрпаққа мирас болған батырлар жыры әр адамның жадында ғана емес, жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс дейді.

– Жалпы батырлар жырының мағынасы терең, сан ғасырлық тарихы бар шежіре. Сондықтан билік басындағы азаматтардың барлығы осы батырлар жырынан рухтанулары керек. Бұл – әнші Сейфуллин Жолбарыстың өлеңі емес. Сондықтан тарихтан сыр шертетін жырды әрбір адам жатқа білу керек деп ойлаймын. Біз сол жырлармен сусындап өстік. Бойымызға қанат бітіріп, рухани дем берген батырлар жыры болатын. Сондықтан елдік пен ерліктің тамыры тереңде екенін көрсету үшін бұндай бастамалар керек.

Тарихты тану үшін жырды насихаттау парыз

– Батырлар жыры қазақ елінің тамырын тереңге жайған тарихы барлығын дәлелдейді. Бұндай ерлік дастандары еш елде жоқ. Алпамыс батыр жырын өзбектер иемденгісі келгенмен, оларда ешқандай атадан балаға мирас болып қалған батырлар жыры жоқ. Әлемнің тең жартысы әлі даму үстінде болғанда бізде өркениет болғанын Есік қаласынан табылған алтын адамның киімі дәлелдеді. Ал сүйегі осы жерде өмір сүргенін айғақтап тұр. Ол – жай адам емес, осы жерге иелік еткен адам. Ал біз – солардың ұрпағымыз.

Батырлар елін, жерін қорғап қалу үшін құрбан болғандар туралы жыр арқылы көне тарихымызды танып, намысымызды жанып, болашағымызға бағыт-бағдар жасауымызға болады. Сондықтан білім, ғылым, әскери патриоттық сала болсын бірлесе отырып, қолдан қолға өткізіп, насихаттау парызымыз.

Халыққа қызмет көрсетіп жүрген ел азаматтарының бағыты да, мақсаты бір. Ал Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды батыр жырлары осыған бағытталған. Жігітке жігіттік сипат беретін осы батырлар жыры деп ойлаймын, – дейді Бақытбек Смағұл.

Ұлттың символы – батырлар жыры

Жалпы түркі халықтарының ішінде қазақ халқы батырлар жырына өте бай ел дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ.

– Қазақ – шапқыншылыққа көп ұшыраған халық. Сондықтан жырдың тууына сол тарихи кезеңдердегі оқиғалар себеп болған. Сонымен қатар елдің патриоттық сезімін оятып, рухтандыратын күші бар. Тіпті екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы жырларды халықты рухтандыру үшін қайта халық арасында кеңінен таратқан.

Ал өзбек халқының "Алпамыс батыр" жырын Юнескоға тіркетіп, жекеменшіктеп алуына жырда аталған Жиделібайсын жері Өзбекстанда орналасқандығы себеп болған. Бұл жыр башқұрт пен қарақалпақтарда да бар. Сондықтан "Алпамыс батыр" жыры – түркі халқына ортақ шығарма.

Әлемде бір ғана батырлар жырымен дүниежүзіне танылған ұлт бар. Мысалы, якуттарда "Олонхо" жыры. Олардың ойынша кез келген өнер осы жырдан бастау алады. Якуттар батырлар жырын ұлттың символына айналдырып, ұрпағын сол жырмен тәрбиелеп отыр. Қазір "Олонхо" жырын Юнескода ресми тіркеуден өткізіп, өздерінің ұлттық жыры екенін дәлелдеді. Ал бізде Юнескоға ресми түрде тіркелген бірде-бір жыр жоқ. Сондықтан ұлттың символына айналған батырлар жырын кеңінен насихаттау керек, – деді филолог.

Батырдың рөлі қандай болған?

Батырлар жыры қазақ дәстүрінде ертегіден басталады. Қазіргі заманның балалары Халк, Супермен, Бэтмен, капитан Америка тағы да басқа толып жатқан кейіпкерлерді батыр деп қабылдайды. Ал ол кейіпкерлер Дандай Ысқақатың айтуынша, біздің көркем туындыларымызды болашақта ескерусіз қалдыруы мүмкін.

– Батырдың жеңілмейтіндігі және оған зақым келмейтіндігі де – эпикалық дәстүр. Қаһарманның өліп-тірілуі, "атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді" сияқты ажалсыздық, батырға деген шексіз идеалдық түсінік қалыптастырды. Фольклор жанрларында батырлар жырының көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Ел тарихында болған, не болатын оқиғалар мейлінше жинақталып, әрі іріленіп суреттелумен бірге, олардың ел-жұрт, мемлекет тағдырындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді. Елді біріктірген немесе ынтымағын ыдыратқан оқиғалар саяси-әлеуметтік түп-тамырымен бірге ашылып көрсетіледі. Осының бәрінің бел ортасында дүйім жұрт мақтаған-мадақтаған, елмен мұраттас қаһарман жүреді. Оның іс-әрекетінде қара бастың қамынан гөрі елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп беріледі. Сол арқылы тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға халықтың көзқарасы көрсетіледі.

Сонымен қатар батырлар арқылы халық өздерінің арман-тілектерін ұштастырып отырған. Жыр ел тыныштығын бұзған жауды жеңіп, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды" қайта орнатқан батырды дәріптеуге арналады. Батырдың басынан өткен қиындықтары суреттеледі. Бірақ батырдың қайтпас қайсар мінезі мен шексіз ерлігі, елге деген сүйіспеншілігі оның жеңіс туын қолына алуына себепші болады, – деді Дандай Ысқақ.

Эстафета ақын бастамасымен қолға алынған

Алдымен мектеп оқушылары арасында өткен әдеби-танымдық сайыс 17 мамырда басталды.

Бұдан кейін мектеп оқушылары арасында басталған ерекше эстафета бүгінде саясаткерлерден қызу қолдау тапты. Ақын Серік Сейтманның бастамасымен эстафетаны "Қазақстан" ТРК Төрағасы Ерлан Қарин журналист Берік Уәлиден қабылдап, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа, ал министр оны депутат Геннадий Шаховскийге жолдаған болатын.



Геннадий Шаховский инстаграм парақшасында "Тұлпар мініп, ту алған" ұлттық жобасын қолдау мақсатындағы "Алпамыс батыр" жырын оқу эстафетасын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Абаев Дәурен Әскербекұлынан қабылдап, еліміздің батыры, әріптесім Бақытбек Смағұл ағамызға жолдаймын" деп жазған еді.



Депутат эстафетаны неге министрлерге жолдады?

– Салт-дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Сол дәстүрдің ішінде балаға сәби кезінен тал бесікте тербете отырып батырлар жырын айту – ең озық дәстүрлердің бірі деп ойлаймын. Кезінде қазақты қорғайтын бес қаруы болса, қазір адамды қорғайтын білімі. Сан ғасырлық тарихы бар текті ұлттың ұрпағы екенін білмесе және соны басқаның алдында дәлелдей алмаса, басқаның бәрі бос сөз боп қалмай ма?! Өз тарихын білмеген елдің тарихын басқа ұлттар керек қылмайды. Сол себепті ер азаматтың қаруы – батырлар жыры. Бұл бастама – мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеріп, білімді шыңдай түседі деп ойлаймын. Жырды оқып, санасына сіңірген баланың Алпамыс дегенде ар-намысы оянуы керек.

Ал бұл мәселе тікелей білім және ғылым министрлігіне байланысты болғандықтан Алпамыс батыр жырын оқу эстафетасын Сағадиевке және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа жолдаймын.



Сонымен қатар батырлар жырын орыс, ағылшын тіліне аудару керек. Өйткені туып, өскен жерінің тарихын кез келген ұлт өкілі білуі керек. Қазақ топырағынан нәр алып, қанатын қатайтқан Генадий Головкин де "мен қазақпын" деп жар салды емес пе? Ол сол сөзі арқылы қазақ халқына алғысын білдірді. Ұлы даланың перзенті екенін дәлелдеді.

Ақтөбе қаласында аштық құрбандарына ескерткіш тақта ашылғанда Қазақстан халық ассамблеясының өкілдері аштық кезінде жойылып кету қаупі туғанда қол ұшын берген қазақ ұлтына шексіз алғыстарын айтып, осында тұрып жатқан ұлт өкілдерінің қазақ тарихын "біздің тарихымыз" деді. Демек, әрбір ұлт өкілі осы жердің нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан, Қазақстанның тарихын "менің тарихым" деп тануы керек. Билік басындағы азаматтардың барлығы осы батырлар жырынан рухтанулары керек.

Елдікті, мемлекеттікті тереңнен алған ұлы дала ұрпағымыз. Сол ұлы даланың дүбірін біздің биліктегі адамдар әлемге танытуға тырысуы керек, – деді Бақытбек Смағұл.

"Алпамыс батыр" жыры қазақтың төл туындысы

Қазақтың батырлар жырына негіз болған екі түрлі эпикалық (қаһармандық) дәуір бар. Бірі – жеке рулар (тайпалар) дәуірі. Мәселен, "Алпамыс" жырында – қоңырат, "Қобыланды" эпосында – қыпшақ заманы суреттелген. Екіншісі – ноғайлар дәуірі. Жеке рулар дәуірі жыр тізбегіне (циклына) енбейтін дара тұрған эпостық жырға тән әрі ондай жыр көбіне жоғарыда көрсетілген инварианттың үш сюжетін де қамтиды. Батырлардың жорығын бірнеше рет қайталау, оқиғасын өмірбаяндық жолмен құру арқылы мұндай эпос өзі суреттеп отырған дәуір туралы мейлінше мол бейнелейді. Мәселен, "Қобыланды", "Алпамыс" жырларында сюжеттердің толықтығын былай қойғанда әлеуметтік орта, жағдай, ел тіршілігі, біршама нақтылы баяндалады. Ал ноғайлы дәуірі қазақ эпосының тізбекті топтама жыр үлгілерінде көрініс береді. Бұларға қаһарманның дүниеге келуін, балалық шағын, үйлену тарихын толық баяндау тән емес.

Қазақ ауыз әдебиетінде: "Алпамыс", "Қобыланды", "Ер Тарғын", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Қобыланды", "Едіге", "Батыр Бекет", "Ер Сайын" жырлары кеңінен таралды.

Алпамыс батыр" – қазақ халқының қаһармандық эпосы.Терең мазмұны, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан "Одиссея", "Манас", "Калевала", "Қобыланды батыр" т.б. жырлар секілді әлемге таралған эпостық жыр. "Алпамыс батырда" халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпикалық әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадия түрінде жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (V-VII ғ.) азаттық үшін күрестен бастап, XVIІ-XVIII ғасырдағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстар жайлы көз алдыңа елестетіп әкелердей суреттеп береді.

Қазақ халқының XVII-XVIII ғ-да қалмақ жаулаушыларына қарсы күресі көптеген жырларының фабуласында шынайы көрініс тапқан. Жырдағы жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді.

Батырлар жыры үш топқа бөлінеді

Батырлық жырларын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа жинақталған. Бірінші, "Ең көне заманғы эпос", "ертегілік эпос", "архаикалық эпос", "көне эпос", "мемлекетке дейінгі эпос" дейтін атаулар ғылымда алғашқы кезеңдегі эпостық жырларды атау үшін қолданылып жүр. Бұлардың қатарына "Ергенеқон", Аттилла, Ер Төстік, мергендер туралы эпостық жырлар жатқызылады.

Екінші – тарихи кезеңдердің эпосы: Түрік қағанаты, Оғыз хандығы, ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы кезеңіндегі эпостар ("Қорқыт Ата кітабы", "Алпамыс", "Қамбар", "Қобыланды", "Ер Тарғын", т.б.).

Үшінші – жаңа дәуір эпосы: тарихи жырлар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жырлар ("Еспенбет", "Өтеген", "Нарқыз", т.б.).

"Алпамыс батыр" жырын оқу жастар арасында жалғасты

Қазақ батырлар жырын оқу эстафетасы әлеуметтік желі қолданушы жастар арасында да жалғасын тапты. Яков Федоров фейсбук парақшасында "Тұлпар мініп, ту алған" жобасын қолдау үшін "Алпамыс батыр" жырын оқу эстафетасын досы Евгений Кочетовтан алып, журналист Махаббат Есенге, Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз-хатшысы Данияр Жанысқа және Ақтөбе облысының үздік блогері Юрий Гончаровқа жолдайтынын жазған.