Қазақстанда 59 мыңға жуық адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды. Жүкті әйелдерді вакциналауға бола ма?
Бүгінде 600-ден астам екпе бөлмесі дайын. Оның 97%-дан астамы арнайы тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген.Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинация басталған. Бүгінгі күні 59 мыңға жуық медицина мамандары мен педагогтар және күштік құрылым қызметкерлері екпе салдырған.
Вакцинаның екінші компоненті 18 мыңнан астам адамға салынды. Қазір электронды жүйе арқылы мониторинг жүргізіліп, вакцина алғандардың жағдайы бақыланып отыр.
"Әрбір адамға вакцина сол адамның келісімі, түсіндіру жұмыстары және медициналық тексерістен кейін салынады. Сонымен қатар, вакцина салатын, оны ұйымдастыратын қызметкерлердің барлығы да арнайы оқыту, үйренуден өтті. Арнайы егу бөлмелері толықтай қажетті құрылғылармен жабдықталған. Вакцинаның ерекшелігіне байланысты арнайы бөлмелер -180С-ты қажет ететін тоңазытқыш қондырғыларымен қамтамасыз етілген", – деді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.
Оның айтуынша, бүгінде 600-ден астам екпе бөлмесі дайын. Оның 97%-дан астамы арнайы тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген.
"Жұмыс барысында біз вакцина алған адамдардың екпеден кейінгі мониторинг жұмысына көп көңіл бөлеміз. Вакцина алғаннан кейін егу бөлмесінің жанында арнайы бөлмелер дайындалған, онда адамдар 30 минуттай медицина қызметкерлерінің бақылауында болады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Балаларға екпе салдыру дұрыс па? Маңызды 10 сұраққа жауап береміз
Сонымен қатар, азамат үйге жіберілгеннен кейін 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Осындай бақылаудың нәтижесінде 400-ден астам (415) адамнан вакцинациядан кейінгі реакция тіркелгенін байқадық. Мұның барлығы алдын ала күтілген жағдай. Оның ішінде 267-сі жалпы жағдай (дененің дел-салдылығы, дене қызуының көтерілуі). Адам ағзасының қалыпты реакциясы саналатын мұндай жағдайда арнайы ем-домның қажеті жоқ.
"Онкология және радиология ҚазОРҒЗИ" АҚ Басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан онкологтар қауымдастығының төрайымы Диляра Қайдарова бүгінде коронавирус кезінде науқастарға онкологиялық көмек көрсету, арнайы көмектің қалай көрсетілгені туралы мәселеге баса назар аударылып отырғанын айтады.
"Пандемия кезінде науқастарға қажетті көмек үздіксіз көрсетіліп отырды. Бірақ, онкологиялық көмек көрсету барысында белгілі бір кедергілердің болғаны рас, ол мысалы, науқас ем қабылдау кезінде (химиотерапия, сәулелі терапия, хирургиялық ем) коронавирус инфекциясын жұқтырып алған болса, онда ем-дом шараларын тоқтата тұруға тура келді. Қазір пациент арнайы ем-дом шараларына кіріспес бұрын, міндетті түрде ПТР-тестін және КТ арқылы өкпесін тексертуі керек. Бүкіл онко-орталықтарда бұл бағыттағы хаттамалардың барлығы жолға қойылған. Сондықтан, онкологиялық көмек көрсетуге қатысты мәселе туындамайды", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинацияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?
Химиотерапия немесе сәулелі терапия алып, иммунитеті әлсіреген науқас үстінен тағы коронавирус инфекциясын жұқтырып алса, онда пациенттің жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Былтырғы наурыз айынан бүгінге дейін 5600-ге жуық онконауқас коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 45 науқас дәл осы коронавирустан қаза болды.
"2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша елімізде онкологиялық ауруы бар 190 мың пациент есепте тұр. 32 мың шамасында жаңа жағдай тіркелді. Бүгінгі таңда сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында, одан кейін өкпе қатерлі ісігі, үшінші орында асқазан және ішек қатерлі ісігі тұр", – деді ол.
Диляра Радикқызының айтуынша, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша, алғашқы орында өкпе қатерлі ісігі тұрса, одан кейін асқазан және сүт бегі қатерлі ісігі тұр.
Қазір барлық онкологтар қауымдастығы онкологиялық ауру бар науқастарға вакцина салдыру мүмкіндігі туралы мәселені талқылау үстінде. 2021 жылдың ақпан айында Америкалық онкологтар қауымдастығының мұндай науқастардың белгілі бір категориясына арналған вакцинациялау жөніндегі хаттамасы дайын болды.
"Мысалы, пациент ремиссия деңгейінде болса, онда олар толық диагностикалық тексеруден өткеннен кейін вакцина алуына болады. Бірақ, бұл әлі түйіні қойылмаған мәселе. Дегенмен, америкалық және уеропалық онкоқауымдастықтар онкологиялық ауру бар науқастарға өлі вирусы бар вакцина салуды ұсынып отыр. Сондықтан, біз осы стандарттарға сай келетін өзіміздің отандық вакцинаның қолданысқа берілуін күтіп отырмыз", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаппай вакцинация басталды. Екпе салдыру кімдерге қауіпті?
Профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті, "Persona" халықаралық клиникалық репродуктология орталығының бас директоры Вячаслав Локшиннің айтуынша, егер жүктілік жоспарланған болса, онда вакцинаны жүктілікке дейін салғызған дұрыс.
"Былтыр Қазақстанда аналар өлімі артты. Бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуымен тікелей байланысты дүние. Яғни, 2020 жылдың жазында болған толқынның қайталанбауы үшін барынша күш салуымыз керек. Бір қуанарлығы, бүгінде денсаулық сақтау жүйесі біршама дайын, төсек-орын көлемі жеткілікті және ең бастысы, профилактика жолға қойылған. Тіпті, вакцинацияның өзі міндетті маска тағы режимі мен әлеуметтік қашықтық сақтау ережелерін кері ысырып тастай алмайды", – деді ол.
Профессор, жүкті әйелдер көрсеткіші бойынша көбіне жас келіншектердің саны басым екенін айтады. – Ал, коронавирус олардың басым көпшілігінде жеңіл өткенімен, егер оған пневмония қосылса, онда жағдай күрт нашарлай береді. Сондықтан, вакцинация ауырып қалмаудың немесе аурудың асқыну мүмкіндігін азайтудың бірден бір жолы.