Қазақстан делегациясы Ресейде "ЛУКОЙЛ" компаниясының мұнай өнеркәсібі нысандарын аралады
Сапар барысында салалық министрліктің және мұнай-газ компанияларының өкілдері Каспий теңізіндегі "ЛУКОЙЛ" ЖАҚ өндірістік нысандарын аралады. Делегация құрамында ҚР Энергетика министрінің орынбасары Жұмабай Қарағаев, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев бар.
Қатысушылар Каспий теңізіндегі В. Филановский кен орнының мұнай платформасында толық технология циклімен (көмірсутек шикізатын өндіру, оларды тауарлық күйге дейін дайындау және жағалауға тасымалдау) танысып шықты. "ЛУКОЙЛ" ЖАҚ мамандары қонақтарға компанияның Баренц, Балтық және Каспий теңіздеріндегі барлық қайраңды жер жобаларында және теңіз ортасының ластануын болдырмайтын "нөлдік төгінді" жүйесін таныстырды.
"Нөлдік төгінді" қағидасы Балтық теңізі бойынша Хельсинки конвенциясының (ХЕЛКОМ) Балтық қайраңында жұмыс істейтін елдер үшін ұсынымдарын әзірлеуге негіз болды. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың барлығы платформада жиналады, содан кейін қауіпсіз өңдеу, тазалау және жою үшін құрлықтағы базаларға жіберіледі.
Сапар барысында Қазақстан өкілдері теңіздегі мұнай-газ нысандарында жұмыс істеу үшін басқарушы кадрлар мен қызметкерлер білім алатын "ЛУКОЙЛ" ЖАҚ корпоративтік оқу орталығын аралап көрді. Бұл оқу орталығы теңіздегі төтенше жағдайлардың қаупін азайту, жоғары тиімді, қауіпсіз, апатсыз технологиялық процеске қол жеткізу, сондай-ақ қызметкерлердің төтенше жағдайлардың алдын алуға және әрекет етуге физикалық, психологиялық және практикалық дайындығын қамтамасыз ету үшін құрылған.
"ЛУКОЙЛ" ЖАҚ корпоративтік оқу орталығы 2011 жылы Астрахань облысы, Ильинка ауылында интеграцияланған көлік-өндірістік базасына жақын жерде ашылды. Жыл сайын 2 500 адамды оқытады. 2014 жылдан бастап әлемдегі өрт қаупі бар жағдайларды бақылайтын JOIFF халықаралық ұйымының мүшесі, 2015 жылдан бастап IWCF (ұңғыманы бақылау) халықаралық ұйымдармен (OPITO, JOIFF, Donut) аккредиттелген, сондай-ақ, орталық "Лукойл" топтары кәсіпорындары мен басқа да ұйымдар үшін кадрлар даярлайды.
Еске салайық, бұған дейін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңарту және Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жоспары туралы айтқан болатын.