Қырғыз бен тәжік қақтығысы хақында
Қырғыз-тәжік шекарашылар қақтығысы болмашы нәрседен басталған деп есептейді азаматтық белсенді Рустем Ашетаев.Сондағысы – бір өзеннің (каналдың) екі бетінде орналасқан екі елдің ауылдарының арасындағы "Өр-өрме!" мысалындағыдай.
Әзірге өзіме жеткен хабарлардың жиынтығынан түйгенім, әлгі каналдың белгілі бір бөлігі қырғыздардың жерімен өтеді. Екінші беті тәжік ағайындарға тиесілі. Сол жердегі каналға қырғыз ағайындар құрылыс жұмыстарын жүргізбек болған (бастаған).
Сол кезеңде қарсы беттен тәжік ағайындар видеобақылау бағандарын орната бастаған. Оған қырғыз ағайындар қарсылық білдірген. Осылай болмашы нәрседен басталып, соңы қарулы қақтығысқа әкеліп соқтырған.
Салдарынан бір қырғыз азаматы қайтыс болып, екі жақтан да ондаған азаматтар жарақат алған.
Екі жақ та мәселені үкімет деңгейінде шешудің орнына, парт та-пұрт қарулы шайқасқа кірісіп кеткен. Салдарын бәріміз келген видеохабарлардан көріп отырмыз.
Рустем Ашетаевтың өзге пікірлері:
- Стратегиялық ойлауды ұмытпасақ екен
- Мал ұрлығын қайтсек тыямыз?
- Қазақстан экономикасының тоқырауы және одан шығар жол
Мені таңқалдыратыны – осы мәселе туындаған сәттен бастап неліктен екі жақ та өз шекара қызметіне қарулы қақтығысқа жібермеуге бұйрық беріп, жанжалды неліктен үкіметаралық комиссия құру арқылы шешуге ұмтылмағандары!
Әрине! Екі жақтың шекара қызметтерінің бекітілген уставтарына сай, мемлекеттік шекарасын қорғауға, қауіп төнген жағдайда өз күштерімен агрессорды өздеріндегі бар мүмкіндігін пайдаланып тоқтатуға, кей жағдайда дербес шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін бекітілген ережелері бар. Түптің-түбінде ертең үлкен соғыс туындап жатса да, оған кінәлілерді іздеген жағдайда бәрібір шекара қызметінің басшылары сол ережелерге сүйеніп әрекет етулерін ешкім де кінәлай алмай қалады.
Бірақ! Бұл жерде бір үлкен мәселені ескеруіміз керек болады. Бұл жерде екі елдің де шекара қызметкерлері, екінші елдің мемлекетіне тұтастай қауіп төндірген жоқ. Екі елдің де шекара қызметтерінің әрекеттері, өзге елді жаулап алу мақсатын ұстанған жоқ. Тек қана жергілікті бір өзен сағасындағы келісімге келе алмаудың салдары ғана.
Әрине! Шекара басшылары "Мемлекеттің әр метіріне қауіп төндіру, тұтас мемлекетке қауіп төндіру деп бағалаймыз" және басқа фанаттарға арналған ұрандармен өздерін ақтағысы келгенімен, мен бұл жерден сол шекара қызметтің басшыларының патриоттығын емес, керісінше Ресейдің "қзын қолының" жұмысын байқап отырмын.
Түсінгендер үшін бұл үлкен сигнал. Түсінбегендер үшін бұл "анау кінәлі де, мынау кінәлі".
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.