Қаңғыған оқ пен кезеген оқ
Қаңтар дүрбелеңінің құрбандарына қайсы тиді екен?Айқындалмаған анықтамалар
Бүкіл Қазақстанды бір ағашқа теңесек, ол құламаса да жапырақтары үзіліп, діңі теңселіп, тамыры дірілдеп қалды. Дарақты дірілдеткен оқиғаны қалай атау керек?
Революция? Олай емес. Жарияланбаған жоспарсыз, көрінбеген көсемсіз қайдағы революция. Негізі осы терминге сай келер сөзді Мағауиннен көргенбіз. Бұлғақ деген. Қазақтың байырғы сөзі қазір екінің бірінің ойына келмейді. Енді не деу керек? Төңкеріс пе? Жоқ, мемлекет, оның билігі төңкерілген жоқ. Демек, сәтсіз. Өзі де, теңеуі де.
Терроршылар шабуылы деушілер бар. Бірақ, оның алдында халықтың жаппай бейбіт бой көрсетуі өтті ғой. Ал артынан жаппай тонау әрекеті басталды. Мұның бәрі араласқан соң қандай атқа лайық болмақ сонда?
Ауылда қызыл ірімшік пен ақтап қуырған тары және оған қант, тортасы айырылған май, тағы басқасы қосылатын тамақ болушы еді. Бір жақта жент дейді, біздің ауылда оны қоспа дей салатын. Сондай қоспа тәріздес болған жағдайға қандай ат берілетінін саясатшылардан күтеміз.
Әзірге мақала үшін дүрбелең дедік. Солай болғаны рас қой.
Оқи отырыңыз: Жазылуы ұзақ жара
Шаш-етектен шығындар
Дүрбелең қисапсыз шығын әкелді. Қай жағынан қарасаң да.
Сыртқы саясатта мемлекеттің беделіне нұқсан келді. Енді бізді тыныштығы жоқ, халқы мен құқық қорғау органдары, тіпті халқы мен билігі өзара алакөз ел деп есептейді. Батыс мемлекеттерінде Қазақстанда бебіт шеру кезінде адам құқығы сақталмады деушілер жеткілікті.
Бұдан инвестиция, туризм, сыртқы сауда-саттыққа нұқсан келмек. Басқасын айтпағанда осыдан өзіміздің отбасымыз зардап шекті.
Ұлымыз Венгрияда аграрлық және жаңа технологиялар университетінде оқитын. Қысқы каникулға Будапешт – Доха – Алматы деген рейспен келген. Енді тура солай Алматы – Доха – Будапешт рейсімен ұшуы керек-ті. Сапарды жүзеге асыратын Катар мемлекетінің әуе компаниясы. Қайту рейсі 2022 жылғы қаңтар айының 17-сі еді.
Баламызға бұл рейстің орындалмайтыны туралы хабарлама түсті. Катар жағы Алматы, бәлкім бүкіл Қазақстан әзірге қауіпті, ұшқыштарымыз бен бортсеріктеріміздің басын бәйгеге тікпейміз деп ұйғарғаны талассыз. Азаматтарының амандығын ойлайтын ел осындай болса керек.
Бұған дейін шетелдің анау басылымы мен мынау телеарнасына Қазақстанның ырғын қаржы жұмсап шығарған жарнамасының әсерін қаңтардың қанды дауылы жоқ қылды. Жарнамаларды айтпағанда мемлекеттің, оның басшысының беделін аттыру мақсатында өткізілген түрлі халықаралық конференция, форум, съезд және басқа жиындарға кеткен ақшаны айтсаңшы. Экономикалық, медиа және діни басқа форумдарда Қазақстанның жетістігін әйгілейміз деп келетін мыңдаған шетелдіктің Назарбаевты қорғаған пікірін енді күндіз шаммен іздеп табарсыз ба?!
Экономикалық демекші, бұл саланың шығыны қисапсыз. Орнын толтыру үшін қор құрылды. Біздіңше, оған қарапайым адамдардың бір айлық жалақысы емес, темір-терсек алымына, Қорғас кеден бекетіне иелік еткендердің бүкіл дәулеті құйылғаны ләзім еді. Өйткені, бірінші бейбіт бой көрсеткендер арасында жалақысы бар, бірақ онысы күнкөрісіне жетпейтіндер де болған. Болмашы қаржының бір күнгісін сыпырып алғаннан кімнің қабырғасын жабармыз-ау.
Не керек, жоғарыдағы екі шығынның орны айлар мен жылдар өткенде толар. Ал орны мәңгілікке толмас шығын бар. Кісі шығыны.
Құпияланбаған құрбандар
Дүрбелең кезінде қанша адам қаза тапқаны туралы есепті қоғам бірнеше күн талап етті. Бәрін анықтап, аймақтардағы түрлі мәйітхана, аурухана және басқа орындардан дерек жетіп, оны қорытқанша апта өткен. Бірақ, сол есеп жария болғанда күтіп отырғандардың талайы шу ете түсті: "Мынау анық емес, төмендетілген". Қалай болғанда қазақ қоғамына жақпайсың-ау, жақпайсың.
Осы тұста дүрбелеңдегі кісі шығынына қатысты кейбір ақпарат құралдары "қайтыс болған" деп жазып жүргенін байқадық. Мұнысы мүлде дұрыс еместігін ескертейік. Қарулы қақтығыс кезінде кісі "қайтыс болмайды", "қаза табады". "Қайтыс болдыны" жасы жеткен, ауырып жатқан, сөйтіп бұған дейін өзі үзіліп кету шегіне жақындаған жандарға орай айтады. Ал төтенше оқиға, апат, атыс және басқасының салдарына адам "қаза табады".
Сонымен Бас прокуратураның қылмыстық істерді тергеу қызметінің ресми мәліметіне қарасақ: төтенше жағдай тұсында 225 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі содырлар, біразы бейбіт тұрғындар. Құқық қорғау мен армия құрамынан 19 қызметкер қаза болған. Бұлардан басқа 4 578 адам зардап шеккен, оның ішінде 4 353-і жараланған. Жаралының 3 393-і полиция мен Қарулы күштерден.
Ел бойынша қаза тапқандар дерегіне күдікпен қарамасақ та, нақты жаралы болғандар бұдан көп шығар деп топшылаймыз. Біразын ауруханадан күшпен алып кеткені айтылып жатыр. Екіншіден, "пәледен аулақ" деп аурухана мен емханаға жоламай, үйі мен жалдамалы жерде тығылып емделгендер болуы керек.
Демек, құрбандар мен жаралы болғандар мәліметі құпияланбай, ортаға тасталды десек те, оған қатысты толық жауап табылған жоқ.
Оқи отырыңыз: Сары таулардың сыры
Қайтіп қаза болғандар
Анықталар ма, анықталмас па, "кім неден қаза болды?" деген сұрақты көлденең тартуға болар еді. Қадыр Мырза Әлиде:
Бұзықтар өледі
Пышаққа құлшынып,
Сұлулар өледі
Құшақта тұншығып, –
деген өлең бар.
Сол сияқты бүлік жасау үшін шығып, өздері алдымен атып, әрі өзіне оқ атыларын білгендер – біздің жіктеуімізде бөлек топ. Бейбіт шеруге қатысушыларды қалқалап, осы жағдайды пайдалана кеткен топ. Арнайы баскесерлерден құрылған ұйым бұл әрекетке қапысыз дайындалғаны талас тудырмайды. Тек олардың қатары 20 мың бола ма, болмай ма, бұл тұстағы сауал осы ғана.
Әзірге бас прокуратура тарапынан олардың қаншасы атыс кезінде оққа ұшты, қаншасы қолға түсті, мұның мәліметі айтылған жоқ. Уақыт өте келе шыға жатар. Оған біздіңше, бірер апта емес, айлар кетуі мүмкін. Баскесерлердің айлап, жылдап қолайлы сәтті күткені сияқты біз – журналистер де бұл мәліметті айлап күтерміз.
Ал келесі сұрақ: ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдары мен қарулы күштер қатарында құрбан болған 19-дың бәріне оқ тиді ме, әлде арасында ұрып-тепкілеуден өлгендер бар ма? Біздіңше, бұл екі арасын енді екі айырып айта қоймас. Мұқағалида:
He пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
He пайда дәтке қуат бекінгеннен.
Алайда, емханада көз жұмғаннан,
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген, –
деген атақты өлең бар-ды. Соны еске алып жатырмыз. Өткен жолы жазғанбыз: Алматыда дүрбелең басталып, аяғы толық тынғанша бір апта үйден шықпай қазақ әдебиетін армансыз қайталап оқып едік.
Соның тағы бірінде Төлеген Айбергенов:
Жөні басқа өлудің ұрыстардан,
Шофердің бұрылыссыз жол тілегі.
Милиционер өледі ұры ұстаудан,
Ақындарды махаббат өлтіреді, –
деп жырлап кеткен. Онда ара-тұра ұрыны, жалпы қылмыскерді ұстау кезінде ішкі істер қызметкері өліп жататын, бірақ бұл жолғыдай жаппай кезеп атқан оқтан қаза таппаған.
Тағы бір сұрақ: ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік органдарының шығынына дүрбелең тынған кезде өзіне өзі оқ жұмсағандар кіргізіле ме? Бірнеше қызметкердің, олардың арасында шені мен лауазымы үлкендері осылай опат болғанын естідік. Не үшін өзін атқаны бөлек әңгіме, жай халыққа жұмбақ жәйт, білгіміз келетіні: бұлар дүрбелеңнің құрбандары санала ма, жоқ па?
Оқыста оққа ұшқандар
Оқыста оқ тигендер көп. Ұрысқа қатыспаған, бірақ Алматының, Талдықорған мен Тараздың әр тұсында мерт болған бейбіт тұрғындар баршылық екен. Ең өкініштісі – тізімнің осы тұсы.
Сондай құрбанның бірін біледі екенбіз. Бала кезінде көріппіз. Ол туралы толығырақ әлеуметтік желіге жеке жазба қалдырдық. Қайталау артық шығар, тек сәл-пәл түсіндіре кетелік.
Республиканың партиялық "Социалистік Қазақстан" газетінде Тәжібай Битаев деген аға тілшімен бірге қызметтес болғанбыз. Сол кезде қолынан жетектеп жүретін ұлы Сәкен Битай өте шебер оператор, жаңалықшыл режиссер, қиынды қиыстыра білетін клипмейкер ретінде танылды. Жақсы ағаның елуден асқан шағында көрген жалғыз ұлының жетілгеніне қуанышты едік. Енді қайғырып отырмыз. Сәкен лаңкестердің оғынан қаза тауыпты.
Әріптестерінің айтуынша, атысты бейнекөрініске түсіргісі келген. Бәлім келесі фильмін осы тақырыпқа арнамақ болған шығар. Сол кезде қаныпезерлер кезеп атып тастапты.
Жалпы дүрбелеңде бейбіт адамдар құрбан болуының екі түрі бар. Біразы кезеп, көздеп атылған оқтан, басқасы қаңғыған оқтан көз жұмған. Бірақ, ажалдарына оқ себеп емес. Себеп – тура атыс болып жатқан немесе енді атыс басталатын тұсқа тап болғандарында.
Алматыда төтеден мұздай қаруланған, тек қырып-жою мен қиратуды мақсат еткен, сол арқылы ешкім түсінбес аласапыранды бастаған ланкестер тобы пайда болып, құқық қорғау мен қарулы күштер қызметкерлерін дәлдеп ата бастағанда президент Тоқаев ескертпестен қару қолдануға рұқсат етті. Басқа лажы болмаған сияқты. Бұл шешімді ақтаушы да, айыптаушы да жеткілікті. Оның қаншалықты қажет болғанын дәлдеп айта алмаймыз.
Бірақ, осы шешім қабылданған соң ланкес пен оған қарсы күресіп, анығында атысып жатқан үкіметтік құрылымдарға қатысы жоқтың бәрі тыныш үйде отыруы керек еді. Көшеге аттап баспай. Кейбіреудің "құдай сақтары", кейбіреудің кейінге қалдыра алмайтын тығыз шаруасы, кейбіреудің шешімдерді дер кезінде естуге және орындауға құлқы жоқтығы бейбіт тұрғындардың шығынын көбейтті.
Оқи отырыңыз: Буын, буын бұлқыныс
Сабыр сақтамағандар
Демек, Алматы дүрбелеңі халықтың бойында әуесқойлық, қызық көріп келейін деген желөкпелік жеткілікті екенін байқатты. Жол апаты немесе өрт болып жатқанда құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге қарағанда не болғанын білгісі келіп ынтығатындар анағұрлым үймелеп қалады. Бұған енді смартфон тіпті, жанған отқа май құйғандай етіп жатыр. Бәрі "соткаға түсіріп қалуға" тырысады. Осы қылықтан арылу керек.
Бірақ, мұның және екінші жағы бар. Егер ақпарат құралдары тура сол кезде не оқиға болып жатқанын айна-қатесіз, бұрмаламай жеткізсе, онда үйде отыруға болады. Бізде дүрбелең тұсында мұқым ел мүлде ақпаратсыз қалды ғой. Не болып жатқанын көшеден білуден басқа жол қалдырмаған тағы сол билік. Енді өздері де қатты сабақ алған шығар, интернетті өшіруден пайда емес, зиянға шығарын сезіп.
Егер бойдағы әуесқойлықты, мазасыздықты, асығыстықты, тәуекелді сабырға жеңдіргенде бейбіт адамдар арасында мұнша көп шығын болмас еді. Үйінде тыныш отырғанға қаңғыған немесе кезеген оқ тиіпті дегенді оқыған да, естіген де жоқпыз. Терезелерін қаңғыған оқ қиратқан тұрғындар болды, бірақ өздері дін аман. Бұл да – бір сабақ.
Алматы дүрбелеңі әлі қаншама рет талқыланбақ. Қазір жаппай тергеу жүруде. Біртіндеп соттау басталар. Біраз ақиқат сол кезде анықталмақ. Үлкен қорытынды алда. Бірақ, алдын ала айтыла беретін нәрселер баршылық.
Үкіметтің халықты қымбатшылық торына шырмалтпай, тіршілікке аса қажетті азық-түлік пен жанармай мен сұйытылған газдың бағасын тежей тұруына болар еді. Автокөлікті сатқанда оның кейін темір-терсекке айналуына қатысты алымды төмендетуіне болар еді. Бұларды жаппай бой көрсетуден кейін бәрібір істеді. Демек, алдын ала, стратегиялық ойлау жағынан үлкен кемшілік кеткені түсінікті.
Сол сияқты қалың бұқара тарапынан болған ағаттықтардың кейбірін алдын ала айтуға болады. Бейбіт бой көрсетуге басқа арам пиғылды күштер араласқаны көрінгенде бірінші шеруге шыққанда дереу тарқап кеткені дұрыс еді. Онда құқық қорғау күштері алаңдар мен көшелерде тек терроршылармен бетпе-бет қалар еді.
Бой көрсетуге мүлде шықпағандар қандай ісі аяқ астынан күйіп жатса да, үйінде отыра берсе ғой. Темекі, нан, дәрі жоқтығына екі-үш тәулікке төзгенде, жарық дүниеде жүрер еді. Сабыр сақтамағанның соңы осылай болды. Амал нешік.
Мақаламыздың ортасында бірнеше ақынның өлеңін еске алып едік. Соңына және бір шумақты келтірейік. Әбділда Тәжібаевтан:
Қалай-қалай десек те,
Жүрген жақсы есепте.
Мінген жаман табытқа,
Мінген жақсы есекке.
Онда коммунистік заман. Бәрін табытқа салып қабірге апаратын. Қазір мұсылмандарды жерлегенде оған сала бермейді. Кілемге орап жүр. Мәселе онда емес. Мәселе сабырсыз боламын деп тірілердің сапынан шығып қалмауда. Қаңғыған да, кезеген де оққа ілікпеуде.