Олармен бірге оралған
Сырттағы қазақтармен бірге ежелгі сөздер мен дәстүрлер ортамызға келетіні даусыз.Мұстафа, Мұртаза және мына қарындас
Бергі отыз жылда жазғанымыздың бір бөлігін тарихи отанға оралғандар жайындағы мақалалар мен сценарийлер құрайды. Қайта оралған қандас қарындас туралы жазуға толғанған кезде бұған дейінгі дүниелеріміз еске түскен.
Марқұм Мұстафа Өзтүрік туралы "Таэквон-до тәңірі" атты мақаламызды "Егемен Қазақстанға" елден бұрын жарқ еткізіп едік. Ізгі қария, әлемдік деңгейдегі теолог Халифа Алтай, мюнхендік мотор жасаушы Қаби Сүмер, Моңғолиядағы танымал тарихшы Ислам Қабышұлы, Түркиядағы кәсіпкер Мансұр Тәйжі және басқалары атамекенге алғаш аяқ басқанын жазғанбыз. Германиядан Мұртаза Бұлұтай келгенде ең бірінші "Мұртаза деген мұсылман" атты мақаламыз шыққан.
Керек десеңіз, келгенін ғана емес, сыртта тұрып жатқанын түгендедік. Ағылшынның аралын, Ресейдің Омбы өңірін, Түркіменстанның Балқантау баурайын, Тәжікстанның Ғиссар қыратын, Моңғолияның Байөлкесін, Пәкстанның Кветтесын, Францияның Сена жағасын, Германияның Рейн бойын шарлап, қандастармен тілдестік.
Газеттің тігіндігісінде, телевизияның бейнеқорында хатталып тұр еңбектеріміз. Материалдың аты, тақырыбына дейін есте. Айталық, Франциядан "Сена жағалаған қазақтар" деген деректі фильм түсіргенбіз.
Жазу бар да, түрлі шара ұйымдастыру бар. Бұған да атсалысыппыз. Шетелдегі қазақ жастарын Алматыда оқыту үшін алдымен Қазақ қыздар педагогика институтында даярлық курсынан өткізерде тосын мәселе шықты. Оқимыз деп алып-ұшып келгендердің алдынан кедергі пайда болды. Сонда дағдарған жастарды сөйлетіп "Хабар" арнасынан бір сюжет, олардың хаттарын мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайға тапсыртып және бір сюжет шығартқанбыз. Үлкен жүректі және жоғары қызметтегі қайраткердің араласуымен бәрі дайындық курсына алынып, келер жылы түрлі жоғары оқу орындарына түсті. Ендігі бәрі Қазақстан азаматы, араласып, сіңісіп кеткені анық.
Солардың бірі сияқты, дәл осы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі ұстаз бар. Иә, жылдар жылжығанда институт университет болған, әрі "ұлттық" деген мәртебе алған. Ұстаз болса 1994 жылы тура жиырма жасында, өрімдей қыз кезінде Қазақстанға келген.
Алдымен тігінші болып жұмысқа тұрып, одан осы оқу орнына түскен. Оны бітіріп, кейін магистратурасын тағы оқыған. Мұны да азсынып, "Біз кесте өнерінің ұлттық педагогикадағы орны" деген тақырыппен ғылыми атаққа ізденген. Өзі университеттің Кәсіптік білім кафедрасының оқытушысы. Екі рет оқулық жазып, шығарды: "Жүннен жасалған бұйымдар технологиясы" мен "Қолөнер түрлері және олардың жасалу технологиясы".
Бұл – Күләш Әбдіраман. Бізге Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүріктен бастап бәрін еске түсіртіп отырған кейіпкер.
Оқи отырыңыз: Осы біздің орысшылдығымыз
Табақ ши, текемет және жүн алма
Ол студент қыздарға ұлттық қолөнерге қатыстының бәрін үйретеді. Киіз басуды. Үстіне оюлар салып, текемет жасауды. Гобелен тоқуды. Шиден бұйым жасауды. Киім тігуді. Оның ұлттық түрлері – шапан мен камзолды. Әйелдер көйлегін. Бәрі сәнді. Тойға ұялмай киіп баратындай.
Студент қыздар түрлі пәндерден мектеп мұғалімі болумен қатар қолдарынан бәрі келетін ісмер де болып шығады. Өте пайдалы тәлім. Сондықтан университеттің Көркемөнер орталығына келушілер толастамайды. Күләш Әбдіраман аудиторияда дәріс оқыған соң осында келіп, қолөнермен айналысатын қыздарға кесте, ою, киіз сырын үйретеді.
Мәселен, ұстаздың салған суреті бойынша студенттер кезекпен кергіш алдына отырып, гобелен тоқиды. Ол – ұзақ уақытқа созылатын жұмыс. Бір туынды бірнеше ондаған студенттің қатысуымен апта тұрмақ, ай өткенде ғана дайын болмақ. Оны әрбірі "мен тоқығанмын" деп мақтанып айта алады.
Гобелен тоқуға арналған үлкен кергіш бар орталықта. Күләш бұйымда қандай өрнек боларын алдымен қағазға салады. Түрлі бояулармен. Бір жолғы гобелен екіншісіне ұқсаған емес. Бояудың әрдайым көбірек әрі қанық болуын қарастырады.
"Кейде мұнда үш студент қатар отырып тоқиды, – дейді Күләш Әбдіраман. – Басты талабымыздың бірі – ешқандай жіптің артық қалмауы. Кез-келген қолөнер бұйымы ысырапсыз жасалуы керек. Алдымен қалдық жіптерді беріп қоямын. Қыздар гобеленді іліп-шалып тоқып, сонымен үйреніп алады".
Ұстаздың айтуынша, өнерпаздың қолынан шыққан бұйым өзіне көз салғанды қуандыруы керек. Қазақтың қолөнер туындылары – бір жағынан тұрмысқа қажет болса, екінші жағынан тәрбие құралы. Ою мен өрнектің қажеттігі сонда.
Гобеленде ұзыны да, көлденеңі де жіп болса, ши тоқуда басқаша. Мұнда ұзынында ши тұрады. Күләш шиден жасалатын бұйымның ондаған түрін біледі. Қанат ши, шыпта ши, орама ши, өре ши, табақ ши деп кете береді. Қанат шиді киіз үйдің ішіне айнала тұтады. Өре шиге құрт жаяды. Табақ шиді аты айтып тұрғандай ет табақтың астына төсейді. Университетке жиырма жасында Қытайдан келіп Күләш тап болмаса, осы дәрісті басқа ешкім студенттерге сіңіре қоймас еді.
Ши мен гобеленді тоқып үйренудің қиындығы болмаса, текемет басып шығару оңай емес. Бірақ, бұған да қызығушы қыздар көп. Күләш Әбдіраман аудиториядағы сабақта қойдың жүні қалай өңделетіні мен қалай пайдаланылатынын түсіндіреді. Алдымен шүйке, талдырма сияқты ұғымдарға назар аудартады. Иә, ою үшін керек өте жұқа киізді талдырма дейді екен. Оны әрі қарай текеметке айналатын киіздің үстіне қойып, екеуін біріктіріп басу керек.
Көркемөнер орталығында студенттер теорияда оқыған тәсілмен текемет жасайды. Оның бірнеше түрі бар. Оюларына және көлеміне қатысты. Бір ою құдалықтың белгісі болса, тағы бірі – жас жұбайлардың белгісі. Үшінші ою – құрдастарға сыйланатын дүние. Студенттер көбінесе "Көзтимес" оюы бар текемет бастырғанды ұнатады. Ол жас жұбайларға арналады.
Гобелен мен текеметтен басқа жүннен алма жасауға болатынын айтсаңшы. Ұзақ жыл телевидениеде істедік, сонда студияда көп ретте пластик жасанды жемістер тұратын. Оның онына Күләш Әбдіраманның жүннен жасалған алмасы қойылса, әдемі көрінерін енді байқадық.
Содан кейін бала кезімізде көктемде сиырдың өлі жүнінен доп жасап ойнайтымыз еске түсті. Біз үшін тым артта қалған, ұмыт болған сәттерді қайта көз алдымызға әкелген ұстазға дән риза болдық.
Оқи отырыңыз: Шарықтау шегі және шешімі
Зер, орамал және ибалы қыздар
Моңғолия мен Қытайдан келген қандастармен бірге кесте өнері де қайта оралды. Бала кезімізде жастықтың тысында, төсектің жапқышында кесте көп еді. Кестелі түскиіздер болатын. Онда оқушы апаларымыз шетінен кесте тоқитын.
Кестеленген бұйымдар бір жағынан сәндік, эстетикалық тәрбие береді. Екінші жағынан қыздың моральдік тәрбиесіне дұрыс ықпал еткен. Сондықтан соны сақтау мен жандандырудың маңызы зор.
Кесте оның үстіне бір кезде сезімді жеткізу құралы болған. Қазақтың ибалы қыздары сырын ашып хат жазуды, ауызбен сәлем айтуды ұят санаған. Мұндай кезде барлық тұнық сезім кесте болып орамалға түсетін және сүйген адамына сыйланатын. Атақты "Кестелі орамал" әні соған жарқын мысал болады.
"Кестенің түрлерін шешем үйретті, – дейді Күләш Әбдіраман. – Ол кісімен қатар жан-жағымыздағы үлкен аналар түгел қалай кестелеуді көрсетті. Неге дегенде қыз бала далаға секеңдеп әрі-бері жүріп кетпеуі үшін керек қой. Сабақтан келгеннен кейін кесте беріп қояды, осыны бітіресің деп. Біз тырысып кестелейміз. Жаман тігіп қойсақ та, ана-апаларымыз "не деген жақсы, ендігі тіккенің бұдан да жақсы болады" деп мақтайды ғой. Соның бәрі тәрбие емес пе!"
Әу баста кішкентай Күләшқа әкесі сынып қалған қасықтың сабынан біз жасап беріпті. Одан кергіш жасап берді. Соған шешесі ақ матаны керіп, қарындашпен басында үш күлтесі бар гүл сызады. Түрлі жіп пен инені ұстатады. Жас қыз жіпті олай-бұлай тартып, кесте тігіп үйреніпті.
Қазір Күләшті теңдессіз кесте тоқушы ретінде Қазақстан ғана емес, сонау Батыс Еуропа таныған. Бір көрмеде шетелдіктер оның кестесіне таң қалыпты. Содан Нидерландтардан тапсырыс келген. Тұтас бір қонақ үйдің үстелі мен дивандарының жабындысын, жастықтарын, душтан шыққанда киетін халаттарын, орамалдарын кестелетіпті.
"Кестенің де түрі көп. Оның ең кереметі – зер, – дейді Күләш Әбдіраман өз студенттеріне. – Ол екі жіппен салынады. Үстіңгісі алтын не күміс, әйтеуір қымбат әрі түсі қанық жіп болады. Кестенің бетінде сол қалып, астыңғысы оны іліп тұрады. Қазақтың "зер төккен" дегені содан қалған.
Университеттің қыздары киімге, оның ішінде көйлек пен шапанға қалай кесте салуды үйреніп алған. Ұстаздары оны қолмен де, іс машинамен де күнде көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Айыптылар төлеген "айбана"
Кебенек, қарағұс және керемет сөздер
Студенттерге арналған сабақтың бір саласы оюға қатысты. Күләш оның бірнеше түрін жалықпай түсіндіреді. Бір сызықты ою деген бар. Одан басқа қос сызықты ою. Бір сызықтыға қарағанда қос сызықтысы симметриялы болып келеді. Оюдан қалдық қалмайды. Ішкі жағында ойылып түскені де, сыртында одан қалғаны да кәдеге жарайды.
"Осылайша ою ысырапшылдықтың алдын алады. Қиылып босқа тасталатыны болмайды", – дейді Күләш шәкірттеріне.
Оның әрбір сабағын этнография ғана емес, қазақтың таза, тұнық тіліне баулу деп айтуға болар еді. Жалпы Моңғолия мен Қытайдан қандастардың келуі ана тіліміздің қисайған жағасын түзетуге көп ықпал еткенін бағалауымыз керек. Бір мысалын дәрістің мына тұсынан естідік.
"Бұрынғы кезде жүннен сырт киім жасайды. Жылқышылар елден алыста малды күзетіп жатқанда киеді, – дейді Күләш Әбдіраман тағы бір киімнің сырын ұғындырып. – Соны кебенек деген. Басында күлпарасы бар, жеңі жоқ. Екі бүйірін тілген, содан қол шығып тұрады. Өзі ұзын, тілерсекті жабады. Жылқышылар сонымен түнейді. Қазақ "кебін киген келмейді, кебенек киген келеді" деген. Қатты суық, боран болған кезде оның киімі қалың, аман жүреді деген оймен айтқан сияқты".
Міне, сөздің сырын түсіндіру деген осы ғой. Күләштің айтуынша, кейінгі кезде қойдың жүнінен жасалған сырт киімге қызығушылар тапсырыс береді. Киіз күртеше, шекпенге сұраным бар. Ұзын мен қысқа, жеңді мен жеңсіз, оюлы, оюсыз – қалаған түрін Күләш тігіп береді. Бұл киімнің артықшылығы көп, ал ешқандай кемдігі жоқ.
Есімізге ара-тұра киізден сырт киім тігіп киіп алатын Молдағұл Нарымбетов марқұм оралған. "Хабар-2" арнасында сондай суретшіміз болып еді.
Күләш Әбдіраман киіз киімге жауын тисе, сырғып ағып кететінін айтатын. Жазда күнді өткізбейді. Содан кейін химиялық талшығы бар киімдерден тері бөртіп, аллергиямен ауыратындарға өте пайдалы. Қой жүнінің осы қасиеттерін білетін шетелдіктердер киіз шекпенге тапсырыс береді.
Күләш Әбдіраман көптеген ескі дәстүрлерді, көне сөздерді жадында сақтаған. Айталық, шиден заттар тоқитын болса, оны ешқашан орып алмайды. Белге орап суырады. Сонда он сантиметрдей қара түбімен бірге шығады. Қара түбін қазақ қарағұс деген.
Ойымызға парламентте депутат болған Гүлжан Қарағұсова түсті. Осы кісінің атасына қалай Қарағұс аты қойылды екен дейтінбіз. Оның сыры, міне, Күләштің әңгімесінен мәлім болды.
Ал шиге оралсақ, оны тоқу үшін қатарлағанда қарағұсты екі жаққа кезек салады. Өйткені, жерге тігінен қойып тоқығанда қарағұс мықты, тоқыманы құлатпай, өзі шірімей ұстап тұрады. Тоқыма біткен соң екі жақ шетін қырқып тастайды. Студенттер ғана емес, қалың елге осыны түсіну қандай қызық десеңізші.
Қалың киіздің үстіне өрнек беретін жұқа киізді "талдырма" дейтінін Күләштен естідік. Зер сөзінің мағынасы мен "зер төкті" дегеннің мәнін аңғардық. Кебенек деген киімнің не екенін ұқтық. Ауызға жиі оралатын "кебін киген келмейді, кебенек киген келеді" деген мақалдың екінші сыңарының тереңіне бойладық.
Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан мұхиттың арғы жағында қалған қазақ қарты туралы 1992 жылы "Кебенек киген Күнтуған" атты мақала жазғанбыз. Бірақ Күләш болмаса, тақырыбымыздағы кебенектің қандай киім екенін білмес пе едік!
Ақыр аяғында қарағұс сөзін қараңызшы. Осының бәрі – бір Күләштің жеткізгені. Ендеше қаншама қандас арқылы атамекеннің ғасыр бойы орыстану салдарынан ұмыт болған сөздері қайта оралып жатыр десеңізші. Соның бәрі қайта айналымға қосылып, ұлттық демографиялық жағына ғана емес, тілдік жағынан қаны жаңарғанын бағалауымыз керек-ау.
Ұлттық қолөнеріне қайта зор сілкініс, серпіліс келгені өз алдына. Не керек, олармен бірге көп нәрсе оралды.